Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Орынбор көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Бүркітбай Ғелманұлы Аяған

Б.Ғ. Аяған - тарих ғылымдарының докторы, профессор, саяси ғылымдарының доценті, Қазақстан Республикасы Әлеуметтану академиясының академигі, «Қазақ Білім Академиясының» академигі, «Кәсіби тарихшылар және қоғамтанушылар академиясының» академигі. Қазіргі Қазақстан тарихы ғылымына зор үлес қосқан ғалым.

Б.Ғ. Аяған 1954 жылы 20 қарашада Солтүстік Қазақстан өңірінде дүниеге келген. 1979 жылы Абай атындағы (ҚазҰПУ) Алматы мемлекеттік университетінің Тарих факультетін бітіріп, сол жерде оқытушы болып жоғарыда көрсетілген факультеттің доценті ретінде жұмысқа алынған. 1990 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасының Білім министрлігіне қызметке шақырылған. Одан кейінгі жылдары Алматы қаласының Қазақ заң университетінде жұмыс атқарды. Содан Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің жүйесінде жұмыс атқарды. 2003 және 2008 жылдар аралығында «Қазақ энциклопедиясында» Бас директор-бас редактор болып еңбек еткен.

Б.Ғ. Аяған көптеген ғылыми еңбектердің авторы ретінде танымал, олардың қатарында орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған кітаптар, оқу құралдары, монографиялар, энциклопедиялар, ғылыми-танымдық басылымдар бар. Б.Ғ. Аяғанның редакциясымен «Қазақ энциклопедиясының» 10 томдығы 5 томы қазақша, 5 томы орысша және жинақталған ағылшынша томы жарық көрді.

«Қазақстанның иллюстрацияланған тарихы» 4 томдығының авторларының және құрастырушыларының бірі.

2008 жылы Б.Ғ. Аяған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры болып тағайындалды.

Б.Ғ. Аяғанның басқаруымен Мемлекет тарихы институтының ұжымы бірнеше ғылыми жобаларды дайындады. Олардың қатарында тәуелсіз Қазақстан тарихы бойынша хрестоматиялар мен оқулықтар, «Внешнеполитические инициативы Президента Республики Казахстан» хрестоматиясы, қазіргі Қазақстанның саяси партиялары туралы анықтамалықтары, саяси технологиялар мен терминдер, қазақ және орыс тілдеріндегі сөздіктер, «Евразийство: история и современность» монографиясы, «Қазақстанның қазіргі кезеңдегі этникалық, конфессионалдық және сыртқы саяси проблемалары», «Көп қырлы әлем: мемлекет, мәдениет, өркениет», «Духовно-идеологические процессы современного Казахстана: сущность, тенденции, особенности», «Назарбаев Нурсултан Абишевич – основатель независимого государства» атты кітаптары бар.

Б.Ғ. Аяғанның редакциясымен «Ұлы Дала тұлғалары» топтамасының «А.Ермеков», Ж.Тәшенев», «І.Есенберлин» сияқты кітаптары жарық көріп, көпшілік жұртқа тұсаукесері жасалды. «Нурсултан Назарбаев – человек у власти», Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығына арналған «Абырой мен парыз» (Честь и долг) атты ғылыми-танымдық монографиялары жарық көрді. Ол жоғары оқу орындарының тарихшы емес бакалавр мамандықтарына арналған «Новейшая история Казахстана» (1991-2014), «Қазақстанның қазіргі заман тарихы» (1991-2014), «Современная история Казахстана» кітаптарының авторы. Б.Аяған жоғарыда келтірілген зерттеулердің жаңа идеясын таба білді.

Сонымен қатар ол белгілі «Көшпенділер», «Namads», «Ұлы Дала дүбірі», «Жау жүрек мың бала» кинофильмдеріне ғылыми кеңесші болды.

Ғалым Гувер революция және бейбітшілік соғыс институтында (АҚШ), Амстердам қаласындағы (Нидерландия корольдігі) Халықаралық әлеуметтік тарих институтында ғылыми тағылымдамадан өткен. Жапония, АҚШ, Ресей, Польша және тағы басқа елдердегі халықаралық конференцияларға қатысты.

Бүркітбай Аяған жас тарихшылардың тәлім тәрбиесіне, білімдерін жетілдіру жолында зор еңбек сіңіріп келеді: соңғы жылдардың өзінде Институттың 8 қызметкері магистратураға, 6 доктарантураға, 4 қызметкер Ресей, Қытай, Үндістан және Ұлыбританияда ғылыми тағылымдамадан өтті, 5 ғалым Түркия, Ресей, Беларуссия қалаларына ғылыми іс-сапарларда болып қайтты.

Б.Ғ. Аяған ғылыми-зерттеу жұмысын республиканың жоғары оқу орындарында сабақ берумен жақсы үйлестіреді. Өзінің жаңа идеяларын университет аудиториясымен белсенді талқылайды.

2015 жылы ғалымның бастамасымен «Қазақ хандарының жолдарымен» атты ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция құрамына профессор Б.Ғ. Аяғаннан басқа Институт қызметкерлері: директордың орынбасары Р.Д. Темірғалиев, кіші ғылыми қызметкер А.Әбілов және жүргізуші Д.Жақұпов қатысты, олар республика бойынша бейнеқұжаттар мен суреттер жинап төрт жарым мың шақырым жол жүріп, республика өңірлерінің тұрғындарымен кездесіп, сұхбаттасып, Қазақ хандығының тарихын таныту мақсатында жол бойғы қалалар мен елді мекендердің кітапханаларына кітаптар сыйлады.

Б.Ғ. Аяған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен (2001 ж.), «Ерен еңбегі үшін» (2004 ж.), «Баспа және полиграфия ісінің қайраткері» (2005 ж.) құрмет белгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж.) мерейтойлық медалімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен (2011 ж.), «Құрмет» (2014 ж.), «Ғылымға сіңірген еңбегі үшін» (2014 ж.) төс белгісімен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» (2014 ж.) мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

Б.Ғ. Аяған Туссон қаласының (АҚШ) және Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының құрметті азаматы болып табылады.

Үйленген, екі баланың әкесі.



© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика