Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жаңа ұлттық сана

Жаңа ұлттық сана 07.06.2021

Жаңа ұлттық сана

Қазақстан мемлекеттілігінің нығаюы қазақ халқының ұлттық санасына тікелей байланысты. Бұған дейін қазақ халқы тарихи дамудың белгілі бір кезеңдерінен өтіп, осының негізінде ол тайпалық пен ұлыстықтан да күрделірек ұлттық сана-сезім деңгейіне көтерілді.

Алайда бұл күрделі үдеріс осыған дейінгі кеңестік дәуірде аза­маттар арасында қалыптасып қал­­ған өмірлік көзқарастың кел­­мес­ке кетіп, оның орнында бос кеңістіктің пайда болған кезінде жүрді. Ол ұлтаралық қатынастар мен экономикалық бай­ланыстардың күйреуі сияқты әртүрлі келеңсіз жағдайларға әке­ліп соқты. Соның салдарынан туын­даған қарама-қайшылықтар ұлттың рухани-зияткерлік әлеуетін әлсіретті.

Жаһандану үдерісі барысында ұлттық сананың жаңғыруы елі­мізде азаматтық қоғамның қа­лыптасуымен қатар өрбіді. Еге­мен­дік пен жаһандану арасында қазақ халқына жан-жағына көз салып, туындаған жаңа жағдайды дұрыстап түйсінуге саңылау да қалмады. Батыстың коммунизм идеологиясын жоюға бағытталған жоспарының шеңберінен ауытқуға да посткеңестік республикалардың ешқайсысының мұршасы келмей қалды. Сондықтан экономикалық, саяси және рухани дағдарысты еңсеру нарықтық қатынастарға көшу, мәдениетті идеологиясыздандыру нәтижесінде мүмкін болды. Өкінішке қарай, бұл қоғамдағы мәдени нигилизмге әкеліп соқты. Соның негізінде сол қоғамға тән өзін­дік сана мен сана-сезім қа­лып­таса бастады. Зақымданып, әбден бүлінген сана сәйкесінше өзі тәріздес мәдениетті тудырып отырды. Сөйтіп жалған мәдениет сана-сезімді одан әрі бұрмалап, оны уландыра түсті. Оның ұлт­ық тәуелсіздікті толыққанды се­зініп, ана сүтіне жарымай жатып жаһандану мұхитының тұң­ғиығына сүңгуіне тура келді. Осылайша, ұлттық даму моделінен оның үстемдік алып келе жатқан әлдебір бірыңғай, әмбебап түрі­не өту ақиқатқа айналды. Нәти­жесінде, мәдени жаһандану әр елдің өз моделінің барлығын ескер­местен, барша адамзат өмірін біріз­дендіріп, яғни «демократиялан­ды­рып», оны әлемдік үрдіске айналдырып жіберді.

Осыған орай, Қазақстан ұлттық сананы жаңартуды қолға ала бастады. Мұнда бірінші кезекте ұлттың, ұлттық сананың азаматтық бастауы ретіндегі маңызды бір белгісі болған ұлттық сана-сезімге баса назар аударылды. Өйткені ол көпэтносты мемлекетте әрбір этнос өкілдерінің өзінің шығу тегін, мәдени және ұлттық тамырларын түсіну, өз мәдениетін, тілін, ұлттық ерекшеліктерін, болмысы мен жалпыұлттық ынтымақтастықты мойындағанда ғана көпэтносты және көпконфессиялы елде ұлттық сана орныға алатын еді. Демек, ұлттық сананың негізі ұлттық сана-сезім екендігін дұрыс түсіну қажет болды. Өйткені ұлттық сана, әдетте, ұлт деңгейінде көрініс табады. Демек, ұлттық сана-сезімнің субъек­тісіне жеке тұлға және ұлттық қауымдастық жатса, ал ұлттық сананың субъектісі – ұлт. Ұлттық сана-сезімнің қалып­тасуына этностық орта, этно­мәдени дәстүрлер, этностың діни наным-сенімдері, басқа көп­теген фактор өз әсерін тигізері анық.

Ұлттық сана-сезімсіз толық­қанды халық болмайды, ондай жерде біртұтас ұлттың қалып­тас­пайтыны да анық. Сондықтан ұлттың әрбір өкілі өзін оның толыққанды бөлігі деп сезініп, туа салысымен ұлттық мәдениетті өз бойына сіңіріп, оны тасымалдаушы болады. Осыны сезіну әр адамға оның саяси және қоғамдық байланыс жүйесіне қосылуына негіз болады. Ол сөйтіп тек өз ортақтығын ғана емес, сонымен бірге басқа да ортақтықтарды қа­лыптастыра бастайды, жалпы­ұлт­тық қазақстандық бірегейлікті түй­сінеді. Бұл үдерісті үрдіске айналдыру үшін тарихтың тәл­кегіне түсіп, әбден қансыраған ұлттық сананы тоталитарлық құл­дық­тың құрсауынан біржолата босату қажет. Мұндай қоғамда посткоммунистік, нарықтық-ли­бе­ралдық және консервативті-ұлт­тық сияқты санадағы үш тол­қынның сайысы кезінде қазақ хал­қының бойындағы ұлттық рух­ты нығайтып, оның ұлттық са­на­сын өзгерту басымдыққа ие болуы шарт. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық кодты сақтап қалудың маңыздылығын көрсетіп берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға ерекше мән беріп отыр. Ол қазір сананың істен озып, одан бұрын жаңғырып отыруын қамтамасыз етудің өзектілігіне тоқтап, таным мен тағылым, қоғам мен құндылық, ұлағат пен ұстаным мәселелерін көтеруде. «Біз қуатты тәуелсіз мемле­кетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз» деген күмән келтірмейтін ақиқатты айта келе, Президентіміз отаншылдық пен жаңа ұлттық сана мәселесін жаһандану заманында жұтылып кетпеудің, ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмаудың бірден-бір кепілі ретінде қарас­тырады. Өйткені ұлттық бол­мыстың өзегіне негізделген шын отансүйгіштік қана жаңа ұлт­тық және қоғамдық сананы қалып­тас­тыра алады.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

қоғам қайраткері, саясаттанушы

Egemen Qazaqstan

Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика