Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде тарих ғылымдарының докторы, белгілі зерттеуші Ғани Қарасаевтың «Тарихтан тағылым, ғалымнан мұра» атты жеке қорының ашылу салтанаты өтті.

Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінде Мемлекет тарихы институтыны Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің басшысы тарих ғылымдарының докторы, белгілі зерттеуші Ғани Мұқашұлы Қарасаевтың «Тарихтан тағылым, ғалымнан мұра» атты жеке қорының ашылу салтанаты өтті. Ғани Қарасаев – Қазақстан тарихының әр кезеңдерін, әсіресе Шығыс Қазақстан мен Алтай өңірінің көне дәуірден ХХ ғасыр басына дейінгі тарихын зерттеген және Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты мәселелеріне арналған еңбектерімен танылған тарихшы-ғалым. Ол 300-ден астам ғылыми еңбектің, ондаған монографиялар мен халықаралық мақалалардың авторы. Жеке қорға жинақталған 40 000-ға жуық парақтан тұратын құжаттар Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін маңызды дереккөз болмақ. Ашылу салтанаты аясында қатысушыларға құжаттық көрме ұсынылып, ғалымның ғылыми мұрасы мен оның отандық және халықаралық ғылымдағы орны туралы мазмұнды ақпарат берілді. Аталған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы-ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен жас ғалымдар, сондай-ақ ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.