2026 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президент орталығында Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи дамуы контексіндегі Халық Конституциясы» атты ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинарға көрнекті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саясаттанушылар, заңгерлер, тарихшылар қатысты. Баяндамашылардың арасында белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.И. Ибрагимов, Мемлекет тарихы институты, Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғалымдары болды. Семинардың төрағасы ретінде ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов баяндама жасады. Баяндамашы жаңа Конституцияның мәтіні бүкілхалықтық референдумнан өтіп, ол негізінен халқымыздың жалпы қолдауын тапқанын атап өтті. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Мемлекет тарихы институтының директорының пайымдауынша, тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норманы бекітілді. Баяндама жасау үшін келесі сөз Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған мырзаға берілді. Өз баяндамасында ірі ғалым қазақ мемлекеттігінің нышандары ежелгі заманнан бері дамып келе жатқандығын айқындады. Белгілі тарихшыдан кейін заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.И. Ибрагимов сөз сөйледі. Көрнекті заңгердің пікірінше, Конституция жаңа қоғамда әділеттілікті нығайтады. Содан кейін баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Ж.I. Қуанышев мырзаға берілді. Баяндамашының пайымдауынша, бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуді, тежемелік тетіктерін нақтылауды арттыруды көздейді. Ғылыми семинарды өткізуге жауапты болған Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Қарасаев баяндамасында жаңа қабылданған Конституция парламент рөлін арттыруға және үкімет жауапкершілігін күшейтуге оң ықпалын атап өтті. Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Т.М. Әминов мырза жаңа Конституция Қазақстан Республикасының саяси жүйесін құрайтын және өз тарихи міндетін орындаған негізгі заң деп бағалады. Қорытынды баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов берілді.Семинар барысында мемлекеттілік қағидаттарының сабақтастығы, олардың трансформациясы және қазіргі конституциялық құрылымдағы көрініс мәселелері қарастырылды. Ғылыми семинар ұйымдастырушылары ретінде Мемлекет тарихы институты, Қазақстан Республикасының Президент орталығы болып табылды. #біздің_тарих
2026 жылғы республикалық референдум: мемлекетті дамытудың жаңа бағдарлары

2026 жылғы республикалық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің маңызды көрінісі болып, Қазақстанның стратегиялық даму міндеттерін шешудегі жалпыұлттық плебисциттің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Дауыс беру нәтижелері азаматтардың жоғары белсенділігін және елдің саяси-құқықтық жаңғыру бағытын қолдайтынын көрсетті. Бүгін Мемлекет тарихы институтында республикалық референдумның нәтижелері мен оның мемлекеттің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылауға арналған ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен кездесу өтті. Пікірталас барысында қабылданған конституциялық өзгерістердің саяси-құқықтық және қоғамдық қырлары, сондай-ақ олардың елдің институционалдық дамуына ықпалы қарастырылды. Экзитпол деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдады. Референдумға қатысу деңгейі 73 пайыздан асып, қоғамның маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті. Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауға 7 954 667 азамат дауыс берді. Бұл – дауыс бергендердің жалпы санының 87,15 пайызы. Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Ешмұратов Қазақстан бойынша 200-ден астам учаскеде интервьюерлер жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 86,7 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдаған. Сонымен қатар ол жаңа саяси субъект – заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстан халық кеңесінің пайда болуы саяси жүйенің дамуына ықпал ететінін айтты. Арман Ешмұратов қазіргі кезеңде оң қоғамдық көзқарастарды қалыптастырудың, мемлекет пен азамат арасындағы тұтастықты нығайтудың маңызы артып отырғанын, сондай-ақ әлемдегі шешім қабылдау үрдістеріндегі жаңа трендтер партиялық жүйенің күшеюіне және саяси бәсекелестіктің өсуіне әсер ететінін атап өтті. Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, Жалпыұлттық коалицияның мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Венера Абыхановна Жексембекова жаңа Конституцияда алғаш рет ғылым мен білімнің маңызы нақты бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген сенімін көрсетеді және елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін адами капиталды нығайтуға бағытталған. Институттың бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Жапсарбай Ілиясұлы Қуанышев республикалық референдумды ел тарихындағы тағдыршешті оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, референдумның жаңа жыл – Наурыз мейрамы қарсаңында өткізілуі ерекше символикалық мәнге ие, өйткені бұл тек жылдың ғана емес, қоғамның да жаңаруын білдіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жаңа Конституция қазіргі әлемдегі күрделі сын-қатерлерге жауап беретін маңызды құжат екенін айтты. Ол азаматтық қоғамды нығайту, экономикалық мәселелерге назар аудару және тарихи тәжірибеден сабақ алу елдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев қазіргі геосаяси жағдайда тұрақтылықтың маңызы артып отырғанын айтты. Оның пікірінше, экономикалық жаңғыру мен өнеркәсіпті дамыту ғылым мен инновацияның дамуының нәтижесі болуы тиіс. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Нұрбек Пұсырманов жаңа Конституцияны үш негізгі тұрғыдан қарастыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістерді тек құқықтық немесе саяси қырынан ғана емес, сонымен қатар идеологиялық, символдық және болашақ даму траекториясы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова жаңа Конституция тарихи білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардың дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді және саяси партиялардың бәсекелестігін арттыруды маңызды деп таныды. Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, PhD Еркебұлан Жұмашов экзитпол нәтижелері халықтың мемлекетке карт-бланш бергенін, енді ол сенімді ақтаудың маңызын атап өтті. Үлкен сенімнің жауапкершілігі де үлкен болатынын, Конституциядан кейінгі реформалардың осы аксиоманы есте сақтауының маңызын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қоғамның жаңғыру үдерісінде жастардың рөлі ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары туу көрсеткішіндегі рекордты, жалпы соңғы жылдардағы демократиялық толқынның әлеуетін пайдалану үшін билік бар күшін салуы қажет. Осы толқынға салынған инвестиция, оның әлеуеті мен сенімі Қазақстанның осы ғасырдағы келбетін анықтайтынын уәждеді. Дөңгелек үстел қорытындысында ғалымдар мен сарапшылар жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.
Жаңа Конституциялық бастамалар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргілуде

«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы аясында МТИ Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, с. ғ. д., профессор В. А. Жексембекова 20-ақпан мен 13-наурыз аралығында ҚР министрліктерінің ұжымдарымен кездесіп, талқылаулар өткізді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Республикасының Әділет, Туризм және спорт, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы, Сыртқы істер, Сауда және интеграция, Көлік министрліктерінде жаңа конституциялық реформалардың негізгі бағыттары бойынша баяндамалар жасады. Конституциялық жаңғыртудың құқықтық мемлекет құрудағы рөлі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған бастамалар туралы ой-пікірлермен бөлісті. Сондай ақ, коалиция құрамында В.А. Жексембекова Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Басқармасымен, «Қазақконцерт» ұйымымен, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығымен, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен, «СК-Фармация» ЖШС ұжымымен, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» ұжымымен, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ мен қоғамдық саясат институтымен бірлескен кездесулерге қатысып, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасулар өткізді. Мұндай кездесулер қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, жүргізіліп жатқан реформалардың мәнін кеңінен түсіндіруге мүмкіндік берді. #біздің_тарих
Ғалымдар Конституция жобасы еліміздің тұрақты дамуының негізіне айналатынына сенім білдірді

Бүгін Мемлекет тарихы институтында гуманитарлық сала ғалымдары бас қосып, 15 наурызда өтетін республикалық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы төңірегінде өз пікірлерін білдірді. 📚 Ғалымдар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформаның негізгі қағидаттары жаңа Конституция жобасында көрініс тапқанын атап өтті. Ғалымдардың пікірінше, бұл өзгерістер қоғамдық-саяси жүйені жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қоғамдағы әділеттілік қағидаттарын нығайтуға мүмкіндік береді. ⚖ Осыған орай, гуманитарлық сала өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдайтындарын білдіріп, оның қағидаттары мен нормалары еліміздің ұзақ мерзімді дамуына қызмет ететініне сенім білдірді. Сонымен қатар олар азаматтарды саяси мәдениетті нығайтуға және ел болашағы үшін маңызды саналатын республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.