ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРІ

Авторлық баған Теги: Т.М. Әминов Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Қазақстан біздің_тарих Жаңа қазақстандық мемле­кеттіліктің маңызды көрінісі республика рәміздерінде орын алады. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері — еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің, халық пен билік арасындағы бірліктің дәлелі. Олар қазақстандық мемлекеттіліктің, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға ұмтылып, шоғырлану идеясын білдіреді. Мемлекеттік рәміздердің мақсаты, бір жағынан, мемлекеттілік идеясының негізгі басымдықтарын: тұтастықты, тәуелсіздікті, ел азаматтарының санасындағы бірлікті бекіту болса, екінші жағынан, халықаралық деңгейде Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін, ізгі көршілестікті жақтаушы ретіндегі беделінің қалыптасуына септігін тигізеді. Мемлекеттік рәміздерде қазақ философиясының негізгі қасиеттері, ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтауға көмектесетін іргелі ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар айшықты бейнелен­ген. Мемлекеттік рәміздер ұлттық мемлекеттілік идеологиясының сыртқы пішіндері де болып табылады. Бір-бірлерін өзара толықтыра отырып, олар Қазақстан Республи­касы азаматтарының және халықаралық қоғамдастықтың санасында республиканың және президенттік биліктің бұлжымастығы негіздері ретінде, біртұтас қалпында қабылданады.   1992 жылғы маусымның 4-інде: «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» Заңдарға қол қойылды. Ал 1992 жылғы маусымның 6-сында Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театры ғимаратында республикамыздың мемлекеттік рәміздеріне арналған алғашқы салтанатты жиын өтті. Сол күні Қазақстан Республикасы Президенті резиденциясының және Жоғарғы Кеңесі ғимаратының үстінен Мемлекеттік ту желбіреп, Мемлекеттік елтаңба орнатылды. 1992 жылғы желтоқсанның 11-інде Мемлекеттік әрұранның мәтіні бекітілді. Кейіннен мемлекеттік рәміздер туралы ережелер Қазақстан Президентінің Конституциялық заң күші бар, 1996 жылғы қаңтардың 24-інде шыққан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» арнайы Жарлығында бір жүйеге келтірілді. Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба үлгілері Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясында сақтаулы. Олар Алматыдан жаңа елорда – Астанаға  құрметті күзетпен бірге арнайы көлікпен жеткізілді. Сол жағында ұлттық өрнек, ортасында алтын күн және қалықтап ұшқан бүркіт салынған көгілдір ту бүгінгі күні республикамыздың барлық әкімшілік ғимараттарына сән беріп, егемен Қазақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктерінің төбесінде желбірейді, соны­мен қатар БҰҰ ғимараты маңында да орнатылған. Қазіргі таңда ол бостандықтың, тәуелсіздіктің және егемендіктің нышаны ретінде қабылданады. Мемлекеттік тудың авторы – суретші Шәкен Ниязбеков. Отандық тудың таза көгілдір түсі халықтың мәдени-этностық бірлігін дәлелдейді және бір мезгілде мемлекеттің бөлінбестігі идея­сын да көрсетеді. Жарық – өмір мен қуат көзі. Сондықтан ел туының ортасындағы алтын күн өмірді бейнелеп тұр. Туымыздағы күн сәулелеріне (32 сәуле) зер сала қарасақ, олардан бидай дәнінің пішінін – молшылық пен әл-ауқаттың белгісін көреміз.  Көшпенділердің дүниетанымында дала бүркіті ерекше орын алады. Бұл жерде бүркіт бейнесі мемлекеттік билікті, кеңдік пен көрегендікті білдіреді. Қыр тұрғыны үшін бұл – бостандықтың, тәуелсіздіктің, мақсатқа, биікке, болашаққа ұмтылудың белгісі. Сонымен бірге бүркіт өзінің әлеуетті күшімен болашаққа ұмтылғандарға кедергі келтіргісі келетін кез келген қаскөйге лайықты тойтарыс бере алады. Бүркіттің бейнесі жас егемен Қазақстанның әлемдік өркениеттің биік шыңдарына ұмтылуы идеясынан туған. Туымызға жаңа және қайталанбайтын сипат беріп тұрған элемент – ол тудың тұғырын бойлай жүргізілген, ұлттық ою-өрнектен тұратын жолақ. Бұл жерде қазақтың «қошқар мүйіз» деп аталатын өрнегі бейнеленген. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Елтаңбаның қақ ортасында шаңырақ салынған, ал оның астында мемлекеттің «Қазақстан» деген атауы бар. Елтаңбаның жоғары бөлігінде – бесбұрышты жұлдыз, бүйірлерінде қанатты тұлпарлар бейнеленген. Елтаңбаның негізгі реңкі тудағыдай көгілдір, ал қиялымыздағы қанатты аттар, шаңырақ пен жұлдыз алтын түстес.  «Шаңырақ» – киіз үйдің жоғарғы күмбез түріндегі төбесі отбасының, әлемнің, жаһанның берекесін, тыныштығын білдіреді. Түңдік – киіз үйдің төбесіндегі ойық көз алдымызға көгілдір ашық аспан аясында жарқыраған күнді елестетеді. Елтаңбаның қақ орта­сынан күмбездің біркелкі тарай орналасқан уықтары өмір мен жылу көзі – күн сәулелерін бейнелейді. Авторлар киіз үйдің керегелерін бейнелеудің дұрыс шешімін таба алған. Шаңырақты көтеріп, тіреп тұратын айқыш үш қабат күлдіреуіш оның беріктігін қамтамасыз ететін үш жүздің бірлігін паш етеді. Осылайша, авторлар геральдика, яғни елтаңбалардың суреттері, олардың тарихы туралы ғылым тілімен қазақстандықтардың бейбітшілік пен тыныштық сүйетін қасиетін бей­нелеп берген. Елтаңбаның құрылымын құрайтын келесі бір бөлігі – жарты ай пішінді мүйіздері бар, алтын қанатты, қиял-ғажайып аттар. Гераль­дика тілінде тұлпарлар бейнесінің терең мағынасы бар. Ол жауларға қарсы күресте: арыстанның айбатын, қыранның қырағылығын, бұқаның әлеуетті күшін, еліктің жылдамдығы мен әсем қимылын, түлкінің қулығы мен тапқыштығын білдіреді. Тұлпарлардың алтын қанаттары бидайдың алтын сабақтарын, яғни ерен еңбекті, молшылық пен материалдық әл-ауқатты бейнелейді. Оның үстіне, тұлпар көшпелілердің барша шаруашылық және рухани өмірлеріне тікелей байланысты серігі де болып саналады. Қанатты ат (пырақ пен жалғыз мүйіздің қосындысы) күшті, өркендеген мемлекетке ұмтылуды білдіреді. Бесбұрышты жұлдыз қазақстандықтардың барлық бес континенттің мемлекеттері мен халықтарының қоғамдастығына бірігуін көрсетеді.  Қоғамдық санада орын алған өзгерістер елдің музыкалық­ поэзиялық нышанының жаңа мазмұнын талап етті.  Әнұран республика егемендігінің, Қазақстан халқының бірлігі мен достығының, бауырластығының мемлекеттік нышаны болып табылады. Әнұранның жан толқытатын сезімдік әсері – ол адамдарды Отанға деген сүйіспеншілік және берілгендік сезіміне біріктіретін тебіреніс, серпіліс, қуаныш. Алайда халықтың отаншылдық сезімдерін білдіру үшін көбінесе 1950 жылдары Шәмші Қалдаяқовтың Жұмекен Нәжімеденовпен бірге жазған «Менің Қазақстаным» әні қатар айты­латын болды. Бұл ән еліміздің ресми емес әнұранына айналып, қазақстандықтардың жүрегінен орын тапты.  Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының 2006 жылғы қаңтардың 6-сында өткен бірлескен отырысында еліміздің жаңа әнұраны туралы мәселе қаралды. Елдің жоғарғы заң шығарушы органының күн тәртібіне республика үкіметі «Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері туралы» заң күші бар Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын қарауды ұсынды.  Заң жобасын талқылау барысында бірқатар депутаттар «Менің Қазақстаным» атты жаңа әнұранның авторлары құрамына Қазақстан Республикасының экс-Президенті Н.Ә.Назарбаевты ресми түрде енгізу туралы ұсыныс жасады. Мәжіліс пен Сенат депутат­тары жаңа әнұран мәтінінің авторлары ретінде Ж.Нәжімеденов пен Н.Ә.Назарбаевты бірауыздан қолдады. Сөйтіп, 2006 жылғы қаңтардың 10-ы Қазақстан тарихына елдің жаңа әнұранының туған күні болып енді. Жаңа ресми музыкалық-поэзиялық нышан – әнұран алғаш рет Астанада, президенттің «Ақорда» сара­йында президент Н.Ә.Назарбаевтың кезекті президент сайлауындағы жеңісінен кейінгі ұлықталуы кезінде шырқалды. Ел әнұранының таныстырылуына әлемнің жетпіс елінен келген қонақтар куә болды. Олардың арасында бұл салтанатты мерекеге: президенттер, премьер-­министрлер, министрлер мен елшілер, халықаралық ұйымдардың бас­шылары мен өкілдері де келді. Ресми салтанаттарда әнұран орындалған кезде, қатысушылар орындарынан тұрып, оң қолдарының алақанын кеуделерінің сол жақ тұсына қояды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны мәтінінің мазмұны және жігерлі де әсерлі әуені адамдардың жүректерінде отаншылдық сезімін оятады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша: «Көк байрағымыздың, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың мән-маңызы айрықша. Бұл құндылықтар бойымызға зор мақтаныш және жауапкершілік сезімін ұялатады. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі парызы».  Сондай-ақ Президент Мемлекеттік рәміздерді: Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігінің белгісі  деп сипаттайды. Новости Меню навигации

Кездесуге жазылу

* — Толтыруға міндетті өрістер

Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін