Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Батыр баба ізімен

12.10.2022

Батыр баба ізімен

Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы құрметіне арналған «Сырдария-Жетісу-Шығыс» республикалық тарихи-танымдық экспедициясы – 9-19 шілде, 2022 ж. 

Қабанбай батыр (1692-1770 жж.)

Қазақ елінде 2022 жыл Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы ретінде белгіленді. Қабанбай батыр қазақ халқының Ханбатыр, Дарабоз атанған даңқты қолбасшысы, мәмлегер және мемлекет қайраткері болған тарихи тұлғасы. Батыр қазақ елін сыртқы басқыншы жаулардан қорғау мақсатында 16 жасында атқа мініп, жорыққа атанып, саналы ғұмырының 60 жылдан астам уақытын ат үстінде, жорықта және шайқаста өткізген. Қабанбай батыр 1717-1755 жылдар аралығында жоңғарлармен күресте шайқасқа қатысып, қолбасшылық жасаса, 1756-1757 жылдары Цинь империясының басқыншылық жорықтарына қарсы тұрды. 1758 жылы Қазақ-қытай сауда байланысын бастап берді. Ал, 1760-1770 жылдары Жетісу жері үшін қазақ-қырғыз арасындағы шайқастарға, одан кейін Түркістан, Ташкент, Сайрам қалалары үшін Қоқан хандығымен арадағы шайқастарға қатысқан.


Экспедицияға қатысушылар Қабанбай батыр кесенесі алдында тұр

2022 жылы 9-19 шілде аралығына Қабанбай батыр бабамыздың 330 жылдық мерейтойына арналған, батыр бабаларымыздың ел үшін шайқас өткізген    тарихи жерлері бойынша «Сырдария-Жетісу-Шығыс» атты республикалық тарихи-танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Экспедиция   мақсаты: ел азаттығы үшін батыр бабаларымыздың ерлік көрсетіп , ел қорғау жолында шайқастар өткен тарихи жерлермен танысу, зерттеу мен зерделеу, фото мен Деректі фильм түсіру. Осы мекендерді елге айту, жеткізу. Осы арқылы өскелең жас ұрпақ бойында отаншыл сана   мен патриоттық тәрбие қалыптастыру.

Тарихи сапарға қатысушылар 9 шілде күні таңда ерте уақытта Астана қаласынан шығып, оңтүстікке қарай 30 шақырымда орналасқан Қабанбай батырдың кесенесіне келіп, құран бағыштады. Күн көтеріліп жерге түскен сәтте кесене шырақшысы Камал Әбдірахман мырзадан экспедиция барысына арналған деректі фильм үшін тарихи тұлға Қабанбай батыр туралы сұхбат түсірілді.

Бұдан соң экспедицияға қатысушыларды Жезқазған және Ұлытау өңіріне танымал ел ағасы Майгелді байдың ұрпағы Бегеженов Мәжит ақсақал 10 шілде күні Ұлытау өңірі Жезқазған қаласына бастап келді. Одан ары қарай 180 шақырым жол жүріп, Ұлытау ауданының ең шеткі Байқоңыр ауылына жетіп, оның арғы жағында 20 шақырымда орналасқан «Бұланты-Білеуті» кешеніне келіп тоқтадық. Бізді мұнда Құттымбет батыр ұрпағы Қ. Сәтбаев атындағы мұражай директоры Кенжал Балкенұлы мен «Бұланты-Білеуті» тарихи қорының төрағасы Түктібай батырдың ұрпағы Қалмұхамед Тұрсынов мырзалар қарсы алды. Биыл «Бұланты-Білеуті» шайқасына 295 жыл толды. Осы шайқастың тарихы туралы да сұхбат жазылды.


1727 жылы «Бұланты-Білеуті» шайқасына арналған кешен алдында


Бұланты –Білеуті шайқасы өткен жердегі батырлар қорымы

Бұл жерде 1727 жылы «Бұланты-Білеуті шайқасы» өткен. Дәл сол кезде қазақ халқының тағдыры шешіліп, ең алғаш рет жоңғарларға қарсы тойтарыс берген аса маңызды тарихи оқиға болған. Осы шайқаста Әбілқайыр хан бас сардарлыққа сайланып, Ұлытау жеріндегі Хантөбеде «Хан кеңесі» өткен. Жорық кезінде Үш жүздің әскері қосылып, даңқты батырлар қол бастаған. Міне, осы тарихи шайқаста Бөгенбай, Қабанбай және тағы басқа батырлар қолбасшылық жасап, ең алғашқы «Қалмақ қырылған» және «Қарасүйір» деген жерде жеңіс туын желбіретіп келген Кіші жүз жетіру-телеу Тайлақ пен Ұлы жүз ошақты Саңырық батырлардың есімдері аталған. Жалпы, осы шайқасқа Үш жүзден өте көп жауынгерлер қатысқандығы байқалады. Оған 2019-2020 жылдардағы зерттеулер барысында көз жеткізген едік.

Ұлытау өңірі Жезқазған қаласынан 10 шілде күні Қызылорда  қаласына 400 шақырымдық ұзақ жолды «Бетпақ дала» арқылы жүріп өтіп, Қызылорда қаласына жеттік. Мұнда Қаракерей Қабанбай батырмен бірге  «Бұланты-Білеуті»  және «Аңырақай шайқасына» қатысқан Кіші жүздің әйгілі батыры Тайлақ батырдың тікелей ұрпақтары - Орынбай Ешпанов, Сапарбек Асқаров, Қалдан Жүсіпбековтер күтіп алды. Осы сәтте жақында ғана Қазақстан барысы - 2022 жылғы турнирінің жеңімпазы атанған, Тайлақ батырдың 10-шы ұрпағы, балуан  Мақсат Исағабылов бауырымызбен жолығудың да  сәті түсті.


Экспедиция тобымен ортада тұрған «Қазақстан барысы-2022» жеңімпазы Мақсат Исағабылов
     

Кіші жүз Жетіру-Телеу Тайлақ батыр ұрпақтарымен кездескен сәт. Қызылорда қаласы

Экспедицияның үшінші күні 11 шілде де Жаңақорған-Сауран-Түркістан қалаларының бағытында жолға шығып, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданына келіп қондық. Ертеңінде Жаңақорған ауданында орналасқан «Төлегетай баба—Қылышты ата»  кесенесіне келіп, арнайы құрбан шалып, кесене шырақшысы Әбдірахман қажы ата және Қылышты ата ұрпағы тарихшы Қуанышбек Абетайұлы, ел ағалары Ақылбек, Медетбек ағалармен ел және жер тарихы туралы сұхбат болды.    
 

«Төлегетай баба – Қылышты ата» кешені. Жаңақорған ауданы

«Төлегетай баба – Қылышты ата»  кесенесінде экспедицияның демеушісі меценат, ел жанашыры Кәкен Тоқтаров ағамыз осында жақында құрлысы аяқталған тарихи мұражай туралы айтып өтті. Осы орайда мұражайға демеуші болған азаматтар: Кәкен Тоқтаров, Дулат Тәстекеев, Аман Сенбаев, Берік Аубакиров, Еділ Дүйсенбаев, Жандос Тұрсынғалиұлы, Қайнар Дүйсенов, Алмас Әмірғалиев, Мақсат Ожановтардың атқарған игі істеріне жиналған қауым алғыс айтты.

Мұражайға Нұрланбек және  Кәкен ағаларымыз «Құран-Кәрім» кітабы мен өткен 2021 жылғы «Аягөз-Майлышат-Шорға» экспедициясының туын сыйға тартты.

Бұдан соң экспедиция тобы тарихи мекен Сауран қаласына ат басын тіреді. Онда  экспедиция жетекшісі Қанат Еңсенов   түсірілім тобына XІІ-XVI ғасырларда  өмір сүрген  қала тарихы туралы және 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде Арқадан көшіп, Қаратаудан өтіп,  «Сауран айналған» қайғылы оқиғасы болғандығы жайында сұхбат берді.

Осы мезетте, тарихи жерге келген танымал сатирик Көпен Әмірбек ағамыздың «Жол-жөнекей» бағдарламасы  түсірілім тобымен кезігіп, ел тарихы туралы әңгіме болды.
Сонымен бірге, осында   Сауран ауданының әкімі Ғани Құрмашұлымен    жолығып экспедиция мақсаты туралы айтылды.

Бұдан соң тарихи топ Түркістан қаласына  келіп, қалада орналасқан Қабанбай батыр ескерткішіне келіп тоқтады.

Экспедиция төртінші күні 12 шілде де «Түркістан-Шымкент-Тараз» бағытында жолға шықты.


Қожа Ахмет Яссауи кесенесі.Түркістан қаласы

Түркістан  қаласына жетіп, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи бабаларымыздың кесенелеріне келіп бабалар рухына тәу етті.

Осы жерде  Қ.А. Яссауи ат. ХҚТУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазіретәлі Тұрсын мырза  «Қазақ хандығы кезіндегі Түркістан қаласының рөлі» туралы сұхбат берді. Одан кейін Абылай хан ұрпағы Құрманғазы Арыстанов мырза «Абылай хан заманы» жайында мағлұматтар айтып өтті.

Ал, Шымкент қаласында экспедиция тобын Шәймерденов Ғани мырзаның достары тарих жанашырлары, ел жанды азаматтар Мақатов Бауыржан, Барлыбаев Нұржан ағалар күтіп алды. Төле би ұрпағы Ізбасаров Жарылқасын ағамыз «Төле би және оның замандастары» жайында айта келе, өз кітабын тарту етті. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бекмұрат Найманбаев «Есет батыр» жайында деректер мен тұлғаның тарихтағы рөлі туралы баяндады. Одан ары топ, Шымкентке 35 шақырым жетпей, 8 шақырым солға қарай Бадам ауылынан өтіп,  Ордабасы төбесіне көтерілді. Үш жүздің өкілдерінің қатысуымен «Ордабасы Құрылтайы» осы жерде 1726 жылы өткен. Бұл тарихи орын туралы Бекмұрат Найманбаев сұхбат берді.


1726 жылы Құрылтай өткен «Ордабасы төбесі»

Тараз қаласына табан тірегенде «Көне Тараз» қоғамдық қорының төрағасы Азимов Муратбек Қоқанұлы Қазақ хандығы дәуіріндегі  Әулиеата қаласы туралы және Тектұрмас тарихи кешеніне апарып көрсетіп, кешен тарихы жайлы сұхбат берді. Ары қарай  экспедиция тобы қаладағы «Керей мен Жәнібек»  ескерткіші  және  заманауи өлкетану мұражайын тамашалады.

Экспедицияның 5,6 күндері 13-14 шілде де батыр бабалар ізімен экспедиция Жамбыл облысына  табан тіреп, мұнда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты, Серікбаев Ермекбай Қойбекұлы мырза Құлан қаласынан 30 шақырым жердегі Тұрар Рысқұлов ауданы  Жаңатұрмыс ауылы тұсында Әулиебұлақ қыстағындағы  «Ойранды» қазақ-жоңғар шайқасы өткен тарихи орында Абылай ханның жасағының бір бөлігін басқарған, шекара қызметін атқарған Ұлы жүз Дулат-Ботпай  Сәмен батыр туралы және «Әулиебұлақ», «Сәмен төбесі», «Сәмен ту тіккен тасы» туралы  сұхбат берді.


Сәмен батыр ту тіккен төбе. Әулиебұлақ қыстағы

Ары қарай  экспедиция тобын, Алматы облысы, Жамбыл ауданында  Ұлы жүз Дулат-Жаныс Өтеген батырдың ұрпақтары  Дәулеткелді Құлшұқов, Мұрат, Асхат Сәкиевтер қарсы алып,  Өтеген батыр туралы мағлұматтар айта келе,  экспедиция тобын  осы маңдаңғы тарихи мекен, әйгілі 1729 жылы «Аңырақай шайқасы» өткен жерді көрсетуге алып барды. Осы жерде экспедиция жетекшісі Қанат Еңсенов түсірілім тобына «Аңырақай шайқасы» туралы сұхбат берді. Шайқас өткен жерді аралап қарап, Үш жүздің батырлары жерленген қорымдарды тауып, одан шайқасқа қатысқан Үш жүздің руларынан таңбаларын анықтады.
Бұдан соң экспедиция тобы  халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тізіміндегі «Таңбалы тас» қорық-музейін тамашалады. Өтеген батыр ұрпақтары  экспедиция тобына «Таңбалы» кітабын тарту етті.


1729 жылы Ақырақай шайқасы өткен жер. Батырлар қорымы

Ары қарай   Алматы қаласындағы Райымбек батыр кесенесіне келіп, осындағы мұражай кешенінің директоры Ержан Тоқтар мырзамен жолығып, Райымбек  батыр туралы сұхбат жазылды.  Одан соң Әлмерек батыр кесенесіне келіп «Әлмерек»  мәдени-тарихи қорының атқарушы директоры Нұрмұханбетов Ысқақ мырза Әлмерек батыр жайында түсірілім тобына сұхбат берді. 

Бұдан кейін экспедиция  Жоламан батыр ауылдық аймағына қарасты жерде орналасқан Сәмен батыр кесенесіне келді. Мұнда экспедиция тобын  ауыл әкімі   Дәулет Нүсіпбеков мырза  қарсы алды.


Кербұлақ ауданы, Жоламан ауылы шетінде орналасқан Сәмен батыр кесенесі 

Одан ары Абылай ханның серігі, даңқты батыр Бәсентин Малайсары Тоқтауылұлы бабамыздың жатқан жеріне жетіп, батыр баба басына құран оқып, түсірілім тобына экспедиция жетекшісі Қанат Еңсенов Малайсары батыр туралы сұхбат берді. Одан соң  Талдықорған қаласына  табан тіреп қалада орналасқан Қабанбай батыр ескерткішіне келдік.


Малайсары батырдың қаза тапқан жеріне қойылған ескерткіш. Кербұлақ ауданы, Малайсары асуы


Экспедиция тобы және күтіп алған азаматтар Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр ескерткіші алдында тұр

Қабанбай батыр ескерткішінің тұрғызылуына ат салысқан азаматтар:  Шүрегеева Кәкима Орынбекқызы, Жақиянов Оралбек Нұрсейітұлы және тағы басқа ел жанды азаматтармен жолығып экспедиция мақсаты туралы айтылды.

Экспедицияның 7 күні   15 шілде де  азаматтар Сара ақын, Матай Бөрібай батыр, Садыр Алдияр батыр ескерткіштері  мен Қойлыбай Қоңырбайұлы (Көтентәуіп әулие) баба кесенесіне барды.  Жетісу жерінде Қапал ауданына қарасты Ақешкі деген жерде  әйгілі ақын Сара   Тастанбекқызының ескерткішіне және Ақсу ауданы Ілияс Жансүгіров   кентіндегі Матай Бөрібай батыр ескерткіш кешеніне келді.

Экспедиция  тобын  әжелер алқасы мен жергілікті  газет редакция тілшілері күтіп алды. Тарихи сапар тобына   жол нұсқаушы Облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі, өлкетанушы  Қажет Андас Бөрібай батыр туралы,  экспедиция  жетекшісі Қанат Еңсенов экспедиция мақсаты жайында сұхбат берді. Одан кейінгі жол  Сарқанд ауданына кіре беріс жерде орналасқан Садыр Алдияр батыр ескерткішіне келумен аялдады. Мұнда  экспедицияға қатысушы азаматтарды Сарқанд ауданының әкімі Талғат Қайнарбеков пен ақсақалдар алқасы  қарсы алды.

Сарқанд ауданы газетінің бас редакторы, жазушылар одағының мүшесі Жомарт Игіман экспедицияның түсірілім тобына Алдияр батыр туралы сұхбат берді. Бұдан кейінгі бағыт Қойлыбай Қоңырбайұлы (Көтен тәуіп) әулие бабаның басына барумен жалғасып, әулие бабаға арнайы құран бағышталды. Әулие баба кесенесінің  шырақшысы Кәріпжанов Талғатбек Ырысбекұлы Қойлыбай Қоңырбайұлы (Көтен тәуіп әулие) баба туралы кең көлемде мағлұматтар айта келе, әулие бабамыздың тағы бір есімі атақты  Абылай хан «Жалаңаш ата»  атаған «екенін, ол жайында  ақын, жазушы Сұлтанмахмұт Торайғыров «Жалаңаш  баба» тақырыбында тарихи мақала жазғандығы туралы  деректер айтып өтті.


Жетісу облысының Лепсі өзені жағасында орналасқан Қойлыбай Қоңырбайұлы (Көтен тәуіп әулие) кесенесі алдында

Осы жолда  Жетісу облыстық «Нақбірлік»  қоғамдық қорының төрағасы Қалажанов Мақсұт Болатұлы ағамыз, тарихи жерлерге арналған  сапарға жол көрсетіп, әр жердің тарихы туралы деректер айтты. Экспедицияның соңғы күндері 17-19 шілде  өз бағыты бойынша жолға шыққан топты Үшарал қаласына кіре беріс жерде орналасқан Қабанбай батыр ескерткіші жанында  Жетісу облысы Алакөл ауданының әкімі Әбдинов Алмас Сапарғалиұлы, аудандық Ақсақалдар алқасының төрағасы Бекболатов Сатай Нұрмұқашұлы  және тағы басқа ел азаматтары қарсы алды.

Бұдан ары тарихи сапар тобы Абай облысы, Үржар ауданына бет алып батыр бабамыздың атымен аталатын Қабанбай (Жарбұлақ) ауылына келді. Бұл жерде топты   аудан әкімінің орынбасары Тұрлыбеков Біржан Қадырұлы,  Қабанбай ауылдық аймақ  әкімі  Қаңтарбаев Бауыржан Кенжебайұлы және «Халықаралық Қабанбай   қорының» Үржар ауданы бойынша үйлестірушісі  Думан Ақатаев  пен аудандық әжелер  алқасы қарсы алды.



Қабанбай ауылы «Мәдениет үйінде» Тұрлыбеков Біржан Қадырұлы сөз сөйлеп тұр

Қабанбай ауылы Мәдениет үйінде тарихи сапар тобы халықпен кездесіп, экспедиция жетекшісі - Қанат Еңсенов және экспедиция мүшелері: Д. Әбділәшімұлы мен Қ. Айтқожин экспедиция  мақсаты мен бағыт бағдары туралы баяндамалар жасады. Халықпен сұрақ жауап алмасу болды. «Мәдениет үйінің» меңгерушісі ақын, жазушы, Жазушылар одағының мүшесі Айжарық Абылқасымов  Қабанбай батыр бабамыз туралы деректер айтып, өлеңдер оқыды. Аудан әкімінің орынбасары Біржан Қадырұлы экспедиция тобын аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.

Бұдан соң Мәдениет Үйіндегі Үржар тарихына арналған Өлкетану мұражайын  аралап, мұражай меңгерушісі Аманжол Мақажанов көне жәдігерлер жайында мағлұматтар айтып өтті.

Осында Жалаңашкөл жағасында  осы өңірдегі табиғи және тарихи мекен «Жоңғар қақпасынан» батыр бабаларымыздың жоңғар басқыншыларын қуып тастау оқиғасы жайында экспедиция мүшесі, тарихшы, ғалым Д.Әбділәшімұлы түсірілім тобына сұхбат берді. Бұдан арғы  жұмыс Үржар ауданының  Мақаншы аймағы Көктерек ауылында  жалғасты. Мұнда тарихи сапар тобын аудандық Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қуаныш Жұмаділов   және  осы аймақ бойынша «Тарбағатай МҰТП» (мемлекеттік ұлттық табиғи паркі) инспекторы Бекжан Сәрсебаев  қарсы алып,  тарихи мекен «Ойран» өзеніне жол нұсқады. Бұл жер қазақ-жоңғар соғысының  «Үржар-Еміл» шайқасы өткен жердің орта тұсы. Осы жерді зерттеу барысында шайқаста қаза тауып жерленген сарбаздар қорымы анықталды. Бұл туралы түсірілім тобына экспедиция жетекшісі - Қанат Еңсенов сұхбат берді. 

Одан кейінгі экспедиция тобының жұмысы Үржар ауданы, Тасбұлақ ауылында жалғасып, мұнда тарихи сапар тобын  «Салқынбел» ауылдық аймақ әкімі Жетпісов Тілеубек мырза және Ақсақалдар алқасының  мүшесі Мауқара Жұмақан Адасбайұлы қарсы  алды. Бұл азаматтар бізді  осы аймақтағы Қабанбай батыр қол бастаған 1754/1755 жж. «Үржар-Еміл» шайқасында «Әлемді» қалмақ туы жығылған жер мен  «Тастысай» деген жердегі жер жағдайын жауға қарсы пайдаланып, күш көрсеткен «Қалмақ қырылған» оқиғасы болған мекенді көрсетті.  Экспедиция түсірілім тобына осы оқиға жайында Жұмақан ақсақал сұхбат берді.


Қалмақ туы жығылған «Әлемді асуы» Үржар ауданы, Тасбұлақ ауылына қарасты Қарабұйрат ауылы


Сұхбат беруші Мауқара Жұмахан ақсақал. «Қалмақ қырылған» Қарабұйрат

Бұдан кейін  топ  Тасбұлақ су қоймасындағы жотаға  палатка тігіп орналасты.  Ертеңінде тарихи сапар тобы   он күнге созылған экспедиция жұмысын аяқтап, қайтуға бет алды. Жалпы экспедиция тобы осы сапарда 6 мың шақырым жол жүріп өтті. Экспедиция жұмыстарының жүзеге асырылуына демеушілік жасаған азаматтар: Аягөз ауданының Мәслихат депутаты, меценат Нұрланбек Тоқтабаев, Алматы қаласындағы «Айдони» компаниясының Президенті Кәкен Тоқтаров және Алаштың ақыны, Абай қорының төрағасы Аслан Ғафуровтарға   және жол бойында әр жерде қолдау білдірген ел азаматтарының барлығына үлкен алғыс айтамыз!
Алдағы уақытта тарихи экспедиция сапарында түсірілген деректі фильм телеарналар арқылы халыққа көрсетіледі. Жинақталған құнды материалдар мақалалар, кітаптар ретінде жарыққа шығады.

9-19 шілде 2022 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдық мерейтойы құрметіне арналған «Сырдария-Жетісу-Шығыс» атты республикалық тарихи-танымдық экспедициясына қатысқандар:

1. Қанат Еңсенов — ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты  жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Экспедиция жетекшісі. Астана  қ.

2. Дүйсенәлі Әбділәшімұлы - тарих ғалымдарының докторы, профессор. Қазақ хандығы тарихын зерттеуші. Қытай, мәнжу, жапон тілдерін меңгерген. Алматы қ.

3. Нұрлыхан Әділжанов – тарихшы, магистр, ЕҰУ PHD докторонтурасын бітірген. Астана  қ.

4. Қайрат Айтқожин өлкетанушы, зерттеуші педагог, О.Бөкей атындағы мектеп-лицейінің ұстазы. Өскемен қ.

5. Қуаныш Қабидолдин - тарих пәні мұғалімі, мастер- педагог, магистр ШҚО Тарбағатай ауд Ақжар ауылындағы Абай орта мектебінің ұстазы.

6. Мейрамбек Мұқатов ШҚО Тарбағатай ауд Қабанбай ауылдық аймағы әкімі. Тарих жанашыры

7. Азат Есімханов- тарих жанашары, ағылшын тілі мұғалімі, О.Бөкей атындағы мектеп-лицейінің ұстазы. Өскемен қ.

8. Нұрланбек Тоқтабаев — меценат, тарих жанашыры Аягөз қ. 

9. Саят Тарпанбай — заңгер, тарих жанашыры Абай облысы, Ақсуат ауданы.

10. Кәкен Тоқтаров —меценат, тарих жанашыры Алматы қ.

11. Қайыржан Ғизатұлы —әдебиетші, ғалым Семей қ.

12. Әділбек Баймоллаев — Бозай ауылы Сергиополь орта мектебінің зейнеткер тарихшы ұстазы, өлкетанушы.

13. Ерасыл Шыңғысұлы – Астана қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің 11-сынып оқушысы.

14. Бейбіт, Мерхат, Қуат— "EDB media group" түсірілім тобы Өскемен қ.
   

Қанат Еңсенов,

ҚР ҒЖБМ Мемлекет тарихы институты  жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Экспедиция жетекшісі. Астана  қ.

Қуаныш Қабидолдин,

Экспедиция хатшысы , Тарих пәні мұғалімі , мастер-педагог, магистр
ШҚО Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы Абай орта мектебі.
 


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика