Жақында Мемлекет тарихы институты мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жас тарихшыларының ұйымдастырумен «Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы» құрылған болатын.Енді, міне, осы қауымдастық бірнеше ғылыми зерттеу жобаларын 2014-16 жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Осыған орай Мемлекет тарихы институтының мәжіліс залында «Отан тарихының өзекті мәселелері және оны зерттеуге жас ғалымдардың қатысуы» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Іс-шараға Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор Бүркітбай Аяған, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының Астана бөлімшесінің директоы, тарих ғылымының кандидаты Ақан Оңғар, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымының кандидаты Дәуітхан Рахымқұлов және «Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің әр өңірдегі мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Жиында Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Қанат Еңсенов бірлестіктің атқарып жатқан жұмыстары мен келешекте алға қойылған мақсат-міндеттеріне егжей-тегжейлі кеңінен тоқталды. «Жас тарихшылардың республикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі мүшесі, тарих магистрі Гүлмира Қарсақова, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі мүшесі, т.ғ.к. Жұлдыз Қарсыбаева, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтындағы мүшесі, ғылыми қызметкер Алмас Жүнісбаев, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі мүшесі, тарих магистрі Бақыт Байшов Отан тарихын зерттеудің өзекті мәселелеріне қатысты ой бөлісіп, өңірлердегі тарих пәнінің зерттелу деңгейі мен мәселелері жөнінде тарқатып айтып берді. Бас қосу соңында жастар келешекте атқарылатын жұмыстспарларын белгіледі. Тағы бір айта кетерлігі, жас ғалымдар мен тарихшыларға арналған «Тарих тағылымы» республикалық ғылыми журналы шығатын болды. Журнал тоқсан сайын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көреді.