Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Ақтастан Будапештке дейін

Ақтастан Будапештке дейін 29.04.2021

Ақтастан Будапештке дейін

Өткен жылы, 2020 көктемде мен әкемнің үлкен ағасы соғыстан қайтпаған Аяғанов Қасым туралы пост жазған болатынмын. Біздің үйде Аяған атамыздың үлкен ұлы Қасымды жиі еске алатын. Қасым атамыз, 1998 не 1902 жылы туылған.Ол кісі соғысқа алынғанда 43 жаста болған сияқты, ал артында 80-ен асқан әкесі, кәрі анасы, 9-ға және 5-ке келген қыздары, жөргектен шықпаған кішкентай ұлы-Сәлем қалады.

Үлкен апам Сусар тәтемнің айтуы бойынша әкесін суық күзде, "Балқай шоқ" пен "Тетен шоқ" арасында арнайы келген әскери "полуторка" машинаға тиеп салып алып кеткен. "Барлығымыз жылап қала бердік" - деуші еді тәтем. Сол "полуторка" ауыл азаматтарын тиеп Ақтас-Қарағай-Бұлақ арқылы қалаға әкетеді. Ұлы Отан Соғысы соғысы алдында біздің ауылда көп болса 15-20 жанүя болған. Ал тек қана Ақтастан 58 адам соғысқа аттанған екен. Арасында "Еңбек армиясына" алынғандар да бар. Санасақ, әр үйден 2-3 адам майданға кеткен екен. Ал 1945 жылдары үйге қайтқандары небарі 16 адам болды.
Мұндай жағдай бар Қазақстан ауылдары мен селоларына тән,себебі И.В.Сталин басқарған Кеңес Одағы басшылары бүл соғысқа мүлдем дайындалмай келген еді.Сондықтан ауылдағы бар азаматтарды-шопан, есепші, мұғалім болсын -бәрін жинап әкете берген.1942 жылы соғысқа Ленин аудандық военкомат арқылы 17 жастағы менің әкем Аяғанов Ғелман, Нұрмағамбетов Шыңғыс, Аяпбергенов Батырбай үшеуін алады.Бірақ, Алланың нұры түсті ме,әйтеуір біреу аяды ма, үшеуін де тікелей соғысқа айдамай, Шыңғыс ағамызды әскери қарауылға, менің әкемді Чита жағына" резервке" жібереді. Резерв әскері деген Жапон әскери күштеріне дайындалған армия. Ол жақтан әкем 1947 жылдың аяғында демобилизациямен елге қайтып келді.


Әкеміз де, басқа туыстарымыз да Қасым атамызды жиі еске алып алыста қалды ғой деп отыратын."Қайтпады ғой, қайда қалды екен сүйегі!"-деп жылап та алатын. Қасым атамыз орысшаға нашар, бірақ төте жазуды игерген сияқты. Сондықтан болар елге хат жазбаған, не болмаса ауылға жазған хаттары жетпеген. Сол ұлы қырғын арасында атамыз да жоғалды. Соғыстан аман қайтқан туысымыз Бейсенов Мәкен, Қасымды Сталинград майданында көрген, жарасы жеңіл екен, "Енді сен елге қайтасың інілерім Хамитке, қарындастарыма көз қырыңды салып жүр" деп тапсырады.

Бірақ Қасым атамыз соғыстан қайтпады. Майданнан аман оралған Мәкен атамыз бауырын еске алып ұзақ жылады дейтін көзі көргендер.

*****

Мен 1973-1975 жылдары әскерде Украина, Молдавияда болдым. Ол жақта соғыстан қалған траншея,блиндаж, окоптар жиі кездесетін. Сол кезде атамыз осында соғыспады ма екен деген ой тағы келетін.

Кейін тарих факультетін тамамдаған соң, соғыс тақырыбын қайта оқи бастадым. Сосын ағамыз Сәлем екеуміз атамызды іздеп Сталинградқа, Ленинград әскери госпитальдарда қаза тапқан тізімін тексертіп хат жазыстық. Олар мұндай фамилия кездеспеді деп жауап беретін.Кейін мен сұратқан Мәскеулік Қорғаныс министрі ақпаратында бес Аяғанов Касим, Касен деген азаматтар фамилиясы шықты. Төртеуінің мүлдем не туған жылы, не туған жері ұқсамайды. Тек біреуі ғана ұқсаңқырады, тек оны 1944 жылы "пропал без вести" деп көрсеткен. Ал атамызды кездестірген адам Сталинград маңайында көргенін айтады. Сталинград шайқасы 1943 жылы ақпан айында аяқталғаны тағы белгілі.

Содан мен қайтадан архивтерге хат жазыстым. Маған Қазақстан Президент архиві қызметкерлері көп көмек корсетті. Атамызды тұтқындар арасынан да іздедім. Осы кезде Ұлы Отан соғысы туралы біршама кітаптар авторы да болып үлгердім. Оның арасында"Қазақ тұтқыны" деген қызылордалық жауынгер Сүлеймен Бекенов ағамыздың естелігі де болды. Арасындағы ең көлемді әрі тереңі "Абырой мен парыз" 2015 жылы шықты. Бұл монографияда Мемлекет тарихы институты ғалымдары әріптестерімен қосыла отырып Қазақстанда жинақталған ірі әскери полк пен дивизияларды, олардың әскери жолдарын көрсеткен болатын.


2008 жылы "Ақтас деген ауыл бар" деген жинақты ел болып дайындаған болатынбыз. Соның 3-і тарауы "Ақтас ауылы Ұлы Отан соғысы жылдарында" деп аталады. Біршама деректер ауылдан табылып, жауынгерлер аты тасқа басылды. Сонда "Қазақ энциклопедиясы" шығарған "Боздақтар" мен аудан елтанушысы М.П. Ключеровтың кітабында байқағаным соғысқа аттанған жауынгерлердің көбі "пропал без вести" делінеді. Және ол тізімдер толық емес екені байқалатын.

Қасым атамыздың фотосуреттері де қалмаған. Тек көргендер атасының түрі Сәлем ағамыздың баласы Анарханға келеді дейтін.Атамыздан Сақан мен Қарбалас атты қарындасы қалды. Ол екеуі де "Жаңалық" ауылына тұрмысқа шықты.

Атам туралы іздеген кезде маған тарих ғылымы кандидаты Сәуле Мәлікова басқарған Солтүстік Қазақстан мұрағаты қызметкерлері көп көмек көрсетті. Кейін Президент архивынан профессор Қайрат Әлімғазинов жәрдем беріп отырды.

*****
Сонымен 2021 жылддың наурыз айында алынған құжаттарда мынадай анықтама беріледі:" Красноармеец Аляганов Касим пропал без вести, ранен 15.01 1945 г. умер от ран 10.02.1945г. Извещение отправлено 14.02.45 г. похоронен Венгрии г.Хатван, военное кладбиище n.10" Бұл анықтамадағы қате бір-ақ әріптің кіріп кетуінде. "Аяганов" дегеннің орнына "Аляганов" деп жазып жіберген. Қалғаны – туған жері, әйелінің аты-Бикамал, тіпті "Тунгуюкский" сельсовет дегені бәрі келіп тұр. Шақырылған жері Ленинский райвоенкомат. Тек штабтағы біреудің жібереген қатесі - "л" әрпі шатастырып жіберіп тұр. Арасында тағы да 1944 жылы "пропал без вести" деген.

Бірақ қалай дегенде де 1945 жылы атамыз Қызыл әскер қатарында болып Венгрияда артиллерия полкында соғысқан. 15 қаңтарда оқ тиіп 10 ақпанда жарадан қайтыс болған. Содан басқа да қызыл әскерлермен бірге Венгрия республикасы, "Хатван" деген қаланың Мадьяр зиратында кеңес жауынгерлермен бірге жерленген.

Жауынгер Қасым Аяғанов ерлікпен қаза тапқан. Менің байқауым бойынша Аяғанов Қасым қараша айында Петропавл қаласынан шығып майданға түседі. Бірақ ол қаладан шыққан 314-дивизияла болмаған сияқты. Мысалы сол дивизияда болған азаматтар Ленинград түбіндегі майданда болып қаза табады. Яғни атамыз басқа әскери бөлімшеге түскен. Қасым атамызды жерлестері 1942/1943 жылдары қыста Сталинград түбінде көрген. Жеңіл жарасы болған атамызды, шиттей үш баласы долса да үйге қайтармай қайта майданға іліктіреді. Қоршауға түскенімен ол тұтқында болмаған, әйтпесе 1947 жылы оның жанұясына "пособие" берілмес еді.


Қосымша" Именной список умерших от ран и полученных на фронте болезней" деген қағаз тіркелген. "Именной списокта" тағы да Аляганов Касим дейді, бірақ туған жерін "Сев.Казахстан,Петропавловская область, Лесский (Ленинский ғой) р-н, Тунгуюкскии (неразборчиво) с/с, к-з" Дактас" болып шығады.Жена Аляганова Пикамоль (Бикамал) деп көрсетілген. Грамматикалық қателері көп демесе, ауыл аты, облыс, аудан аты келіп тұр. Тек Ақтасымыз" Дактас" деп өзгеріп кеткен.

Оған қоса тағы да қаза тапқан жауынгерлер тізімі бар.

Бірақ қалай дегенде де 1945 жылы атамыз Қызыл әскер қатарында болып Венгрияда артиллерия полкында соғысқан. 15 қаңтарда оқ тиіп 10 ақпанда жарадан қайтыс болған. Содан басқа да қызыл әскерлермен бірге мадьяр зиратында көптеген қызыләскерлермен бірге жерленген. Әрине, қызыләскердің "Личный листогі", не госпитальдардағы қағаздары табылса біраз мәселе анықталар еді. Бәлкім болашақта олар да табылар.

Бір қызығы КСРО құлағаннан кейін мен Германия, Польша,Венгрияда талай болғам. Бірақ ешқашан ой келмепті атамыздың жатқан жері осы жақ болар деп. Қасым атамыздан көптеген немере, шөбере, неменелері тараған. Олар Қасымовтар, Қарағайдағы Қойшиндер, "Еңбек-Қожымнан" Төлешовтар. Арасында инженер, дәрігер, профессор ғалымдар да бар. Туған жиен немересі-Төлешова Гүлгүл-журналист. Біздің барлығымыз үшін атамыздың табылғаны үлкен қуаныш.

*****
Соғыстан аман елге қайтып келген Әміржан Аманжолов, Әблин Қаратай, Секен Айсин, Мәкен аталарды өз көзімізбен көрдік. Олар мәңгілік сапарға осы ауылдан аттанды. Олардың аттары алтын әріппен тасқа басылған. Енді біз сол тасқа қызыләскер Аяғанов Қасымды ауылда туып, 1945 жылы Венгрия елінде 10-ы ақпанда көз жүмып "Мадьяр" зиратына жерленген деп көрсетеміз. Интернеттен Венгриядағы Хатван қаласын да тауып алдым. Ақпаратта айтқанындай ол қалада қаза тапқан қызыләскер зираты бар екен. Жол ашылғасын балалары атамыздың басына барып құран оқытамыз.

*****
Мені қинайтыны -сол бір кеткен қатеден атамыздың жоғалуы мен Кеңес үкіметінің соңғы кезге дейін архивтерді жабық ұстауы, елден ақпаратты жасыруы. Бұл алапат соғыста И.В. Сталин 6 миллион адамнан айырылдық десе, Н.Хрущев АҚШ Президенті Дуайт Эйзенхауермен кездскен кезде 12 миллион шығын болды деді. Ал Кеңес Одағы көсемі Л.Брежнев, Ұлы Жеңіс мерейтойын 1975 жылы тойлаған кезде совет халқы 20 миллион адамнан айырылды деген болатын.

Соғыстан қайтпаған солдаттар туралы ақпарат 1985 жылғы" бетбұрыс" саясатынан кейін ғана айтыла бастады. Архивтер ашылып мәліметтер беріле бастады. 1991 жылғы КСРО Қорғаныс Министрлігінің ресми ақпараты бойынша біз 28. млн 600 мыңдай адамнан айырылған екенбіз.
Туыстарын іздеген адамдар болса мына сілтемемен іздеуге болады:
https://pamyat-naroda.ru/.../memorial-chelovek.../...

БҮРКІТБАЙ АЯҒАН,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, т.ғ.д., профессор


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика