
Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері
Қазіргі Қазақстан қоғамында жастар тәрбиесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Әсіресе, Жаңа Конституция қағидаттарын ілгерілету арқылы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ел болашағын айқындайтын стратегиялық міндет. Бұл үдеріс жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарға құрметті, сондай-ақ тәуелсіздік пен егемендік идеяларын терең қалыптастырумен тығыз байланысты.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің құқықтық негізі ғана емес, ол қоғамның құндылықтық бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Конституцияда бекітілген адам құқықтары, еркіндік, заң үстемдігі, бірлік пен келісім қағидаттары жастардың азаматтық санасын қалыптастыруда негізгі тірек болып табылады. Саясаттану ғылымында бұл құбылыс «азаматтық бірегейлік» ұғымымен түсіндіріледі, яғни жеке тұлғаның өзін мемлекетпен, оның құндылықтарымен сәйкестендіруі.
Патриоттық тәрбие мәселесін философиялық тұрғыдан алып қарасақ Әл-Фараби «қайырымды қоғам» идеясында тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, ізгі қоғам тек парасатты, тәрбиелі азаматтар арқылы қалыптасады. Бұл тұжырым қазіргі азаматтық тәрбие теорияларымен толық үндеседі.
Ал қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы да отаншылдық пен адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуде білімнің рөлін жоғары бағалаған. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы – тек гуманизмнің ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірлік пен елге деген сүйіспеншіліктің негізі. Абайдың қара сөздерінде «елге қызмет ету – азаматтың басты борышы» екені айқын көрініс табады.
Қазіргі педагогика ғылымында патриоттық тәрбие тұлғаның әлеуметтік және моральдық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жастардың патриоттық санасы олардың тарихи жадымен, мәдени мұрамен және ұлттық құндылықтармен байланысы арқылы қалыптасады. Осы тұрғыда білім беру жүйесінде Қазақстан тарихын, әдебиетін және мәдениетін терең оқыту ерекше маңызға ие.
Сонымен қатар, тәуелсіздік пен егемендік құндылықтарын дәріптеу жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудың негізгі факторы. Тәуелсіздік тек саяси ұғым ғана емес, ол – халықтың тарихи жетістігі мен рухани символы. Бұл идеяны жастардың санасына сіңіру үшін нақты мысалдар мен тарихи деректерді қолдану тиімді. Сондықтан тарихи тұлғаларды дәріптеу жастар тәрбиесінде өте маңызды факторлардың бірі болып табылады.
Мәншүк Мәметова Батыс Қазақстан өңірінде 1922 жылы 23 қазанда Қызылқоға ауданындағы Қамысты ауылында дүниеге келген. Мәметова Айман Мәншүктің немере сіңлісінің айтуынша: «Телғара атасынан – Әлі мен Мәмбет дүниеге келген. Әліден – Жеңсігәлі дүниеге келеді. Жеңсігәліден – Нағи, Қадір, Мәнсия дүниеге келген. Ал Мәмбеттен – Ахмет пен Қанат дүниеге келген. Ахметтен ұрпақ болмағасын, Жеңсігәліден Мәнсияны Ахмет жастай асырап алады.
Мәншүктің өз әкесі – Жеңсігәлі 1929-1930 жылдары астық қоймасын күзеткен, сол уақытта қоймадан астық ұрланып, «соны сен шығарып бердің»- деген жаламен ұсталған. Ал Мәншүктің өз туған анасы — Тойымша құсадан өлген, балалары Нағи мен Қадер Қанат ағайының қолында тәрбиеленген. Нағи соғыстың алдында қайтыс болған. Ал Қадер Ұлы Отан соғысына қатынасып, хабарсыз кеткен. Ал Қанат Ұлы Отан соғысына қатынасып, жараланып елге келіп, «Жаңа жол» колхозында басқарма болып,1951 жылы қайтыс болған[1].(Мәмбетова А. «Жақсыдан қалған көз едік» // Қазақстан әйелдері, №3.03.1995 ж.)
Саратов университетін бітірген соң Ахмет Мәмбетовты Семейге жұмысқа жібереді. Мәншүк сол жерде балабақшаға, кейін 1 сыныпқа оқуға барады.
Мәншүктің ата-анасы 1932-1934 жылдары Орал қаласына жұмысқа келеді,сол жылдары Мәншүк Оралда №4 мектепте оқыған. Кейінен Алматы қаласына көшкенде Мәншүк №28 мектепте оқыған. 7 сыныптан соң Мәншүк 3 жыл медицина рабфагіне түсіп,оны 2 жылда үздік бітіріп, медицина институтына қабылданады»[2].(Нұркина Ж. «Ерлік ер мұрасы» //Қазақстан әйелдері,№ 3.03.1995 ж.)
Мәншүк Мәметова 1942 жылдың тамызында өз еркімен сұранып майданға аттанады. Алғашында медбике болуға тырысқанмен, кейін пулеметші болуды таңдап, осы мамандықты екі айда толық меңгеріп шығады, кейіннен аға сержант шеніне дейін көтеріліп, пулемет расчетінің командирі болады.
Мәншүк Мәметованың майдан жолы 1942 жылдың қыркүйегінде 100 — ат қыштар бригадасының құрамында Москваның солтүстік жағындағы «Бабушкино» деген шағын қаладан басталады. Бастапқыда Мәншүк штабта «іс-қағаздарын реттеуші, әрі 4-бөлімшенің комсомол жетекшісі болады.
1943 жылдың жазында Мәншүк штабта хатшы болмаймын деп бірнеше қайтара рапорт жазып, алдыңғы шепке сұранады. Ақыры 1943 жылдың маусым айында жаңадан құрылып жатқан 4-ші пулеметшілер батальонына қабылданады. Мәншүктің пулеметі «Максим» деп аталатын,оны төрт адам бөліп-бөліп көтеретін,оқтарымен қосқанда салмағы 90 кг. және барған жерде қайта құрастырылатын. Мәншүк тез арада осы жұмыстардың бәріне төселіп, тез арада оны толық меңгеріп алады[3].(Лейник О. «Мәншүктің есімі жұлдыздай жарқырайды»// Октябрь туы,№39.28.03.1970 ж.)
14 қазанда Невель қаласының терістік жағында 15 шақырым жерде теміржол торабы орналасқан Изочи станциясынан Ленинград, Москва бағытында теміржолдары өтетін,осы жолды фашистерден азат ету үшін шайқас екі күнге созылады. Осы шайқас туралы Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 — атқыштар бригадасының жауынгері Болатов Ахметқазы «Құрыштай құйылған жан еді» деген естелігінде Мәншүк Мәметованың батырлығы туралы былай дейді: «Ұлы Отан соғысында менің байқағаным қазақтай қайсар, төзімді жан жоқ екен, оны олардың үш түрлі басты қасиеттерінен таныдым. Біріншіден, аштыққа төзімді, қолда барына қанағатшыл, екіншіден, тамаққа отырғанда жасы үлкендерден бұрын асқа қол созбайтын тәрбиелік, тектілік. Үшіншіден, намысшыл, жігерлі, соғыс өнерін тез арада меңгеріп алуы, «Қазақстандықтар» деген жалғыз ауыз сөзге сүттей ұйып, еліне, өз арына кір келтірмеу үшін кеудесін от пен оққа төсегендерді өз көзімен көрдім. Солардың бірі – Мәншүк еді.
Изочи станциясы үшін шайқаста 100 — бригада жауынгерлері жотадан қайтып келе жатқанда Мәншүк артымыздан қуған фашистерге пулеметінен оқты төктіде отырды, бұл пулеметтің радиусы кең, екі шақырым жерді қамтитын. Біздің жігіттер жеткенше өкшелеп келе жатқан жауды беттепей, қоғадай жапырды. Біз Мәншүк бекінген жерге жетіп қарасақ,ол жалғыз қалып басынан жараланған, жарасын таңып алыпты, пулеметі істен шыққан. Қасындағы иесіз қалған пулеметке ауысып, оны іске қосып жатыр екен. Мен Мәншүктің табандылығын, қайсарлығын осы жолы көрдім. Біз Мәншүктің бізбен бірге жүруін өтіндік, бірақ ол пулеметке жабысып, фашистердің 3-4 дүркінгі бас көтерген шабуылына төтеп берді. Мәншүк бізге: «Сендер бара беріңдер,мен сендерді қорғай тұрамын»,- деді,оның соңғы айтқан сөзі осы болды. Біздер жотаның астына құлдилап кете бердік. Біздер 300-400 метрдей ұзаған шамада Мәншүктің сылқылдаған пулеметінің даусы үзілді. Фашистер біздерді жотаға жеткізбей-ақ жойып жіберер ме еді, кім білсін,100-бригаданың қаншама жігіттерінің өмірін сақтап қалды. Мәншүктің ерлігінің мәні міне осындай. Мені бірнеше күннен кейін командирім шақырып: «Сен Изочидегі ұрысқа қатынастың ба?-деп сұрады, мен қатынасқанымды айттым. Ол ендеше Мәншүк Мәметованың мерт боларда бекінген жерін, пулеметінің орнын, сүйегін таба аласың ба?»-деп сұрады, «Табар едім»,-дедім мен тайсалмай, ендеше капитан Т. Әбуов екеуің барып, Мәншүк Мәметованың сүйегін тауып, Невель қаласына апарып жерлейсіңдер»,-деді. Біздер қиналмай ол жерді тауып, пулеметтің орнын да ажыраттық. Снаряд түсіп, сүйекті топырақ жауып қалыпты, қазып жүріп әуелі етігіне кездестік, содан соң сүйекті топырақ астынан аршып алдық. Адамның шашы бұзылмайды екен. Шашын көргеннен кейін Мәншүктің сүйегі екеніне шүбәміз қалмады. Плащ — палаткаға салып алып келіп, қаралы жиын ашып, Невель қаласының партия комитетінің алдындағы алаңға, бауырластар зиратына Әбілқайыр Баймолдин мен Ыбырайым Сүлейменовтың ортасындағы белгіленген орынға жерледік. Бұл Мәншүктің алдындағы жауынгерлік, жолдастық парызымыздың өтелген тұсы осы-ау»,- деймін[4].(Болатов А. «Құрыштай құйылған жан еді»,естелікті жазып алған Қонақбайқызы Ш.// Қазақстан әйелдері № 3. 03.1995 ж.)
1944 жылы Мәншүк Мәметоваға қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1971 жылы Мәншүк Мәметованың туған жерінде аудан орталығындағы Ю.А.Гагарин атындағы саябақта қазақ халқының Батыр қызы Мәншүк Мәметоваға ескерткіш-бюст орнатылды. Бұл салтанатқа Мәншүктің анасы- Әмина және көрнекті ақын Мәриям Хакімжанова қатынасты. Мәншүктің анасы Әмина апай: «Мәншүктің өлгені рас. Бірақ оның есімі, ерлік ісі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, миллиондардың санасында мәңгі сақталады»,- деген еді[5].(Аржанова К. «Ер есімі-ел есінде» //Октябрь туы № 56.09.05. 1978 ж.)
1982 жылы 7 шілде де Батыс Қазақстан Облысы Орал қаласында 1932-1934жылдары Мәмбетовтар отбасы тұрған үйде Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың 60 жылдық мерейтойы қарсаңында «Мәншүк Мәметоваға» арналған музей ашылды. Бұл ғимарат 1900 жылы салынған, мол тарихи заттары мен құжаттары жинақталған, Орал қаласы, Сарайшық көшесі 51 үйде орналасқан[6].(Батырханов А. Мәншүк Мәмбетова атындағы мемориалдық мұражайы).
Қазіргі кезеңде Қазақстан қоғамының даму бағыты «Әділетті Қазақстан» қағидатымен тығыз байланысты. Бұл ұғым – құқық үстемдігіне, теңдікке, әлеуметтік әділеттілікке негізделген жаңа қоғамдық модельді білдіреді. Осы модельді жүзеге асыруда жастардың рөлі ерекше, ал оларды патриоттық рухта тәрбиелеу – стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі. Осы міндеттерді орындау үшін жастарға өткен тарихымыздан мағлұмат бере отыра, елінің болашағы үшін күрескен тарихи тұлғаларымызды дәріптеуіміз керек. Сондай тарихи тұлға кейіпкері Әлия (Ілия) Молдағұлова.
Әлия Молдағұлова – қазақ халқының тарихындағы ерекше тұлғалардың бірі. Бүркітбай Аяған өз мақаласында Әлияның өмір жолын тек тарихи дерек ретінде ғана емес, ұлттық рухтың сиволы ретінде қарастырған.
Әлия Молдағұлова 1925 жылы Ақтөбе облысында Қобда ауданында дүниеге келген. Оның өмір жолы сол кезеңдегі тарихи жағдайлармен тығыз байланысты болды. 1930 жылдардағы саяси қуғын-сүргін, әкесінің «бай тұқымы» ретінде қысымға ұшырауы, анасының ерте қайтыс болуы мұның бәрі тұлғаның қалыптасуына тікелей әсер етті. Әлияның әкесі Нұрмұхамбет Сарқұловтың соңынан қудалау тоқтамағандықтан алты жасар Әлияны нағашысы Әбубәкірге береді. Әбубәкір жағдайды түсініп, Әлияны тәрбиесіне алып, келісім бойынша оны анасы, нағашылар фамилиясына — «Молдағұлова» деп жаздырады. Әлия Әбубәкірдің отбасымен бірге қазіргі Тараз қаласында мектепке барады. 1934 жылы Әбубәкір Әскери-көлік академиясына оқуға түсіп, кейін отбасымен Мәскеуге, 1938 жылы академияның қайта орналастырылуына байланысты Ленинградқа көшеді. Әлияның өз өтініші бойынша нағашысы оны Грудин көшесіндегі интернат-мектепке орналастырады.
Ленинград қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленген Әлия мектепте алғыр, тәртіпті оқушы болды. Соғыс басталғанда ол қоршауда қалған қаладағы ауыр жағдайды бастан кешіріп, Отанға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі одан әрі күшейеді. Сыныптастары Әлияны мектепте Лия деп атаған. Оны мұғалімі М.Голубева Әлияны сыныптастары оны салмақтылығы, ұқыптылығы мен еңбекқорлығы үшін құрметтегенін айтады. Әлия 4-6 сыныпта оқуын үздік аяқтап,мақтау қағазын алады, тіпті «Артек» лагеріне демалысқа жіберіледі. Жастайынан ата-анасынан ерте айырылған, жат тілдік ортада өскен қаршадай қыз бала мойымай,осындай жетіске жетуі, Әлияның өжеттілігі, қайсарлығы жастай өмірге деген құштарлығы, ол мектепте старостылыққа да сайланады.
Соғыс басталған кезеңдегі Әлияның таңдауы ерекше назар аудартады. Ол эвакуациялану мүмкіндігі бола тұра, Ленинградта қалып, саналы түрде қауіп аймағында бола тұра: «Егер Ленинградты қорғау қажет болса, қолыма қару аламын»,- деуі бұл жерде біз идеологиялық әсерден гөрі, жеке жауапкершілікке негізделген таңдауды байқаймыз.
Ел басына сын сағаты төнгенде Әлия майданға өз еркімен аттанады. Ол мергендер мектебінде білім алып, қысқа уақыт ішінде үздік нәтижелер көрсеткен. Әлияның мергендік шеберлігі, тәртіптілігі және батылдығы оны өз бөлімшесінде ерекше тұлғаға айналдырды. Әлия тек дәл мерген ғана емес, сонымен қатар жауынгерлерді алға бастап, шабуылға көтерген батыр.Соңғы шайқаста ол ерекше ерлік көрсетіп, жауға қарсы күресте соңына дейін берілмеген. Әлия 1943 жылы шілдеде Холм қаласының маңында тұрған әскери бөлімге келеді.Ол 54-ші жеке атқыштар бригадасының саперлар ротасы құрамында ұрысқа кіріседі де, Казачиха маңындағы ұрыста қаза табады. 1944 жылы 4 маусымда ефрейтор Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.
Бүркітбай Аяған: «Әлия — Батыр қызы сен халқымның» — деген мақаласында Әлия бейнесін тек әскери тұрғыда емес, рухани тұрғыдан да ашады. Ол – қазақ қызының батылдығының, намысының, елге деген адалдығының көрінісі ғана емес, автордың ойынша, Әлия – тек өткеннің кейіпкері емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын тарихи тұлға. Әлияның есімі халық жадында мәңгі сақталады, оның ерлігі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатынын ерекше атап өтуіміз керек. Әлия елдің, ұлттың мақтанышы»,- дейді[7].(Аяған Б. «Әлия- Батыр қызы сен халқымның»//Дат № 08.(789)05.03.2026ж.) Патриоттық тәрбие – тұлғаның Отанға деген сүйіспеншілігін, азаматтық жауапкершілігін және ұлттық құндылықтарға құрметін қалыптастыратын кешенді әлеуметтік-педагогикалық процесс. Ғылыми тұрғыдан алғанда, отаншылдық ұғымы тек эмоционалдық сезім емес, ол – әлеуметтік сана формасы, яғни адамның өзін мемлекетпен, оның мәдениетімен және тарихымен біртұтас деп қабылдауы.
«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы аясында патриотизм жаңа мазмұнға ие болуда. Бұл жерде патриотизм тек елін сүюмен шектелмей, заңға құрмет, әділдікке ұмтылу, азаматтық белсенділік сияқты құндылықтармен толықтырылады. Яғни, шынайы отаншыл азамат – тек елін мақтан тұтатын емес, сонымен қатар оның дамуына жауапкершілікпен үлес қосатын тұлға. Бүгінде әділетті қоғам қалыптастыру үшін әділетті, саналы, жауапты жастар қажет. Ал Абай Құнанбайұлы шығармаларында отаншылдық адамгершілікпен, біліммен және еңбекқорлықпен тығыз байланыста қарастырылады. Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген қағидасы қазіргі «Әділетті Қазақстан» идеясымен толық сәйкес келеді. Бұл – жеке мүддеден гөрі қоғамдық игілікті жоғары қою ұстанымы. Цифрландыру дәуірінде патриоттық тәрбие жаңа форматта жүзеге асуда. Ақпараттық технологиялардың дамуы жастардың дүниетанымына тікелей әсер етеді. Әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау мүмкіндігі артты. Сонымен қатар, цифрлық ортада жалған ақпарат пен сыртқы идеологиялық ықпалдардың да күшеюі байқалады. Сондықтан жастардың медиасауаттылығын дамыту – қазіргі патриоттық тәрбиенің маңызды құрамдас бөлігі. Осыған байланысты кітап оқу, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық мәдениетті игеру сияқты дәстүрлі құндылықтар ерекше маңызға ие болып отыр.
Қазақ халқының Батыр қыздары Мәншүк пен Әлияның ерлігі өскелең жас ұрпаққа мәңгілік үлгі, еліне,халқына деген шексіз сүйіспеншілігі, патриоттық тәрбиенің негізі болып қала бермек. Бүгінде Мәншүк пен Әлияның қаза тапқан жерлерінің арасы небәрі алпыс бес шақырым екен. Бауырластар зиратының басында Мәңгілік ерлік алауы жанып тұр. Ұлы Отан соғысының тарихында қос жұлдыздай болған қазақтың қос Батыр қызының есімі ерліктің мәңгілік алауындай аспанымызда жарқырап тұрмақ.
Бүгінде Ақтөбе облысы Қобда ауданын да Әлия Молдағұловаға музей ашылған, 2025 жылы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы Ақтөбе қаласында атап өтілді. Сондықтан Мәншүк пен Әлияның ерлігі,қайсарлығы, адамгершілігі, еліне,халқына деген құрметі мен сүйіспеншілігі жастарға үлгі және танымдық-тағылым екенін айтуымыз керек.
Әдебиеттер тізімі
1.Мәмбетова А. «Жақсыдан қалған көз едік// Қазақстан әйелдері,№3.03.1995ж.
3.Лейник О. «Мәншүктің есімі жұлдыздай жарқырайды»
// Октябрь туы,№39. 28.03.1970 ж.
4.Болатов А. «Құрыштай құйылған жан еді»,естелікті
жазып алған Қонақбайқызы Ш.// Қазақстан әйелдері № 3. 03.1995 ж.. 5.Аржанова К. «Ер есімі-ел есінде» //Октябрь туы № 56.09.05. 1978 ж.
* — Толтыруға міндетті өрістер
Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін