Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Ресейдегі Алтай қазақтарының ұлттық рухани дамуға қосқан үлесі

Ресейдегі Алтай қазақтарының ұлттық рухани дамуға қосқан үлесі 27.12.2021

Ресейдегі Алтай қазақтарының ұлттық рухани дамуға қосқан үлесі

Әлемнің мемлекетінде тіршілік етіп жүрген бес миллионнан аса қазақтар бар. Қазақ диаспораcы өзге елдердің диаспорасынан өзгешелеу. Бұл мәселенің себеп-салдары жүйелі түрде тәуелсіздік алған жылдардан кейін зерттеліп келе жатыр. Қазақтар әлемнің көптеген елдерінде тарыдай шашылып жүргендері, өздерінің қалауы емес. Өйткені олар ата — жұртына бауыр басқан халық.

Ресей Федерациясында да қазақтар саны айтарлықтай, 900 мыңға жуық. Олар тығыз қоныстанған аудандар Қазақстан шекарасының маңына таяу орналасқан. Бұл — Алтай, Новосібір, Омбы, Челябі, Қорған, Орынбор, Саратов, Волгоград, Астрахан облыстары. Ресей қазақтары көбінесе ауылдық жерде тұрады. Бұл олардың өзге халық арасында туысқандық байланыстары мен этностық тұтастығын сақтап қалу үшін тығыз орналасуға ұмтылуын көрсетеді. Қазақтардың ұрпақ сабақтастығын және этностық тамырымен байланысын сақтап келе жатқан салалардың бірі — ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-санасы. Әлеуметтік салада аға ұрпаққа құрметпен қараушылық дәстүрі туысқандық байланыстар деңгейінде сақталған.

Қазақ халқының тілі мен мәдени дәстүрлерін сақтауға Ресей қазақтары құрған қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де өз үлестерін қосуда. Жалпы,Таулы Алтай Республикасын есептемегенде Алтай өлкесінде 9 мыңдай қазақ тұрып жатыр, ал соның 7 мыңы Барнаул жақта — Алтай өлкесінің Сібір бөлігіндегі аймақтарда өмір кешуде. Мәселені нақты айқындау үшін мысал ретінде Алтайдың Құлынды даласын мекендеген қазақтар туралы бірер сөз.

Жиырмасыншы ғасырдың басында, жайылым жері тапшылығына байланысты Семей облысынан Ресейдің Алтай өлкесіндегі Құлынды даласының бір пұшпағына қоныс аударған қазақ ауылы - Керейдің де тарихы бұл күнде бір ғасырдан асып барады. Кеңес кезіңде бұндай ауылдар тіпті осы Құлынды ауданының өзінде бірнешеу болатын. Олар: Топан, Қоратал,Үлкен Керей, Кіші Керей, болмаса, Златополь, Сергеевка, Ананьевка деген орыс селоларында да қазақ отбасы көптеп кездесетін. Ал қазірде содан таза қазақтар қоныстанған ауыл - Керей ауылы, Павлодар қаласынан 150 шақырымдай ғана жерде (Шарбақты ауданымен шекаралас) орналасқан. Одақ тарап, шекаралас екі ел өз тәуелсіздіктерін алып, екі мемлекет болып кеткелі де міне 30 жыл.

Әр түрлі себептермен шет жайлап, тарихи отанынан сыртта жүрген керейліктер, ата-бабаларыныңың кіндік қаны тамған, тарих сахнасына қазақ ұлтын әкелген мемлекетті, Қазақстанды, атамекеніміз деп біледі. 1995 жылы Ресей елінде жабылмай сақталынып қалған, қазақ тілінде дәріс беретін Қаракөл қазақ орта мектебінің 70 жылдық торқалы тойы қарсаңында «Атамекен» деген атпен мектеп өлкетану мұражайын ашты. Бұл - ауыл, аудан көлемінде ғана емес, бүтін Алтай өлкесі бойынша қазақ тілінде жабдықталған тұңғыш мұражай болды. Демократия мен жариялылықтың ұранын пайдаланып, мемлекеттік тіл орыс тілі болса да, халықтық педагогиканы негізге ала отырып, оқу–тәрбие жұмыстарын сапалы жүргізіп отырған мектепке ешбір орыс ұлық қарсы келе алмады.

Мұндай мұражай ашу, әрине, оңай бола қойған жоқ. Шет елде жүрген қазақтар рухани байлығының бастауын Қазақстаннан алады ғой, осы іске де себеп болған жағдай - 1993 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы оқу министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық орталық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында шет елдердегі (Ресей, Монголия, Қытай, Өзбекстан, Таулы Алтай т.б.) қазақ мектептерінің басшылары мен қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы курс жүргізілді. Лекциялар түгелі дерлік қазақша оқылып, бос уақыттарда мәдени орындарға, көрмелерге, қазақша концерттерге апарып отырды.

Сол сапардан соң, қазақ мектебінің басшысы ретінде, мектеп директоры Баринова Нұрғайша Ғайсақызы, мектепте мұражай ашу қажеттігін, оның өз ана тілінде болуын ұстаздар, шәкірттер, ата-ана, жұртшылықпен ақылдаса отырып шешіп, «Атамекен» атты мұражайды ашты. Алдын ала құрылған жоспар бойынша мұражай ішін мынандай негізгі бөлімдерге бөліп жабдықталды: «Шежіре сыр шертеді» бөлімі Керей ауылының тарихынан толық мәлімет береді. «Мектеп – кеме, білім - теңіз» бөлімі 1925 жылы қазақ тілінде ашылған мектепте бүгінге дейін білім алған түлектер туралы хабардар етеді, ал «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмыт қалмайды» атты бөлім Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестеріміздің соғыс даласында мәңгілікке қалғандар мен елге қайтып оралып қайтыс болғандар тізімінен тұрады.

«Мектеп мақтанышы» деген стенд Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық сәулетшісі, Қазақстанға еңбегі сіңген архитектор Қалдыбай Монтахаевқа арналған, «Киіз үй» бөлімі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабардар етеді де, «Спортшылар» бөлімі ауылдың спортшылары, олардың түрлі деңгейдегі жетістіктері мен жеңістерін баяндайды. Әрбір бөлім заттай экспонаттармен, деректі құжаттар, суреттермен толықтырылып отырады. Ұлы Отан соғысына қатысқандардың орден-медальдары, хаттары, еңбек ардагерлерінің наградалары, ұстаған заттары, үй іші бұйымдары, бүгінде қолданудан шығып қалған келі-келсап, иін ағаш, арбаның мұрындығы, қолдан жасалған ағаш бесік, ұлттық үлгіде тігілген киімдер қойылған.

Мұражайды осындай материалдармен жабдықтау ісіне ауылымыздың ес білетін жас баласынан еңкейген қариясына дейін ат салыса қатысты. Мектеп оқушылары ауыл маңын кезіп, өз беттерімен қазба жұмыстарын жүргізіп ағаш тостаған, ағаш тегене тауып әкеліп тапсырып жүрді. Кез келген мұражайдағыдай бұндай іс әлі де толассыз жүріп жатыр. Экспонаттармен толықтыруда мектептің Қазақстанның жоғарғы оқу орындарында, әсіресе тарих факультеттерінде оқыған түлектеріміздің де еңбегі зор болды. Олар археологиялық экспедицияларда болған кездерінде, небір құнды (біздің жағдайымызда) дүниелерді әкеліп тапсырды (әрине, ғылыми жетекшілерінің рұқсатымен) мысалы, Табулдинов Байтас (ПГУ), Баринов Мирас (ПГПИ), Тамаева Биғат (АГУ), т.б. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші «Атамекен» атты мұражайымыз аудан сарапшыларының ұйғаруымен тұңғыш рет мектептік өлкетану мұражайы деген №7628 куәлігіне ие болды.

Міне, ашылу тарихы осындай мұражайымызда атқарылып жатқан тәрбиелік мәні зор қыруар жұмыстардың мақсаты мен міндеті, бағыты мен нәтижесі бүгінде ауыз толтырып айтарлықтай. Оқушыларды отансүйгіштікке, намысшылдыққа, ерлікке, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеуде мұражайдың ролі қаншалықты зор екендігі айтпаса да түсінікті. Мұражайға көптеп келген қонақтардың ішінен атақты адамдарды да атауымызға болады, олар: Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, белгілі әдебиеттанушы ғалым, сыншы Тұрсынбек Кәкішев (марқұм), Новосибирск Ғылым академиясының профессоры, белгілі этнограф, ғылым докторы Октябрьская Ирина Вячеславовна, Омбы мемлекеттік университетінің этнограф ғалымы Ахметова Шолпан (студент), Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығынан ғалым Күлғазира Балтабаева, Барнаул қаласындағы жоғары оқу орындарының ғалым оқытушылары мен студенттері (АлтГУ, АГПИ, АГУ) т.б. Ғылыми – этнографиялық экспедициялар өз алдына.

Ал аудан басшылары ауданға келген қонақтарды осы мұражайға әкеледі. Бүгінде керейліктер өлке бойынша өтілетін ғылыми-практикалық конференцияларға, ұлттық–мәдени фестивальдарға көрме ұйымдастырып қатысып отырады. Мысалы, ондай конференциялар Самара, Челябі, Барнаул, Славгород қалаларында өткен кезде, керейліктер арнайы шақырған соң, барып қатысуларына тура келді. Көрмелер мен фестивальдарда қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениетін, тамаша дәстүрлері мен әдет-ғұрпын дәріптеп, көп ұлтты Ресей елінде қазақ ұлтының намысын жоғары ұстауға тырысуда. Осы елде тәрбиеленіп отырған Керей ауылының жастары атамекеніне, тарихи отанына оралуда.

2004 жылы өлке орталығы Барнаулда марқұм Найманбаевтің тікелей қатысуымен «Атамұра» өлкелік мәдени қоғамы құрылды да осыдан соң, өзге аймақтарда да ондай ұйымдар құрыла бастады. Соның бірі сөз етіп отырған Керей ауылында халық қалауымен «Болашақ» атты «Жергілікті ұлттық мәдени автономия» ілесе құрылып, оның төрайымы мектеп директоры Н.Г. Баринова болды.

2011 жылы Дүниежүзілік қазақтар IV құрылтайына қатысып, Ресей қазақ диаспоралары атынан үшінші болып сөз алып, Ресейдегі жалғыз қазақ мектебінің шешілмей жатқан мәселелері, ана тілінің дамуы мен болашағы туралы айтты. Алайда бүгінгі таңда 90 жыл қазақ мектебі болып келген оқу ордасы орыс тілді мектеп ретінде қайта құрылды. Дегенмен оқу процесіндегі қазақ тілі сыныптан тыс жұмыс ретінде оқытылады.

Ресейдің әр түрлі аймақтарындағы қазақ қоғамдары мен ұйымдары бір-бірімен тығыз байланыс орнатып, біріккен ұлттық фестивальдар мен мерекелерге қатысуда. Дүниежүзілік сахнада Тәуелсіз Қазақстан Республикасының пайда болуы қазақ халқының ұлттық санасын өсіре түсті. Қазақ диаспорасының өкілдері өз халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек зерттеп білуге ынталы.

Мәншүк Кемелбекова

Мемлекет тарихы институты Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму тарихы бөлімінің ғылыми қызметкері

 

Пайдаланылған әдебиет:

1. Керей ауылының шежіресі.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика