Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Бейбітшілік көшесі 4

 

Кітапхана мен архив – ақпараттық-білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының элементі

Кітапхана мен архив – ақпараттық-білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының элементі 30.05.2022

Кітапхана мен архив – ақпараттық-білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының элементі

2022 жылғы 27 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «open space» форматында «Кітапхана мен архив–ақпараттық-білім беру және ғылыми-зерттеу ортасының элементі» кәсіби сессиясы өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, архив, кітапхана салаларының мамандары, мемлекеттік архивтердің, ұлттық және ғылыми кітапханалардың қызметкерлері, тарихшылар мен ғалымдар және Мемлекет тарихы институтының қызметкерлері қатысты.

Кәсіби сессияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ашып, кіріспе сөзінде: «Әлемде қалыптасқан жаңа ахуалдың тұсында біз кітапхана мен архив салаларында тәжірибе мен жүйелі ұсыныстармен алмасуымыз тиіс. Қазіргі уақытта бұл мекемелер келушілермен жұмыс істеудің жаңа үлгілерін белсенді игеріп жатыр. Олар архив құжаттары мен қағаз бетіне терілген әдебиеттерді ірі ауқымда цифрлап, қомақты электрон каталогтар мен архив-кітапхана ресурстарының қорын құруда. Яғни кез келген ұлттың, жалпы адамзаттың рухани-ақпараттық ресурсы ретінде кітапханалар мен архивтердің мәдени-тарихи мұраны сақтаудағы рөлі жойылмайды, керісінше күшейеді.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында атап өткендей: «...Соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. ...Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн». Ал Елбасы кітапханасында сақтаулы тұрған құжаттар – тәуелсіз Қазақстан тарихының маңызды дереккөздерінің бірі», - деді Б.Темірболат.

Тарихи мұраны түгендеуде маңызды саналатын сала архив. Архив – мемлекеттің кешегі және бүгінгі тарихының сақтаушысы. Ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды кәдеге жаратып, өскелең ұрпақтың жадына сіңіру - бүгінгі буынның басты міндеті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш бүгінде кітапхана мен архив салаларында автоматтандыру, цифрландыру ісі бойынша бір қатар іс атқарылып жатқандығына тоқталып өтті. Мәселен, «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының аясында біз алыс-жақын мемлекетттерден еліміздің тарихына қатысты құнды құжаттарды алдыртып жатырмыз. Бірнеше мемлекетте дерек жинаған ғалымдарымыз мен архивистеріміздің алғашқы қатары осы айда елге оралды. Алдағы уақытта цифрланып, ғылыми айналымға енетін олардың жиған еңбегін біз халық тарихының үлкен олжасы деп білеміз -деді.

Шындығына келгенде кітапхана мен архивтей мәдениеттің ордасында өткеннің бар байлығы шоғырланған. Құнды тарихтың келешекке тигізер пайдасы да көп. Себебі өткенін білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр», - деді Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мірболат Жақыпов.

Сессия аясында келесі бағыттар: - мемлекеттік архивтердің ақылы қызмет көрсетудегі жаңа мүмкіндіктері; - кітапхананың оқырмандармен жұмысындағы жаңа мәселелер мен үрдістер, даму перспективалары;- кітапхана мен архив қызметі мен ресурстарына қашықтан қол жеткізу модельдері бойынша үш секция ұйымдастырылды.

COVID-19 коронавирус инфекциясының пандемиясы елімізде көптеген салалардың жұмыс істеуіне қиындық туғызды. Дәл сол кезде мәдениет және білім саласының қызметкерлері қосалқы ақпарат беруге тырысты. Facebook, Twitter, Telegram, Instagram мен zoom сияқты желілер арқылы ақпараттар таратылды. Алдағы уақытта кітапхана мен архив саласында қандай ақпараттық-технология қолдануға болады деген ұсыныстар талқыланды. Секция жұмысында кітапхана мен архив саласының жұмысын одан әрі жандандыру үшін, тәжірибе алмасу үшін және ұсыныстарды әзірлеу үшін бірлескен қауымдастық кеңес құру керектігі айтылды

Сондай-ақ маңызды іс-шара барысында Елбасы кітапханасы оқу залының ашылу салтанаты өтті. Бұл жерде келушілер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке архиві мен кітапханасында қазірг қазіргі танда сирек кездесетін бірегей құжаттармен, бұрын еш жерде жарияланбаған құнды құжаттармен, Жарлық, зандармен, сөйлеген сөзі, өзінің қолжазбалары жазылған құжаттармен таныса алады. Ол құжаттар жұртқа қол жетімді. Оқырмандар назарына бұл материалдардың түпнұсқасы да, сандық көшірмесі де ұсынылмақ.




Айтбала Әбенова,

Ғылыми-ақпарат бөлімінің аға ғылыми қызметкері


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика