Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Абылай ханның жорық жолдары

Абылай ханның жорық жолдары 14.09.2021

Абылай ханның жорық жолдары

Елімізде 2021 жылдың 31 шілде және 14 тамыз күндері аралығында «Абылай ханның қара жолы. Абылай ханның жорық жолдары» атты тарихи-танымдық экспедициясы жұмыстар атқарды. Бұл экспедиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды.

Қазақстан Республикасында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында көрсетілген «Ұлы Даланың ұлы есімдерін» ұлықтау және батыр бабалар ел қорғап, ерлік көрсеткен шайқас орындарын қарастыру мен зерттеу, тарихи белгілерін анықтау, осы тұрғыда тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашу бағытында жұмыстар атқарды. Экспедицияға қатысушылар 8000 шақырымдай жол жүріп, үлкен олжамен аман-есен елге оралды.

Экспедицияны ұйымдастырған Ыдырысов Мұрат Ыдырысұлы – қажы, қоғам қайраткері. Экспедицияның ғылыми жетекшісі Қанат Еңсенов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор.

 

Экспедицияға қатысушылар Ерейментаудағы Бөгенбай батыр ескерткіші алдында

Экспедиция жұмысына қатысушылар 31 шілде күні таңда Бурабайдағы Абылай хан алаңынан сапарға аттанып, Елордасы Нұр-Сұлтан қаласының солтүстік-шығысында орналасқан Қоянды ауылының маңына ат басын тіреді.

Осы жерден ары қарай Ерейментау бағытында жол жүріп, Сұңқар тауына жеттік. Бұл жазық жердегі шоқының биіктігі – 460 метр. Бұрын осы биік шоқы үстінен қазақ-жоңғар соғысы кезінде Бөгенбай және тағы басқа батырлар қарауыл қарап, жорыққа дайындалған. Сапарда келгендерді Ерейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов пен «Мәдениет бөлімінің» бастығы Сайлау Қабыкенұлы күтіп алды.

Біздер 1 тамыз күні Ерейментаудан шығып, Қоржынкөл маңында жерленген Бөгенбай батырдың ұрпағы Саққұлақ (1800-1888 жж.) шешенннің кесенесіне келдік. Саққұлақ шешен заманында қазақ халқына кеңінен танылған және соңында өсиет сөздер қалдырған белгілі тарихи тұлға. Осы аталған батырлар елін аралатып, тарихи орындарға жол бастаған Ерейментау ауданының әкімшілік қызметкерлерімен қоштасып, ары қарай Екібастұзға жолға шығып, одан оңтүстік бағытта орналасқан Мәшһр Жүсіп Көпейұлы (1858-1931 жж.) кесенесіне жеттік. Мәшһүр Жүсіп қазақ халқының бір туар дарынды тұлғаларының бірі, ақын, ойшыл және әулие адам болған. Осы киелі мекенге барғанда халықтың өте көп келетінін көрдік. Экспедицияның басты ұйымдастырушысы Көкшетаулық Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған азаматтар ең алдымен құран бағыштап, құрбан шалды. Осы қазақ елінің бір қасиетті жерінен Баянауылға қарай сапарға шықтық.

Баянауылдағы Жасыбай батыр бейіті

Баянауыл тарихта даңқты батырлары, ақындары мен дана тұлғалары арқылы танылған қазақ халқының киелі жері. Жол-жөнекей Баянауылдың көркем табиғатын тамашалай келіп, аудан орталығының жанындағы үлкен көлдің жағасына келіп тоқтадық. Бұл жерде демалыс орындарының арасында Баянтау деп аталатын орын бар екен. Орналасқаннан кейін дәл осы көлдің батысында орман арасында Жасыбай батырдың (1724-1752 жж.) бейітіне барып құран бағыштадық. Жасыбай батыр қазақ-жоңғар шайқасында ерекше ерлік танытып, қапыда қалмақтардың қолынан қаза тапқан даңқты батыр тұлға.

Бұл өлке кезінде Үмбетей жыраудың «...Баян Аула, Қызылтау» деп жырлаған қазақ халқының киелі мекені. Баянаулдан біздер 2 тамыз күні Мұса Шорманұлының ауылына жол тарттық. Тарихи тұлғаның кесенесі орналасқан Теңдік ауылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың да дүниеге келген, тәрбиеленген және балалық шағы өткен ортасы болған. Осы аталған Теңдік ауылынан таулардың арасындағы жазықпен өтетін қара жолмен біздер Далба тауының етегіндегі Бұқар жыраудың кесенесіне келдік. Бұқар баба өз заманында Абылай ханның басты кеңесшісі, Қабанбай, Бөгенбай және тағы басқа қазақ халқының батырларымен жорықта бірге үзеңгілес жүрген дара тұлға болған.

 

Бұқар жырау кесенесі

Осы Бұқар жырау кесенесіне аялдап, батыр бабалардың рухына құран бағыштап, одан кейін Қарқаралы ауданына жолға шықтық. Бұл өңір де қазақ халқының талай дарынды тұлғаларын дүниеге әкелген киелі жер. Қарқаралы тауылары арасындағы жазықтармен жолда келе жатып, жан-жағыңызға қарасаңыз басқа жерден өзгеше табиғаты бар, қарағайлар көп өскен таулы жоталарды байқайсыз. Мұндай киелі өңірден Қазыбек би Келдібекұлы сияқты даналар, атақты батырлар мен ақындар көп шыққан. Кезінде жоңғарлар осы Қарқаралы және Баянауыл жерлеріне дейін жорықпен келген. Атақты Қазыбек би өз заманындағы жыр-толғауларында: «...Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз...», - деп жырлаған ғой. Яғни, қазақ халқының өз Отанын қорғай білгендігін байқатады. Осы Қарқаралы ауданында Құнанбай салдырған мешіт пен Абай тоқтаған тарихи үйде бар екен.

Экспедицияға қатысушылар 3 тамыз күні таңда Қарқаралыдан Қайнарға қарай жолға шығып, тау арасындағы белесті жолдармен Қайнарға жетіп, одан ары шыққанда Тоқтамыс ауылына бұрылатын бұрылысқа келгенде Абай ауданының «Абай елі» газетінің редакторы Бақытжан Байболов қарсы алдымыздан күтіп алып, алдымен Тоқтамыс ауылына, одан кейін «Қоңыр әулие» үңгіріне жол бастады. Бұл «Қоңыр әулие» аталатын ерекше киелі мекен Тоқтамыс ауылдық округінің аумағында орналасқан. Бізді осында Тоқтамыс ауылының әкімі Ақылтай Қалиоллаұлы қарсы алды. Тау іргесіндегі үңгірдің тереңдігі 70 метр, түбінде жер асты суы шағын көл сияқты тұнық және өте салқын. Осы киелі жерге келгенде экспедиция мүшелері арасынан ең алдымен Кентаулық тарихшы Құралай Әпет ханым ниет қылып, өз атынан құрбан шалдырды.

Одан кейін үңгірдегі суға түстік. Суы өте салқын. Бірақ, адамды жақсы сергітеді. Үңгірден шыққанда жан-жағыңызға қарасаңыз таудың баурайында қаншама Үш жүзден сарбаздар жерленген. Олар Абылай хан заманында осы жерде атақты «Шаған шайқасына» қатысып, жоңғарлардан қазақ жерін азат етуде шейіт болған жандар. Бұл тарихи оқиға туралы кезінде Құрбанғали Халид және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жазып кеткен. Осы жерде қазақ-жоңғар арасында шайқас басталып, бір апта жау жағы алдыртпай, қазақ жағынан көп сарбаздар қаза тапқан. Сол уақытта ашуланған Абылай хан: «Кімде, кім осы қамалды алса, сол батырды «Дарабоз» атандырып, Бас қолбасшылыққа сайлаймын», - деген екен. Дәл осы шайқаста Қабанбай батыр мен Еспенбет батыр жеке дара шығып, қамалды ерекше ерлікпен алған деседі. Сондағы ерлік дастанында: «Қабанбай хандай болып ардақталды, Абылай риза болып, басынан алып тәжін тақты, Еспенбетке оқалы, зерлі шапан жапты», - деп баяндалатын жыр ауызша тарих айту дәстүрімен біздің заманымызға жеткен.

 

«Шаған шайқасы» өткен Қоңыр әулие үңгірінің маңы

Қазақ халқының киелі мекені Абай ауданының орталығы Қарауылда қонып, 4 тамыз күні Қарауылдың батысында 12 шақырым жерде орналасқан Тоқтамыс Лақаұлының (1730-1797 жж.) кесенесіне келіп, құран бағыштадық. Ер Тоқтамыс батыр Абылай хан заманында атақты сайскер жауынгерлердің бірі болған. Өзі қазақ батырларымен «Шаған шайқасы» және тағы басқа жерлерді жаудан азат етуге көп қатысқан, бес қаруға бірдей мықты жауынгерлігімен танылған. Ол туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы: «Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы, Тоқтамыс Жуантаяқ деген кісі...», - деп тарихи жырлардан жеткен шындықты жазған.

Қазақ-жоңғар соғысы кезінде Абылай ханның көшпелі Ордасы Шыңғыстау жеріне де тігілген. Біраз уақыт Шыңғыстауды мекендеп тұрғандығына байланысты Архат ауылының маңындағы қоныс қылған жерлер тарихта «Орда тауы» Абылай ханның қонысытануымен байланысты болғандығын кезінде Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» еңбегінде жазып кеткен. Яғни, тарихи жердің атауы осылайша атала бастағандығын байқаймыз.

Елдің Шығысына қарай жалғасқан сапарда Абай ауданындағы Абай мен Шәкәрім жерленген Жидебай, Құнанбай және оның әулеті жерленген Ақшоқы қыстағы, Еңілік пен Кебек жерленген төбе, Абай дүниеге келген жер Қасқабұлақ, Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрліні аралап көріп, Күшікбай батыр жерленген төбе мен оның бұлағына тоқтадық. Осы Абай елінен ұзақ жол жүріп, Семей қаласы мен Шар ауданынан өтіп, түнделетіп Жарма ауданына жетіп қондық.

Экспедицияға қатысушылар 5 тамыз күн таңда Жарма ауданынан Шығысқа қарай жолға шығып, күре жолдың сол жағында Ортабұлақ ауылының маңындағы көл жағасына жерленген Ер Жәнібек батырдың бейітіне келіп, құран бағыштады. Керей Ер Жәнібек батыр Абылай хан заманындағы атақты Қабанбай, Бөгенбай, Барақ, Шыңқожа, Дәулетбай, Баймұрат, Ақпантай, Қожаберген және тағы басқа батырлармен есімі қатар аталатын қаһарман тұлғалардың бірі және бірегейі болған.


Ортабұлақ ауылының маңындағы Ер Жәнібек батыр ескерткіші алдында

Осы аталған Ер Жәнібек батырдың бейіті мен ескерткіші жанынан жолға шығып, Қалбатау ішімен, Көкпекті ауданынан өтіп, Тарбағатай ауданының Ақмектеп ауылына келіп тоқтадық. Бұл жерде шилі кең жазық бар. Ол жерде кезінде тарихтағы 80 күндік «Шорға шайқасы» өткен.


Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылының маңындағы Шорға жазығы. Қазақ-жоңғар шайқасында 80 күндік «Шорға шайқасы» (1754-1755 жж.) осы жерден басталған 

Бұл Шорға шайқасына кезінде Қабанбай батырдың үн тастауымен Абылай хан, Бұқар жырау, Үмбетей жырау, Ақтамберді жырау, Бөгенбай, Баян, Дәулетбай, Баймұрат, Барақ, Шыңқожа және тағы басқа батырлар қатысып, жоңғарлардан жерді азат етіп, жеңіске жеткен. Ол туралы кезінде Құрбанғали Халид «Тауарих Хамса» атты еңбегінде де жазып кеткен.

Міне, осы Шорға жазығынан кейін біздер ұзақ жол жүріп, Зайсан ауданына кешке қарай келіп жеткенде, Зайсан Тарихи-өлкетану музейінің директоры Мырзахан Жанат Тұханұлы қарсы алды. Бұл өңірде Зайсан көлі мен Сауыр, Тарбағатай таулары бар. Зайсан ауданы табиғаты ерекше Сауыр тауының етегінде орналасқан.

Біздер 6 тамыз күні Зайсан ауданынан шығып, жолда Сауыр тауының етегінде Жәнделі қыздың сайына келдік. Бұл табиғаты ерекше, сылдырап аққан бұлағы мен жасыл желегі бар көркем жерлердің бірі. Тарихи жер кезінде қазақ-жоңғар шайқасында ерекше ерлік көрсеткен Жәнделі қыздың есімімен байланысты аталып қалған.

Осы аталған Жәнделі сайынан ары асып түскенде Шілікті жазығы басталады. Бұл жерде көне заманда сақтар өмір сүрген. Онда патша қорғандары бар. Бұл алқаптан Қазақстандағы үшінші «Алтын адам» табылған. Дәл осы жерден патша қорғандары мен «Шілікті музейін» аралап көрдік те, музей басшысы Дамир мырзаның жол бастауымен Зайсан ауданының Қытай Халық Республикасымен шектесетін шекара аймағы «Шаған Обаға» бардық. Қарасақ, «Шаған Оба» аталған жерде көне Сақ патшасының қорғаны тұр. Бірақ, бұрын тоналған, ортасы ойық, құмы мен тасы шашылған. Осы жерде кезінде қазақ-жоңғар шайқасында қазақ батырлары қалмақтың Шаған батырын жекпе-жекте өлтіргендіктен, тарихи жер «Шаған Оба» аталып кеткен. Одан кейін шекара маңынан бері қарай батысқа 14 шақырым жүргенде «Көртөбе» аталып кеткен «Батырлар қорымына» келдік. Бұл жерде қазақ-жоңғар шайқасында қаза тапқан қаншама Абылай ханның Үш жүзден қатысқан сарбаздары мен батырлары жерленген. Демек, Шорға шайқасында қазақ жауынгерлері жоңғарларды елдің шетіне дейін қуып келіп, жерді азат еткендігі байқалады.

 

Экспедицияға қатысушылар «Шаған Оба» төбесіне шыққанда

Абылай хан тұсында қазақ-жоңғардың соңғы шайқастары Шығыс өңірде өткен. Осы «Шаған Оба» мен «Көртөбенің» аралығында Қандысудың сол жағында Қазақстан мен Қытай шекара сызығының арғы жағында Кергентаста «Батырлар қорымы» қалып кеткен. Бұрын көрген өлкетанушы Фемистокль қарияның айтуына қарағанда Үш жүздің таңбалары бар көрінеді.

Осылай батыр бабалардың жорық жолдарымен жүре отырып, Зайсан ауданы, Шілікті жазығынан Ақжар бағытында Маңырақ тауындағы «Майлы асуына» жеттік. Бұл жерде төбелерде құрметпен жерленген «Батырлар қорымы» бар. Одан ары шыққанда Маңырақ ауылына жете бергенде Қандысудың оң жағында тағы да батырлар қорымы тұр. Осы арада «Шорға шайқасы» кезінде жазықтан жауды қуалап келгенде, жау әскері өзен жағасындағы нулы бұталы, талдың арасына жасырынған. Сонда қазақ жауынгерлері сенгір-менгір деп тұрғанда, үлкен қолбасшы садыр Майлы батыр бастап кірген екен. Сол уақытта жасырынып отырған қалмақ мергені Майлы батырды мылтықпен атып, батыр аттан ауып түсіп жан тапсырған. Бірақ, қазақ жауынгерлері рухтанып, жауды қыра түскен. Қаза тапқан батыр осы Маңырақ тауының етегіндегі Қандысу бойы мен таудың асуы маңында жерленгендіктен «Майлы асуы» аталып, шайқаста өзен суы қан араласып аққандықтан «Қандысу» аталып қалған. Қазіргі уақытта Маңырақ тауында «Кіші Майлы асуы» және «Үлкен Майлы асуы» деп аталатын биік кезеңдер бар.

Қазақ-жоңғар соғысында атақты Үмбетей жырау: «...Баян Аула, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау, Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ Арасы толған көп қалмақ...», деп жырлаған тарихи жер осы.

            

Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылы

Осындай тарихи жерлерді аралап, зерттеп келген соң Ақжар ауылына келдік. Мұнда экспедицияға қатысушыларды Ақжар ауылының әкімі Дәуітбек Қорғаұлы, Бәйжігіт мешітінің Бас имамы Амангелді Жарасов, «Мәдениет үйінің» бастығы Мейрамбек мырза және Абай орта мектебінің тарихшы мұғалімі, өлкетанушы Қуаныш Қабидолдиндар күтіп алды. Кешке ел-жер тарихы және батыр бабалар туралы рухани әңгіме өрбіді.

Ертеңінде 7 тамыз күні таңда Ақжар ауылынан шығып, 10 шақырым жерде оңтүстік-батыс бағытта күре жолдың оң жағында «Әмірсана бекінісі» маңына жеттік. Бұл «Әмірсана бекінісі», «Әмірсана жамбылы» аталып келген тарихи орын туралы жергілікті қариялар бұрыннан айтып келген екен. Әмірсана бекінісінің ұзындығы – 120, ені – 110, шығыс жағынан қақпасы – 7 метр, шамамен кезінде 4 метр биік қабырғалары мен төрт бұрышында 8 метр қарауыл мұнаралары болған. Қазіргі уақытта отырған және мүжілген орны ғана қалған.

Осы Ақжар маңындағы Әмірсана қорғанынан жолға шығып, Тарбағатай ауданының орталығы Ақсуатқа келгенде «Мәдениет үйі» директоры Шәкен Көпшікбаева мен «Мәдениет және тілдерді дамыту» бөлімінің басшысы Нәзипа Ахметова экспедицияға қатысушыларды күтіп алып, олармен тарихи орындар, батыр бабалар туралы рухани әңгімеде ел-жер тарихы туралы айтып, келешекте атқарылатын іс-шаралар туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

 

Экспедицияға қатысушылар Тарбағатай ауданы орталығы Ақсуатқа келген сәті 

Қазақ халқының киелі жерлерінің бірі тарихқа толы Тарбағатай ауданынан Аягөзге қарай жолға шыққанда Көкжыра ауылына келдік. Бұл жерде Базар өзенінің Тарбағатай тауынан ағып шығатын шатқалы бар. Кезінде қариялар көп айтатын, Қабанбай мен Боранбай әскер бастап келіп, жоңғармен шайқасқа түскен, атамекенді азат еткен айтулы тарихи жерлердің бірі. Жалпы, бұл өңірде өткен қан майданды «Баспан-Базар шайқасы» деп айтады.

 

Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылының маңындлағы «Қубас кезеңі»

Жолда Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылдық округінің жеріндегі «Майлы шат», «Боранбай шаты», «Қабанбай шаты» және «Бөгенбай шаты» деп аталатын төрт қолбасшының әскерімен бекінген тарихи орындары бар. Бұл шайқастар шамамен 1754-1755 жылдары болған. Осы төрт шаттың ең көп аталатыны «Майлышат». Себебі, ол жер қазақ-жоңғар шайқасында Садыр Майлы батыр әскерімен бекінген және жорыққа дайындалған «Майлы шат» тарихи орын жол бойында тұр.

 

Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылдық округінің жерінен Аягөз ауданына шығатын жолда «Қабанбай мен Би Боранбай қосы» деп аталатын ескерткіш кешен

Қазақ-жоңғар шайқастарының соңындағы «Майлы шат», «Боранбай шаты», «Қабанбай шаты» және «Бөгенбай шаты» деген тарихи орындардың барлығында да батыр бабалардың ерлік көрсеткен іздері сайрап жатыр. Ондағы Отан қорғау шайқасына қатысқан батыр бабалардың қорымдары мен таңбалары сол уақыттың үнсіз тұрған куәгерлері сияқты. Жалпы, Отан қорғау жолында қаза тапқандар сөзсіз «жұмақтық» делінеді екен.

Осы сапарда батыр бабалардың жорық жасаған жолдарымен жүре отырып, Тарбағатай ауданынан Аягөз ауданына жақындағанда Тарбағатай ауылына келдік. Бұл ауылдан оңтүстікке қарай жеті шақырымда жерленген Қабанбайұлы Әлі батырдың (1727-1797 жж.) бейіті бар. Осы жерде мәңгілікке дамылдаған Қабанбайдың (Ерасылдың) жетінші ұлы Әлі әулие және батыр болған тарихи тұлға.

Ұзақ жол жүріп осы күні кешке Аягөз ауданына жеттік. Мұнда аудан әкімшілігінің қызметкерлерінің атынан «Мәдениет басқармасының» басшысы Жандос мырза күтіп алды. Ертеңінде 8 тамыз күні таңда жергілікті өлкетанушы, «Мөлдір сана» газетінің редакторы Бақытөмір Шалғынбаев жол бастап, Аягөз қаласының батысында 3 шақырымда орналасқан Мамырсуға келдік. Бұл жерде 1757 жылы Абылай хан бастаған қазақ батырлары қазақ, қалмақ және қытай үш жақты «Мамыр су бітімін» жасаған. Қазіргі уақытта дәл осы тарихи орында Қаракерей Қасабай батырдың кесенесі тұр. Осы маңдағы «Батпақ су» өзені жағасында 1757 жылы Абылай хан Үш жүздің батырларымен келіп шатыр тіккен және қытай мәнжу-цин қолбасшысы Фу Дэ арасында келісім жасаған тарихи орын.

 

Аягөз маңындағы Қасабай батырдың кесенесі

Экспедицияға қатысушылар Қасабай батыр кесенесінен ары қарай Жаңғұлы әулиенің зиратына барды. Осы жерде жерленген Жанғұлы баба бертінгі уақытта бір азаматтардың түсіне кіріп, аян берген екен. Содан кейін ол азаматтар ескерусіз қалған және белгісіз болған қорымдағы қасиетті бабаның зиратын төрт құлақты етіп көтеріп сауапты іс тындырған.

Қазақ халқының тарихында айтулы оқиғалар мен тарихи тұлғалары арқылы танылған киелі өңір Аягөзден Алтынемелге сапарға аттанып бара жатып, жолда Шыңқожа батыр ауылына тоқтадық. Ауылға кіреберісте «Шыңқожа батыр» ескерткіші мен саябақ орналасқан. Осы жерден ары Үшарал-Сарқанд-Жансүгір-Талдықорған арқылы Алтынемелге түнделетіп жеттік. Бұл экспедиция сапарында ең ұзақ жүрген жеті жүз шақырымдық жол болды. Алтынемелде біздерді күтіп алып алған Тезек төре ұрпағы Азамат Ақылбеков ең алдымен Тезек төренің, одан кейін Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов жерленген төбеге жол бастап келді. Осы жерде Көкшетаулық Дулат Мәліков есімді азамат Шоқан атасының басына келгенде құран бағышталып, Сырымбеттен әкелген топырақты қабіріне салған соң, өз қолымен қан шығарып, құрбан шалды. Біздер Шоқанның басында тұрған уақытта кенеттен қара бұлт пайда болып, біраз жауын себелеп, одан кейін тоқтады. Бір тылсым құбылыс деп ойладық. Бұл қаншама уақыттан кейінгі өте сауапты іс екендігі анық.

 

Шанханай ауылының жанындағы төбеде Шоқан Шыңғысұлы жерленген жер

Біздер Алтынемелден Қапшағай арқылы Алматы қаласына кіре берісте Покровка кентінінде Әлмерек батырдың кесенесіне келдік. Әлмерек баба қазақ-жоңғар шайқасы кезінде қол бастаған батыр, абыз-әулие адам болған.

 

Алматы қаласы, Покровка кентіндегі Әлмерек батырдың кесенесі

Экспедицияға қатысушылар одан кейін Алматы қаласының ішінде Райыбек батырдың кесенесіне келіп тоқтады. Тарихи тұлға албан Түкеұлы Райымбек батыр (1705-1785 жж.) қазақ-жоңғар шайқасы кезінде қол бастаған қолбасшылардың бірі және қазақ жерін жаудан азат ету шайқастарының көпшілігіне қатысқан даңқты сардар болған.

 

Алматы қаласындағы Райымбек батыр кесенесі

Осы Батыр баба Райымбектің кесенесінен шығып, кешке Ұзынағашқа жеттік. Бізді Т.Рысқұлов атындағы мектеп-интернаттың директоры А.Д. Аккулиева мен тарихшы, өлкетанушы Секскенбек Нағашбай күтіп алды. Бұл өңір талай батырлар, ақындар және дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген киелі мекен. Қазақ-жоңғар шайқасы уақытында ерлік көрсетіп, ел қорғаған шапрашты батырлары: Сатай, Бөлек және Наурызбайлардың да есімі тарихи деректер мен жырларда аталады. Олардан кейін осы елден шыққан Түктібай баба, Сүйінбай, Жамбыл ақын, Сарыбай би, Қайназар батыр, Таймөңке қажы және тағы басқа білікті адамдар тарихтан белгілі.

Абылай хан заманындағы даңқты батырлардың бірі дулаттан шыққан Өтеғұлұлы Өтеген батыр (1699-1773 жж.). Өтеген батыр тарихи деректер мен тарихи жырларда кездесетін тарихи тұлға. Жаугершілік уақытта қазақ жерін жаудан азат етуге қатысқан атақты батырлармен есімі қатар аталады. Батыр баба туралы Жамбыл Жабаевтың «Өтеген батыр» дастанында жырланған. Осы жерде Өтеген ауылының тұрғыны, зейнеткер Жұмахан Умиров Өтеген бабасы туралы сұхбат берді. Біздер Қордай ауданына келгенде экспедицияға қатысушыларды күтіп алып, жол бастаған кәсіпкер Талғат Динашев мырзаға да алғыс айтамыз.

 

Қордай ауданы, Өтеген ауылы маңындағы Өтеген батыр кесенесі


Қазақ халқының тарихында ерекше орын алған Абылай ханның ұрпағы Қасымұлы Кенесары хан 1847 жылы Қырғыз елімен шектесетін Кекіліксеңгір тауының етегіндегі Майтөбе маңында қаза тапқан. Осы жерге арнайы Кенесары хан дүниеге келген Көкшетау өңірінен әкелінген топырақты салып, «Кенесары ханның туған елінен» ескерткіш, белгі тасты Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған азаматтар орнатты.

Экспедицияға қатысушылар Майтөбеден кейін Қордай маңында Жаңатұрмыс ауылына келіп тоқтады. Осы жерден Шу ауданына жол тарттық. Күн бата біздер Шу ауданына келіп қондық. Ертеңінде 11 тамыз күні таңда Шудан Хантау ауылына жолға шықтық.


Хантау баурайында

Қазақ тарихында Хантау ерекше аталады. Өйткені, арғы тарихта Қазақ хандығын Керей мен Жәнібек хандар құрған жер. Бергі уақытта қазақ-жоңғар заманында атақты «Аңырақай шайқасы» 1729/1730 жылы осы Хантау, Ақсүйек жерлерінен басталып, оңтүстікте Құлан қаласына дейін, шығыс бағытта Іле өзеніне дейін үлкен аумақта өткен.

Одан кейін осы Хантау маңынан Балқаш бағытында жол жүріп, одан ары Ақжал ауылы маңындағы Баян батыр жерлерленген қорымға жеттік. Абылай ханның заманында атақты сардарлардың бірі - Баян Қасаболатұлы (1714-1772 жж.) қазақ-қалмақ арасындағы «Шаңды жорықта» қаза тапқан. Сол уақытта қазақ даласымен Жоңғарияға көшіп бара жатқан Ұбашы қонтайшы бастаған қалмақтар Баян батырдан қауіптеніп, оның ілесіп келе жатқан бағытында құдыққа у салып кеткен. Яғни, Баян батыр қапыда жауынгерлерімен қаза тапқан.

Осы Баян батыр қаза тапқан жерді аралап шыққаннан соң экспедицияға қатысушылар Ақсу-Аюлы ауылына келіп қонды. Ертеңінде 12 тамыз күні Қарағанды қаласына қарай жол жүріп, одан кейін Осакаров (Аса қарлы) ауданы, Степной ауылы маңындағы «Шүршіт қырылған» төбеге келдік. Бұл жерде қазақ жеріне жорыққа аттанып келген мәнжу-цинь қолбасшылары Дардана мен Хадака әскерімен 1756 жылы шайқасқа түскен Абылай хан мен Бөгенбай батыр бастаған жауынгерлер еді. Кезінде олар Әмірсана ноянды соңынан түсіп, сылтауратып қуып келіп, қазақ жерін жауламақ ниетте болған. Бірақ, қазақ жауынгерлері шүршіттермен бірнеше жерде шайқасқасты, көшпенділерге тән ерекше әдістер мен айлаларды қолданды. Нәтижесінде мәнжу-цинь әскері жеңіске жете алмай 1757 жылы Аягөзде «Мамыр су бітімін» жасап, елдеріне кеткен.

Экспедицияға қатысушылар тамыз айының басында 14 күнге созылған ұзақ 8000 мың шақырым жол жүріп, кезінде Абылай 40 жылдан аса сұлтан болған Көкшетау жеріне аман-есен оралды. Бұл экспедицияда қариялардан сұхбат алынды, «Деректі фильм» түсірілді. Тарихи орындардың GPS координаттары белгіленді. Алдағы уақытта осы жинақталған материалдар негізінде «Абылай ханның жорық жолдары» атты еңбек жарыққа шығады.

Осы экспедицияны Ақмола облысынан ұйымдастыру және қолдауда Мәдениет, Ішкі саясат басқармалары мен облыстық тарихи-өлкетану музейі экспедицияны жабдықтау үшін көмектерін аяған жоқ. Экспедицияның құрамында 17 адам болды. Экспедицияны ұйымдастырушы – Көкшетаудан Мұрат қажы Ыдырысұлы. Экспедицияның ғылыми жетекшісі Нұр-Сұлтаннан ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Қанат Еңсенов, Көкшетаудан Ауған соғысының ардагері Қанат Бралин, кәсіпкерлер Айтан Жылқыбай, Мырзабек Құрманғалиев, Сабырбек Сапаров, Ақмола облыстық Тарихи- өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог Жасұлан Үкеев, Республикалық «31 арна» информбюро тілшісі, Экспресс-к ақпарат агенттігінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Ерболат Серікбай, «Көкше» ТВ-ның операторы Сабырбек Шериязданов, Түркістан облысы Кентау қаласынан «Жыл Мұғалімі», тарихшы Құралай Әпет, «Абылайхан резиденциясы» музей-кешенінің (СҚО) ғылыми қызметкері Аслан Әлімжанов, Абылай ханның ұрпағы, кәсіпкер Амангелді Нашарбеков (СҚО, Сырымбет), Сырымбет Музейінің ғылыми қызметкері Алма Нашарбекова, Түркістан облысы, Кентау қаласынан Кенесары ханның ұрпағы, конструктор Құрманғазы Арыстанов, Көкшетаулық тарихшы Дулат Мәліков және Біржан сал ауданы «Мәдениет үйінің» директоры Дәулет Мұхтархан зерттеу жұмыстарына өз үлестерін қосты.

Осы экспедицияны қолдаған Ақмола облысының әкімдігі, ұлттық тарихқа, елге жанашыр азаматтар, Біржан сал, Астрахан, Ерейментау, Баянауыл, Қарқаралы, Қайнар, Абай, Зайсан, Тарбағатай (Ақжар-Ақсуат), Аягөз, Қордай, Балқаш, Шет аудандарының әкімдіктері, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, Ерейментау мен Зайсан Тарихи-өлкетану музейі, Кербұлақ ауданындағы Шоқан Уәлиханов музейлерінің ұжымдары, біздерді ескі таныстарындай құшақ жая қарсы алып барлық жағдайымызды жасап отырды. Сондықтан, экспедицияға қатысушыларды қолдаған және көмектескен барлық азаматтарға алғыс айтамыз. Болашақта да, осындай ел үшін атқарылатын игі істер жалғасын табады ғой деген ойдамыз.


Қанат Еңсенов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика