Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Конституциялық процесс: саяси ерік-жігер мен табандылық

Конституциялық процесс: саяси ерік-жігер мен табандылық 30.08.2021

Конституциялық процесс: саяси ерік-жігер мен табандылық

Конституция күні қарсаңында 2019-2021 жылдары Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларға шолу жасап, оны конституциялық процесс тұрғысынан ой елегінен өткізу артық болмас. Өйткені кез келген қоғамда жоғары билік органдарының Ата Заңда бекітілген нормалар негізінде атқарып жатқан қызметі мен барлық конституциялық-құқықтық институттардың дамуы әрқашан қызығушылық тудырары сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның саяси және әлеу­мет­тік-экономикалық реформалардың жаңа кезеңіне аяқ басқандығын айта келе, тұрақты даму қағидаттарын енгізбейінше, елдің, тіптен жалпы адамзаттың, табыс­ты алға басуының мүмкін еместігін атап көрсетті. Сондықтан оның «Баршаға ортақ игілік! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасының «Біз – Қазақстанның біртұтас халқымыз. Бізді қасиетті жеріміздегі ортақ құндылықтар біріктіреді: бейбітшілік, игілік, өркендеу, әділдік және баршаға ортақ тең мүмкін­діктер» деген сөздерден басталуы кездей­соқ емес. Бұл – мемлекетіміздің әлеуетін, оның тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың бірден-бір жолы. Ол үшін тұрақтылық, азаматтық татулық пен ке­лі­сім, сонымен бірге серпінді экономика және мықты әлеуметтік саясат керек. Басымдықтардың қата­ры­на қоғамның бірлігін сақтау, заң үстем­дігі және әділ сот төрелігі, қоғам­д­ық қауіпсіздік, тиімді мемлекеттік бас­қа­ру мен саяси жүйені трансформация­лау жат­қызылды. Осылардың ішінде Мем­ле­кет басшысы тұжырымдағандай, әділдік тәуе­лсіз Қазақстанның мықты іргетасына айнал­мақ.

Осы мақсаттардың орындалуы үшін Қ.Тоқаев мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп бе­ретін Үкімет» формуласын ұсынды. Ол биліктің халықтың алдындағы жауап­кер­шілігін арттыруға, маңызды страте­гия­лық мәселелер бойынша шешімдерді қоғамдық пікірді ескере отырып қа­был­дау­ға, мемлекеттік басқарудың барлық жүйесінің ашықтығы, халықпен үздіксіз кері байланыс және жедел әрекет ету қағи­датына негізделді. Көппартиялы жү­йе­­ні дамытуға және жетілдіруге, ше­шім­ді қабылдау мен орындау процесіне аза­мат­тардың қатысуының шынайы тетігі ретінде жергілікті өзін-өзі басқару орган­да­рының белсенділігін арттыруға назар аударылды. Қоғамдық кеңестер аясында мемлекеттік институттар қызметіне қоғамдық бақылау жасауды жолға қою көзделді. Азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдауға және кәсіби жұмыс істейтін қазақстандық баспасөз құралдарының рөлін көтеруге ерекше мән берілді. Қазақстанның алдында осындай ауқымды және күрделі жалпыұлттық міндеттер тұрғандықтан, Президент Қ.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру арқылы халықпен тұрақты түрде ақылдасып отыруды қолға алды.

Осы сайлауалды бағдарламасы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы оның Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауларына арқау болып, көптеген күрделі және өзекті мәсе­лелерге қозғау салды. Жаңа саяси бағыт­тың тұжырымдамалық қырлары Президенттің Жолдауларынан басқа, оның Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырыстарындағы сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында көрініс тапты.

Бұл жаңа бағыт 2019 жылдың 20 мау­сымында Президенттің Жарлығымен бе­кітілген аталған сайлауалды бағдар­ла­маны жүзеге асыру Жоспарында нақ­ты­ланды. Бұдан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың оны сол кездің өзінде-ақ анықтап алғандығын аңғару қиын емес. Мемлекеттік биліктің формуласы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы арқылы ол басынан-ақ реформаларды табандылықпен барлық саяси ерік-жігерін жұмылдыру және жүйелілікке негізделе отырып жүр­гі­зе­тін­ді­гін анық танытты. Сондықтан осы саяси бағыттың негізгі қағидаттары ретінде сабақтастық, әділдік және өрлеудің алынуы да заңдылық. Байқасаңыз, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев бірінші Жолдауында заманауи тиімді мемлекет қалыптастыру шеңберінде саяси өзгерістер жүргізуге басымдық берді. Ондағы мақсаты – мемлекеттік институттардың рөлін ны­ғай­ту, азаматтардың құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау. Өйткені өркен­деу­дің бірден-бір жолы саяси жүйені жаң­ғырту ғана емес, демократия негізінде транс­формациялау екендігі түсінікті бола бастады. Ол мемлекеттік шешім қа­был­дау процесінің ашықтығын, көппар­тия­лық жүйені жетілдіруді, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды және кейбір мемлекеттік функцияларды үкіметтік емес ұйымдарға беруді дұрыс көрді. Реформаларды жүйелі түрде, популизмге ұрынбай, терең және жан-жақты ойластыра отырып жүргізуге ерекше мән берілді. Саяси өзгерістер президенттік институтпен қатар, мемлекеттік шешім қабылдауда Парламенттің қатысу деңгейін көтеру мен Үкімет жұмысының тиімділігін арттыруды және оның қоғам алдындағы жауапкершілігі мен есеп беруін күшейтуді қамтыды.

Әлемді жайлаған пандемия індеті Қазақ­стандағы мемлекеттік билік жүйесі­нің осал тұстарының бетін ашып бергені ақиқат. Сондықтан туындаған жағдай 2020 жылы бұл мәселеге басқаша қарауды қажет етті. Өйткені мемлекеттік билік пен басқарудың қоғаммен байланысында орын алған ақаулар олардың жұмысының тиімділігін бұрынғыдан бетер төмендетіп жіберді. Осы үрдістердің алдын алу үшін мемлекеттік басқару, кадр саясаты, шешім қабылдау жүйесі мен оларды орын­даудағы жауапкершілік мәселелері жаңа­ша көзқарасты талап етті. Ең алдымен азаматтардың талап-тілектеріне дұрыс және шынайы көңіл аудару, қоғам мүддесіне іс жүзінде қызмет ету және әділеттілік қағидаттарын жүзеге асыру қажет болды. Бұл ахуал әлеуметтік-эко­но­микалық саладағы жағымсыз үрдіс­тер­дің саяси сипатқа ие болып кетпе­уінің алдын алуға мүмкіндік беретін дағдарысқа қарсы нақты шешімдер қабылдап, тиісті іс-шараларды жүргізуді қажет етті. Осы мақсатта мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамытуға ерекше басымдық беріліп, оны институттандыру қолға алынды. Стра­те­гиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылып, оның құрамына Ұлттық статистика бюросы берілді. Елде жүргізіліп жатқан реформаларды ілгерілету мақсатында Қазақстан Респуб­ликасы Президенті жанынан жа­ңадан құрылған Реформалар жөніндегі жоғары кеңес түпкілікті шешімдер қабыл­дау құзыретіне ие болды.

Демек, институттық қайта құрулар COVID-19 індетінің сабағын ескере отырып, мемлекеттік басқару жүйесін же­тіл­діруді көздеді. Дағдарысқа қарсы шара­ларды іске асыру қажеттілігі прези­дент­тік билікті күшейту мәселесін күн тәртібіне қойды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2020 жылдың 16 наурызындағы «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы» және «Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы» Жарлықтары оның аталған салалардағы құзыретін кеңейте түсті. Сонымен бірге ол бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту шеңберінде 2019 жылы Үкімет пен өзіне есеп беретін мемлекеттік органдардың құрылымына өзгерістер енгізді. 2019-2020 жылдар аралығында бірқатар минис­тр­лік пен агенттік, қызметтер мен рес­пуб­ликалық мемлекеттік мекемелер жаңа­дан, ал кейбіреулері қайтадан құрыл­ды. Солардың ішінде агенттіктер тіке­лей Президентке бағынатын болды. Бұл Пре­зиденттің жауапкершілігін де кү­шейт­ті.

Осылайша, жаңа саяси бағыттың іске асырылу процесінің үздіксіздігі қам­­та­масыз етілді. Саяси реформалар па­кет­теріне енген тапсырмалар іс жүзінде орындалып отырды. Яғни Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев сайлауалды берген уәделері мен айтқандарын екі еткен жоқ. Бұл саяси саладағы реформалардың басы ғана, саяси жүйені қайта құру үрдісі өз жалғасын табатын болады. Мұнда мем­ле­кеттік биліктің барлық институтын реформалау негізінде бүкіл мемлекеттің жұмыс істеуінің тиімділігін көтеру мақсат етіліп отыр. Әрі қарайғы саяси реформалар азаматтарды елді басқару ісіне тар­туға мүмкіндік беруі керек. Өйткені Президенттің айтқандарының барлығы заңмен нақтыланды. Қабылданған 10 заңның ішінде конституциялық заңдар да бар. Ал кейбір заңдарға өзгерістер енгізілді. Мысалы, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы», «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы». Сая­си партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Партия құру үшін қарас­ты­рылатын тіркеу кедергісі 40 мың­нан 20 мыңға дейін төмендетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөле бастады. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет парламенттік оппозиция инс­титуты енгізілді. Мемлекет пен қоғам арасындағы осындай үнқатысудың орнауы мемлекеттілікті нығайту мен қо­ғам­дық-саяси қарым-қатынасты қалпы­на кел­тірудің кепілі болмақ.

Демократиялық мән-мазмұны жа­ғынан «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң ерекше орын алады. Ол республика азаматтарының бейбіт және қарусыз жиналып, жиналыс­тар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттер өткізу құқығын іске асыруға ба­ғыт­талған қоғамдық қаты­настарды рет­теу­дегі революциялық қа­дам, сер­пі­ліс­ті қоғамдық-саяси оқиға бол­мақ. Бұл құжаттың қоғамдық-саяси қа­тынастарды одан әрі дамытуға түрткі болары да сөзсіз. Сонымен қатар Қазақстан азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактінің Екінші факуль­та­тивтік хаттамасына қол қоюы арқылы елімізде ресми түрде өлім жазасын жойды. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тас­тау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға өзгерістер енгізілді.

Мемлекет басшысының «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауы бойынша 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау қарас­ты­рылып, оны өткізу тамыз айынан басталып кетті. Сол сияқты, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі тұжырымдамасы бекітіліп, Үкі­мет тарапынан оның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған жобасы дайындалуда. «Қоғамдық бақылау туралы» Заңды әзірлеу және бірыңғай заңды онлайн-петициялар институтын құрып, оны заң­дастыру мәселелері қарастырылуда. «Қоғамдық бақылау туралы» Заң жобасы әзірленіп, ол Парламенттің қарауына енгізілді. Бұл құжатта мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығы мен есеп беруін қамтамасыз ету мәселесі көте­ріл­мек. Заң жобасында адам және азамат құқықтары, жариялылық, ашықтық, заң­дылық, объективтілік, нәтижелердің сенімділігі және қоғамдық бақылауға кедергі көрсетпеу сияқты басымдықтарға негізделетін қағидаттарға сүйене отырып, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру көзделеді. Сонымен бірге депутаттар әзір­леген Омбудсмен туралы арнайы заң қа­был­данатын болады.

Адамдардың құқықтары мен азаматтарды, соның ішінде әсіресе, балаларды, интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зор­лық көрсетуден қорғау проблемасына ерек­ше мән бере отырып, азаптауға, адам саудасына қарсы күреске бағытталған заң­­наманы жетілдіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде тиісті заң жобалары дайындалып, Парламенттің қарауына жіберіл­ді. Саяси реформалардың үшінші паке­ті шеңберінде саяси партиялардың Пар­ла­ментке өту шегін 7%-дан 5%-ға дейін төмендету, сайлау бюллетеньдеріне «бар­лы­ғына қарсы» бағанын енгізу туралы мәселе де заңдастырылды.

Президент Қ.Тоқаев жаңа мемлекеттік модельді қалыптастырудың жүйелі іске асырылуына көп көңіл аударып отыр. Тиімді мемлекет құру оның қоғаммен байланысындағы сервистік модельге көшуі негізінде іске асырылмақ. Олай болса, билікке де бүгінгі туындап отырған жағдайды қайта қарауына тура келеді. Демек, ол өзін де өзгертуі шарт. Яғни мемлекеттік басқару дұрыс мағынаға ие болуы керек. Сонда ғана биліктің халық алдындағы беделі өсіп, жауапкершілігі артады. Ендеше билік жауапкершілікті болу үшін дамыған азаматтық қоғам керек. Ал оны дамыту үшін үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін өсіру қажет. Мұндағы басты мәселелердің бірі азамат­тар мен қазақстандық азаматтық қоғам институттарын реформалау және олар­ды мемлекетті басқару процесіне тарту болды. Ондағы мақсат, біріншіден, мемлекет пен оның органдарының жұ­мы­сының тиімділігін көтеру болса, екін­шіден, халықтың тұрмыс деңгейін жақ­сарту. Мәселен, ауыл əкімдерінің тікелей сайлауы жергілікті басқару жүйе­сінде тың əрі қажетті өзгерістердің бас­талғанын және мемлекет пен қоғам ара­сындағы байланыстың нығаюына оң­тай­лы жағдайдың туатындығына сенім ұялатады. Бұдан кейін аудан әкімдерінің сайлауы өткізілмек. Ал егер осы жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, онда келесі деңгейдегі әкімдердің сайлауына көшу де қарастырылған. Сол сияқты бұл жерде жергілікті өзін-өзі басқару мен оның жергілікті мемлекеттік басқару жүйесімен аражігін шектеуді, жергілікті қоғамдастықтардың жиындары мен жина­лыс­­тарының мәртебесін арттыруды да ескерген абзал.

Қазақстанда саяси реформалар құр сөз жүзінде емес, нақты іске асырылып жат­қандығына мына заңдардың қабыл­дан­уы да дәлел бола алады: «Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы», «Қа­зақстан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы же­тілдіру мәселелері бойынша өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Респуб­ликасының әкімшілік рәсімдік-процес­тік заңнамасы мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы», «Өлім жазасының күшін жоюға бағыт­талған Азаматтық және саяси құ­қық­­тар туралы халықаралық пактіге Екінші Фа­культативтік Хаттаманы ра­ти­­фи­ка­ция­лау туралы», «Қазақстан Рес­­­пуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терро­ризм­ді қаржыландыруға қар­сы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық акті­леріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы». Сондықтан саяси реформалардың нақты іске аса бас­тауы халықтың билікке деген сенімін ны­ғай­тары анық.

Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың президенттік биліктің ық­па­лын арттырып, беделін нығайтуға ба­ғыт­талған ұтымды шешімдерінің бірі ре­тінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруын атап өткен жөн. Президент осындай тиімді механизмді пайдалану негізінде билік пен қоғам арасындағы қордаланып қалған мәселелерді диалог орнату арқылы шешуді және екі арада пайда болған ал­шақ­тықты қысқартып, оны жақындатуға ба­ғытталған нақты және кешенді іс-ша­­рларды қолға алып, іске асыруда.

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әкім­шілік-бақылауға бағдарланған мем­ле­­кеттік басқару моделінен мемлекет пен тұрғындардың өзара қарым-қатынасына негізделген сервистік түріне көшуді қам­тамасыз етуге бағытталған. Ол мем­ле­­кеттік қызмет көрсетудің тиімділігін кө­теріп, квазимемлекеттік секторды оң­тайландыру мен жергілікті өзін-өзі бас­қа­руды дамытуға тиіс. Президент атап көр­сет­кендей, ол тек прагматикалық сипат­қа ие болып, дамудың Ұлттық жоспары жасалып, стратегиялық жоспарлауға екпін берілуі керек.

Мемлекеттік басқару саласы мен қазақ­­стандық қоғамдық дамудағы көпте­ген про­блеманың арасында сыбайлас жем­қор­лықтың мемлекеттілігімізге орасан зор нұқсан келтіріп отырғанын айтпауға болмас. Ендеше Президентің кор­ру­пц­ия­ның дендеп кеткендігіне алаң­дау­шылық білдіріп, оның қоғам үшін қауіпті дерт екендігін ескерткені түсінікті: «Бұл – батпандап кіріп, мысқалданып шығатын кесел. Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүмкін». Өйткені ол әлеуметтік наразылық пен билікке деген сенімсіздіктің іріңді жарасы ретінде саяси мәселеге айналып отыр. Сондықтан 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, судьялар үшін шетелдік банктерде шоттарды иелену, қолма-қол ақша қаражаты мен құндылықтарды сақ­­тау бөлігінде заңнамалық шектеулер енгізілді. Биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны қысқартыла бас­тайды, ал 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің, олармен бірге ұлттық компаниялар жұмыскерлерінің санын 25 пайызға қысқарту жоспарланып отыр. Бұл процесс механикалық түрде емес, мемлекеттік органға тән емес атқарымын қысқарту тұрғысында жүргізіледі және аутсорсингке немесе азаматтық қоғамға беру арқылы іске асырылмақ. Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы бекі­тіл­ді. Мемлекеттік қызметшілер мен ұлт­тық компаниялардың басшыларының қос азаматтық алуына шектеу салын­бақ. Адам құқықтарын сақтауды баға­лау­дың ұлттық индикаторларын осы саладағы халықаралық стандарттармен сәй­кестендіру мәселесі қолға алынбақ. 

Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақа­ла­сында ел тәуелсіздігінің келесі он­жыл­­­дығының басты мақсаты ретінде әділ қо­ғам мен тиімді мемлекет құру анықталған. Олай болса, бұл реформалар Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуының негізі болары анық. Саяси реформалар қазірдің өзінде нақты және түсінікті қадамдар жасауға мүмкіндік беріп, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетуге және жаңа саяси үлгіге көшуге жол ашып, мемлекеттік басқарудың тізгінін босатпай ұстауға жағдай жасауда. Адамдардың мемлекетке деген сенімсіздігі сейіліп, ұлттық диалог орнап, ұлттық идеологияда жаңа көзқарас қалыптастыруға батыл қадамдар жасалуда. Саяси бәсекелестік, балама көзқарастар мен пікірлер, пар­ла­менттік оппозиция институты мен бейбіт митингілер өткізу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі демократияны дамытудың басты талабы екендігі қо­ғам­дық санаға сіңірілуде. Ең бастысы – бұл көзқарастар құр айтылған күйінде қалып қоймай, заң жүзінде орындалатын ұстанымдар мен нақты мемлекеттік саясатқа айнала бастады.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы

https://egemen.kz/article/286908-konstitutsiyalyq-protsess-sayasi-erik-dgiger-men-tabandylyq


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика