Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ШИРЕК ҒАСЫР ШЕЖІРЕСІ

Елбасы манифесі: Бейбіт өмірге үндеу
http://egemen.kz/2016/04/07/33338


«ӘЛЕМ. ХХІ ҒАСЫР» МАНИФЕСІ

Жақында Вашингтонда болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші, яғни қорытынды саммит Қазақстан үшін ғана емес, сондай-ақ, бүкіләлемдік қоғамдастық үшін де кезеңдік саммит болды. Өйткені, бұл жаңа сын-қатерлерді ой елегінен өткізіп, оған жауап іздеудің уақытына айналды. 2010 жылы АҚШ президенті Барак Обаманың бастамасы бойынша өткен жаһандық үнқатысу ядролық қауіпсіздік саласында айтарлықтай ілгерілеушілікке алып келді. Өкінішке қарай, проблемалар да азайып кеткен жоқ.

Халықаралық саясаттағы күрделі ахуал, санкциялық қарсы тұрушылық, тұрақсыздықтың жаңа ошақтарының пайда болуы мен «созылмалы жанжалдардың» қайта бықсуы ынтымақтастықтың жаңа пішіндерін іздеуге итермелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, нақ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік бастамалары әлемге аса қажет жаңа леп әкелуде десек, шындықтан тым алшақ кетпегеніміз.

Осы сөзіміздің айғағындай, саммит шеңберінде Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі жария етілді. Бұл бағдарламалық құжат саммит алаңдарында кең көлемді талқылауларға арқау болса, енді, міне, қазақстандықтар тарапынан да баламасы жоқ бастама ретінде толықтай қолдау тауып отыр.

Дер кезінде көтерілген бастама

Сәуір айының басында Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитті өте жоғары бағалауымыз керек. Себебі, соңғы кездері ядролық қауіп сейілудің орнына, қайта күшейіп барады. Оның үстіне, ядролық қарудың жан-жаққа тарау қаупі де басым. Ең бір сорақысы, ең бір ауыры да осы.

Елбасының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында жарияланған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде: «БҰҰ-ның Қарусыздану жөніндегі конференциясы қызметінің жаңа стратегиясы қажет. Алдымызда сапалы тұрғыдан жаңа қатер – терроршылардың қолында аса қауіпті қаруға айналуы ықтимал киберқылмысты аластаумен айналысу тұр», деп шегелей айтқаны да осындай түйінді мәселеден туындаған еді. Өйткені, ядролық қарудың терроршылардың қолына түсіп қалу қаупі де бар.

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі Қазақстан басшысының Карнеги қорының штаб-пәтерінде АҚШ-тың қоғам және саяси қайраткерлерімен өткен кездесуінде жан-жақты талқыланды. Бұл өз кезегінде АҚШ сияқты алып мемлекеттің ядролық қарудың таратылуы арты үлкен қауіпке ұласатынын терең түсініп отырғандығын білдіреді. Ал Елбасының аталған саммит аясында манифест жариялайтын жөні де, жолы да бар. Себебі, осыдан ширек ғасыр уақыт бұрын Қазақстан – ядролық қарудан бас тартқан бірден-бір ел. Оған қоса, ресми Астана өзінің мәмілегерлік, бейбіт бастамаларымен жаһанға әлдеқашан таныла бастады.

Елбасы манифесте ядролық қаруға қатысты билік басындағылардың жауапкершілігі туралы «Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек» дегенді айта отырып, мейлінше мәмілегерлік тәсілдерге көбірек жүгіну керек екендігін жеткізді.

Осы тұрғыдан келгенде, мен Елбасы манифесінің маңызын жоғары бағалаймын. Адамзаттың, әлемнің тыныштығына алаңдаушылық бар онда. Ұсыныс та бар. «Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Онда ХХІ ғасырда қиратып, бүлдіруге әкелетін соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттау керек. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру жаһандық әлемге қарсылардың ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс.

ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!»

Бұл дер кезінде көтерілген бастама деген ойдамын. Ең бастысы, Батыс елдерінің басшылары Елбасының бастамасына айрықша көңіл аударып отыр. Қалай десек те, Қазақстан басшысы ендігі жерде ядролық қауіпсіздікке қатысты сөзден іске көшу керек екендігін манифесте көрсетіп берді.


Бүркітбай АЯҒАН,
Мемлекет тарихы институтының директоры.




© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика