Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ШИРЕК ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ,
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының
«Деректану, тарихнама және Отан тарихы»
бөлімінің аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты

ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫ ҰЛЫҚТАУ АРҚЫЛЫ ПАТРИОТИЗМДІ НЫҒАЙТУ«ШИРЕК ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ»

Әлемдегі әрбір халық өзінің өткені мен болашағына үңіліп қарайтыны белгілі. Ол – заңды құбылыс. Өйткені, бізде өткен тарихымызды таразылай отырып, келешекке бағыт-бағдар жасаймыз. Сонда ұлттық тарихымыз бізді өзгелерден ажыратып, өзіндік болмысымен таныла түсуіне мүмкіндік береді.

Ұлттық тарихын ұлықтап, өз тұғырына қондыра алған ел ғана өзіндік ерекшелігімен байқалып, көнеден бүгінге дейінгі жалғастығын көрсете алады. Ал, патриотизмнің өзі осы ұлттың өз тарихын дұрыс білуінен және тарихи санасының қалыптасуына байланысты болып келеді. Егер халқымыз ата-бабаларынан жеткен мәдени мұраларын қастерлесе, тілі мен ділін құрметтеп, тарихынан жақсы хабардар болса, әрбір азаматының бойында ерекше мақтанышпен айтарлықтай ішкі «Мен Қазақпын», «Менің – Қазақстаным!», - деген сезімі болатындығы сөзсіз.

Қазіргі уақытта Жаңа Қазақстандық патриотизмді нығайту деген мәселе айтылып келеді. Бұл өте орынды сөз. Өйткені, жаһандану заманында елдікті сақтау, бірлікке шақыру деген маңызды мәселелер бар.

Қазақстандық патриотизм ұстанымының негізі, оның мақсаты, міндеті, мазмұны, түрі, құрылымы, әдісі тәсілі, заңдылықтары, қағидаттары, құралдары бар. Егер патриоттық тәлім-тәрбие арнасында солардың бірінің негіздері болмаса, ол жәй сөз болып қалуы мүмкін. Өзін-өзі білмеген адам өзгенің кім екенін түсінбейді. Кез келген мемлекеттің білім беру жүйесі сол қоғамда ұстанған саясатымен анықталады. Мысалы, Қазақстан Республикасының 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында осы мәселелер анық көрсетілген болатын [1].

Патриотизм. Ол нені білдіреді? деген сұрақтарға жауап беру мақсатында Б. Тоқтаров мынадай тұжырым жасаған: «Патриотизм – әмбебап және қайталанбас құбылыс. Оны мемлекет саясаты және идеологиясы қалыптастыруға тырысып отырады. Патриотизм азаматтардың саяси мәдениетінде көрініс беріп, мемлекет тұтастығы және халық бірлігінің мықты күштің бастауы болады» [2]. Міне, осындай өз зерттеулерінде бірқатар ойларын білдірген зерттеушілердің ұлттық тарих пен патриотизмге қатысты зерттеу бағыты ретінде дамыту, зерделеу бүгінгі күннің өте өзекті мәселесі болып табылады. Сондықтан, арнай тақырып ретінде қарастыру уақыт талабы екені айқын аңғарылады.

Ұлттық тарих ұлттық рухты күшейтуші, тарихи танымды арттырып, ұлттық сананы қалыптастырушы рөл атқарады. Сондықтан, ұлттық тарихтың тәрбиелік мәнін тарихи тұрғыдан зерттеп-зерделеу қажет.

Ұлттық тарихтың патриотизмді қалыптастратындығы жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев 1994 жылы Республика сарайындағы «Тарихи зерде кешіндегі сөз» атты баяндамасында: «...Өткенді зерделеп, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айырып, оны бүгінгі күннің кәдесіне жарату – қоғам алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі. Өйткені, айта беретін тәуелсіздігіміз, егемендігіміз осы тарихты тануға тікелей байланысты. Өткенді білмей, болашақты анықтау мүмкін емес. Ал, болашағы анық емес елді егемен деп айтуға әсте болмайды. Сол себепті тарихқа, тарихи тұлғаларға көзқарас аса жауапкершілікті, байсалды пайымдауды қажет етеді» [3], - деп өте әділ тұжырым жасаған.

Одан кейін Елбасы нақты патриотизм жайында: «..Мемлекетімізді нығайту, жетілдіру ісіне жаңа ойлармен, ұсыныстармен үлес қосу. Бұл тұрғыдан, олар халықты рухтандыратын, адамгершілік ой-санасын арттыратын, қазақстандық патриотизм рухын қалыптастыратын жаңа тың шығармалар жазып, оны көпшілікке жеткізуі керек. Қысқасы, бүгінгі зиялыларымыз алдында жауапты міндеттер тұр. Қоғамдағы әрбір оқиғаны, әрбір құбылысты пайымдау, тіпті тек бір ғана қайраткерді бағалаудың өзі аса ұқыптылықты, парасаттылықты қажет етеді. Байыбына бармай, мәніне терең бойламай, асығыстықпен үстірт қорытынды жасаушылық ғылыми жағынан зияндылығымен қатар, бүкіл қоғамға, жаңа мемлекетке өлшеусіз зардаптар келтіруі мүмкін. Сондықтан асығыстық пен дүмбілездікке жол бермеуге тиісті» [4], - дейді.

Белгілі ғалым, тарихшы Қ.М. Атабаевтың қазақ тарихын танудағы жаңаша талпынысқа байланысты: «Тарихқа деген қызығушылықтың тууы заңды нәрсе. Өйткені түбегейлі бір сапалық деңгейден екіші сапалық деңгейге өтті. Осындай түбегейлі өзгерістерді басынан кешірген елдердің бәрінде де тарихқа деген ерекше қызығушылық болған. Өйткені түбегейлі өзгеріс болған жерде ұлттық сананың оянуы болады. Ұлттық сананың оянуының бір көрінісі – оның өзін-өзі тануға деген ұмтылысы. Ал ұлттың өзін-өзі тануының бір жолы – төл тарихын білу» [5], - дейді.

Отанға сүйіспеншілік, туған жерге құрмет, патриотизм – тұлғаның дамуындағы ең жоғарғы деңгейді сипаттайтын аса маңызды рухани игілік. Ол адамның отан игілігі үшін қызмет етуінен қажет болса, сол мақсат жолында ғұмырын құрбандыққа шалуға дейін баруынан көрінеді. Тек отансүйгіштік көпұлтты қазақстанның тұтастық пен татулық сақтаудағы басты құралы. Сонымен қатар жаһандану қауіптеріне тұрар жалғыз күш болмақ [6].

Қазіргі кезде халықтың төл тарихына ынтасының өсуі заңды құбылыс. Дегенмен соңғы жылдардағы өзгерістер ұлттық-мәдени сананың түлеуі тәуелсіз мемлекеттің нығая бастауының айғағы. Отандық тарих ғылымы еліміздің тәуелсіздігімен бірге келген терең түбегейлі өзгерістер мен жаңаруларды басынан өткеруде. Оның басты көрінісі – тарих ғылымының бұрынғы идеологиялық қыспағынан арылып, төл тарихты зерттеуге бет бұрған дер едік. Ұлттық тарих тұтас ұлттық таным, төл рухани құндылықтар контексінде қарастырыла бастады.

Елбасы әртүрлі деңгейде сөйлеген сөзінде, оннан астам жарияланған еңбектерінде Тәуелсіз Қазақстанның өмір шындығына сай жаңа тарихын жазуға және сол арқылы халқымыздың жаңа тарихи санасын қалыптастыру ісіне басты назар аударуда. Ол өткен тарихын білмеген, өзінің ұлттық қасиеттерінен айырылған халық қасіретке ұшырайтындығы туралы, өзінің жақсысы мен жайсаңын сыйламайтын адам басқаларға құрмет бола алмайтындығы жөнінде терең тұжырымдар жасады.

Тарих ғылымы – ұлттың, елдің тәуелсіздігінің және тарихи сананы қалыптастырудың тірегі. Өйткені Отан тарихы – оның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын ең негізгі фактор болып саналады. Тарихсыз қоғам, халық, мемлекет болмайтыны белгілі. Бірақ сол тарихтың ғылымға негізделіп, шынайы, түбегейлі жан-жақты зерттелмеуі тарихи сананың ұлттық рухтың әлсіреуіне әкелетініне, әсіресе өткен жиырмасыншы ғасырдың ұрпақтары талай рет көз жеткізді. Ендеше отандық тарих ғылымының алдында тұрған өзекті мәселе – сол ғылымның теориялық және методологиялық ұстанымдарына сүйене отырып, іргелі зерттеулер жүргізу арқылы болашақ зиялы ұрпақты тәрбиелеу.

Бүгінде жаһандану процесі жүріп жатқан кезде ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұлттық рухты сақтап қалу қиын екені даусыз. Сондықтан, бүгінгі жоғары оқу орындарының алдындағы зор міндет жоғары білімді мамандарды даярлау. Жоғары және орта оқу орындарында оқытылатын Отан тарихының да көтеретін жүгі ауыр – деп санаймыз. Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы өз елінің, өз жерінің тарихын білуге міндетті. Жастарда «Менің елімнің тарихы- менің тарихым» деген түсінік болуы керек [7].

Ұлттың азаттығын сақтай білуі бүгінде қаншалықты маңызды болса, сол мемлекеттің шынайы тарихын жазып, келер ұрпаққа жеткізе білу де соншалықты маңызды. Өйткені тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Тарихын қастерлеген ұлт қана өткеннен тағылым алып, келешегіне сеніммен қарайды. Демек, ғылыми негізде жазылған танымды тарих – ұлт тәуелсіздігінің, ұрпақ тәуелсіздігінің кепілі [8].

Осы орайда, мемлекет басшысы «Қазақстанның болашағы идеялық бірлігінде», «Тарих толқынында» атты еңбектерінде мемлекет, этностарға ортақ бір мақсат аясында топтасудың кезек күттірмейтін міндет екенін атап, бұл міндетті абыроймен күнделікті өмірге дамытуда отбасы, білім беру орындары, еңбек ұжымы сияқты дәстүрлі институттардың маңызды рөл атқаратынын, олардың ықпалы аса тиімді болатынын баса айта отырып, «Біздің тағы бір аса маңызды идеологиялық міндеттеріміз – қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу, әрбір азаматтың өзін-өзі айқын білуі» [9], деген ойы қоғам мүшелеріне бағдарламалық бағыт болар.

Ұлттың тарихы туралы, оның өткен замандағы басқа ұлыстармен қатынастары туралы ұғымдарға көп ретте халықтың ұлтаралық қарым-қатынас өрісіндегі саяси бағдары байланысты. Өз тарихын білу – ұлттық сана-сезімнің ажырамас бөлігі, ол этникалық тұтастықтың сақталуы мен оның келесі буындардағы ұдайы өндірісіне септеседі. Жеке тұлғаның өз халқымен бірлігін сезінушілігі өзін оның күллі тарихи жетістіктерінің тікелей мирасқоры да, олардың нақты сақтаушысы әрі жалғастырушысы да сезінуінен туындайды.

Шынайы патриотизмді жаңғырту – Қазақстанды жаңғыртуға жасалған қадам. Дәл осы патриотизм халықтың рухани игілігі, қоғамдық сана мен қоғамдық және мемлекеттік жүйелер тұғырының негізгі элементтерінің бірі болып табылады, олардың тіршілік әрекеті мен тиімді қызметінің рухани-өнегелік негізін құрайды [10].

Қорытындылай айтқанда, ұлттық тарихын ұлықтаған ел өзінің тарихи санасын нығайтып, патриотизм рухын күшейте түседі. Ал, патриотизм рухы күшті халық ешқандай бұқаралық мәдениеттің ықпалына немесе келеңсіздіктерге бой алдырмайды.


ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Абдоллаев Н.А. Қазақстандық патриотизм «Мәңгілік Ел» идеясының түпқазығы // Егемен Қазақстан, 2015.- 10 қаңтар. – 3 б.

  2. Токтаров Б. Патриотизм. Что это значит? // Мысль. - 2011. - №12. – С. 39.

  3. ҚР ПМ. 5-н-қ., 1-т., 3378-іс. 2-п.

  4. ҚР ПМ. 5 н-қ., 1-т., 5053-іс, 1-2-пп.

  5. Атабаев Қ.М. Қазақ тарихын «Қазақстан тарихы» деп атау... // Айқын. – 2006.- № 31. – 3 б.

  6. Қойгелдинова А., Шәріпбеков О. // Егемен Қазақстан. – 2013, 5 қаңтар. – 5 б.

  7. Байсарина Қ.Қ. Отан тарихы – тарихи сана қалыптастырудың негізгі тірегі / Қазіргі Қазақстан тарихы: өзекті мәселелері және тарихнама. Қазақстан тарихын дәуірлеу туралы. Қазақстан тарихшыларының семинар-тренингінің материалдар жинағы. Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2014. – 52-54 б.

  8. Дүкенбаева З.О. Тарих тағылымындағы ұлт тарихын зерделеу – ұлт тәуелсіздігінің, ұрпақ тәуелсіздігінің кепілі / Қазіргі Қазақстан тарихы: өзекті мәселелері және тарихнама. Қазақстан тарихын дәуірлеу туралы.Қазақстан тарихшыларының семинар-тренингінің материалдар жинағы. Алматы: «Литера-М» ЖШС, 2014. – 52-54 б.

  9. Назарбаев Н. Тарих толқынында. - Алматы: «Атамұра», 1999. - 296 б.

  10. Мұқажанова А. Қазақстан халқының патриотизмі – ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетінің негізі // Ақиқат.- №6.- 13 б.



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика