Қазақстан Конституциясы-біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың қайнар көзі

Биыл Қазақстан халқы қолданыстағы Ата Заңымызды 30-шы рет атап өтуде. Бұл құжаттың басты ерекшелігі – онда құқықтық, демократиялық, әлеуметік мемлекеттің қалыптастырылу бағыттары, қоғамның рухани және саяси әралуандығы, нарықтық қатынастардың орнығуы әлемдік талаптарға жан-жақты сәйкестендірілген. Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев 2020 жылы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияға қатысып айтқанындай: «Конституция Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалады. Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп жарияланды. Еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапты». Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның мазмұны уақыт талабына сәйкес жетіліп, жаңартылып отыратынын, оның заңды құбылыс екенін айтты. Бүгінде бүкіл әлемнің кескін-келбеті өзгеріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан да көштен қалмай, қарқынды дамуда. Сондықтан қалыптасқан жаңа ахуалға сай Ата заңның мәтініне қосымша құқықтық тетіктер мен нормалар енгізіліп отырады. Ата заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты [1]. Бірақ олардың барлығы тек Парламенттің шешімімен ғана жүзеге асырылды. Ал 2022 жылғы, төртінші конституциялық реформаның ерекшелігі – ол бүкілхалықтық реформа арқылы жүзеге асырылып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, 2022 жылғы 5 маусымда жалпыұлттық референдум табысты өтті. Азаматтарымыз дауыс беруге белсене қатысты. Отбасымен бірге барып, ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетті. Шынайы өзгеріске және жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылысын білдірді. Келешегіміздің жарқын боларына үміті және сенімі зор екенін байқатты. Еліміз ертеңгі күнге мызғымас бірлікпен қадам басуға дайын екенін анық аңғартты. Референдумның қорытындысы баршаңызға белгілі. «Көпшілік Ата заңға өзгерістер енгізу туралы менің бастамамды қолдады. Дауыс беруге қатысқан барша азаматтарға зор алғысымды айтамын. Осылайша, ел дамуының тарихи кезеңі басталды. Елді басқарудың жаңа үлгісі пайда болды. Яғни, біз Екінші Республиканы құруға кірістік» [2]. Президент өз пікірін былай деп түйіндеді: «Ең басты мәселе, біз Тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік… Біз бүкіл ел болып Жаңа Қазақстанды құрамыз. Бұл – оңай шаруа емес. Жұртымыз жаңаша өмір сүруге бейімделуі қажет. Халқымыздың сана-сезімі, құндылықтары түбегейлі жаңаруы керек. Сонда ұлттың жаңа сапасы қалыптасады. Бір сөзбен айтқанда, барша еліміз жаңарады» [2]. ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің пікірінше, Конституцияға енгізілген өзгерістердің негізінде Қазақстанды ауқымды саяси жаңғырту күтіп тұр. Оның айтуынша, Ата заңымызға енгізілген түзетулер еліміз үшін тағдыршешті мәнге ие. Конституциялық реформа дегеніміз – Президенттің 2019 жылдан бергі бүкіл саяси реформаларының қисынды жалғасы, конституциялық түзетулер жобасы азаматтардың сұраныстарына негізделген және бүкіл қоғамның мүддесі үшін жүзеге асырылуда. «Жоба бойынша жетекші ғалымдар, құқықтанушылар жұмыс істеді. Бәлкім көпшілігіңіз үшін Конституцияның ескі және жаңа редакциясы арасындағы айырмашылықты бірден көру қиын болады. Сондықтан біз барлық өзгерістер мен толықтыруларды бес ірі блокқа бөлдік, олардың әрқайсысы жаңартылған Конституцияда не өзгереді деген басты сұраққа жауап береді» [3]. Түзетулердің алғашқы блогы суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түпкілікті көшуді қамтамасыз етеді. «Біріншіден, Президент өз өкілеттігі кезеңінде ешқандай саяси партия құрамында болмайды. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың, өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, сондай-ақ ҚР жоғары аудиторлық палатасының төрағасы мен мүшелеріне қолданылады. Түзетудің артықшылығы – саяси бәсекелестікті күшейту және барлық саяси партиялардың дамуы үшін тең жағдай жасау. Екіншіден, Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік қызметшілер және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы болмайды. Үшіншіден, Президенттің аудандар, қалалар мен ауылдық округтер әкімдерін қызметінен босатуға да құқығы болмайды. Түзетулердің екінші блогы бірқатар билік өкілеттіктерін қайта бөлуге бағытталған. «Біріншіден, Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқарды. Бұл ретте олардың бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынады. Екіншіден, Сенат Конституциялық Кеңес пен Жоғары Сот Кеңесі төрағаларының қызметіне Президент енгізетін кандидатураларды мақұлдай алады. Үшіншіден, Конституциялық сот құрылды. Конституциялық сот 11 судьядан тұрады – бұл бұрынғыдан төрт адамға көп. Оның құрамы былайша құрылып отыр: 6 судьяны Парламент тағайындап, төрт судьяны Президент тағайындайды. Сонымен бірге Мемлекет басшысы Конституциялық Соттың Төрағасын Сенат келісімімен тағайындайды. Төртіншіден, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті Жоғары аудиторлық палата болып қайта құрылды. Оның төрағасы жылына екі рет Мәжіліс депутаттары алдында есеп береді. Мұндай шара депутаттардың бюджетті бақылауын кеңейтеді. Түзетулердің үшінші блогында Парламент пен оның палаталарының рөлі мен мәртебесін арттыру туралы айтылған. Мемлекеттік кеңесші Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, 9 депутаттан 5 депутатқа дейін қысқаратынын еске салды. Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады. Мәжілістің 30%-ын бір мандатты депутаттар құрайды. Бұл барлық азаматтардың құқықтарын толық ескеруге мүмкіндік береді. «Мәжіліске заң қабылдау, ал Сенатқа оларды мақұлдау немесе мақұлдамау ұсынылады. Бұл саяси жүйедегі кедергілер мен тепе-теңдік тетігін нығайтады» [3]. Конституцияға енгізілген түзетулердің төртінші блогы халықтың ел басқару ісіне көбірек қатысуын көздейді. Ең бастысы, жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі деген норма Конституцияда түпкілікті және біржақты бекітілген. Мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін қызметке Президент осы өңірдің барлық мәслихаттары депутаттарының келісімімен ғана тағайындайды. Бұл ретте Мемлекет басшысы кемінде екі кандидатура ұсынып, олар бойынша дауыс беру өткізіледі. Ең көп дауыс алған кандидат лауазымға тағайындалады. Түзетулердің бесінші блогы азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейтуге бағытталған. Біріншіден, Конституциялық сот азаматтар өтініші бойынша ҚР құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Екіншіден, өлім жазасын конституциялық деңгейде жою туралы шешім түпкілікті бекітіліп отыр. Үшіншіден, прокуратураның жұмысы Конституциялық заңмен белгіленеді. Бұл жүйелі құқық қорғау қызметін және мемлекет атынан ел аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды күшейтеді. Төртіншіден, адам құқықтары жөніндегі уәкіл иммунитетке және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға тәуелді болмау және есеп бермеу кепілдіктеріне ие болды. Оның Конституциялық сотқа жүгінуге құқығы пайда болды. Осы аталған түзетулердің, Мемлекеттік кеңесшінің пікірінше, Қазақстан үшін тарихи маңызы бар. Бұл реформалар – ауқымды саяси жаңғырудың аса маңызды кезеңі. Осы түзетулер қабылданғаннан кейін 20-дан астам заңды өзгерту қажет болды. Конституциялық реформа жүйелі сипатқа ие. Нәтижесінде барлық мемлекеттік модельдің тиімділігі артып отыр [3]. Қазақстан Конституциясының басты тарихи маңызы еліміздің ұлттық бірлігін нығайту мен қоғамымызды одан әрі демократияландыруға ерекше көңіл бөлуі дер едік. Оған елімізді мекендеген жүздеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің барлық мүдделерінің қорғалып отырғандығының нәтижесі дәлел болып отыр. Қазақстан халқының біртұтастығы, ұлтаралық келісімі, мемлекеттікті одан әрі нығайту, дамыту аясында ерекше маңызды орын алады. Түрлі ұлыстардың өкілдері түрып жатқан ел халқының басын біріктіру, оны күнделікті жүзеге асыру Конституция тұжырымдамалары мен баптарында жан-жақты қарастырылған [4]. Өткен XX ғасырда Қазақстанда бес Конституция қолданыста болды, олар: Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1937 жылғы Конституциясы, Қазақ КСР-нің 1978 жылғы Конституциясы, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы және қазіргі қолданыстағы 1995 жылғы Конституция. Қазақстанның конституциялық құрылысының бұрынғы табыстары мен жетістіктері, сонымен қатар олқылықтары мен