2026 жылғы республикалық референдум: мемлекетті дамытудың жаңа бағдарлары

  2026 жылғы республикалық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің маңызды көрінісі болып, Қазақстанның стратегиялық даму міндеттерін шешудегі жалпыұлттық плебисциттің маңызын тағы бір мәрте айқындады. Дауыс беру нәтижелері азаматтардың жоғары белсенділігін және елдің саяси-құқықтық жаңғыру бағытын қолдайтынын көрсетті. Бүгін Мемлекет тарихы институтында республикалық референдумның нәтижелері мен оның мемлекеттің одан әрі дамуы үшін маңызын талқылауға арналған ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен кездесу өтті. Пікірталас барысында қабылданған конституциялық өзгерістердің саяси-құқықтық және қоғамдық қырлары, сондай-ақ олардың елдің институционалдық дамуына ықпалы қарастырылды. Экзитпол деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдады. Референдумға қатысу деңгейі 73 пайыздан асып, қоғамның маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне жоғары деңгейде тартылғанын көрсетті. Орталық референдум комиссиясының мәліметі бойынша, Конституцияның жаңа редакциясын қабылдауға 7 954 667 азамат дауыс берді. Бұл – дауыс бергендердің жалпы санының 87,15 пайызы. Еуразиялық интеграция институтының департамент басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Ешмұратов Қазақстан бойынша 200-ден астам учаскеде интервьюерлер жұмыс істегенін атап өтті. Оның айтуынша, зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 86,7 пайызы конституциялық өзгерістерді қолдаған. Сонымен қатар ол жаңа саяси субъект – заң шығару бастамасы құқығына ие Қазақстан халық кеңесінің пайда болуы саяси жүйенің дамуына ықпал ететінін айтты. Арман Ешмұратов қазіргі кезеңде оң қоғамдық көзқарастарды қалыптастырудың, мемлекет пен азамат арасындағы тұтастықты нығайтудың маңызы артып отырғанын, сондай-ақ әлемдегі шешім қабылдау үрдістеріндегі жаңа трендтер партиялық жүйенің күшеюіне және саяси бәсекелестіктің өсуіне әсер ететінін атап өтті. Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, Жалпыұлттық коалицияның мүшесі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Венера Абыхановна Жексембекова жаңа Конституцияда алғаш рет ғылым мен білімнің маңызы нақты бекітілгенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға деген сенімін көрсетеді және елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін адами капиталды нығайтуға бағытталған. Институттың бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Жапсарбай Ілиясұлы Қуанышев республикалық референдумды ел тарихындағы тағдыршешті оқиға ретінде бағалады. Оның айтуынша, референдумның жаңа жыл – Наурыз мейрамы қарсаңында өткізілуі ерекше символикалық мәнге ие, өйткені бұл тек жылдың ғана емес, қоғамның да жаңаруын білдіреді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған жаңа Конституция қазіргі әлемдегі күрделі сын-қатерлерге жауап беретін маңызды құжат екенін айтты. Ол азаматтық қоғамды нығайту, экономикалық мәселелерге назар аудару және тарихи тәжірибеден сабақ алу елдің тұрақты дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтті. Тарих ғылымдарының докторы Ғани Қарасаев қазіргі геосаяси жағдайда тұрақтылықтың маңызы артып отырғанын айтты. Оның пікірінше, экономикалық жаңғыру мен өнеркәсіпті дамыту ғылым мен инновацияның дамуының нәтижесі болуы тиіс. Мемлекет тарихы институтының директоры, PhD, қауымдастырылған профессор Нұрбек Пұсырманов жаңа Конституцияны үш негізгі тұрғыдан қарастыруға болатынын айтты. Оның сөзінше, бұл өзгерістерді тек құқықтық немесе саяси қырынан ғана емес, сонымен қатар идеологиялық, символдық және болашақ даму траекториясы тұрғысынан бағалауға мүмкіндік береді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Дәметкен Сүлейменова жаңа Конституция тарихи білім беру, қоғамдық денсаулық сақтау және әлеуметтік салалардың дамуына оң әсер ететініне сенім білдірді және саяси партиялардың бәсекелестігін арттыруды маңызды деп таныды. Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, PhD Еркебұлан Жұмашов экзитпол нәтижелері халықтың мемлекетке карт-бланш бергенін, енді ол сенімді ақтаудың маңызын атап өтті. Үлкен сенімнің жауапкершілігі де үлкен болатынын, Конституциядан кейінгі реформалардың осы аксиоманы есте сақтауының маңызын тілге тиек етті. Сонымен қатар ол қоғамның жаңғыру үдерісінде жастардың рөлі ерекше маңызды екендігіне тоқталды. Оның айтуынша, 2020-2021 жылдары туу көрсеткішіндегі рекордты, жалпы соңғы жылдардағы демократиялық толқынның әлеуетін пайдалану үшін билік бар күшін салуы қажет. Осы толқынға салынған инвестиция, оның әлеуеті мен сенімі Қазақстанның осы ғасырдағы келбетін анықтайтынын уәждеді. Дөңгелек үстел қорытындысында ғалымдар мен сарапшылар жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті.  

Кездесуге жазылу

* — Толтыруға міндетті өрістер

Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін