Президент сұхбатындағы стратегиялық бағдарлар

Авторлық баған   Аминов Талғатбек Махметұлы Бас ғылыми қызметкері, т.ғ.к. Теги: Сұхбат Қазақстан Президент Қ.К.Тоқаев бұл сұхбатын өткен 2025 жылы еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында қолымыз жеткен жетістіктерге  қысқаша шолу жасай отырып, жаңа 2026 жылы алдымызда тұрған мақсаттар мен міндеттерге жан-жақты тоқталғаны баршаға мәлім. Мәселен, еліміздің экономикасы өткен жылы 6 пайыздан астам мөлшерге өсіп, 300 миллиард доллардан асып түсіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан артық мөлшерге жеттті. Бұл бізді қатты қуантады, бірақ үстіміздегі жылы бұл қарқынды бәсеңдетпей, күшейте түсуіміз керек деді Мемлекет басшысы. Бұл үшін ең алдымен инфляцияны төмендетуге бағытталған іс-шараларды кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Бұл міндет алдымен Үкімет пен әкімдерге жүктеледі.       Олар әсіресе жаңадан қабылданған Салық кодексін экономиканың тұрақты дамуына бағыттап, осы салада жүргізіліп жатқан  қаржылық реформаның басты бөлігі ретінде пайдалана білуі тиіс. Жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән беріледі, яғни, осы үдеріске қатысушылардың бәрі – мемлекет те, бизнес те, азаматтар да өз міндетін адал орындауға тиіс. Бірін-бірі өзара толықтырып тұратын мұндай жүйеде салық төлеу ауыртпалық ретінде қабылданбайтын болады. Түптеп келгенде, салық төлеу дегеніміз – заманауи қоғамдық келісімшарт деген сөз. Салық төлесеңіз – қызмет көрсетіледі, инфрақұрылым салынады, қауіпсіз орта қалыптасады, тың мүмкіндіктер пайда болады. Керек десеңіз, бұл – әділдік болу үшін жүктемені қайта бөлу құралы, әлеуметтік тұрғыдан әлсіздерді қолдау және экономикалық тұрғыдан «белсенді ортаны» одан әрі дамыту тәсілі деді Мемлекет басшысы.Қ.К.Тоқаев сұхбатында Қазақстан үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет екендігін айтты. Теңізге тікелей шығатын жолы болмаса да, еліміз Еуразия құрлығының кіндік тұсында, яғни негізгі транзиттік күре жолдар тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – үлкен артықшылық, біз оны ел игілігіне жарата білуге тиіспіз. Мақсат-мүддемізге сәйкес Қазақстанды Еуразияның көлік айлағы (хабы) ретінде қалыптастыру – бұл салада атқарылатын жұмыстың басты бағыты.   Қазақстан мұхит жолдарынан тысқары тұрса да, Сары теңіз бен Қара теңіздің арасында жүк терминалдарының желісін қалыптастырды. Еліміздің аумағы арқылы өтетін 12 халықаралық көлік дәлізі, атап айтқанда, 5 темір жол, 7 автокөлік дәлізі бар. Қытай мен Еуропа арасында құрлықпен жеткізілетін жүктің шамамен 85 пайызы осы жолдармен тасымалданады. Алайда, Президенттің пікірінше,  мұның бәрі – табысқа оп-оңай жете қоямыз деген сөз емес. Бұл саладағы бәсеке күшейіп келеді. Себебі көлік және логистика мәселесі геосаясаттың ажырамас бөлігіне айналды. Осы тақырып жоғары деңгейдегі келіссөздердің күн тәртібіне біржола енді. Сондықтан, Қазақстан үшін де оның айрықша маңызы бар.         Президенттің сұхбатында көтерілген келесі бір маңызды мәседе —  ауыл шаруашылығын дамыту жолдары.  Шаруаларға 2024 жылы 580 миллиард теңге, былтыр 1 триллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Бұл – өте қомақты қаржы. Соңғы он жылда шаруаларға көрсетілген қолдаудың көлемі 10 есе артты, бірақ оның тиімділігі күмән тудырады. 2015-2024 жылдары ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 2,5 еседен астам өсті. Бұл көрсеткішті одан да көбейтуге болар еді. Қазіргі кезде Үкімет кооперативтерге, яғни шаруалар бірлестігін құруға қайта оралу мәселесін қарастырып жатыр. Кооперативтер еңбек өнімділігін және ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыра алады. Сондай-ақ, дайын өнімді сататын нарықтарға жақын болуға, тұтынушылармен ұзақ мерзімге арналған қарым-қатынас орнатуға жол ашады деді Мемлекет басшысы.Президент  Жаңа жылға арналған құттықтау сөзінде 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Осыған қатысты Қ.К.Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек. «Бұл – қазіргі жаңа технология дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Халқымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне сенімдімін. Оның үстіне, Қазақстанда азаматтарымыздың өмір салтын едәуір өзгерткен танымал финтех компаниялар табысты жұмыс істеп жатыр» деді ол.          Президенттің сұхбатында қазіргі тарихымыздың тұлғатану саласына қатысты пікірі бізді қатты толғандырды. Оның ойынша, кез келген елдің, соның ішінде біздің де төл тарихымызда қайшылыққа толы оқиғалар мен ақиқатынан аңызы басым тұлғалар жетіп артылады. Тарихи деректерді бұрмалау, халыққа жасаған еңбегі күмәнді, яғни нақты мәліметтермен немесе құжаттармен дәлелденбеген адамдарды шамадан тыс ұлықтап көрсету – мүлде ақылға қонбайтын нәрсе.  Мұның соңы жақсылыққа апармайды. Бұл – ақиқат жолы емес, керісінше «жалған түсінік туғызатын теріс жол». Біз болашаққа ұмтылған қоғам, біртұтас ұлт ретінде төл тарихымызды танып, оны қаз-қалпында қабылдай білуіміз керек. Бізге негізсіз аңыз-әңгімелердің еш қажеті жоқ, оның бәрі сана-сезімімізге кеселін тигізеді. Тарих жұртты дауластыратын, жауластыратын тақырып емес, керісінше, қоғамды ұйыстыратын құндылық болуға тиіс.  Мемлекет басшысының бұл тұжырымын және оның  сұхбатында көтерілген басқа да ойлары мен идеяларын толық қолдай отырып, алдағы уақытта оларды насихаттауға біз белсене қатысуымыз қажет деген пікірімді білдіремін. Новости Меню навигации

Кездесуге жазылу

* — Толтыруға міндетті өрістер

Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін