Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Еңбекқорлық этикасы және экономикалық даму: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына қысқаша шолу

Еңбекқорлық этикасы және экономикалық даму: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына қысқаша шолу 07.07.2022

Еңбекқорлық этикасы және экономикалық даму: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауына қысқаша шолу

«Қаңтар оқиғасынан» кейін 2022 жылдың 16 наурызында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында жуық арада жүзеге асырылатын ауқымды саяси реформалар мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шараларды жариялау мақсатында Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жасады [1]. Бұл жолдауда «Жаңа Қазақстан» идеясы алға тартылды. Бұл әлеуметтік-экономикалық дамумен қатар ұлттық сананы жаңғырту және ұлттық бірегейлік мәселесінің бүгінгі күні де өзектілігін көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында «түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт» қағидатын ұсына отырып, «Жаңа Қазақстанның» негізгі қағидаттары ретінде надандық пен ескіліктің, радикализм мен масылдықтың, тоғышарлық пен сыбайлас жемқорлықтың орнын алмастыратын күш-жігерлік, дарындылық пен еңбекқорлық, озық білім мен үздік тәжірибе идеяларын алға тартты.

Көріп отырғанымыздай, Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстанның» негізгі қағидаты ретінде «еңбекқорлық» идеясын алға тартып отыр. Сөзсіз, экономикалық даму мен еңбекқорлық этикасы арасында берік байланыс бар.

Қазіргі модерн қоғамдарда «еңбек ету» адам үшін ең негізгі және маңызды әрекеттердің бірі болып табылады. Шын мәнінде, еңбек ету - жеке адамның өмірінде орталық әрі маңызды орынға ие.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, «еңбек» ұғымы мүлдем басқаша қабылданып, түсіндірілді, әсіресе «физикалық еңбек» теріс көзқарасқа ие болды [2, 188 бет]. Ежелгі грек өркениетінде «еңбек» құл табына тән жеккөрінішті әрекет болып саналды. Яғни, еңбек ету құлдарға ғана тән құнсыз кәсіп ретінде қарастырылған. 17 ғасырға дейін «еңбек» ұғымы өмір сүруге қажетті материалдарды немесе қызметтерді өндіретін қызметшілер мен жұмысшылардың жасаған жұмысын білдіреді [3, 5 бет].

Модерн мағынадағы «еңбек» ұғымы болса капитализмнің пайда болуымен бірге жаңа мағынаға ие бола бастады. Еңбек ұғымының, әсіресе, өнеркәсіптік революциядан кейін жаңаша түсіндіріле бастағанын көруге болады. Бүгінгі күні «еңбек ету» тек құлдарға, шаруаларға немесе «жалдамалы жұмысшыларға» ғана тән әрекет ретінде емес, әркімнің құқығы және жеке адамның өзі, өзінің қоғамы мен мемлекеті алдындағы міндеті ретінде қабылдануда. Модерн қоғамда адамдар үшін еңбек ету тек қана заттарды тұтыну емес, одан да маңыздысы қоғамдық өмірде бар болу үшін керек қажеттілік. Демек, қолданыста жүрген «еңбек ету» ұғымын модерн қоғамның өнімі ретінде қарастыру қажет.

Мәселен, атақты неміс философы және әлеуметтанушысы Макс Вебер «Протестанттық этика және капитализм рухы» атты еңбегінде индивидуализм, еңбекқорлық пен дисциплина, рационалды мінез-құлық пен өз-өзіне сенімділік еуропада капитализмнің дамуында маңызды рөл атқарғанын алға тартады. Басқа сөзбен айтқанда, тынбай еңбек ету, өнімді қызметті инвестициялау үшін капитал жинақтау, бастамашыл болу және әр дайым бір нәрсеге қол жеткізуге ұмтылу сияқты протестанттық этиканың негізгі қағидалары Еуропада капиталистік экономикалық дамуға серпіліс берген [4].

Тіпті, қазақ фольклеріне назар аударатын болсақ, Абай Құнанбаев бірқатар шығармаларында еңбекке немқұрайлы қараушылықтың, жалқаулықтың, еріншектіктің қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшыратып отырғанын, соның нәтижесінде әлеуметтік жүдеуліктің орын алып отырғанын сынайды. Халықты тынбай еңбек етуге шақырады. «Еңбек жоқ, қаракет жоқ, қазақ кедей, Тамақ аңдып қайтеді тентіремей...» - деп еңбексіздік пен қаракетсіздікті ашына шенейді. Өз тұсында қулықпен, сұмдықпен, ұрлықпен мал тапсам деген әлеуметтік топтың қалыптасқанын сипаттай келе, Абай Құнанбаев: «Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса тез тыйылмас... Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...» - деп еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын ескертеді. Абай адал еңбекпен мал тап, еріншек болма деп үйретеді.

Сараптай келе, «Жаңа Қазақстан» идеясы қоғамды жұтатып, тоқыраушылыққа ұшырататын жалқаулық, еріншектік, қулықпен, ұрлықпен мал табу, делдалдық пен сыбайлас жемқорлық сияқты жат мінез-құлық пен іс-әрекетті қаралап, қоғамның экономикалық дамуы мен көркендеуінің қозғаушы күші болып табылатын креативтілік, еңбекқорлық пен дисциплина, рационалды мінез-құлық пен өз-өзіне сенімділік қасиеттерді дәріптеуге негізделу қажет. Себебі, тарихи тәжірибе көрсеткендей, азаматтардың еңбекқорлық мінезі, инвестор болу, бастамашыл болу және әр дайым бір нәрсеге қол жеткізуге ұмтылу сияқты этикасы еліміздік капиталистік экономикалық даму үрдісіне жаңа серпіліс беретіні сөзсіз. Сондай-ақ, «еңбек ету», «еңбекқорлық» экономикалық табыспен қатар, еңбек етудің азаматтық қоғам өміріне қатысу және оның дамуына үлес қосу, жаңа қарым-қатынастар орнату сияқты басқа да маңызды артықшылықтары да бар.

Еліміздің осындай тарихи кезеңінде, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанның» негізгі қағидаттары ретінде ұсынып отырған күш-жігерлік, дарындылық пен еңбекқорлық, озық білім мен үздік тәжірибе идеялары әлеуметтік-экономикалық даму жолында қозғаушы күш болатыны айқын.

Қожбанхан Еркеш

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің аға ғылыми қызметкері  

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. ТОҚАЕВ, Қ-Ж. (2022) «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы.

2. AZAM, S.; BRAUCHLE, P. (2003), “A Study of Supervisor and Employee Perceptions of Work Attitudes In Information Age Manufacturing Industries”, Journal of Vocational Education Research, 28 (3).

3. LORDOĞLU, K.; ÖZKAPLAN, N.; TÖRÜNER, M. (1999), Çalışma Іktisadı, 3. Baskı, Іstanbul, Beta Basım Yayım Dağıtım.

4. WEBER, M. (1930) The Protestant Ethic and the Spirit of Capitalism, Routledge Classics, Abingdon/New York .

5. WIKIPEDIA.ORG. Абайдың ғылым мен еңбекке көзқарасы https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D0%B1%D0%B0%D0%B9%D0%B4%D1%8B%D2%A3_%D2%93%D1%8B%D0%BB%D1%8B%D0%BC_%D0%BC%D0%B5%D0%BD_%D0%B5%D2%A3%D0%B1%D0%B5%D0%BA%D0%BA%D0%B5_%D0%BA%D3%A9%D0%B7%D2%9B%D0%B0%D1%80%D0%B0%D1%81%D1%8B


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика