Авторлық баған

Главная страница / Жаңғыртудан тұрақтылыққа: Президент сөзінің тұжырымдамалық бағдарлары
Главная страница / Жаңғыртудан тұрақтылыққа: Президент сөзінің тұжырымдамалық бағдарлары

Жаңғыртудан тұрақтылыққа: Президент сөзінің тұжырымдамалық бағдарлары

Жексембекова Венера Абыхановна

Бөлім басшысы , саяси ғылымдар докторы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзі тұжырымдамалық әрі жүйеқұраушы сипатқа ие. Ол реформалардың кезекті кезеңінің қорытындысын шығарып қана қоймай, сонымен бірге қазіргі әлемдегі күрделі геосаяси және құндылықтық трансформация жағдайында Қазақстанның институционалдық дамуының логикасын нақты айқындайды.

Реформалар – тарихи сәтке берілген жауап.
Мемлекет басшысының реформаларды жекелеген бастамалар жиынтығы емес, қоғамның сұранысы мен тарихи дамудың логикасынан туындайтын үздіксіз үдеріс ретінде қарастыруы принциптік тұрғыдан аса маңызды. Қазіргі кезеңде бұл саяси жаңғырту дәуірінен жаңа мемлекеттік модельді институционалдық тұрғыда бекіту фазасына өтуді білдіреді. Мұнда басты назар декларацияға емес, қатысу, жауапкершілік және қоғамдық сенім тетіктерінің орнықтылығына аударылады.

Осы тұрғыда жаңа үлгідегі бірпалаталы парламентті қалыптастыру ерекше мәнге ие. Ол неғұрлым ықшам, функционалды әрі азаматтардың мүдделерін мазмұнды түрде өкілдік етуге бағытталған болуы тиіс. Әңгіме жүйені жеңілдету туралы емес, оның тиімділігі мен қоғам алдындағы есептілігін арттыру туралы болып отыр. Бұл унитарлы мемлекеттердегі парламенттік дамудың озық әлемдік тәжірибелеріне сәйкес келеді.

Халық кеңесі және қоғамдық диалогтың жаңа архитектурасы.
Халық кеңесін тұрақты жұмыс істейтін консультативтік алаң ретінде құру идеясы жария саясаттың анағұрлым кемелденген моделіне көшуді білдіреді. Ұсынылып отырған формат өкілетті мемлекеттік органдарды алмастырмайды, керісінше, сайлау циклдері арасындағы кезеңде институционалданған қоғамдық қатысу арнасын қалыптастыра отырып, оларды толықтырады.

Бұл ретте ондаған жылдар бойы этносаралық келісімді нығайту бойынша бірегей миссия атқарып келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметімен айқын сабақтастық байқалады.

Дәстүр сабақтастығы және заманауи патриотизм.
Президенттің риторикасында патриотизм декларативті ұғым ретінде емес, елге, оның болашағына және әлеуметтік тұрақтылығына деген практикалық жауапкершілік ретінде түсіндірілетініне ерекше назар аудару қажет. Ұжымдық талқылаудың тарихи формасы – Құрылтайға жүгіну – символикалық қадам ғана емес. Керісінше, бұл дәстүрлі саяси мәдениет пен заманауи басқару институттарымен табиғи үйлесімін көрсетеді.

Мұндай тәсіл қатысуға, ынтымаққа және көптүрлілікті құрметтеуге негізделген азаматтық, жасампаз патриотизмді қалыптастырады. Қазіргі реформалар кезеңінің алдыңғы кезеңдерден басты айырмашылығы да осында: мемлекет тек институттарды реформалап қана қоймай, жауапкершілік пен ортақ іске қатыстылық мәдениетін қайта өндіреді.

Жалпы алғанда, ұсынылған бастамаларды дәуір сын-қатерлеріне берілген уақтылы әрі салмақты жауап ретінде қарастыру қажет. Олар стратегиялық ойлауды, қоғамдық сұранысқа сүйенуді және институционалдық орнықтылыққа ұмтылысты айқын көрсетеді. Біз диалог, сабақтастық пен патриотизм мемлекетті дамытудың жүйелі негіздеріне айналатын жаңа саяси архитектураның қалыптасу үдерісінің куәгерлері әрі қатысушылары болып отырмыз.

 

Кездесуге жазылу

* — Толтыруға міндетті өрістер

Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін