Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумындағы Президент баяндамасының маңызы туралы

Авторлық баған Сулейменова Дәметкен Досмухановна Мемлекет тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері Теги: Сараптамалық пікір Реформа Қазақстан біздің_тарих 2026 жылғы 12 наурызда Астана қаласында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы өтті. Бұл форум Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, өңірлік басқару тиімділігін арттыруға және мемлекет пен қоғам арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға арналған маңызды саяси алаң болды. Форумға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент депутаттары, барлық облыстардан, қалалар мен аудандардан келген мәслихат депутаттары, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты. Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы жергілікті басқару жүйесінің қазіргі жағдайына тоқталып, оның болашақ даму бағыттарын айқындады. Президент өз сөзінде мәслихаттардың мемлекет өміріндегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, мәслихат депутаттары халықтың мүддесін тікелей білдіретін маңызды өкілді институт болып табылады. Сондықтан олардың қызметінің тиімділігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін айтты. Президент баяндамасының негізгі бағыттарының бірі – жергілікті басқару жүйесін жетілдіру мәселесі болды. Мемлекет басшысы Қазақстанда соңғы жылдары жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту бағытында маңызды реформалар жүзеге асырылғанын атап өтті. Мысалы, ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесінің енгізілуі азаматтардың жергілікті билікке қатысу деңгейін арттырды. Сонымен қатар ауылдық округтердің дербес бюджеттері қалыптастырылып, бұл жергілікті мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік берді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқару жүйесін орталықтандырудан біртіндеп децентрализациялауға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Президент мәслихаттардың қызметін одан әрі жетілдіру қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, мәслихат депутаттары тек бақылаушы орган ғана емес, сонымен қатар өңірлік дамудың стратегиялық бағыттарын қалыптастыруға белсенді қатысатын институт болуы тиіс деді. Осыған байланысты депутаттардың жауапкершілігін арттыру, олардың кәсіби біліктілігін күшейту және жергілікті қоғаммен тұрақты байланыс орнату маңызды міндеттердің бірі ретінде көрсетілді. Баяндамада өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы ерекше назарға алынды. Мемлекет басшысы Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды дамыту, коммуналдық жүйелерді жаңғырту, жолдар мен энергетикалық нысандарды жаңарту мәселелеріне тоқталды. Қазіргі таңда елде жаңа энергетикалық нысандарды салу, су және жылу жүйелерін жаңарту, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар өңірлердің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғандығына тоқталды.. Президенттің баяндамасының негізгі ғылыми маңызыдылығы біріншіден, бұл баяндама мемлекеттік басқарудағы децентрализация принципінің маңызын көрсетеді. Децентрализация – қазіргі заманғы басқару жүйесінде кеңінен қолданылатын әдіс, ол билік өкілеттіктерін орталықтан жергілікті деңгейге беру арқылы басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар осы бағыттағы институционалдық өзгерістердің айқын мысалы болып табылады. Екіншіден, Президенттің сөзінде демократиялық басқару қағидаттарын нығайту мәселесіде айтылды. Мәслихаттардың рөлін күшейту азаматтардың саяси қатысу деңгейін арттыруға ықпал етеді. Саяси ғылым тұрғысынан алғанда, бұл үрдіс өкілді демократия институттарының дамуына және мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Президент баяндамасы өңірлік саясаттың маңыздылығын көрсетеді. Қазіргі әлемде аймақтық даму мәселесі көптеген мемлекеттер үшін стратегиялық мәнге ие. Қазақстан сияқты үлкен аумақты мемлекеттерде өңірлер арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңгерімді сақтау ерекше маңызды. Мәслихаттардың белсенді қызметі осы міндетті жүзеге асыруда маңызды құрал болып табылады. Осы форумның халық үшін маңызы да ерекше. Мәслихат депутаттары халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелермен айналысады. Мысалы, жергілікті жолдардың сапасы, мектептер мен ауруханалардың жұмысы, коммуналдық қызметтердің жағдайы, әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асуы сияқты мәселелердің барлығы мәслихаттардың құзыретіне кіреді. Сондықтан бұл форумда қабылданған шешімдер азаматтардың тұрмыс сапасына тікелей ықпал етеді. Сонымен қатар форум мемлекеттік басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Қоғам мен билік арасындағы диалогты дамыту қазіргі заманғы демократиялық мемлекеттердің негізгі қағидаларының бірі болып табылады. Мәслихат депутаттарының республикалық форумы осындай диалогтың маңызды алаңы ретінде қызмет етеді. Қорыта айтқанда, 2026 жылғы 12 наурызда өткен Мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумы Қазақстандағы жергілікті басқару жүйесін дамытудағы маңызды кезеңдердің бірі болып табылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасы мемлекеттік басқаруды модернизациялау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және өңірлік саясатты жетілдіру бағыттарын айқындады. Форум барысында көтерілген мәселелер Қазақстан қоғамының тұрақты дамуына, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамаларды қамтитын форум болып табылады. Новости Меню навигации
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының III Республикалық форумына қатысты сарапшылық пікір

Авторлық баған Хасенова Нурбану Нурхатовна Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Теги: Сараптамалық пікір Реформа Қазақстан біздің_тарих Мемлекет басшысының қатысуымен өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының форумы елдегі саяси жаңғыру мен институционалдық реформалардың маңызды кезеңінде ұйымдастырылып отырғаны ерекше мәнге ие. Біріншіден, мәслихаттар өңірлердің нақты қажеттіліктерін жақсы білетін институт ретінде жергілікті бюджеттердің тиімді жоспарлануына, инфрқұрылымдық жобалардың іске асуына және шағын және орта бизнесті қолдау шараларының нақты бағытталуына ықпал ете алады. Сондықтан мұндай форумдар орталық және өңірлік экономикалық саясаттың үйлесімділігін күшейтетін маңызды механизм болып саналады. Екіншіден, форумда көтеріліп отырған мәселелер алдағы конституциялық реформалардың мазмұнымен де тығыз байланысты. Конституциялық өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру, билік тармақтарының теңгерімін нығайту және мемлекеттік институттардың есеп берушілігін арттыру. Мұндай институционалдық реформалар экономикалық тұрғыдан да маңызды, себебі тиімді басқару жүйесі инвестициялық климаттың жақсаруына және экономикалық саясаттың тұрақтылығына ықпал етеді. Үшіншіден, конституциялық реформаларды халықтың қатысуымен талқылау және референдум тетіктерін пайдалану қоғамдағы сенімді күшейтеді. Экономикада тұрақтылық пен болжамдылық өте маңызды факторлар саналады. Егер мемлекеттік шешімдер ашықтық пен қоғамдық қолдау негізінде қабылданса, бұл инвесторлардың сенімін арттырып, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне оң әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі форум, конституциялық реформалар мен референдум тәжірибеі – өзара байланысты процестер. Олар саяси жүйені жаңғыртумен қатар, өңірлік басқаруды күшейту арқылы экономикалық саясаттың тиімділігін арттыруға және елдің тұрақты дамуына негіз қалыптастыруға бағытталған. Новости Меню навигации