2026 жылғы 10 сәуірде ҚР Президенті Архивінде қазіргі заман тарихы құжаттарын жинақтауға арналған монографияның тұсаукесері өтті.

Ағымдағы жылдың 10 сәуірінде ҚР Президенті Архивінде қазіргі заман тарихы құжаттарын жинақтауға арналған монографияның тұсаукесері өтті. Кітаптың таныстырылымы 10 сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде өтті. Ғылыми қауымдастық өкілдері, депутаттар және архив саласының жетекші мамандары қатысқан шараға Мемлекет тарихы институтының ғалымы, саяси ғылымдар докторы Қуанышев Жапсарбай Ілиясұлы да қатысып, өз қолдауын білдірді. Назарларыңызға ұсынылып отырған монография – архивтік практика мен ғылыми талдаудың ұштасуының жарқын үлгісі. Еңбекте мемлекеттік архивтерді қазіргі кезең құжаттарымен жинақтау мәселелері Президент Архивінің тәжірибесі негізінде жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар архив қорларын қалыптастырудың теориялық және қолданбалы қырлары кеңінен талданады. Басылымда отандық және шетелдік тарихнамаға шолу жасалып, жинақтау үдерістерін реттейтін нормативтік-құқықтық базаға талдау берілген. Бұл архив қорларын қалыптастыру жұмысын түсінуге және оның әдістемелік сүйемелденуін ұғынуға мүмкіндік береді. Басылым тарихшыларға, ғалымдарға, зерттеушілерге, мемлекеттік және ведомстволық архив қызметкерлеріне, сондай-ақ бейіндік мамандықтардың оқытушылары мен білім алушыларына арналған.
2026 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президент орталығында Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи дамуы контексіндегі Халық Конституциясы» атты ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинарға көрнекті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саясаттанушылар, заңгерлер, тарихшылар қатысты. Баяндамашылардың арасында белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.И. Ибрагимов, Мемлекет тарихы институты, Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғалымдары болды. Семинардың төрағасы ретінде ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов баяндама жасады. Баяндамашы жаңа Конституцияның мәтіні бүкілхалықтық референдумнан өтіп, ол негізінен халқымыздың жалпы қолдауын тапқанын атап өтті. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Мемлекет тарихы институтының директорының пайымдауынша, тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норманы бекітілді. Баяндама жасау үшін келесі сөз Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған мырзаға берілді. Өз баяндамасында ірі ғалым қазақ мемлекеттігінің нышандары ежелгі заманнан бері дамып келе жатқандығын айқындады. Белгілі тарихшыдан кейін заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.И. Ибрагимов сөз сөйледі. Көрнекті заңгердің пікірінше, Конституция жаңа қоғамда әділеттілікті нығайтады. Содан кейін баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Ж.I. Қуанышев мырзаға берілді. Баяндамашының пайымдауынша, бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуді, тежемелік тетіктерін нақтылауды арттыруды көздейді. Ғылыми семинарды өткізуге жауапты болған Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Қарасаев баяндамасында жаңа қабылданған Конституция парламент рөлін арттыруға және үкімет жауапкершілігін күшейтуге оң ықпалын атап өтті. Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Т.М. Әминов мырза жаңа Конституция Қазақстан Республикасының саяси жүйесін құрайтын және өз тарихи міндетін орындаған негізгі заң деп бағалады. Қорытынды баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов берілді.Семинар барысында мемлекеттілік қағидаттарының сабақтастығы, олардың трансформациясы және қазіргі конституциялық құрылымдағы көрініс мәселелері қарастырылды. Ғылыми семинар ұйымдастырушылары ретінде Мемлекет тарихы институты, Қазақстан Республикасының Президент орталығы болып табылды. #біздің_тарих
2026 жылғы республикалық референдум: мемлекетті дамытудың жаңа бағдарлары

2026 жылғы республикалық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің маңызды көрінісі болып, Қазақстанның стратегиялық даму міндеттерін шешудегі жалпыұлттық плебисциттің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Дауыс беру нәтижелері азаматтардың жоғары белсенділігін және елдің саяси-құқықтық жаңғыру бағытын қолдайтынын көрсетті. Бүгін Мемлекет тарихы институтында республикалық референдумның нәтижелері мен оның мемлекеттің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылауға арналған ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен кездесу өтті. Пікірталас барысында қабылданған конституциялық өзгерістердің саяси-құқықтық және қоғамдық қырлары, сондай-ақ олардың елдің институционалдық дамуына ықпалы қарастырылды. Экзитпол деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдады. Референдумға қатысу деңгейі 73 пайыздан асып, қоғамның маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті. Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауға 7 954 667 азамат дауыс берді. Бұл – дауыс бергендердің жалпы санының 87,15 пайызы. Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Ешмұратов Қазақстан бойынша 200-ден астам учаскеде интервьюерлер жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 86,7 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдаған. Сонымен қатар ол жаңа саяси субъект – заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстан халық кеңесінің пайда болуы саяси жүйенің дамуына ықпал ететінін айтты. Арман Ешмұратов қазіргі кезеңде оң қоғамдық көзқарастарды қалыптастырудың, мемлекет пен азамат арасындағы тұтастықты нығайтудың маңызы артып отырғанын, сондай-ақ әлемдегі шешім қабылдау үрдістеріндегі жаңа трендтер партиялық жүйенің күшеюіне және саяси бәсекелестіктің өсуіне әсер ететінін атап өтті. Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, Жалпыұлттық коалицияның мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Венера Абыхановна Жексембекова жаңа Конституцияда алғаш рет ғылым мен білімнің маңызы нақты бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген сенімін көрсетеді және елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін адами капиталды нығайтуға бағытталған. Институттың бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Жапсарбай Ілиясұлы Қуанышев республикалық референдумды ел тарихындағы тағдыршешті оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, референдумның жаңа жыл – Наурыз мейрамы қарсаңында өткізілуі ерекше символикалық мәнге ие, өйткені бұл тек жылдың ғана емес, қоғамның да жаңаруын білдіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жаңа Конституция қазіргі әлемдегі күрделі сын-қатерлерге жауап беретін маңызды құжат екенін айтты. Ол азаматтық қоғамды нығайту, экономикалық мәселелерге назар аудару және тарихи тәжірибеден сабақ алу елдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев қазіргі геосаяси жағдайда тұрақтылықтың маңызы артып отырғанын айтты. Оның пікірінше, экономикалық жаңғыру мен өнеркәсіпті дамыту ғылым мен инновацияның дамуының нәтижесі болуы тиіс. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Нұрбек Пұсырманов жаңа Конституцияны үш негізгі тұрғыдан қарастыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістерді тек құқықтық немесе саяси қырынан ғана емес, сонымен қатар идеологиялық, символдық және болашақ даму траекториясы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова жаңа Конституция тарихи білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардың дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді және саяси партиялардың бәсекелестігін арттыруды маңызды деп таныды. Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, PhD Еркебұлан Жұмашов экзитпол нәтижелері халықтың мемлекетке карт-бланш бергенін, енді ол сенімді ақтаудың маңызын атап өтті. Үлкен сенімнің жауапкершілігі де үлкен болатынын, Конституциядан кейінгі реформалардың осы аксиоманы есте сақтауының маңызын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қоғамның жаңғыру үдерісінде жастардың рөлі ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары туу көрсеткішіндегі рекордты, жалпы соңғы жылдардағы демократиялық толқынның әлеуетін пайдалану үшін билік бар күшін салуы қажет. Осы толқынға салынған инвестиция, оның әлеуеті мен сенімі Қазақстанның осы ғасырдағы келбетін анықтайтынын уәждеді. Дөңгелек үстел қорытындысында ғалымдар мен сарапшылар жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.
Жаңа Конституциялық бастамалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргілуде

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында МТИ Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, с. ғ. д., профессор В. А. Жексембекова 20-ақпан мен 13-наурыз аралығында ҚР министрліктерінің ұжымдарымен кездесіп, талқылаулар өткізді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының Әділет, Туризм және спорт, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Көлік министрліктерінде жаңа конституциялық реформалардың негізгі бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Конституциялық жаңғыртудың құқықтық мемлекет құрудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бастамалар туралы ой-пікірлермен бөлісті. Сондай ақ, коалиция құрамында В.А. Жексембекова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқармасымен, «Қазақконцерт» ұйымымен, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығымен, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен, «СК-Фармация» ЖШС ұжымымен, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» ұжымымен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен қоғамдық саясат институтымен бірлескен кездесулерге қатысып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасулар өткізді. Мұндай кездесулер қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін кеңінен түсіндіруге мүмкіндік берді. #біздің_тарих
Ғалымдар Конституция жобасы еліміздің тұрақты дамуының негізіне айналатынына сенім білдірді

Бүгін Мемлекет тарихы институтында гуманитарлық сала ғалымдары бас қосып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы төңірегінде өз пікірлерін білдірді. 📚 Ғалымдар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформаның негізгі қағидаттары жаңа Конституция жобасында көрініс тапқанын атап өтті. Ғалымдардың пікірінше, бұл өзгерістер қоғамдық-саяси жүйені жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді. ⚖ Осыған орай, гуманитарлық сала өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның қағидаттары мен нормалары еліміздің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар олар азаматтарды саяси мәдениетті нығайтуға және ел болашағы үшін маңызды саналатын республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында «Білім мен ғылымға адал ғұмыр» атты дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 13 ақпанда Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында «Білім мен ғылымға адал ғұмыр» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шара педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, Педагогика жоғары мектебінің деканы Б.М. Жапарованың мерейтойына арналды. Мерейтойлық жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, жас ғалымдар мен білім алушылар қатысты. Дөңгелек үстел барысында Б.М. Жапарованың білім беру мен ғылым саласына қосқан елеулі үлесі, педагог кадрларды даярлаудағы еңбегі мен ғылыми-зерттеу бағытындағы жетістіктері кеңінен айтылды. Іс-шараның құрметті қонағы ретінде Мемлекет тарихы институты атынан Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Абыханқызы Жексембекова арнайы шақырылып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз баяндамасында мерейтой иесінің кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттеріне ерекше тоқталып, оның отандық педагогика ғылымының дамуына қосқан сүбелі үлесін жоғары бағалады. Сонымен қатар, Венера Абыханқызы өз сөзінде білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, бұл бағыттағы стратегиялық басымдықтардың мемлекет деңгейінде айқындалғанын атап өтті. Дөңгелек үстел мазмұнды пікір алмасу алаңына айналып, қатысушылар мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Тарихшы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейістің 90 жылдығына орай «Дарабоз тарихшы» тақырыбындағы дөңгелек үстел материалдарының жинағы жарық көрді.

🔗 Өткен жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында тарихшы-ғалым, академик Кеңес Нұрпейістің (1935 – 2007) 90 жылдығына орай «Дарабоз тарихшы» дөңгелек үстелі өткізілді. Дөңгелек үстелде әйгілі отандық және шетелдік ғалымдар арасында академик К. Нұрпейістің Отандық тарих ғылымының дамуына, Алаш қозғалысы тарихын зерттеуге қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Cонымен қатар, Отан тарихының өзекті мәселелері де талдауға салынды. Соның нәтижесінде осы жинақ қалыптастырылып, назарларыңызға ұсынылып отыр. ✍🏻 Жинақ материалдары ізденушілерге, зерттеушілер мен көпшілік оқырманға пайдалы болады деп үміттенеміз. ↘️ https://history-state.kz/wp-content/uploads/2026/02/nurpeisov-daraboz-tarihshy-2.pdf
САЯСАТТАНУШЫЛАР КІТАПХАНАСЫ ЖАҢА МОНОГРАФИЯМЕН ТОЛЫҚТЫ

Мемлекет тарихы институты ғалымдары жыл сайын шығарған ғылыми монография және конференция жинақтарын жоғары оқу орындарының назарына жеткізеді. 🔸Ағымдағы жылғы 27 қаңтарда МТИ саяси бөлім басшысы, с.ғ.д., В.Ә. Жексембекова Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, Институтта шығарылған еңбектермен бөлісті. 🤝🏻Кездесу аясында Қазақ ҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор Б.Б. Мейірбаев өзара ынтымақтастықты тереңдетуге уағдаласты. 📘Кездесу соңында саяси ғылымдарының докторы, профессор В.Ә. Жексембекова университеттегі Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының Саясаттанушылар кітапханасына «Казахстанская модель демократизации общества» атты еңбекті ұсынды. 🗨️Айта кетелік, Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында: «Басты міндет – халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұрасын сақтап, ұрпаққа табыстау. Осы ретте, кейбір Құрылтай мүшелерінің философия, әлеуметтану, саясаттану сияқты ғылымдарды дамыту және қоғамдық-саяси ой-пікірлер көптомдығын әзірлеу туралы ұсынысын атап өтуге болады. Сондай-ақ олар ғылыми мекемелердің зерттеулері онлайн платформа арқылы бәріне бірдей қолжетімді болуы керек екенін айтты.» деген болатын. #біздің_тарих
Мемлекет тарихы институтының ғалымдары әзірлеген ғылыми монографиялар табысталды

Мемлекет тарихы институтының Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Венера Абыхановна Жексембекова Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы Нүкенов пен Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Анапияұлы Тілепке Институт ғалымдары әзірлеген «Ауылдағы биліктің эволюциясы және жергілікті өзін-өзі басқару» және «Казахстанская модель демократизации общества (қоғамды демократияландырудың Қазақстандық моделі)» атты монографияларды табыстады. Аталған еңбектерде ауылдық басқару институттарының трансформациясы, жергілікті өзін-өзі басқарудың эволюциясы және Қазақстандағы демократиялық жаңғырудың институционалдық тетіктері жан-жақты қарастырылады. Бұл бастама Мемлекет тарихы институтының ғылыми зерттеулерді мемлекеттік басқару практикасына енгізуге бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.
Мемлекет тарихы институтында «Оралда атылған Алаштың ардақты ұлы – Хасан Нұрмұхамедов» атты жаңа монографияның тұсаукесері өтті.

2025 жылғы 3 қараша күні ҚР Президенті орталығында Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Дәметкен Досмұхамедқызы Сүлейменованың «Оралда атылған Алаштың ардақты ұлы – Хасан Нұрмұхамедов» атты монографиясының тұсаукесері өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты. Атап айтқанда, профессорлар Ө. Озғанбаев, А. Ісмақова, Т. Жұртбай, ҚР Президенті орталығы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Б. Қайыпова және басқа да құрметті қонақтар қатысты. Шара барысында филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университетінің профессоры А.Ісмақова мен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Астана филиалының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қ. Сәрсенбина сөз сөйлеп, автордың еңбегіне жоғары баға беріп, жылы лебіздерін білдірді. Бұл монография ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысының көрнекті өкілдерінің бірі болған Хасан Нұрмұхамедовтың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған маңызды ғылыми еңбек болып табылады. Мемлекет тарихы институтының ұжымы Дәметкен Досмұхамедқызын жаңа еңбегінің тұсаукесерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейді!