Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Батыр бабалардың жорық жолдары

Батыр бабалардың жорық жолдары 31.08.2021

Батыр бабалардың жорық жолдары

Еліміздің Шығыс өңірінде 2021 жылдың 3-12 шілде күндері аралығында «Аягөз-Майлышат-Шорға» тарихи-танымдық экспедициясы жұмыстар атқарды. Бұл эксепдиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналды.

Қазақстан Республикасында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында көрсетілген «Ұлы Даланың ұлы есімдерін» ұлықтау және келесі 2022 жылы батыр бабамыз Қаракерей Қабанбай батырдың 330 жылдығы қарсаңында батыр бабалар ел қорғап, ерлік көрсеткен шайқас орындарын қарастыру мен зерттеу, тарихи белгілерін анықтау, осы тұрғыда тарихтың «ақтаңдақ» беттерін ашу бағытында жұмыстар атқарды.

Экспедицияны ұйымдастырушылар: Шалабаев Құсыман Кәрімұлы – «Ер Қаптағай» бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы. Еңсенов Қанат - Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор және Қабидолдин Қуаныш – Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылы Абай атындағы орта мектептің шебер-педагог санатындағы тарих пәні мұғалімі, тарих магистранты.

Осы сапарда экспедицияға қатысушылар 1279 шақырым жол жүрді. Мақсаты негізінен Қазақстан тарихында ерекше тарихи маңызды, алайда жүйелі зерттелмеген шайқас орындарын қарауға бағытталды. Сондықтан, қазақ халқының қаһармандық тарихын зерттеу, зерделеу және оны насихаттау арқылы еліміздің жастарын Отан сүйгіштік пен патриоттық тәрбиеге баулу.

Экспедицияға сапарға шыққандар 2 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласынан Семейге қарай жол жүрген Қанат Еңсенов пен Нұрлыхан Әділжановтар таңда ерте шығып, түстен кейін Семей қаласына келді. Дәл осы күні Өскеменнен Қайрат Айтхожин және Тарбағатай ауданының Ақжар ауылынан Қуаныш Қабидолдиндер де келіп түсті. Үлкен сапарға бара жатқандарды кешке үйіне қонаққа шақырып, ел ағалары - Мұхтарбек Кәрімов пен Хамит Ысқақов батасын берді. Дәл осы күні Алматыдан Аягөзге жолға шыққан Құсман Кәрімұлы Шалабаев түнделетіп Аягөз қаласына жеткен.

Міне, осындай сапарға аттанғандар 3 шілде күні Аягөзде түскі уақытта жолықты және жол сапарының бағытын ақылдасып, экспедиция жұмыстарын бастап кетті.

 

«Аягөз-Майлышат-Шорға» экспедициясының тобы Аягөздегі Мамырсуда.

Экспедицияға қатысушыларды ең алдымен Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов, әкімшілік қызметкерлері, Мәслихат депутаты Нұрланбек Тоқтабаев және Мөлдір сана газетінің бас редакторы Бақытөмір Шалғынбаевтар жол бастап келіп, Аягөз қаласы маңында батысқа қарай 3 шақырым жерде орналасқан Қасабай батыр кесенесіне ат басын тіреді. Осы жерде киіз үй тігіліп, батыр бабалардың рухына арнап Аягөз ауданының Бас имамы Алмас Айткәрімұлы құран бағыштады. Одан кейін Айшолпан Ғазизбекқызы «Батыр бабалар» туралы арнау айтса, Елдос Жақсылықов «Қабанбай» әнін орындады. Бұл жерде 1757 жылы Абылай хан бастаған қазақ батырлары Қазақ, Қалмақ және Қытай үш жақты «Мамыр су бітімін» жасаған. Қазіргі уақытта дәл осы тарихи орында Қаракерей Қасабай батырдың кесенесі тұр. Осы жерде батыр бабалар рухына арналған құрбандық шалынды. Одан кейін батысқа қарай 27 шақырым жол жүріп, Аягөз өзеніне құятын «Батпақ су» өзеніне бардық. Осы маңда 1757 жылы Абылай хан Үш жүздің батырларымен келіп шатыр тіккен және Қытай мәнжу-цин қолбасшысы Фу Дэ арасында келісім жасаған тарихи орын.

Осыдан ары қарай «Батпақ су» жерін барып, одан Бозай ауылының маңына қарай Мамырсудан 53 шақырым жерде үлкен Сақ қорғандарын барып көрдік. Бұл жердегі сақ патшаларының қорғандары көпшілігі қазылған және тоналған. Келешекте археологтар өздері арнайы қарауы тиіс деген ойға келдік.

Келесі 4 шілде күні Аягөз ауданынан 15 шақырым жерде Қарауыл төбеге шықтық. Бұл кезінде қазақ-жоңғар арасында 1718 жылы болған Аягөз шайқасы өткен тарихи орын. Осы аталған шайқас тарихы туралы Мамырсу ауылының ақсақалы Шайзада (Шахзада) Есалы Утепов сұхбат беріп, шайқас өткен жердегі «Қарауыл төбеге» жол бастап барды. Одан кейін Аягөз ауданы, Шыңқожа және Ақшәулі ауылдарына қарай жол тарттық. Қазіргі Шыңқожа ауылы қазақ тарихындағы айтулы батыр Шыңқожаның есімімен аталады. Шыңқожа батыр кезінде Қабанбай батырмен бірге жүріп, қазақ жерін азат етуде талай шайқасқа қатысқан даңқты батырларының бірі болған. Осы ауылдан Шыңқожа ауылының әкімі Медет Түсіпов қарсы алып, Шыңқожа батыр ескерткіші алдында 69 жастағы ауыл ақсақалы Оспанов Әбділқадір сұхбат берді. Бұл жерден Оңтүстік-Шығыс бағытқа жолға шыққан экспедиция мүшелері Ақшәулі ауылына келгенде ауыл әкімі Марат Төлегенов күтіп алып, тарихи орындарға жол бастады. Бұл ауылдың төңірегінде де тарихи орындар қаралып, 75 жастағы Тұяқ Байғабылов ақсақалдан «Қос қонған» туралы сұхбат алынды.

Экспедицияға мүшелері 5 шілде күні Тарбағатай ауданына қарай жолға шығып, Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылына келгенде ауыл әкімі Ербол Шәкерұлы қарсы алып, Оңтүстікке қарай 7 шақырымда жерленген Қабанбайұлы Әлі батырдың (1727-1797 жж.) бейітіне жол бастады. Осы жерде мәңгілікке дамылдаған Қабанбайдың (Ерасылдың) жетінші ұлы Әлі әулие және батыр болған тарихи тұлға. Бұл жерде батыр бабаның басында құран бағыштап, экспедиция мүшелері Сарыарқа ауылының маңындағы «Борлы көлін» арнайы барып көрді. Одан ары Тарбағатай ауданы бағытында жол жүріп, Қызыл кесік ауылынан өтіп, Досқанаұлы Ырғызбай әулие кесенесіне келдік. Осы Тарбағатай ауданының тарихи орындарын қару барысында жергілікті Өлкетанушылар мен әкімшілік қызметкерлерін ұйымдастырған және көп көмек көрсеткен аудан әкімінің орынбасары Ескендіров Ерсін мырзаға алғыс айтамыз.

Жолда Тарбағатай ауданы, Қызылкесік ауылдық округінің жеріндегі «Майлы шат», «Боранбай шаты», «Қабанбай шаты» және «Бөгенбай шаты» деп аталатын төрт қолбасшының әскерімен бекінген тарихи орындары бар. Бұл шайқастар шамамен 1754-1755 жылдары болған. Осы төрт шаттың ең көп аталатыны «Майлышат». Себебі, ол жер қазақ-жоңғар шайқасында Садыр Майлы батыр әскерімен бекінген және жорыққа дайындалған «Майлы шат» тарихи орын жол бойында тұр.


Тарбағатай ауданындағы Ырғызбай әулие кесенесі.

Экспедицияға қатысушылар Досқанаұлы Ырғызбай әулие кесенесіне келгенде Ырғызай әулие ұрпағы Жамбыл Жұманбайев отбасымен және Тарбағатай ауданы «Ақсуат мәдениет үйінің» директоры Шәкен Көпшікбаева құшақ жая қарсалды. Осы жерде «Ер-Қаптағай» Республикалық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаев бастаған азаматтар құрбан шалды. Бұл жер Қазақстанның киелі орындарының қатарына кірген, халық көп жиналатын, зиярат жасайтын қасиетті орын. Ырғызбай әулие жас күнінен қасиет қонған, дәрілік шөптерді таныйтын және халыққа ем-шара жасайтын адам болып, халық арасында кеңінен танылған. Ырғызбай Досқанаұлы (1787-1850 жж.) қазақ-жоңғар соғысы аяқталғаннан кейін, ел атамкенге келген уақытта дүниеге келіп, тура 63 жас жасаған тарихи тұлға.

Осы киелі мекеннен 6 шілде күні біздер Ырғызбай әулиенің «Күмісті бастауынан» су ішіп, жолға шығып, Қызылкесік ауылына жете бергенде «Қубас кезеңі», «Би Боранбай Қалқаманұлы» ескерткішіне тоқтап, одан кейін ауылға келдік. Мұнда ауыл қарияларын Әкімшілік ғимаратына сұхбаттастыруға шақырған әкімшілік қызметкері Еркінбек Әлімжанов деген азамат болды. Осы аталған қазақ-жоңғар шайқасы туралы, ондағы тарихи орындар жайында ауыл қариялары – Мәдениет Шәрәпиев 82 жаста, Қалихан Кәржіков 81 жастағы қария және 67 жастағы ел ағасы Нұрлан Кәженовтер сұхбат берді. Одан кейін Бөгенбай және Қабанбай шатын қарауға аттанып, Қызылкесіктен өтіп барып, Бөгенбай шатын қарап, кейін кері қарай шығып, Қабанбай шатын Үштөбе ауылының маңынан көруге келдік. Үштөбе ауылында мектеп директоры, ақын Қайыртай ағамыз үйінде күтіп алды. Одан кейін Қабанбай шатына шығып, маңын қарадық. Бұл жерде кезінде қазақ-жоңғар шайқасында қаза болған батырлардың қорымы бар. Онда ру-тайпалардың таңбасы байқалады және осы өңірдегі «Қанды шоқы», «Долаңқара» жотасы барлығы сол уақытта қан майдан болған жерлер ғой. Тарихи орындарды аралап келіп, Қабанбай шатына палатка құрып, осы жерге қондық. Бұл жер батыр бабаларымыздың тұлпарының тұяғы, өздерінің табаны тиген және қос тіккен қасиетті тарихи орын. Жалпы, шайқас орындарынан батыр бабалардың бірлігі мен ынтымағы байқалады. Өйткені, Отан қорғау жолында қаза болған жауынгерлердің қорымдарында Үш жүздің ру таңбалары бар.

 

Қабанбай шатынан шығарда бізбен бірге жүрген Үштөбе ауылынан Сырым Ердібаев пен Қызылесік ауылынан Бауыржан Бөлеубаевтар 7 шілде күні Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылына аттанды. Осы ауылда әкімшілік қызметкерлері, бас маман Нұржауған Ортбаева күтіп алып, Айтқазы Жұмаханов және Ғабдуллин Өміртай деген азаматтар жол бастап, Базар шатқа келдік. Бұл жерде Базар өзенінің Тарбағатай тауынан ағып шығатын шатқалы бар. Кезінде қариялар көп айтатын, Қабанбай мен Боранбай әскер бастап келіп, жоңғармен шайқасқа түскен, атамекенді азат еткен айтулы тарихи жерлердің бірі. Мұнда байқасақ, бұрынғы өткен қариялардың айтқандарына сәйкес келетін жорықтың іздері бар екен. Жалпы, бұл өңірде өткен қан майданды Баспан-Базар шайқасы деп айтады.


Тарбағатай ауданы, Көкжыра ауылының маңындағы «Базар шат шайқасы» 1754-1755 жылдар шамасында болған.

Тарихқа толы Тарбағатайдың тарихи орындарын зерттеу 8 шілде күні Тарбағатай ауданы, Жәнтікей ауылдық округінің жеріндегі Қожагелді ауылының Солтүстік-Батысында орналасқан «Бөртостаған» жартасы маңында жалғасты. Бұл қазақ-жоңғар шайқасы кезінде батырлар Қарауыл қараған биік жартас. Биіктігі – 559 метр. Төбесіне шығып қарағанда төңіректе талай жер көзге анық көрінеді. Осы жартасқа назар аударып, оның тасы, жазықта орналасқан орынына қарасақ, жазық аумақта жердің жаратылысында жер астынан шыққан алып жартасқа ұқсайды. Ал, аспаннан түскен «метеорит» деген пікір шындыққа келмейтін сияқты. Себебі, ол жоғарыдан сонша салмақпен түссе, жерді тесіп кіргенде жан-жағы ойық болуы керек еді. Маңында ондай терең ойық шұңқыр жоқ. Сондықтан, бұл жердің ерекше жаратылыстарының бірі деуге болады.

Міне, дәл осы арада бұрынғы қариялардың айтуы бойынша Қабанбай батыр қол бастап келе жатқанда уақытша тоқтап, жан-жағын бағдарлап, қарауыл қараған «Бөртостаған» жартасы ғой. Бізде осы жартас төбесінен жолды бағдарлап алдық. Қарасақ, Жәнтікейдің ескі ауылының орынына баратын және одан Боғас бекетіне қарай шығатын жол сайрап жатыр екен. Төмен түсіп, солай қарай жолға шықтық.


Тарбағатай ауданы, Жәнтікей ауылының маңы «Бөртостаған» жартасы.

Бөртостаған жартасы маңынан шығып, даланың тегіс қара жолымен Тарбағатай ауданының Боғас бекетіне келдік. Бұл жер Зайсан мен Ақсуаттың жол айрығы. Мұнда Қаракерей Қабанбай батырға салынған ескеркіш кешен бар. Осы маңнан Зайсан мен Ақжар бағытында Ақмектеп ауылы орналасқан. Дәл сол жерден Шорға жазығы басталады. Кезінде Қабанбай батыр үндеу тастап, қазақ халқының Үш жүзінен атақты батырлары жиналған, Абылай хан, Бұқар жырау, Ақтамберді және Үмбетей жыраулар қатысқан тарихтағы 80 күндік Шорға шайқасы осы жерден басталған.

 

  Тарбағатай ауданын, Ақмектеп ауылы маңындағы Шорға жазығы. 80 күндік Шорға шайқасы 1754-1755 жж. осы жерден басталып, Шаған Обада аяқталған.

Осы айтулы Шорға жазығында орналасқан елді-мекендердің бірі – Тәуке, Қабанбай ауылдары. Шилі Шорға жазығынан ағып өтетін Шорға өзені жағасына келгенімізде Қабанбай ауылының әкімі Мейрамбек Мұқатов қазақтың киіз үйін тігіп, ауыл қариялары мен азаматтарын сұхбатқа дайындаған екен. Дәл осы жерде Кәрібек Шопатов, Бақыт Ақмолда, Қайрат Айтхожин, Амангелді Жарасовтар Шорға шайқасы туралы сұхбат берді.

Елдің тілегі болашақта Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылының жанынан Шорға шайқасының тарихына арналған тарихи ескерткіш кешен, монумент тұрғызылса деген ұсыныстары бар екен. Өте орынды. Жалпы, мемлекеттік деңгейде қолдауға тұрарлық ұсыныс. Алдағы уақытта бүкіл ел болып қолдауымыз керек.

Бұдан кейін экспедицияға қатысушы азаматтар Ақжар ауылының Оңтүстік-Батысында 10 шақырым жерде орналасқан «Әмірсана бекінісі», бұрынғы қариялар «Әмірсана жамбылы» деп айтып жүрген тарихи орынға арнайы барды. Мұнда кезінде Жоңғарияның соңғы билеушісі Әмірсана бекініс салып тұрғандығы байқалады. Қазіргі уақытта қамал қабырғалары мүжілген және отырған. Бекініс ұзындығы - 120 метр, ені - 110 метр және қамал қабырғасы 1 метрден артық. Шығыс жағында 7 метр қақпасы болған. Шамамен кезінде бекініс қабырғалары 4 метр, төрт қарауыл мұнаралары 7-8 метр шамасында болғанға ұқсайды. Осы жерде Қабанбай ауылының тұрғыны 77 жастағы қария Жеңіс Бопырбаев «Әмірсана бекінісі» туралы сұхбат берді.

Осы жерден ары қарай жолға шыққанда Ақжар ауылының қасынан ағатын Қандысудан өтіп, Маңырақ ауылына бардық. Мұнда ауыл әкімі Әбілқайыр Қожахметов пен Бозша ауылының мектеп директоры, тарихшы Қайрат Алдауышов қарсалды. Одан біздер 42 шақырым жердегі Маңырақ тауларының етегінде, биік төбелерінде және Қандысу жағасында Сеңгір жеріндегі батырлар қорымын аралап көрдік. Бұл қорымдарда жерленгендер кезінде Шорға шайқасының ішінде жүріп, жерді жаудан азат ету барысында шейіт болғандар екендігі анық. Осы аталған Маңырақ тауының арасынан өтетін асулардың бірін «Кіші Майлы», «Үлкен Майлы» асулары деп атайды. Шайқас кезінде қолбасшылық жасаған батырлардың бірі – Найманның Садырынан шыққан Майлы батыр осы Сеңгір жерінде оқ тиіп, қаза тапқан. Қайтыс болған соң, осы төңірекке жерленген.

 

Тарбағатай ауданы, Маңырақ ауылы, Маңырақ тауының етегінде жерленген батырлар қорымы. 1754-1755 жж. Үмбетей жырау: Баян Ауыла, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау, Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ Арасы толған көп қалмақ..., деп жырлаған тарихи жер осы.

Қазақ елінің тарихындағы айтулы орын алған Маңырақтың тарихи орындарын аралап, ауылына келгенде 82 жастағы Асылбек Мұқанғалиұлы ақсақалға жолықтық. Ол кісі көпті көрген Қытайдан келген қазақтардың бірі. Өзі өмірден көрген, білгені көп адам екен. Осы өңірдегі тарихи оқиғалар, батырлардың ерлігі туралы бірталай сұхбат берді.

Міне, осылай экспедиция барысында Отан тарихында ерекше маңызы бар тарихи орындарға зерттеулер жүгізілді. Тарихи орындарды зерттеу барысында «Деректі фильм» түсірілді. Сондай-ақ, осы аталған зерттеулер келешекте жарық көретін ғылыи-зерттеу кітаптарда және Өлкетану оқулықтарында тың мәлметтер келтірілетін болады.

Экспедиция жұмыстары барысында осы аталған тарихи орындардың тарихына байланысты жергілікті қариялардан сұхбаттар жазылынып алынды. Сондай-ақ, шайқастардың белгілерін анықтауға байланысты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде келешекте Рухани жаңғыруға қатысты және ішкі туризмді дамыту бағыты үшін де тарихи орындардың координаттары GPS арқылы белгіленді.

Осындай тарихи-танымдық экспедиция жұмыстарының нәтижесінде Өлкетану бағытын да дамытуды қолға алып, тарихи орындарды нақтылап, болашақта жас ұрпақты таныстыру, насихаттау және ұлтжанды азаматтар ретінде тәрбиелеуге байланысты Оқу құралдарын жазуға да болады деген ойдамыз.

Осы экспедицияны ұйымдастырған және қаржылай көмек көрсеткен Шалабаев Құсман Кәрімұлы – «Ер-Қаптағай» Республикалық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы. Алматы қаласынан; Экспедицияның Ғылыми жетекшісі - Еңсенов Қанат – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Нұр-Сұлтан қаласынан; Әділжанов Нұрлыхан – Тарих магистрі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің PhD докторантурасын бітірген. Нұр-Сұлтан қаласынан; Шалғынбаев Бақытөмір – Мөлдір Сана газетінің редакторы, Өлкетанушы. Аягөз қаласынан; Баймоллаев Әділбек – Бозой орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, Өлкетанушы. Аягөз ауданынан; Нұрқасым Ертіс - Мөлдір Сана газетінің қызметкері, Өлкетанушы. Аягөз ауданынан; Айтхожин Қайрат – Өскемен қаласындағы О.Бөкеев атындағы мектеп-лицейдің тарихшы мұғалімі, зерттеуші-ұстаз және Өлкетанушы. Өскемен қаласынан; Қабидолдин Қуаныш – тарих пәнінің мұғалімі, тарих магистранты, шебер-педагог және Өлкетанушы. Ақжар ауылынан және Алиев Нұрдәулет – Оператор. Деректі фильм және фотоға түсіруші. Алматы облысы, Ұзынағаштан.

Қанат Еңсенов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика