Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

«Табалдырықты баспа». Алтын Орда дәуірінде қандай дипломатиялық дәстүрлер болған

«Табалдырықты баспа». Алтын Орда дәуірінде қандай дипломатиялық дәстүрлер болған 02.07.2021

«Табалдырықты баспа». Алтын Орда дәуірінде қандай дипломатиялық дәстүрлер болған

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының PhD докторы Жақсылық Сәбитов Жошы Ұлысының резиденциясы мен монетарлық саясаты, сарай маңындағы интригалар тақырыбын біраздан зерттеп жүр. Осыған орай, біз де маманнан аталған кезеңдегі дипломатиялық дәстүрлер мен қазақ дипломатиясындағы рәсімдердің сабақтастығы туралы ойын сұрағанбыз. 

«Өкінішке орай Алтын Орда дәуіріндегі дипломатиялық қатынастарға куә болатын алғашқы дереккөздердің көбі сақталмаған. Бірақ елшілерді қабылдау кезіндегі сәттерді, сән-салтанаттарды сипаттайтын жазбалар мен хандардың өзге елдерге жолдаған хаттары туралы деректер бар. Алтын Орда хандары көптеген елдермен байланыста болған. Әсіресе Батудың тұсында түрлі билеушілер Алтын Ордамен байланыс орнатуға ұмтылды. Ал дербес дипломатиялық байланыстар Берке ханның билігі кезінде басталды деуге болатын шығар», - дейді зерттеуші. 


Тарихшы Алтын Орданың дипломатиялық байланыстарына айғақ болатын бірегей қолжазбалар Берке хан мен Бейбарыс сұлтан арасындағы хат алмасулар екенін айтады. 

«Берке ханның 1263 жылы Мысыр сұлтаны Бейбарыстың Құлағумен шайқастан кейін жазған алғашқы хатына жауап бергені бізге мәлім. Алтын Орданың шетелмен байланысы туралы бізге мәлім алғашқы дерек те осы. Алтын Орданың дипоматиялық мұрасы туралы айтсақ, ол кезде елші қабылдау дегеніңіз жоғары деңгейде қонақ қабылдау салтының бір түрі сияқты көріністе болған. Яғни бұл ресми тұлғалардың кездесуінен гөрі қонақ күту жоралғыларына көбірек ұқсайтын», - дейді Жақсылық Сәбитов. 

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Алтын Ордамен ең тығыз байланыста болған мемлекет мәмлүктер билеген Мысыр елі болғанын да алға тартады. 

«Мысыр Алтын Орданың Құлағу билік еткен Иранға қарсы одақтасы еді. Сондықтан ең көп байланыс осы елмен болды. Екінші тығыз байланыста болған ел – сол Иранның өзі. Өйткені Құлағу басқаратын Иран Алтын Орданың басты қарсыластарының бірі еді. Одан кейін Шағатай, Хайду ұлыстарымен қарым-қатынасы тығыз болған», - дейді тарих ғылымдарының докторы. 

Ғалымның айтуынша, Алтын Орда сарайларында елшілер қабылдаудың хаттамалары мен дәстүріне қатысты жазбалар сақталмаған. Тек қандай елшілердің, хан-сұлтандардың келгені туралы мәліметтер жеткен көрінеді. 

Сондай-ақ, ол аталған жазбалардың бәрінде Жошы ұлысындағы билеуші резиденциясы не Ақ Орда, не Алтын Орда деп жазылғанын еске салды. Яғни Батудан қалған резиденция атауы Абылай, Жәңгір хандар арқылы Тәуелсіз Қазақстан Президентінің резиденциясына дейін сабақтастықпен жетіп, мұра болып отыр деген сөз. 

Тарихшы Батудың кей деректерде орыстың тұңғыш патшасы деп аталатын Данилл Галицкиді қалай қабылдағаны туралы мәліметтер сақталғанын айтады. 


«Даниил Галицкий Алтын Орда ханының алдына кірмес бұрын екі оттың ортасынан жүріп өткен. Бұл адамның ой-ниетін тазарту рәсімі ретінде сипатталған. Тағы бір ерекше дәстүр табалдырықпен байланысты. Елші орданың табалдырығын басса, бұл жаман ырым деп саналған. Яғни, Алтын Ордаға келген елшілер табалдырықтан өтер кезде сақ болуға тырысқан», -дейді ғылым докторы. 

Сөз соңында ғалым Сыртқы істер министрлігінің назарына да бағыттап ерекше ұсыныс айтқан еді. Осыны да жеткізгіміз келеді. 

«Қазір біздегі дипломатиялық рәсімдер мен протоколдардың бәрі еуропалық стандарттар бойынша жасалған. Бұл дұрыс та шығар. Әйткенімен, менің ойымша, бұл протоколдарға Алтын Орда мұрасынан екі нәрсені енгізуге болады. Біріншіден, Сыртқы істер министрлігінде Алтын Орданың әлемге әйгілі туы тұруы керек. Бұл ту ХІV ғасырдан сақталып қалған. Кескіні қарапайым. Осы туды символикалық капитал ретінде пайдалануға болатын сияқты. Оны біздің ежелгі туымыз ретінде көрсетіп, барлық протоколдық кездесулердің бәрінде де қолдану керек деп ойлаймын. Екіншіден, Президент резиденциясының Ақ Орда деген атауы Алтын Ордадан мұраға қалғанын көбірек айтуымыз керек. Осы екі символды сыртқы байланыстарда белсенді пайдалана берсек деп есептеймін», - деп түйіндеді тарихшы.

Inform.kz


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика