Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Орынбор көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Біз туралы баспасөз

ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҰЗІЛІК СОҒЫСЫНЫҢ ШЫНДЫҒЫ

немесе академик М. А. Асылбектің сын мақаласынан кейінгі ойлар

 

879701_1054769483_6.jpg

Осыдан бірнеше ай бұрын Мемлекет хатшысы М.М. Тәжиннің басшылығымен өткен Қазақстан тарихын зерделеуге байланысты құрылған ведомствоаралық топтың кезекті отырысына Қазақстан білімі мен ғылымы саласында жұмыс істеп жүрген отандық тарихшылардың қалың тобының шақырылуы, соңғылардың иығына түскен салмақтың қаншалықты жауапты екендігінің бір көрінісі. Әңгіменің маңыздылығын сол уақыттардан бері ақпарат беттерінде жарияланған, теле-радио арқылы көпшілікке жетіп жатқан, тек қана тарихшылар емес, басқа да салаларда қызмет етіп жатқан көптеген мамандардың пікірлерінен байқауға болады.

 

Кеңестік тарихнамада басымдық ала бастаған үстемдік маркстік-лениндік теориямен безендіріліп, тарихи ғылымдағы негізгі аксиомаға айналса, ол ұғымның тек тарих ғылымына кері әсерін тигізіп қоймай, қоғамда тарихи сананың қалыптасуына кедергі болды. Бара-бара бір ұлттың екінші бір ұлттан жоғары екендігін дәріптеудің нәтижесі Кеңестер одағы ұлттарының арасында туындай бастаған қарама-қайшылықтарға жол беріп, ақырында одақ тарап тынды.

Бар ғұмыры 70 жылдан сәл асатын кеңестік жүйенің келмеске кетуінің себептері не сонда?

ХХ ғасырдың басында «дүниені дүр сілкіндірген он күн» барысында билік басына келген большевиктер партиясының көсемі В. Лениннің айналасындағыларды өзінің теориялық ойларына әбден сендіріп, белгілі бір қоғамда осыған дейін тек «елес болып келген коммунизм атты қоғамдық қатынастарды» Ресей көлемінде орнатуға болады деп иландыра алған. Бара-бара бұған кешегі самодержавиялық биліктің езгісінде болып келген жұмысшы-шаруа табы ғана емес, империяның құрамына енген барша ұлттардың зиялы қауымының үлкен тобы сенді. Сенбегендердің, күмәнданғандардың бірі – атылды, бірі – «итжеккенге» айдалып, «коммунизм» атты қоғамды құруға үлестерін осылайша «қосып» жатты...

Сенгендер аш-жалаңаяқ қалпында Түркісибті, ДнепроГЭС-ті іске қосып, бесжылдық, жетіжылдық деп мөлшерленген міндетті жоспарлар арқылы социализмді бір елдің көлемінде орнатып, дүрілдеп жатқанда, соғыс келді. Большевиктер теоретиктерінің (оның ішінде, әсіресе Ленинді пұтқа айналдыра алған Сталин мен оның төңірегіндегілерді айту керек) жалаң ұрандарына әбден сенген Кеңес одағының адамдары еш ойланбастан Отан қорғау жолына түсті. Сол жолда жандарын аямады. Фашизмді жеңді.

Ендігі жерде кеңестік жүйе адамдардың Отанға деген қауқар күшін пайдаланып, өздерінің қиялдағы ойларын іске асырудың жаңа жолдарын алға тартты. Тың эпопеясы, социализмнің бір елдің шеңберінен шығып, әлемге тарауы, 1980-ші жылдары коммунизмді орнатамыз деп абайсызда

Н.Хрущев бағдарлама қабылдатып, кейін «кемелденген социализммен» алмастырылған эскперименттері жүрді.

Бірақ осы уақыттың ішінде халықтың сана-сезімі де өзгере бастаған болатын. 50-60 жылдай барлық тосындыққа төзіп келген халық (есіңізде ме Есенберлиннің «даңққа лайықты импрамы») өзінің тоңып-тозып жүре алмайтынын білдіріп жатты: Теміртау көтерілісі, Жаңа Өзен, Желтоқсан...

Егемендік пен тәуелсіздік жолын таңдаған бүгінгі күннің тарихшылары өткен тарихты зерделеп, жоғарыда айтқандай, «Неге солай болды?», деген сұраққа жауап іздеуге кірісті. Бұл міндетті орындауға үлкен серпіліспен кіріскен отандық тарихшылардың қол жеткізген табыстары аз емес. Десек те, біздің кейбір әріптестеріміздің бүгінгі күнге дейін қоғам дамуына қосқан үлестерін одан әрі жалғастыра түсудің орнына эмоцияға жиі жол беріп, болмайтын жерде дискуссия жасау әрекеттері де жоқ емес.

Осы жерде өзіміз байқаған бір мысалды келтіріп кету орынды көрініп отыр. Мен өзім Мемлекет тарихы институтында жұмыс істеген бес жылға жуық уақытта біздің институт Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне байланысы бірнеше рет ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференциялар өткізіп, олардың қорытындысы ретінде ғылыми мақалалар жинақтарын жарыққа шығарған еді. Жиындарға белгілі отандық тарихшылар шақырылатын. Өкініштісі, біздің кейбір әріптестер осындай жиындарға қатынасып, өзекті мәселелерді көпшілік болып талдаудан тыс қалуда. Алайда, уақыт өте олардың: «Сендер сөйтіпсіңдер, олай емес бұлай болу керек» деген сөздерді айтып жататыны да жоқ емес.

Институт ғалымдары жоғары оқу орындарының тарихшы емес мамандарына (бакалавриат) арнап, «Қазіргі Қазақстан тарихы» оқулығын да шығарғанына біршама уақыт өтіп кетіпті... Тағы да үнсіздік...

Мемлекет хатшысы М. Тәжиннің басшылығымен өткен ведомствоаралық топтың кезекті отырысына 300-ден аса отандық тарихшылар қатысқан болатын. Қазір мақалалар жинағы дайын. Алайда, осы жинаққа отандық белгілі ғалымдардың (соның ішінде тарихшылар да бар) мақалаларын жинап алу көп уақытты алды, ал кейбір мақаламды жіберемін деп жүргендер – кейін уәделерінен бас тартты...

Ал біздің әрекеттеріміз қазақ мақалына сәйкес: «Отырсаң –опақ, тұрсаң – сопақ» болып көрінуде.

Себепсіз оқиға, сылтаусыз әңгіме болмайды. Осы ойға келтіріп отырғаны, таяуда «Қазақ әдебиеті» газетінің кезекті бір нөмірінде басылған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәлік-Айдар Асылбек ағамыздың «Ұлы Отан соғысы тарихына әділеттілік керек» деген мақаласы.

Мақаламен танысқаннан кейін ойға қалдым. Сөз таластыра берудің өзі де ыңғайсыздау сияқты. Алайда, мақаланың ойландырмайтын жері де жоқ емес. Академик М. Асылбек үлкен проблеманы көтеріп отырғаны сөзсіз.

Иә, бір кездері герман фашизмі мен кеңестік жүйенің арасындағы туындаған кикілжіңнің қиян-кескі соғысқа айналғаны, оған әлемдік тарихнамадағы көрсеткіштер бойынша 60-тан аса мемлекеттің тартылып, миллиондаған адамдардың шыбын жандары үшін жанталасқан уақытта, 40 миллионнан астам адамның қаза тапқаны және одан да ең өкініштісі – қаза болған адамдардың барлығы тек майдан шебінде емес, басым көпшілігінің қоршауда қалған қалаларда, әскери тұтқындарға арналған концлагерлерде, қара жұмыста жүргендері болған оқиғаның негізінде жастарды патриоттық сезім мен отансүйгіштік бағытта тәрбиелеу үшін пайдаланғанымыз да жоқ емес.

Ол ойымыз ұзаққа созылмады. Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Жас кезімде ауылдың ересек адамдарымен бірге ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істегенім бар. Солардың бірі – Отан соғысының ардагері Баукен деген кісі еді. Оқиға қыстыгүні болатын. Мал жайлап жүргенбіз. Кенеттен ағамыз қолына бос шишаны алған бойда жерге жата қалып, жақын жерде жайылып жүрген малға қарай еңбектей жөнелді. Көздеген мәресіне сәл жетпей, қолындағы ыдысты құлаш кере мал жатқан жаққа қарай лақтырған егде адамның сондағы айтқаны: «...Бала, біз осылай соғысқанбыз!».

Әкемдей кісінің жаңағы бір өрескел мінезіне таңқалып тұрғанымда соғыстың алғашқы күндерінен бастап, Қызыл Армияның атты әскерлер құрамында болған ағамыздың ел ішінде айтып жүр деген тағы бір әңгімесі есіме түсті. Баукен ағамыз соғыс уақытында атты әскер құрамында болған (ол – шындық). Қызыл Армияның соғыс тәсілдері туралы көп айтатын. Айтуынша, атты әскер қалың орманның ішінде жасырынып тұрады екен де, немістердің танкілері жақындап келген уақытта құйындатып шапқан бойы немістердің техникасына таяп келіп, танкінің зеңбірегінің ұзын мойнын қылышпен «шауып түсіреді» екен...

Ешкім сенбейтін әңгіме, әрине! Бүкіл ауыл марқұм ағамызды күлкі қылып, мазақ ететін. Соғыстың иісі мұрнына бармаған мен сияқтылардың қатты қателескенін кейін түсіндім. Соғысқа қатысқан ағамызды аңғалдыққа, ал қатыспағандарды жалған патриоттыққа үйреткен кеңестік жүйе екен. Қолына мылтық ұстауды үйреніп, мергендікке әбден жаттыққан «ворошилов атқыштары ғана танкіге қарсы тұра алады» дегенге әбден сенгендердің бірі – жоғарыдағы аңғал ағамыз. Солардың ішіндегілер – М. Асылбек ағамыз көрсетіп отырған – соғыстың алғашқы күндерінде ондаған қызыл әскердің қолына тиген жалғыз винтовкамен жаудың механикаландырылған қалың тобырына автоматпен оқ жаудырып келе жатқан әскеріне жөнді қарсылық көрсете алмай, жаудың қолына түскен соғыс тұтқындары амалдың жоқтығынан «Түркістан легионы» құрамына қосылған, сол үшін «жазықсыз қараланған», соғысқа не үшін барғандарын кейде түсіне алмай кеткен жаралы жандар, сол үшін зәбір шеккен олардың туыстары...

Осылай соғысатын ба еді?

Ұлы Отан соғысы тарихына байланысты туындайтын осындай сұрақтарға жауап іздегендер аз болмағаны белгілі. Бүгінгі күндері әжептәуір шырғалаңға әкеліп отырған кезеңнің қыр-сырын ашуға білек сыбана кірісіп кеткендердің арасында академик М. Асылбек айтып отырғандай, «... Совет дәуіріндегі отандастарымыздың данқты еңбегі мен жауынгерлік ерліктерін Қазақстан егемендігі тұсында жоққа шығаруға тырысқан кейбір жас авторлардың пайда болуы» өкінішті нәрсе.

Тек осы тұста біздің түсінбейтініміз: біреулерді жоғарыдағыдай меңзеп отырып, Мәлік-Айдар ағамыз өзінің мақаласында Мемлекет тарихы институтының негізінен жас ғалымдары дайындаған жинаққа және осы жинақты шығаруға басшылық еткен Бүркітбай Ғелманұлы Аяғанға шүйліккенінде.

Деректерді бір еңбектің ішіне топтау арқылы кейінгі буынға «соғыс қырғыны осылай болуы мүмкін бе еді?» деген сөздердің жауабын өздерінше беруге әрекет жасаған, оның үстіне орыс тіліндегі деректерді қазақша сөйлетуге (институтта арнайы қазақ тілінің аудармашысы жоқ, жас ғалымдар өздері – екі тілді меңгергендер!) тырысқан жас ғалымдар әрекетін «Қош!» деудің орнына өзінің іс-әрекеттері арқылы өнегелі тәрбие мен үлгі беруге тиісті ағамыздың өзі айтып отырған «тарихи – құжаттық зерттеу» емес, құжаттық және мақалалар жинағын, тек «көлемді көбейтіп, 300 беттік жинақты екі еседен аса – 640 бетке дейін жеткізудің орасан зор «зерттеу» екенін көрсету үшін жазылған» деп қабылдауы өкінішті-ақ.

Бүгінгі ғалымдар тек Ұлы Отан соғысының емес, жалпы қазақ тарихының ұлан-байтақ беттерін жаңа тұрғыдан толықтыру мақсатымен алыс-жақын шетел мұрағаттарынан деректер тауып, оларды «қазақшалап» жатқанда академик М. Асылбек ағамыздың жинаққа байланысты «методологиялық мәдениеті төмен» деп санауы, зерттеу материалдарының «...түпнұсқасы қай тілде болса, солай берілгені жөн...» деуі қаншалықты жөнді екен?!

Басқа мәселе жоқ па? Соның ішінде, мысалы, Кеңес одағы сол соғыста 26-28 миллионнан астам адамын жоғалтқанда, Ұлыбритания адам өмірімен санаса білген сияқты: жеті жылға созылған соғыста адам шығыны 357 000 (?) төңірегінде болған. Бұл қалайша? Бір мемлекет адамдарынан миллиондап айырылып жатқаны оның адам өмірімен санаспағаны ма?

Орайы келгенде бүгінгі күнге оралсақ. Тәуелсіз Қазақстан, Елбасымыз – Н. Назарбаев туралы жалпы қазақтар туралы кім, не айтпай жүр (әсіресе, кейбір шетелдік ғалымдар). Бірақ ондайда құрметті Мәлік-Айдар ағамыздың дауысы естіле бермейді... Неге?

Академик ағамыздың қатты сынына ұшырап отырған ғылыми жинақтың оқырмандар арасына тарағанына үш жылдан асқан екен. Сол уақыттан бері ағамыздың осы жинақ туралы «сыр сандықтың түбінде, сары майдай сақтап» жүрген ойын неге енді ғана жеткізіп отырғаны да түсініксіз...

Бірақ «ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Себебін тауып, ішінде жіберген кейбір олқылықтарды ескеріп, осы еңбекті Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңына қарай өңдеп, толықтырып қайта шығарсақ па екен (?!) деп ойланып жүргенде Сіздің пікіріңіз жақсы болды, Мәлік-Айдар аға! Газет бетінде жарияланған күннен бастап, «мақалаңыз» институт қабырғасында ілулі тұр. Ондағы мақсатымыз жастар көрсін, олардың бойындағы еркіндік оты өшпесін деген ой! Еңбектеріңіз ешкімді елең қалдырмай, тіпті академик ағаларымыз да уақыт тауып, назар аударады екен дегенді дәріптеу!

 

Амангелді Қашқымбаев,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

// Қазақ әдебиеті. - №44 (3364)     №45 (3365)        

 

http://writers.kz/journals/?ID=10&NUM=248&CURENT=&ARTICLE=6818

 



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика