Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Еркін Әбіл: "Көпұлтты" деген ұғымнан арылар кез келді"

Еркін Әбіл: "Көпұлтты" деген ұғымнан арылар кез келді" 13.11.2021

Еркін Әбіл: "Көпұлтты" деген ұғымнан арылар кез келді"

"Бір елде көп ұлт болуы мүмкін емес". Қостанай облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының отырысында тарихшы ғалым Еркін Әбіл осылай деді. Ол ел тарихының бүгінгі мәселелері туралы да пікірін ортаға салды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Еркін Әбіл — Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне қарайтын Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы. Ол осы тақырыптағы көзқарасын бұған дейін де ашық айтып жүрген. Ғалымның пікірінше, бізді біріктіретін бір тарих болуы тиіс.

"Көпұлтты" деген ұғымнан арылу керек. Кеңес үкіметі кезінде қолданған терминдер мен түсініктер ескірді. Ал бізде әлі күнге дейін тарихты әр өңір, әр аудан өзінше жазып жүр. Көбі тарихын қоныс аударушылардың келген кезеңімен байланыстырады, тіпті жиырмасыншы ғасырдың басынан бастайтындар бар. Сонда оған дейін сол маңдарда ел, мәдениет болмаған ба?", — деді Еркін Әбіл.

Ол осындай жайттар ескеріліп, біртұтас ұлт тарихының тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын айтып өтті.


Қазір тарих ғылымы қандай жағдайда? Қай тақырыптар жақсы зерттелді, нендей мәселелер ескерілмей келді? Қай салада мамандар бар, қай тақырыпта аз жазылып жүр? Концепцияны жазуда осы сұрақтар негізге алынбақ.

"Бұл бәрін жаңадан жазамыз деген сөз емес. Тарихымызға ұлттық көзқарас керек. Өкінішке қарай, бүгінге дейін тарихымызды өзге елдің ғалымдары жазып келді. Солар негізге алған әдістемелік ұстанымдармен зерттеп жүрдік. Сондықтан, алдымызда тұрған үлкен мақсат — ұлттық көзқарасты қалыптастыру", — деп ойын толықтырды ол.

Тұжырымдама мектептер мен оқу орындарында тарихты қалай оқытуды нақтылап беретін құжат болады.

"Тарих ғылымында әдістемелік еркіндік маңызды. Ал тарихи білім беруге келсек, біртұтас концепция керек. Оқулық жазғанда, оқу бағдарламасын дайындағанда бізде түсінік те, ұстанатын бағдар да бірдей болуы тиіс. Әйтпесе, Қазақстанда әр ұлт тарихын өзінше оқытып жүр. Өз басым осы ұлан-ғайыр далада құрылған қағанаттардың, хандықтардың, өсіп-өнген ұлыстардың шежіресі "Ұлы дала өркениеті" деген ортақ ұғымға топтастырылғанын қалар едім", — деді ғалым.

Мемлекет тарихы институты қолға алған аталмыш жоба екі жылға есептелген. Концепцияны келесі жылдың аяғына дейін толық дайындап шығару жоспарланып отыр.

"Оны шенеуніктер емес, тарихшылардың үйлестіру кеңесі қабылдап алады деп сенемін. Бұл жұмысты негізінен біздің институт ұйымдастырғанымен, оған Қазақстанның бүкіл аймағынан ғалымдары тартылған. Осы бағдарлама аясында басқа да мамандарды шақырып жатырмыз", — деді институт директоры.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика