2026 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президент орталығында Мемлекет тарихы институтының ғылыми қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи дамуы контексіндегі Халық Конституциясы» атты ғылыми семинар өтті.

Ғылыми семинарға көрнекті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, саясаттанушылар, заңгерлер, тарихшылар қатысты. Баяндамашылардың арасында белгілі ғалым, заң ғылымдарының докторы, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Ж.И. Ибрагимов, Мемлекет тарихы институты, Қазақстандық қоғамдық даму институтының ғалымдары болды. Семинардың төрағасы ретінде ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов баяндама жасады. Баяндамашы жаңа Конституцияның мәтіні бүкілхалықтық референдумнан өтіп, ол негізінен халқымыздың жалпы қолдауын тапқанын атап өтті. Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация анықталған. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс. Мемлекет тарихы институтының директорының пайымдауынша, тағы бір маңызды мағыналық бағыт – цифрландыру. Осыған байланысты Конституцияның жаңа мәтінінде алғаш рет азаматтардың құқықтарын цифрлық ортада қорғау туралы норманы бекітілді. Баяндама жасау үшін келесі сөз Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Ғ. Аяған мырзаға берілді. Өз баяндамасында ірі ғалым қазақ мемлекеттігінің нышандары ежелгі заманнан бері дамып келе жатқандығын айқындады. Белгілі тарихшыдан кейін заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.И. Ибрагимов сөз сөйледі. Көрнекті заңгердің пікірінше, Конституция жаңа қоғамда әділеттілікті нығайтады. Содан кейін баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Ж.I. Қуанышев мырзаға берілді. Баяндамашының пайымдауынша, бүкілхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлуді, тежемелік тетіктерін нақтылауды арттыруды көздейді. Ғылыми семинарды өткізуге жауапты болған Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Қарасаев баяндамасында жаңа қабылданған Конституция парламент рөлін арттыруға және үкімет жауапкершілігін күшейтуге оң ықпалын атап өтті. Деректану, тарихнама және отан тарихы бөлімінің бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Т.М. Әминов мырза жаңа Конституция Қазақстан Республикасының саяси жүйесін құрайтын және өз тарихи міндетін орындаған негізгі заң деп бағалады. Қорытынды баяндама жасау үшін сөз Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Н.С. Пұсырманов берілді.Семинар барысында мемлекеттілік қағидаттарының сабақтастығы, олардың трансформациясы және қазіргі конституциялық құрылымдағы көрініс мәселелері қарастырылды. Ғылыми семинар ұйымдастырушылары ретінде Мемлекет тарихы институты, Қазақстан Республикасының Президент орталығы болып табылды. #біздің_тарих