
Мемлекет тарихы институтының кіші ғылыми қызметкері
2026 жылғы 3 ақпанда Президенттік орталықта Қазақстан Республикасының негізгі заңы – жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған сараптамалық кездесу өтті. Іс-шара аясында қатысушылар конституциялық реформаның мазмұны мен ұсынылып отырған өзгерістердің қисынына қатысты тұжырымдамалық және қолданбалы мәселелердің кең ауқымын қарастырды.
Талқылаудың негізгі бағыттарының бірі құқық қолдану мәселелері болды. Сарапшылар Конституция нормаларының тиімділігі олардың іс жүзінде жүзеге асырылуына, атап айтқанда сот жүйесінің, Парламенттің, адвокатураның және қоғамдық бақылау институттарының қызметіне, сондай-ақ қоғамдағы құқықтық мәдениет деңгейі мен мемлекеттік институттарға деген сенімге тікелей байланысты екенін атап өтті.
Кездесу барысында конституциялық реформаның басты бағыттары және олардың мемлекеттілікті нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау, сондай-ақ биліктің тұрақты әрі есеп беретін жүйесін дамытудағы маңызы жан-жақты талданды. Ерекше назар жаңартылған Ата Заңның түпқазығы ретінде тұлғаның басымдығы қағидатына аударылды.
Сонымен қатар институционалдық өзгерістер мен оларды іске асыру тетіктері жеке блок ретінде қарастырылды. Ұсынылып отырған конституциялық жаңашылдықтардың мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді моделін қалыптастыруға және қоғамдық-саяси саладағы құқықтық кепілдіктерді күшейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Бұдан бөлек, қатысушылар Конституция преамбуласының мәніне ерекше тоқталып, оны елдің болашақ дамуының идеялық-құндылықтық негізі ретінде қарастырды. Онда заң үстемдігі қағидаттары, тарихи сабақтастық, мемлекеттің қоғам алдындағы жауапкершілігі, сондай-ақ экология мен инновациялық дамудың басымдықтары көрініс табатыны айтылды.
* — Толтыруға міндетті өрістер
Өтінімді жіберу батырмасын басу арқылы мен құпиялылық саясатының және дербес деректерді өңдеу саласындағы саясаттың шарттарымен танысқанымды растаймын және дербес деректерді өңдеуге өз келісімімді беремін