Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай республикалық дөңгелек үстел өтті

2026 жылғы 4 мамыр күні сағат Астана қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институты» және ҚР Қорғаныс министрлігінің «ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» РММ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Әскери-патриоттық тәрбиенің тарихи негіздері» атты республикалық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты – Конституция қағидаттарын ілгерілету негізінде жастар мен өскелең ұрпақты жауапты және жасампаз патриотизм рухында тәрбиелеу, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға құрметті қалыптастыру, сондай-ақ тәуелсіздік, егемендік және отаншылдық құндылықтарды дәріптеу. Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі өкілдері, Мемлекет тарихы институты мен Әскери-тарихи мұражай қызметкерлері, ғалымдар, әскери оқу орындары мен әскери бөлімдердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел барысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ө.О. Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесі төрағасының орынбасары, генерал-лейтенант А.Б. Тасболатов, ҰҚК Генерал-майоры, заң ғылымдарының докторы, С.М. Қойбақов, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери тәрбие және идеологиялық жұмыстар басқармасының басшысы, полковник Ғ.Қ. Жұмабаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаменті Бітімгершілік қызметі басқармасының аға офицері, майор Акбалиев Фархат Жақсылықұлы, ҚР ҚҚ Әскери-патриоттық орталығы Әскери-тарихи мұражайының ғылыми қызметкері У.Д. Умралин, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Д.Д. Сүлейменова, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің әскери оқыту және тәрбие кафедрасының аға оқытушысы, PhD, полковник Е.Д. Спатаев, «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің аппарат басшысы Қаз Нұрқуаныш Отанбекұлы, ҚР Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бөлімше бастығының аға көмекшісі, майор Н.Қ. Рахымбай баяндама жасайды. Іс-шара барысында әскери дәстүрлер мен еліміздің ерлік жолы, тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасу тарихы, БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссиялар, ардагерлер ұйымдарының қызметі, сондай-ақ Қазақстандағы әскери-патриоттық тәрбиенің қазіргі жай-күйі мәселелері талқыланып, пікір алмасты. Дөңгелек үстел қатысушыларына Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Х.К. Ермуханованың «Ерлік пен елдік дастаны: Рақымжан Қошқарбаев пен Сағадат Нұрмағамбетов» атты деректі оқу құралы таратылды.
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНЕН ШЫҚҚАН: БАТЫР ҚЫЗДАР МӘНШҮК ПЕН ӘЛИЯНЫҢ ЕРЛІГІ ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

Авторлық баған Сүлейменова Дәметкен Досмұханқызы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Теги: Қазақстан біздің_тарих Қазіргі Қазақстан қоғамында жастар тәрбиесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Әсіресе, Жаңа Конституция қағидаттарын ілгерілету арқылы өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ел болашағын айқындайтын стратегиялық міндет. Бұл үдеріс жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарға құрметті, сондай-ақ тәуелсіздік пен егемендік идеяларын терең қалыптастырумен тығыз байланысты. Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің құқықтық негізі ғана емес, ол қоғамның құндылықтық бағдарын айқындайтын маңызды құжат. Конституцияда бекітілген адам құқықтары, еркіндік, заң үстемдігі, бірлік пен келісім қағидаттары жастардың азаматтық санасын қалыптастыруда негізгі тірек болып табылады. Саясаттану ғылымында бұл құбылыс «азаматтық бірегейлік» ұғымымен түсіндіріледі, яғни жеке тұлғаның өзін мемлекетпен, оның құндылықтарымен сәйкестендіруі. Патриоттық тәрбие мәселесін философиялық тұрғыдан алып қарасақ Әл-Фараби «қайырымды қоғам» идеясында тұлғаның қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, ізгі қоғам тек парасатты, тәрбиелі азаматтар арқылы қалыптасады. Бұл тұжырым қазіргі азаматтық тәрбие теорияларымен толық үндеседі. Ал қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы да отаншылдық пен адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуде білімнің рөлін жоғары бағалаған. Оның «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген қағидасы – тек гуманизмнің ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірлік пен елге деген сүйіспеншіліктің негізі. Абайдың қара сөздерінде «елге қызмет ету – азаматтың басты борышы» екені айқын көрініс табады. Қазіргі педагогика ғылымында патриоттық тәрбие тұлғаның әлеуметтік және моральдық дамуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, жастардың патриоттық санасы олардың тарихи жадымен, мәдени мұрамен және ұлттық құндылықтармен байланысы арқылы қалыптасады. Осы тұрғыда білім беру жүйесінде Қазақстан тарихын, әдебиетін және мәдениетін терең оқыту ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, тәуелсіздік пен егемендік құндылықтарын дәріптеу жастардың ұлттық сана-сезімін қалыптастырудың негізгі факторы. Тәуелсіздік тек саяси ұғым ғана емес, ол – халықтың тарихи жетістігі мен рухани символы. Бұл идеяны жастардың санасына сіңіру үшін нақты мысалдар мен тарихи деректерді қолдану тиімді. Сондықтан тарихи тұлғаларды дәріптеу жастар тәрбиесінде өте маңызды факторлардың бірі болып табылады. Мәншүк Мәметова Батыс Қазақстан өңірінде 1922 жылы 23 қазанда Қызылқоға ауданындағы Қамысты ауылында дүниеге келген. Мәметова Айман Мәншүктің немере сіңлісінің айтуынша: «Телғара атасынан – Әлі мен Мәмбет дүниеге келген. Әліден – Жеңсігәлі дүниеге келеді. Жеңсігәліден – Нағи, Қадір, Мәнсия дүниеге келген. Ал Мәмбеттен – Ахмет пен Қанат дүниеге келген. Ахметтен ұрпақ болмағасын, Жеңсігәліден Мәнсияны Ахмет жастай асырап алады. Мәншүктің өз әкесі – Жеңсігәлі 1929-1930 жылдары астық қоймасын күзеткен, сол уақытта қоймадан астық ұрланып, «соны сен шығарып бердің»- деген жаламен ұсталған. Ал Мәншүктің өз туған анасы — Тойымша құсадан өлген, балалары Нағи мен Қадер Қанат ағайының қолында тәрбиеленген. Нағи соғыстың алдында қайтыс болған. Ал Қадер Ұлы Отан соғысына қатынасып, хабарсыз кеткен. Ал Қанат Ұлы Отан соғысына қатынасып, жараланып елге келіп, «Жаңа жол» колхозында басқарма болып,1951 жылы қайтыс болған[1].(Мәмбетова А. «Жақсыдан қалған көз едік» // Қазақстан әйелдері, №3.03.1995 ж.) Саратов университетін бітірген соң Ахмет Мәмбетовты Семейге жұмысқа жібереді. Мәншүк сол жерде балабақшаға, кейін 1 сыныпқа оқуға барады. Мәншүктің ата-анасы 1932-1934 жылдары Орал қаласына жұмысқа келеді,сол жылдары Мәншүк Оралда №4 мектепте оқыған. Кейінен Алматы қаласына көшкенде Мәншүк №28 мектепте оқыған. 7 сыныптан соң Мәншүк 3 жыл медицина рабфагіне түсіп,оны 2 жылда үздік бітіріп, медицина институтына қабылданады»[2].(Нұркина Ж. «Ерлік ер мұрасы» //Қазақстан әйелдері,№ 3.03.1995 ж.) Мәншүк Мәметова 1942 жылдың тамызында өз еркімен сұранып майданға аттанады. Алғашында медбике болуға тырысқанмен, кейін пулеметші болуды таңдап, осы мамандықты екі айда толық меңгеріп шығады, кейіннен аға сержант шеніне дейін көтеріліп, пулемет расчетінің командирі болады. Мәншүк Мәметованың майдан жолы 1942 жылдың қыркүйегінде 100 — ат қыштар бригадасының құрамында Москваның солтүстік жағындағы «Бабушкино» деген шағын қаладан басталады. Бастапқыда Мәншүк штабта «іс-қағаздарын реттеуші, әрі 4-бөлімшенің комсомол жетекшісі болады. 1943 жылдың жазында Мәншүк штабта хатшы болмаймын деп бірнеше қайтара рапорт жазып, алдыңғы шепке сұранады. Ақыры 1943 жылдың маусым айында жаңадан құрылып жатқан 4-ші пулеметшілер батальонына қабылданады. Мәншүктің пулеметі «Максим» деп аталатын,оны төрт адам бөліп-бөліп көтеретін,оқтарымен қосқанда салмағы 90 кг. және барған жерде қайта құрастырылатын. Мәншүк тез арада осы жұмыстардың бәріне төселіп, тез арада оны толық меңгеріп алады[3].(Лейник О. «Мәншүктің есімі жұлдыздай жарқырайды»// Октябрь туы,№39.28.03.1970 ж.) 14 қазанда Невель қаласының терістік жағында 15 шақырым жерде теміржол торабы орналасқан Изочи станциясынан Ленинград, Москва бағытында теміржолдары өтетін,осы жолды фашистерден азат ету үшін шайқас екі күнге созылады. Осы шайқас туралы Ұлы Отан соғысының ардагері, 100 — атқыштар бригадасының жауынгері Болатов Ахметқазы «Құрыштай құйылған жан еді» деген естелігінде Мәншүк Мәметованың батырлығы туралы былай дейді: «Ұлы Отан соғысында менің байқағаным қазақтай қайсар, төзімді жан жоқ екен, оны олардың үш түрлі басты қасиеттерінен таныдым. Біріншіден, аштыққа төзімді, қолда барына қанағатшыл, екіншіден, тамаққа отырғанда жасы үлкендерден бұрын асқа қол созбайтын тәрбиелік, тектілік. Үшіншіден, намысшыл, жігерлі, соғыс өнерін тез арада меңгеріп алуы, «Қазақстандықтар» деген жалғыз ауыз сөзге сүттей ұйып, еліне, өз арына кір келтірмеу үшін кеудесін от пен оққа төсегендерді өз көзімен көрдім. Солардың бірі – Мәншүк еді. Изочи станциясы үшін шайқаста 100 — бригада жауынгерлері жотадан қайтып келе жатқанда Мәншүк артымыздан қуған фашистерге пулеметінен оқты төктіде отырды, бұл пулеметтің радиусы кең, екі шақырым жерді қамтитын. Біздің жігіттер жеткенше өкшелеп келе жатқан жауды беттепей, қоғадай жапырды. Біз Мәншүк бекінген жерге жетіп қарасақ,ол жалғыз қалып басынан жараланған, жарасын таңып алыпты, пулеметі істен шыққан. Қасындағы иесіз қалған пулеметке ауысып, оны іске қосып жатыр екен. Мен Мәншүктің табандылығын, қайсарлығын осы жолы көрдім. Біз Мәншүктің бізбен бірге жүруін өтіндік, бірақ ол пулеметке жабысып, фашистердің 3-4 дүркінгі бас көтерген шабуылына төтеп берді. Мәншүк бізге: «Сендер бара беріңдер,мен сендерді қорғай тұрамын»,- деді,оның соңғы айтқан сөзі осы болды. Біздер жотаның астына құлдилап кете бердік. Біздер 300-400 метрдей ұзаған шамада Мәншүктің сылқылдаған пулеметінің даусы үзілді. Фашистер біздерді жотаға жеткізбей-ақ жойып жіберер ме еді, кім білсін,100-бригаданың қаншама жігіттерінің өмірін сақтап қалды. Мәншүктің ерлігінің мәні міне осындай. Мені бірнеше күннен кейін командирім шақырып: «Сен Изочидегі ұрысқа қатынастың ба?-деп сұрады, мен қатынасқанымды айттым. Ол ендеше Мәншүк Мәметованың мерт боларда бекінген жерін, пулеметінің орнын, сүйегін таба аласың ба?»-деп сұрады, «Табар едім»,-дедім мен тайсалмай, ендеше капитан Т. Әбуов екеуің барып, Мәншүк Мәметованың сүйегін тауып, Невель қаласына апарып жерлейсіңдер»,-деді. Біздер қиналмай ол жерді тауып, пулеметтің орнын да ажыраттық. Снаряд түсіп, сүйекті топырақ жауып қалыпты, қазып жүріп әуелі етігіне кездестік, содан соң сүйекті топырақ астынан аршып алдық. Адамның шашы бұзылмайды екен. Шашын көргеннен кейін Мәншүктің сүйегі екеніне шүбәміз қалмады. Плащ —