Құрметті зиялы қауым және әріптестер!
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының «Деректану, тарихнама және Отан тарихы» бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қ.А. Еңсенов Москва қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасы, Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві және Ресей мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивтерінде 2022 жылы 25 мамырдан - 13 маусым күндері аралығында іссапарда атқарған жұмыстар туралы қысқаша есбін оқырман қауым назарына ұсынып отыр.
Москва қаласында іссапар барысында «Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымының дамуын зерделеу және ғылыми негізделген тұжырымдамалар жасау» атты ғылыми-зерттеу жобасы тақырыбы бойынша Ресей мемлекеттік кітапханасы және Ресей Федерациясының мемлекеттік архиві, Ресей мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивтерінен 600 парақ фото көшірме жасалды.
В.И. Ленин атындағы Ресей мемлекеттік кітапханасында Қазақстан тарихына қатысты көптеген ғылыми еңбектер бар. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасында және Ресей Федерациясында қорғалған кандидаттық және докторлық диссертациялар мен олардың авторефераттары сақталған. Осындай еңбектердің көпшілігі Қазақстан Республикасының кітапханаларында сақталмаған. Сондықтан, оларды Отан тарихына қатысты тақырыптық қоғау бағыттары мен нәтижелерін қарастыру аса маңызды мәселе. Яғни, зерттеу еңбектерін қарастыру арқылы қорғалған тақырыптар, көтерілген мәселелер, аса маңызды ашылған жаңалықтар мен жетістіктер айқындала түседі. Жалпы, Ресей мемлекеттік кітапханасының қорынан 1991-2022 жылдар аралығында Қазақстан тарихына қатысты қорғалған диссертациялардың 160 тан аса авторефераттарының көшірмелері алынды. Олардың ішінде бір бөлігі қазақстандықтардың Ресейде қорғаған диссертациялары мен Ресей Федерациясы азаматтарының Қазақстан тарихына қатысты қорғаған диссертациялары. Алдағы уақытта осы аталған диссертациялардың тақырыптары, бағыттары мен нәтижелеріне байланысты талдаулар жасалады. Сондай-ақ, Қазақстан тарихы оқулығына қатысты теория-методологиядан жазылған 40 тан астам еңбектен көшірме жасалды.
Іссапар барысында Ресей Федерациясы мемлекеттік архивінде бірқатар жұмыстар атқарылды. Онда Қазақстан қазіргі заман тарихына қатысты бірнеше қорда құжаттар сақталған. Осындай қорлардан Қазақстан қазіргі кезеңдегі тарихының 1991-2008 жылдар аралығына қатысты деректердің көшірмесін жасалды. Анықталған және көшірме жасалған парақтар саны – 192 бет материал. Бұл құнды құжаттар алдағы уақыттар тарихи зерттеулер жазуға пайдаланылады және тың деретер ретінде ғылыми айналымға тартылатын болады. Жалпы, Ресей Федерациясы мемлекеттік архивімен жұмыс жасау өте күрделі. Себебі, ондағы электронды жүйе арқылы бірінші күні тапсырыс беріледі. Белгілі бір шама 1500 парақтан аспауы керек. Ол арада 4-5 күн өткенде орындалып келеді. Оны қарау, үлгермеген жағдайда кейінге қалдырып қата қарайсыз. Одан кейін тағы қорды қарап, тапсырыс бересіз. Оның орындалып келуін күтесіз. Электронды жүйе артық көлемде тапсырыс бергізбейді. Тапсырыстың шамадан тыс аспауын автоматты түрде қадағалайды.
Жұмыс барысында Ресей мемлекеттік қазіргі заман тарихы архивінен де жоба бойынша материалдар қарастырылды. Бұл архивте негізнен қазіргі заман тарихының құжаттары сақталған. Мысалы, М.С. Горбачевтың жеке қорынан (84-қор) 1990-1991 жылдарға қатысты құжаттар және КСРО Президенті қорынан (89-қор) құжаттары қарастырылды. Жұмыс барысында Қазақстан тарихына қатысты анықталған және көшірме жасалған парақтар саны - 107 болды.
Зерттеу жобасына қатысты осындай күрделі және маңызды тақырыпты қарастыру үшін арнайы бекітілген «Қазақстанның қазіргі заманғы тарих ғылымының дамуын зерделеу және ғылыми негізделген тұжырымдамалар жасау» атты ғылыми-зерттеу жобасына (ИРН OR 11465459) қолдау білдірген ҚР БҒМ Ғылым комитетіне алғыс айтамыз! Сондай-ақ, осы жобаны бірлесіп атқаруда ҚР БҒМ ҒК Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Мемлекет тарихы институтының ұжымы екендігін атап өткеніміз жөн деп ойлаймыз. 2021-2022 жылдарға жоспарланған ғылыми-зерттеу жобасы бойынша ғалымдар тобы архивтерде және кітапханаларда ізденіс, зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Осы аталған зертеу жобасы бойынша жинақталған материалдарға ғылыми қорытындылар жасалып, алдағы уақытта монография, оқулық және зерттеу мақалалары жарық көретін болады.
Қанат Еңсенов,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор
![]() |
«Мемлекет тарихы институты» РММ-нің директоры м.а. |