Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай: Н.Ә.НАЗАРБАЕВ - ШЫНАЙЫ ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай: Н.Ә.НАЗАРБАЕВ - ШЫНАЙЫ ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ 06.07.2021

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай: Н.Ә.НАЗАРБАЕВ - ШЫНАЙЫ ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ

Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетіміздің негізін салушы ретін­дегі ерен еңбектері жайында айтқанда, біз оларды республикамыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірінің барлық салаларындағы нақты қол жеткен жетістіктерімізбен ұштастыра баян­даймыз.

Бүгінгі таңда Қазақстан дүниежүзілік саясат кеңістігінде берік шептерді алып отыр. Республика халықаралық алаңға бірқатар маңызды жобаларды қамтитын жеке күн тәртібімен шықты.

Қазақстанда нарықтық қатынастарға негізделген және әлемде «Назарбаевтың үлгісі» деген атаумен танылған, қазіргі заманға сай табысты экономика құрылды. Сонымен қатар елімізде түбегейлі жаңа саяси жүйе қалыптасты. Қазіргң заман талаптарна сай дамып жатқан күшті мемлекет құрылды, оның жаңа астанасы – әсем Нұр-Сұлтан қаласы салынды.

Қазақстандық төзімділік күшейіп, көпэтностық және көпконфес­сиялық халықтың бірлігіне – Қазақстанның алға басқан қозғалысының кері айналмайтындығының баға жетпес кепіліне қол жетті.

Қазақстанның осы және басқа көптеген жетістіктері Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның стратегиялық таланты, көрегендігі және алға қойған мақсаттарға жету жолындағы табандылығы қазақстандық мемлекеттілік қалыптасуының және елдің табысты дамуының басты өзегіне айналды. Ұлт көшбасшысының берік саяси еркінің, оның терең ғылыми талдау және болжам жасай алу, белгіленген жоспарларды бұлжытпай орындауға жұмылдыру қабілетінің арқасында республикамыз бейбітшіліктің, татулық пен тұрақтылықтың тірегіне айналды.

Тәуелсіздіктің қарсаңында, 1990-1991 жылдарда, Н.Ә.Назарбаевтың егемендікті, аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, халықаралық алаңда Қазақстанның беделін нығайту бойынша қажырлы еңбегі елдің шынайы іс-қимылдар бостандығын алуына негіз салып, қолайлы жағдайлар туғызған-ды. Осы жолда өзіндік нышан-белгіге айналған атаулы оқиғалар: 1991 жылы тамыздың 29-ында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылы қазанның 2-сінде алғашқы қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы және 1991 жылы желтоқсанның 1-інде Қазақстан президентінің бірінші жалпыхалықтық сайлауы өтіп, соның нәтижесінде Н.Ә.Назарбаевтың басым көпшілік дауыспен ел президенті болып сайлануы.

Тұңғыш Президенттің өз лауазымына кірісуіне арналған салтанатты жиында, 1991 жылы желтоқсанның 10-ында сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев «осыншалықты орасан зор тарихи өзгерістерге куәгер болу, қатысу әр ұрпаққа бұйыра бермейтінін» айта келіп, жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі маңызды міндеттердің бір тобын атап шыққан болатын.

Жеке тұлғаның тарихтағы рөлі, сірә, тарих пен саясат ғылымындағы ең бір қызықты және сонымен бірге күрделі тақырыптардың бірі шығар. Соңғы онжылдықтарда, бұрынғы КСРО аумағында жаңа мемлекеттердің дамуы кезеңінде, ұлт көшбасшысына айналудың өзгеше құбылысы жайында белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері жиі айтатын болды. Шын мәнінде, бұл – жаңа тәуелсіз мемлекеттердің зияткерлігі мен саяси мәдениеті үшін саяси көшбасшылықтың мүлдем жаңа тұрпаты. Сондықтан ұлт көшбасшылығының өзгеше құбылысының маңызын саясат тұрғысында ғана емес, сонымен қатар тарихи тұрғыдан да айқын анықтап алу қажет.

Бәрінен бұрын, «көшбасшы», «ұлт» санаттарын анықтап алу керек, өйткені көпшілік жағдайларда көшбасшы туралы пікірсайыстар тікелей тарихи-саяси «ұлт» ұғымына (бұл жерде қандай ұлтқа жатушылықпен шатастырып алмаған жөн) қатысты болады. «Ұлт», «ұлттық мемлекет», «азаматтық қоғам» терминдері олардың дәстүрлі еуропалық түсіндірілуінде онсыз да халықаралық қатынастар теориясының іргелі ұғымдарына жатады, себебі ұлтсыз мемлекет жоқ және, тиісінше, халықаралық қатынастар да жоқ.

«Ұлт» тарихи термині әдебиетте АҚШ құрылған соң, XVIII ғасырдағы Ұлы француз революциясынан, Наполеонның револю­циялық соғыстарынан кейін таралды. Ал саясаттанушылар бұл ұғымды XIX ғасырда қазіргі мемлекеттер мен ұлттар қалыптасқан соң барып түпкілікті пайдалана бастады. 1920 жылы Ұлттар Лигасы – мақсатына бейбітшілікті сақтау және халықаралық ынтымақтастықты дамыту кірген алғашқы бүкіләлемдік ұйым құрылды. 1930 жылдан осы уақытқа дейін негізгі халықаралық құжаттарда, атап айтқанда, БҰҰ қарарларында, «ұлт» терминінің «азаматтық мемлекеттік қоғамдастық» мағынасындағы саяси түсінігі бекіді. Ұлт көптеген ұлттар өкілдерін (ұлыстарды деуге болады) біріктіре алады. Бірақ олардың барлықтары өздерін, мысалы, америкалықтар, британдықтар, ресейліктер немесе қазақстандықтар деп, яғни белгілі бір елдің және қоғамдастықтың қай ұлтқа емес, қайсыбір мемлекетке жататынымен біріккен өкілдері ретінде теңестіріп, сәйкестендіреді.

Міне, сондықтан еуропалық азаматтық санада «мемлекет-ұлт» және «ұлт көшбасшысы» ұғымдары бір-бірінің табиғи жалғасы болып кеткен. Өткен XX ғасырда ғана «ұлт», «жеке тұлға» деген екі іргелі ұғым бір мағынаға – «ұлт көшбасшысы» немесе «ұлттық көшбасшы» деген түсінікке бірікті. Сөз жоқ, мемлекеттің кез келген басшысы тарихта сондай болып қала алмайды. Ұлттық көшбасшылықтың мәні ұлтқа ел дамуының болашағы зор және нық сенімді бағытын ұсына білу қабілетінде жатыр. Мемлекет басшысы болған шынайы ұлт көшбасшысы мемлекеттік институттардың қызметін басты ұлттық мүдделерді – елде тұрып жатқан халықтардың азат, жайлы өмірін қорғауға, әл-ауқатын қамтамасыз етуге табанды түрде бағыттап оты­рады.

XX ғасыр тарихында ұлттың танылған көшбасшыларының көптеген мысалдары қалған. Олардың: Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатма Ганди, Шарль де Голль, Дэн Сяопин, Франклин Рузвельт, Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад деген есімдері мектеп қабырғасынан-ақ есімізде сақталған. Олар өз елдерінің мәртебесі мен ғаламат рөлін көтеріп қана қоймай, сонымен бірге экономикасы мен саясатында және мәдениетінде стратегиялық өрлеуді де қамтамасыз еткен. Ерекше маңыздысы – олар дамудың күрделі кезеңінде қоғамға дұрыс жолды көрсете алып, өз ұлтының көпшілікке жақын және түсінікті жарқын идеялар айналасына бірігіп, топтасуына қол жеткізді. Нәтижесінде, олар өз халықтарының есінде мәңгі сақталып қалды.

Барлық тарихи ұлт көшбасшыларына тән ортақ қасиеттер болған. Атап айтқанда, бұл – бастапқы қиын-қыстау жағдайлар, тарихтың өзгеше ауыр, күрт өзгерісті кезеңінде өз елін дұрыс жолға қоя білу. Мәселен, АҚШ-та Франклин Рузвельттің тұсында – Ұлы дағдарыс, Қытайда Дэн Сяопин билігі кезінде – «Мәдени революция» салдарларын еңсеру, Сингапурда Ли Куан Ю елді басқарған уақытта отарлау езгісінен құтылу оқиғалары орын алған.

Екінші ортақ фактор – құрылған мемлекеттілікті жаңғырту немесе жаңа мемлекеттілік құру қажеттігі. Мысалы, Сингапурда тәуелсіздікке қол жеткен соң, ең басты мәселені шешу – мемлекетті қатаң, тиімді және кәсіби басқару қажет болды. Көбінесе осындай кезеңдерде өте күрделі, бұрын белгісіз шешімдер қабылдауға тура келеді. АҚШ-та Джордж Вашингтон билігі тұсында – тәуелсіздік үшін күрес, Үндістанда елді Махатма Ганди басқарған кезде – отарлауға қарсы күрес, Францияда Шарль де Голль басшылығы уақытында фашистік басқыншылықтың зардаптарын еңсеру үдерісі жүргізілген-ді.

Ұлт көшбасшыларына ортақ үшінші қасиет – оларды ел азаматтарының басым көпшілігінің қолдауы. Нақ осы себепті Адольф Гитлерді, Бенито Муссолиниді және басқа да озбыр билеушілерді, – тіпті олардың кейбіреулерінің тұсында (мысалы, Чилиде Аугусто Пиночет билеген кезде) мемлекеттері белгілі бір экономикалық жетістіктерге қол жеткізсе де, – ешқашан ұлт көшбасшысы деп атауға болмайды. Қатал билеушілер көп жағдайларда өз халықтарының еркі деп көрсетіп, билік басында онжылдықтар бойы отырса да, бұл жерде айырмашылық айқын: көшбасшы – ол халқы оны демократиялық еркімен шынайы қолдайтын басшы.

Мұстафа Кемал Ататүрік 1923 жылы Түркияның алғашқы президенті болып сайланып, 1927, 1931 және 1935 жылдары қайтадан сайланып отырды. Махатхир Мохаммад 1981 жылдан Малайзияның ауыспаған басшысы болып қала берген. Ли Куан Ю – Сингапурдың 1959 жылдан 1990 жылға дейінгі премьер-министрі. Егерде елдегі басқару режимі қатал, ал ерік білдірудің демократиялық ұстанымдары туралы айту қиын болса, онда ел басқарушыны ұлт көшбасшысы деп атау-атамауды бұл жерде тарих көрсетеді. Қырық жыл өткен соң, Қытайда халық Дэн Сяопинді елге дамудың үдемелі нарықтық жолын қамтамасыз еткен ұлы экономика реформаторы ретінде еске алады.

Әртүрлі елдер мен уақыттардың көшбасшыларын біріктіретін төртінші қасиет – олардың әрқайсысыларының болашақта дамудың өз тиімділігін көрсеткен стратегиялық жалпыхалықтың идеясының болуы. Бұл жерде, әрине, идеяның өзі ғана емес, сонымен бірге ел көшбасшысының оны табысты жүзеге асыру жолындағы саяси еркі болуы да маңызды. Ақырында, бесінші қасиет – ол халықаралық бедел. Барлық ұлт көшбасшылары қызметінің ауқымы, әдетте, олардың елдерінің шека­раларынан асып кетеді. Олардың бастамалары, сыртқы саясаттағы белсенді қызметі халықаралық қатынастардың дамуына да әсерін тигізген.

Жаңа мемлекеттілікті сәтті құрған, әлемде танылған, бүгінгі таңда өңірдегі ең бір табысты экономикалардың бірін иеленген, ұлтаралық бірліктің бірегей тәжірибесі бар Қазақстан үшін, мемлекеттілік және ұлт тақырыбы өте өзекті. Ол біздің өзіндік сәйкеестігіміз, қазақстандық отансүйгіштік туралы мәселелермен тығыз байланысты, оның үстіне, бұл мәселе тіпті де ырду-дырду теориялық емес. Жаңа мемлекеттілік құру тәжірибесі, мысалы, кеңес дәуірінен кейінгі көптеген елдердің кертартпа көпшілігінің ұлттан жоғары тұратын мүдделеріне байла­нысты, қоғам үшін ішкі теңгерімнің қаншалықты маңызды екенін көрсетті.

Біздің еліміздің дамуындағы қазіргі кезеңді, шынында, тарихшылар мен саясаттанушылар тиімді қалыптасқан көпэтностық мемлект ретінде айқындайды. Бізде азаматтық қоғамдастық, мемлекет құрушы ұлт бар. Қарапайым және әртүрлі адамдардың көпшілігі үшін түсінікті мүдделерге негізделген осы қоғамдастықты сақтау маңызды. Ал бүгінгі таңда кім ұлт көшбасшысы болуға тиіс, Қазақстанға кім даму векторын берді және, түптеп келгенде, қоғам ұлт көшбасшысы ретінде кімге сене алады дейтін сұрақ, әлбетте, тақыр жерде туған жоқ. Бұл саясаткерлердің ұзын сонар пікірсайыстарына тақырып емес, шындығында, бұған қазақстандықтардың көпшілігінің өз пікірі болуға тиіс саяси мәселе деп қараған жөн.

Біздің Тұңғыш Президентіміз елді қиын-қыстау кезде басқарды. Қазақстанның тәуелсіздігі оның қызметімен тығыз байланысты. Елбасы ұсынған ұзармерзімдік «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру барысында еліміз экономика жағынан тиімді және, оған қоса, әлеуметтік жағынан жайлы мемлекет құрып, өңірдің көптеген елдері үшін үлгіге айналды.

ҚР Тұңғыш Президенті – көптеген мңызды халықаралық бастамалар­дың авторы. Бүгінгі күні елімізде ірі халықаралық форумдар шақырылады, ТМД, ШЫҰ, ЕАЭО және ҰҚШҰ саммиттері, сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірнеше съезі біздің еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда (бұрынғы Астанада) өтті. Қазір бұл халықаралық құрылымдар кең танымал және үлкен құрметке иеі. Ол ұйымдардың Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және белсенді қатысуымен құрылғаны – есімізге түсіруге тұрарлық оқиға. Қазақстан Республикасының 2010 жылы – ЕҚЫҰ-ға, 2011 жылы Ислам конфе­ренциясы ұйымына төрағалық етуі, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне 2017-2018 жылдарға тұрақты емес мүше болып сайлануы, Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуы – осының бәрі жалпыұлттық көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қалыптасатын қазақстандық сыртқы саясаттың нақты жетістіктерін халықаралық қоғамдастықтың даусыз мойындауының басты себептері.

Ақырында, ең бастысы – қазақстандық ұлт көшбасшысы біздің барша тарихымыз барысында күллі қазақстандық қоғамды біріктіруші фактор болған және солай болып қала береді. Республи­камызда өткен барлық президенттік сайлаулардың қорытындылары Н.Назарбаевтың бағытын халықтың басым көпшілігінің қолдайтынын дәлелдейді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметінен және Қазақстанның даму­ынан біз сол басты бағыттарды – елдің және оның барша халқының болашақта өркендеуі үшін маңызы бар кешенді стратегиялық: дара экономикалық та, саяси, әлеуметтік және мәдени-адамгершілік те міндеттердің шешімін көреміз. Нақ осы себепті 1990 жылдарда кең тараған «Назарбаевтың бірегей қабілеті» деген термин серпінділікті, реформаларға ұмтылуды, «оңшыл» мен «солшылдарсыз» центризм.

Бұдан қарапайым қорытынды шығады: ұлт көшбасшысының ерекше құбылысының бүгінгі таңда теориялық пікірсайыстардың тақырыбы болғаннан гөрі, қазіргі Қазақстанның шынайы жаңа тарихының қалыптасқан фактісіне айналғаны анық. Бұл жерде тағы бір факт көрнекі көрінеді. Егер қазақстандық қоғамның шығу тарихын, өз көшбасшысының тұлғасына деген көзқарасы дамуын жіті қарасақ, онда 1980 жылдардың соңында және тәуелсіздік таңы атқан кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тұлғасы, негізінен, реформатордың, Тұңғыш Президенттің, жас тәуелсіз мемлекет басшысының бейнесімен теңестірілген-ді. Қазір енді 29 жыл өткен соң, еліміз өткен көптеген сынақтар мен даму кезеңдері биігінен қарасақ, жұртшылықтың Н.Назарбаевқа беретін бағасы сапалы өзгерген және кү.шейе түскен.

Оның бірегей қабілетінің мәні, демек, елді өркендетудің басты бағытын айқындап қана қою еместігінде жатыр. Ең бастысы – ол жариялаған қарапайым және табиғи құндылықтар жыл өткен сайын дербес құндылықтарға және қазақстандық қоғамның басым міндеттеріне, қазақстандық сәйкестіктің факторларына айналған. Олар қоғамдық идеологияның, оның рухани жаңғыруының іргетасына айналған. Назарбаевтың бірегей қабілеті – ол тұрақты даму, этносаралық және конфессияаралық келісім, ұлттық бірлік. Қоғам осы құндылықтарды өзіне сіңірген және солармен бірге өмір сүреді. Осы негізгі құндылықтарға бейілділік қазақстандық қоғамның біріктіруші факторына айналған.

Сондықтан бүгінгі таңда Назарбаев Қазақстан үшін – бәрінен бұрын, өзінің халқына оны біріктіруші бастау ретінде қажет көшбасшы. Тұңғыш Президенттің осындай қоғамдық мәртебесіне, сірә, ешқандай күмән келтіруге болмас, бірақ оның айналасында көптеген басқа сұрақтар туып жатады. Қазақстанда ұлт көшбасшысының қызметіне негізделіп құрылған басқару үлгісі қалыптасқан деп айтуға бола ма? Немесе елімізде ұлт көшін бастап жүрудің бірегей қабілеті Назарбаевтың адам және саясаткер ретіндегі ерекше қабілетіне ғана байланысты ма? Қазақстан қоғамы дамуының ұзақмерзімдік болжам­дарын оған Назарбаевтың тигізген ықпалын есепке ала отырып құруға бола ма немесе ол саясаттан қол үзген жағдайда бәрі өзгеруі мүмкін бе? Бұл сұрақтарға қандай жауаптар беруді ойлау, біздің көзқарасымыз бойынша, тарихшылар немесе саясаттанушылар үшін емес, ең алды­мен қазақстандықтардың өздері үшін маңызды.

Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаевтың айтуынша, Н.Ә.Назарбаевтың тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды және мұндай қасиет оны ұдайы жетістікке жеткізіп келеді Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың мінезі туралы былай деп жазды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. «Нұрсұлтан Назарбаев әртүрлі мінезге ие адамдармен жарасым таба алады. Әрине оның харизматикалық болмысы туралы аз айтылмайды. Мұндай сирек қасиет әркімге беріле бермейді, бұл – расында да ең әуелі табиғат сыйы, содан кейін адамның өзін өзі үнемі дамытуына тікелей байланысты қасиет. Ұзақ жылдар бойы Елбасының еңбегіне шәкірті ретінде де, серіктесі ретінде де, үзеңгілесі ретінде де көңіл аудара жүріп, әр кез қабілетіне таңғалатынымды жасырмаймын», – дейді Тоқаев. Тоқаев тұңғыш президенттің қызықты әңгіме ғана емес, әзіл сөзді орынды қолдана білетінін де жеткізді. Оның пірінше, Елбасының тауып айтатын әзіл-қалжыңы әр кездесу соңынан әлемдік саясат өкілдері арасында бірден тарап кетеді екен, оның тапқырлығын шетел саясаткерлері үнемі жоғары бағалайды. «Бұл қасиеттері оны ұдайы жетістікке жеткізіп келеді. Дегенмен, саяси тұлғасының жөні бөлек. Ол әлемдік оқиғалар туралы, оны өз еліне өлшеп-пішу арқылы заманауи қарым-қатынастағы құрылымға үйлестіру туралы үнемі ойланады. Иә, Елбасы Қазақстанның әлемдік саясаттан шеткері қалмауы үшін де шетелге көбірек шыққан, резиденциясында шетелдік қонақтарды жиі қабылдаған», – деп атап көрсетті Тоқаев.

Мақаламызды қорытындылай келе айтайын дегеніміз, Елбасының қолдауымен Қазақстан Респцубликасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ адамдардың өз тағдырларын қазақстандық мемлекеттіліктің тағдырымен біріктіруге ұмтылысы барысында саясаттағы жолдарын өздерінің айқындауы қазіргі қоғам ынтымақтастығының іргетасына айналды. Мемлекеттің ішкі саяси-аумақтық ұйымдастырылуы елдің экономикалық дамуының, мемлекеттік органдар жүйесін құрудың, ел азаматтарының мемлекетпен өзара қарым-қатынастарын, азаматтардың жария билік қалыптастыруға және жүргізуге қатысуын қамтамасыз етудің негізі болып саналады. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік дәуіріне аяқ басуы елдің әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгертуді талап етті.

Тәуелсіз мемлекеттіліктің тағы бір даусыз белгісі – елдің дамыған құқықтық жүйесінің болуы. Қоғамдық өмір салтының ауысуы Қазақстанда мүлдем жаңа ұстанымдарға және құқықтық реттеудің әдістеріне негізделген жаңа құқықты қажет етті. Республикамыздың Тұңғыш Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев өтпелі қоғам жағдайында конституциялық үдерісті басқара, конституция мен конституционализмнің жалпы теориясына үлес қоса отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының, оның тұрақтылығы мен пәрменділігінің кепілі қызметі орындалуын қамтамасыз етіп, Негізгі Заң қағидасы мен рухында қызмет ету үлгісін көрсетті.

Т.М. Әминов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор  


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика