Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Тәуелсіздік стратегиясы

Тәуелсіздік стратегиясы 05.04.2021

Тәуелсіздік стратегиясы

Көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы ел – Қазақстан биыл өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Еліміздің қазіргі тарихының өткен жолын пайымдай отырып, тағдырлы шешімдерді, қазақ халқының мемлекеттілігінің қалып­тасуындағы маңызды қол жеткізілген жетістіктерді атап өтуге, осы жолдағы қиындықтарды, жіберілген қателіктерді талдауға, елдің одан әрі үдемелі және орнықты өсуі бойынша қоғамның негізгі векторын белгілеуге болады. 

Бүгін Қазақстанды халықаралық қауым­дастықтың мойындауы, әлемдік қоғамдастыққа табысты кіруі жолында өткен кезеңдерін талдай отырып, еліміздің табыстары мен қиындықтарын еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың есімінен ажырату мүмкін емес.

1997 жылы «Қазақстан-2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» тарихи стратегиялық бағдарламасының қабылдануы Тәуелсіздіктің қалыпта­суындағы маңызды кезеңге айналды. Осы жылдар ішінде бұл стратегия бағдар ретінде бізге басты мақсатқа жету үшін алға жылжуға мүмкіндік берді.

«Қазақстан-2030» бағдарламасында жазылғанындай: «Адамзат дамуының бүкiл тарихи тәжiрибесi мемлекеттiң алға басуы және тұрақты өсуi жүзеге асырылатын қажеттi шарттардың бастауында оның ұлтының қауiпсiздiгi мен мемлекеттiлiгiнiң сақталуы тұрғанына куә. Бостандық пен тәуелсiздiктi жеңiп алу жеткiлiксiз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтарға қалдыру қажет. Бiздiң ұрпақ еңсере алмай, өздеріне қалдырған ауыртпалықтар, қи­ын­­шы­лықтар мен проб­лемалар үшiн болашақ ұрпақ кешiрер. Егер бiз өз мемлекеттiлiгiмiзден айрылып, егемендiгiмiздiң стратегиялық негiздерiн, өз жерлерiмiз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бiзге кешiрiм жоқ. Бұл Қазақстанның 2030 жылға дейiнгi дамуының бiрiншi стратегиялық басымдығы болуға тиiс».

Қазіргі Қазақстан шежіресі 1991 жылдың 16 желтоқсанынан басталады. Бұл күні Қазақстан өзін тәуелсіз егемен мемлекет деп жариялады. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан өз тәуелсіздігін ала отырып, өз тарихында жаңа белес ашты: нығайып, өз дамуында үлкен нәтижелерге қол жеткізді. Бұл кезең оқиғалар мен фактілерге өте бай уақыт кезеңі. 30 жыл ішінде өзінің билік институттары бар және оның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепілдік берілген әлемдік қоғамдастықтың ықпалды мүшесі болып табылатын жаңа мемлекет құрылды. 30 жыл ішінде елдің ішкі экономикалық жүйесі толығымен өзгерді: нарықтық қатынастар мен институттар қалыптасты. Осының негізінде Қазақстан әлемдік экономикада өз орнын алатын елге айналды. 30 жыл ішінде ашық қоғам құрылды, онда Конституция негізінде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын демократиялық институттар ашылды. Бұрынғы тоталитарлық идеологияның қатыгез буындарынан арылып, шынайы жалпыадамзаттық құндылықтар мен мақсаттарды құрмет­тейтін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы өсті. Мемлекеттіліктің маңызды белгілерінің бірі – әлемдік қоғамдастық мемлекеттерінің біздің елімізді БҰҰ-ның белгілі шекаралары бар мүшесі ретінде тануы. Посткеңестік барлық елдердің ішінен тек біздің республика тұрақтылықты, сонымен бірге дамуды қамтамасыз ететін идеяға сүйенді, осының арқасында ешқандай күйзелісті бастан кешірмей, жалпы тұрақтылықты сақтады. Көптеген белгілі саясаткерлер, соның ішінде, американдық саясаткер З.К.Бжезинскийді қоса алғанда, бізде екінші Югославияны, азаматтық соғысты және елдің құлдырауын болжады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, Қазақстан көп этностық қоғамда этносаралық қатынастарды үйлестіру саясатын жүргізіп келеді. Осының арқасында этносаралық келісімнің бірегей моделі құрылды, оның негізінде «елдің бірлігі – әралуандылықта» принципіне сүйенді.

1995 жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясының құрылуы этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін іс жүзінде қамта­масыз етті. Қазақстан Парламенттегі барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері болып табылатын депутаттардың қаты­суымен заңнамалық деңгейде бекітілген посткеңестік кеңістіктегі жалғыз ел.

Ойымызды әрі қарай сабақтай түсу үшін «Қазақстан-2030» Стратегиясынан тағы да бір үзінді келтірелік: «Бабаларымыздың өз мемлекетiнiң iргетасын қалауы мен дамытуын шолып қарағанда, олардың өз мемлекеттiлiгiн сақтап қалу үшiн тарихи ауыр және қатал күрес жүргiзгенiн айқын көрсетедi. Осы стратегиялық мiндеттiң шешiмiн үнемі iздестiру қажеттiгi бiзден қалыптасып отырған жағдайды геостратегиялық күштермен және олардың өзгеру серпiнiмен теңдестiре байсалды әрi барабар бағалауды талап етедi».

Шындығында, біз әлем және әсіресе посткеңестік мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастар түбегейлі өзгерістерге ұшыраған уақытта өмір сүріп жатырмыз. Тек 2020 жылы Беларусь, көрші Қырғызстан аумағында қоғам мен билік арасында қақтығыстар болды. Таулы Қарабақ үшін Әзірбайжан мен Армения арасындағы қанды соғысты Ресей Федерациясының делдалдығы арқылы тоқтатуға жағдай туды. Украина мен Ресей арасындағы Қырым мен Донбасс үшін қақтығыстар әлі де жалғасуда. Дипломатиялық деңгейде Ресей Федерациясы мен Грузия арасындағы Абхазия мен Оңтүстік Осетия үшін қарсыласу 2008 жылғы әскери әрекеттерден кейін дипломатиялық түрде жалғасуда. Молдавиядағы Прид­нестровьенің тағдыры әлі шешілген жоқ. Көршілес шет елде қазақтардың мемлекеттілігі туралы түрлі даулар әлі күнге дейін басылған жоқ, біздің республикамыздың заңдастырылған мемлекеттік шекаралары туралы олар күмән туғызуда. Соңғы уақытта біздің еліміздің солтүстік аймақтық жерлерге шағымдарымен ТМД бойынша стра­тегиялық әріптесіміз – РФ Мемлекеттік Думасының өкілдері тарапынан Қазақ­с­­танға жасалған арандатушылық мәлім­демелер ерекше жанданды. 2018 жылы Ресей Президенті В. Путин Валдай конференциясына қатысушылармен кездесуде бұрын қазақтардың мемле­кеттілігі болмағанын ерекше атап өткен болатын. Осы жерде, 2003 жылдан бастап, ресейлік саясаткерлер ұқсас шағымдармен Украинадағы Қырым автономиясын РФ-на қосу туралы өз арам ниеттерін білдіргенін атап өту керек. Олар өз жоспарларын 2014 жылы жүзеге асырды.

Осы қауіптердің барлығы, ең алдымен, Қазақстандағы ішкі тұрақтылықты шайқауға, елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қатер төндіруі мүмкін. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ресми түрде РФ елшілігіне нотамен жүгінді, алайда ресми жауап болған жоқ.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев 05.01.2021ж. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында алғаш рет біздің шекара­мыздың периметрінен тыс барлық арандатушыларға дәлелді, уақтылы тойтарыс берді. «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз. Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек. Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны әлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған.  Біз шекара мәселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды» деп мәлімдеді біздің Президентіміз.

Мемлекет басшысының тұжырым­дамаларын қызу қолдай отыра, біздің аумақтық тұтастығымызға күмәнданатын және тату көршілік қарым-қатынасты сынайтын кейбір шетелдіктердің аран­дату­шылық әрекеттеріне ресми және көпшілік алдында қарсы тұру қажеттілігі өте маңызды екенін атап өткен жөн.

Арандатушылық мәлімдемелерге нақты тарихи фактілермен және халықаралық шарттармен негіздей отырып, тарихшы-ғалымдар жауап беруі керек. Тарих ғылымының міндеті тек өткеннің бейнесін тану мен қалпына келтіруден ғана емес, сонымен қатар, халықтың өзін-өзі тану міндетін, оның ата-баба Отаны мен Отан алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету керектігін ұмытпаған жөн. Қазіргі таңда қазақ тарихшыларының алдына ел дамуының қазіргі кезеңінің ерекшеліктеріне негізделген «Тәуелсіздік бәрінен қым­бат» атты мақаласында ел Президенті белгілеген міндеттердің тұтас кешенін орындау тұр. Отандық тарихты білуге деген оң көзқарас өзінің кіші отанының тарихын құрметтеуден басталады.

Бұл мәселеде бірінші орынға жер­гі­лікті мектеп тарихшыларының, өлке­танушылардың белсенді жұмысы алға шығады. Президент өз мақаласында елді мекендерді, аудандарды, облыстарды қайта атау мәселелеріне ерекше назар аударды. Тарихи атауларды қайтару мәселесінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарында жергілікті өлкетанушылар, тарихшылар басты рөл атқаруы керектігі айдан-анық. Мысалы, менің кіші Отанымда СҚО-да Жезқазған-Петропавл тас жолындағы қазіргі белгілі елді мекендердің бұрын байырғы тарихи атаулары болғанын білетіндер аз: Бишкул емес, Бескөл, Покровка емес, Ақжар, Петровка емес, Пласкеу, Николаевка емес, Көбөш, Явленка емес, Мұса және т. б. Сондықтан, этнотопономика, этнография, жергілікті тарих мұғалімдері мен өлкетанушылардың шығармашылық жұмысы арқылы өлкенің бұрынғы тарихын қабылдау бойынша жұмысты жаңа биіктерге көтеру қажет. Сонда жергілікті билікке елді мекендердің тарихи атауларын қайтару бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жеңілірек болар еді.

Бұл ретте ҚР еңбек сіңірген өлкета­нушысы Г.Ж.Табулдинның Омбы қаласының мұрағаттарынан алған патша­лық Ресейдің ескі картографиялық карталарын деректанулық материал ретінде пайдалануға болады.

Жергілікті халықтың көші-қонына байланысты қараусыз қалған солтүстік өңірдің ауылдары мен қалалары алаңда­тушылық туғызады. Қазақстанның жұмыс күші артық оңтүстік өңірлерінен жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлеріне адамдардың ерікті түрде қоныс аудару максатында кешенді мемлекеттік бағдарламаны дайындау және сапалы іске асырудың ағымдағы жағдайда стратегиялық маңызы өте зор. Облыстың атқарушы органдарының басты міндеті – квота бойынша келген қоныс аударушыларды өңірде дұрыс орналастыру. Агломе­рацияның әлемдік процесін ескере отырып, қоныс аударушыларды облыс орталықтары Павлодар, Петропавл, Қостанай қалаларының маңайына орналастыру қажет деп есептеймін.

Қазақстан тарихы туралы тарихи сананы қалыптастыруда тарихи білімді қазіргі және болашақ ұрпақ үшін, цифрландыру дәуірінде әлеуметтік желілерді пайдалану ерекше маңызға ие. Қазақстанның шынайы тарихын әлеуметтік желілер арқылы белсенді насихаттау және талқылау біздің жастарымыздың санасында, соның ішінде, елді мекендердің атауын өзгерту және тарихи атауларын қайтару мәселелерінде шешуші рөл атқаратынына күмән жоқ.

Өзіміз мақала барысында негізге алып отырған «Қазақстан-2030» стратегиясында жазылған кезекті бір маңызды мәселеге назар аударайық. Мемлекеттік маңы­зы бар құжатта былай делінген: «Қазақстанның қазiргi кездегi және жақын болашақтағы ұлттық қауiпсiздiгiне төнуi ықтимал қауiптiң тiкелей әске­ри басып кiру және мемлекеттiң ау­мақ­тық тұтастығына қатер төндiру сипатында болмайтынын бiз түсiнемiз. …Бұл тыныштық пен тұрақтылықтың болжап бiлуге болатындай қашықтығы Қазақстанның экономикалық әлеуетiн тиiмдi нығайту үшiн пайдаланылуға тиiс, соның негiзiнде бiз ұлттық қауiпсiздiктiң сенiмдi жүйесiн құра аламыз».

Мерейтой қарсаңында стратегияның осы бөлімін іске асыру аясында «Осы кезеңде не істедік және біз қайдамыз?» деген сұрақ туындайды.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда екі жаңғырту табысты жүргізілді. Біріншісі тәуелсіздік алған сәттен басталды, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Екінші жаңғырту 1990-шы жылдардың соңында, 2030-стратегиясының қабылдануымен басталды және 2010-шы жылдардың ортасында аяқталды. Қазақстан тұрақты экономикалық өсу траекториясына шықты, мемлекеттік институттар жүйесін және орта бизнесті қалыптастырды, өз азаматтарының өмір сапасын едәуір жақсартты, жаңа Астананы салды, теңдестірілген және жауапты сыртқы саясатымен өзінің халықаралық беделін нығайтты, өңірлік көшбасшылыққа сәйкес екенін дәлелдеді. 2017 жылдың басынан бастап, Қазақстанда Үшінші жаңғыру іске асырылуда, оның міндеттерін Тұңғыш Президент – Елбасы 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында жариялады.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің стратегиялық тұрғыдағы зор жетістігі – жаңа елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын құру болып табылады. Қысқа мерзім ішінде Қазақстанның географиялық орталығында қатардағы облыс орталығының орнында сәулет саласындағы барлық әлемдік талаптарға сәйкес астаналық функциялары бар заманауи қала пайда болды. Елорданы көшіру Тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің даму барысын айқындап берген дәуірлік оқиға болды. Еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы атап өткендей: «30 жылдан кейін Қазақстан өз дамуында елеулі прогреске қол жеткізді деп айтуға болады. Жалпы ішкі өнім 11 миллиард доллардан 170-ке дейін өсті. Осы жылдары мемлекет 86 миллиард доллар халықаралық резервтер мен активтерді жинақтап, 300 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестицияларды тарта алды. Қазақстан тәуелсіздік жылдары Орталық Азияға құйылатын шетелдік инвестициялардың 70%-дан астамын тартты. Кедейшілік деңгейі 10 есе төмендеді. Экономикалық әсерді күшейтуге көлік инфрақұрылымы көмектесті. Н.Назарбаевтың бағалауы бойынша, транзиттік тасымалдарда ғана Қазақстан болашақта 5 млрд доллар таба алады. Бұдан басқа, қолданыстағы көлік дәліздерімен, оның ішінде, қытайлық «Бір белдеу – бір жол» көлік дәліздерімен интеграция есебінен ел теңізге шығуға қол жеткізді. Келешекте Қазақстанның дамуындағы драйвы ауыл шаруашылығы екенін ұмытпаған жөн. Біздің экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдерімен солтүстіктегі және оңтүстіктегі елдердің халқын қамтамасыз етуге толық мүмкіншіліктеріміз бар. Қорыта айтқанда, тәуелсіздік жылдарында көпұлтты Қазақстан нарықты экономикасы мен демократиялық негіздері бар дамып келе жатқан мемлекетке айналды. Осыған орай, келешекте біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай экономика тұрғысынан әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу.

«Қазақстан-2030» Стратегиясында белгіленген міндеттің бірі – қауіпсіздік пен аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз ету болатын. Бұл орайда тарихи құжатта келесі мәселелер сөз болған: «Өз қауiпсiздiгiмiз бен аумақтық тұтастығымызды қамта­масыз ету үшiн бiз күштi мемлекет болуға және көршiлерiмiзбен берiк және достық қарым-қатынаста болуға тиiспiз. Сондықтан, ең жақын және тарихи достас көршiмiз Ресеймен арадағы сенiм мен тең құқылы қарым-қатынасымызды дамытып, нығайта беремiз. ҚХР-мен өзара тиiмдi негiздегi осындай сенiм мен тату көршiлiк қатынастарымызды жалғастырамыз. Бiз Орталық Азия мемлекеттерiмен байланыстарымыз бен интеграциялық процестердi күшей­те беремiз. Таяу және Орта Шығыс елдерiмен де қарым-қатынастарымыз тиiстi деңгейде нығая бередi. Бiздiң стратегиямыздың екiншi құраласы – Америка Құрама Штаттарын қоса алғанда, басты демократияшыл индустриясы дамыған мемлекеттермен байланысын күшейту» делінген. 

Қазақстан тәуелсіздігін алған сәттен бастап қысқа мерзім ішінде өзінің сыртқы саясатын қазіргі заманғы талаптарға толық сәйкес құра алды. Бірінші кезекте, Қазақстан ТМД елдерімен, оның ішін­де РФ-мен саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және қорғаныс сипатындағы тығыз қарым-қатынас орнатты. Себебі Ресей Кеңес Одағының мұрагері ретінде әлем мен Еуразиядағы саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени және тіпті әскери салаларда маңызды орынға ие болды. Сонымен қатар, РФ Қазақстанмен тікелей әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасына ие. Сондықтан, Ресей ТМД елдері арасында ерекше орын алды. Осы нақты жағдайларға сүйене отырып, 1992 жылғы мамырда Қазақстан мен Ресей Президенттері қол қойған Қазақстан Республикасы мен Ресей арасындағы достық, өзара іс-қимыл және өзара көмек туралы келісім тең құқылы серіктестердің мемлекетаралық қатынастарын рес­ми түрде ашты және екі жақты ынтымақтастықтың құқықтық негізіне айналды. Шекарадағы көршілермен, Қытай Халық Республикасымен және Орталық Азия елдерімен, мұсылман мемлекеттерімен, сондай-ақ алыс шет елдермен өзара тиімді ынтымақтастықтың негізі қаланды. Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, «Қазақстан біздің тарихымызда алғаш рет халықаралық деңгейде танылған өзінің мемлекеттік шекарасын нақты анықтады. Демаркация елдің мемлекеттік шекарасының 14 мың шақырымынан өтті». Осылайша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан өзінің мемлекеттік шекарасын барлық көрші елдермен толық айқындады. Бүгінде Қазақстан жетекші халықаралық ұйымдардың – БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ШЫҰ, ТМД, БЭЖ, КО, БЭК, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ және басқа да мемлекетаралық бірлестіктердің мүшесі болып табылады. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан әлемнің 180-нен астам мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ЕАЭО, ШЫҰ, ТМД, ҰҚШҰ, АӨСШК және Түркі Кеңесі сияқты беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етті. Бұрынғы Кеңес одағынан қалған ядролық қаруы бар Қазақстан республикасының сыртқы саясатына әлемнің көптеген мемлекеттері үлкен назар аударды. Осыған орай, Қазақстан біржақты тәртіппен ядролық қарудан бас тартты. 1994 жылғы алтыншы желтоқсанда Мажарстанның астанасы Будапешт қаласында ядролық державалардың – АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Украина және Қазақстан Президенттерінің қатысуымен әлемнің 55 мемлекетінің ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитінде ядролық қаруды таратпау мақсатында, РФ қайтару туралы бұрынғы КСРО елдерінің (Украина, Беларусь және Қазақстан) қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығы жөніндегі меморандумға қол қойылды. 1995 жылы шартқа ҚХР да қосылды. Қазақстан өз жұмысын Тұңғыш Президент-Елбасының шешімдерімен үйлестірген «Невада - Семей» қоғамдық қозғалысынан бастап әлемдік антиядролық процесте көшбасшы болып табылады. Қазақстанның бас­та­ма­ларының арқасында БҰҰ Бас Ассам­блеясының Ядролық қарудан азат әлем құрудың Жалпыға Ортақ Декларациясын қабылдауы мүмкін болды.

Н.Назарбаевтың бастамасымен ұйым­дастырылған, дінаралық және конфес­сияаралық диалогты тек сындарлы форматта жүргізуге мүмкіндік беретін пікірталас алаңы ретінде 2003 жылдан бастап әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін Қазақстанда тұрақты түрде өткізу көпконфессионалды еліміздің маңыздылығын арттыра түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында игілікті орынға ие болды. Қазақстан Республикасының 2017-2019 жылдар кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы жоғарыда айтылғандардың айқын дәлелі болып табылады. Осы шағын талдаудан Қазақстанның үлкен жетістіктері мен елдің сыртқы саяси қызметтегі және халықаралық аренадағы табыстары, оның ішінде, Еуразиялық экономикалық интеграция саласындағы бастамалар, өңірлік экономикалық және саяси көшбасшылық рөлінің көрінісін айқын атауға болады.

Әрбір тәуелсіз мемлекет қай кезде болса да, жаһандық сын-қатерлерге назар аударып отыратыны белгілі. Бұл тұрғыдан келгенде, еліміздің бағыты мен бағдары қандай деген сауал төңірегін ойға алғанда, өзіміз тілге тиек етіп отырған бағдарламалық құжатта жазылған тұжы­рымдарға да зер сала отыралық.

Стратегияда жақын және алыс бола­шақтағы ұлттық мүдделердi қорғау мен күштердiң теңдестiгiн қамтамасыз етудегi біздің мықты құралымыз, ынтымақтасу саясатын алдымен Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан арасындағы Орталық Азия Одағын нығайтып дамыту, басқа мемлекеттердiң iсiне араласпау, қарсы тұрудан гөрi, татулық ахуалын басым ұстау саясаты болуға тиiс екені атап көрсетілген. Әскери қақтығыстардың жосықсыз екенiн әлемнiң ұғынғанына зор сенiм артсақ та, парасатты мемлекет басқа үкіметтердiң уәдесiне сенiп қана қоймай, өз елiнiң қуатына да сүйенетiнiн ұмытпағанымыз жөн екені тілге тиек етілген. «Сондықтан, Қарулы Күштеріміздің құрылысы мен жаңартылуына, олардың кәсiби даярлығы жауынгерлiк әзiрлiгiнiң деңгейiне және оларды қарудың осы заманғы құралдарымен жарақтандыруға зор басымдық берiлетiнi сөзсiз. Ұлттық қауiпсiздiк басымдықтарының деңгейiне мықты демографиялық және көшi-қон саясаты шығарылуға тиiс» делінген. 

Осы ретте ХХІ ғасырдың жаһандық сын-қатерлері жағдайында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты «жаңа стратегиялық бағдарламасының қабылдануы «Стратегия-2030»-дағы аталған мәселелерді іске асырудағы аса маңызды кезеңге айналды, олардың арасында тарихи уақыттың жеделдеуі, өркениет құндылықтарының дағдарысы және басқа да сын-қатерлері болды. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің ел халқына Жолдауында республиканың 2050 жылға қарай қол жеткізуі тиіс басты мақсаты мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру болып табылатынын атап өтті  [6].

Бірінші кезектегі басымдықтар қата­рында қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға, жалпыұлттық құнды­лықтарды нығайтудағы зиялы қауымның рөліне, қоғамның тарихи санасын қалыптастыру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Стратегияда ұлттың мәдени ерекшелігі мен генетикалық кодын (тіл, дәстүр, тарих, рәміздер) сақтау, олардың қоғамды топтастырудағы рөлі атап өтілген. Соңғы екі онжылдықта қазақстандық қоғамдағы ауқымды сая­си және әлеуметтік-экономикалық трансформациялар орнықты өсуді қамта­масыз етті. Сонымен бірге, олар бірқатар күрделі  мәселелер туындатты. Осыған орай, Елбасы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» атауымен Тәуелсіз Қазақстан тарихына енген бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» атты Жолдауын арнады [9]. Елбасы атап өткендей, «бағдарламаны іске асыру «Әлеуметтік мемлекет» туралы конституциялық норманы жаңа мазмұнмен толтырады». Бұдан әрі ол «қалыптасқан мемлекет – әлеуметтік мемлекет» деп атап өтті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың алғашқы қорытындылары, сондай-ақ, әлеуметтік проблемаларды шешудің бұдан бұрынғы тәжірибесі Елбасы мәлімдеген «біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық әл-ауқаттың шынайы, прагматикалық қазақстандық моделін қалыптастырамыз» деген сенім  салмақты  түрде  арта  түсті.

Бұл ретте, осы мәселе бойынша маңызды сұрақ туындайды, әлеуметтік қайшылықтар нарықтық қатынастарға көшу кезінде жіберілген қателіктердің нәтижесі ме? Әлде олар социалистік басқару моделін кеңінен теріске шығарудан туындаған экономикалық дағдарыстың салдары ма? Нарықтық қатынастарға көшуде басқа мүмкіндіктер қарастырылды ма? Мұны білу болашақта өткеннің қателіктерін қайталамау үшін қажет, себебі жекешелендіру процесі мемлекет бағдарламасы бойынша жалғасуда. Көптеген посткеңестік республикаларға, соның ішінде, Қазақстанға тән кедей көпшілік пен бай азшылықтың өмір сүру деңгейіндегі алып алшақтық нарықтық қатынастардың қалыптасуының және дәрменсіздіктің, ал кейбір жерлерде жекешелендіру түрінде ұлттық байлықты қайта бөлу кезінде құқықтық және билік тәртібінің сақталмауы, мемлекеттік құрылымдардың бұрмаланған көрінісі байқалады. Басқаша айтқанда, нарыққа алғашқы көшу кезінде мұраға қалдырылған байлыққа ие болмаған жастар мен орта буын өкілдері (социализм жағдайында бұл мүмкін емес еді) кенеттен бір түн ішінде ірі меншік иелеріне айналды. Халықтың көп бөлігі елдегі экономикалық хаос жағдайында кедейлікке ұшыраған кезде, адамдардың аз тобын лайықты емес, ең бастысы заңсыз байып кетуі, елімізде әлеуметтік наразылықтың стимуляторы әлеуетін әлі де боса сақтайды. Азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің нашарлауының осы және басқа да мән-жайларын мойындай отырып, мемлекет өзінің әлеуметтік функцияларын басымдықпен іске асыру жағына қарай бұру жолдарын әзірлеуге бағыттау керек [7].

Бұл бағыттағы батыл қадам Қа­зақс­­танның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 05.10.2018 жылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру» Жолдауымен жасалғанын қанағат­танушылықпен атап өткен жөн. Онда еліміздің әлеуметтік дамуының өзекті мәселелерін шешу бойынша мемлекеттік органдар қызметінің кеңейтілген бағдар­ламасы бекітілді.

Бүгінде халық бірауыздан сайлаған мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың және Елбасының қолданыстағы функциялармен өзара іс-қимылы жоғары саяси мәдениеттің көрсеткіші болып табылады. Магистралдық бағдар ретінде Қ.К.Тоқаев өзінің сыртқы саяси стратегияны ұстанудағы және елімізді одан әрі жаңғыртуға арналған Елбасы белгілеген мақсаттар мен міндеттерді іске асырудағы принципті ұстанымын атап өтті. 02.09 2019 жылы Қ.К.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қою мемлекеттік органдар қызметінің басты басымдықтары болып табылады», – деп атап өтті [10]. Азаматтық қоғаммен қоғамдық диалог орнату үшін Мемлекет басшысы қоғам өмірінің аса маңызды проблемалық мәселелерін тұрақты түрде қарайтын қоғамдық кеңес құрды. Сондай-ақ, Президент өзінің бірінші Жолдауында: «Ел бюджеті екі негізгі мақсатқа: экономиканы дамытуға және әлеуметтік проблемаларды шешуге бағдарлануы тиіс. Біздің мемлекет Конституция бойынша әлеуметтік болып табылады, сондықтан да, азаматтар алдындағы өз міндеттемелерін орындауға тиіс», – деді.

Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына екінші Жолдауында экономиканы одан әрі әртараптандыруға және шикізаттық бағыттылықтан арылуға, агроөнеркәсіптік секторды дамытуға, қаржылық және салықтық реттеуге, шағын және орта бизнесті дамытуға, құқық қорғау орган­дары жұмысының сапасын арттыруға, тиімді мемлекеттік басқаруға қатысты бірнеше өзекті мәселелерді атап өтті. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, «...Әлемдік нарықтағы мүлдем жаңа конъ­юнктураға дайын болу керек. Шын мәнінде әртараптандырылған, технологиялық экономика құру біз үшін жай ғана қажеттілік емес, бұл жолдың баламасы жоқ. Ұлттық табыстың өсуінен түсетін пайданың әділ бөлінуіне, тиімді әлеуметтік «лифтілерге» деген қоғамдық сұраныстың күшеюі міндетті түрде оң жауап табуға тиіс». Осы Жолдаудың «азаматтардың мүдделерін қорғаудағы әділетті мемлекет» бөлімінде Президент «әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісі заң үстемдігінсіз және азаматтарымыздың қауіпсіздігіне кепілдік бермей сәтті жүзеге асырыла алмайды» – деп айтты. «Еститін мемлекет» – бұл шын мәнінде «әділ мемлекет» құрылысының тұжырымдамасы»  [11]. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларын талдау­дан көрініп отырғандай, онда негізгі екпін азаматтардың әлеуметтік, құқықтық, демократиялық мемлекет ретіндегі кон­сти­туциялық құқықтарын іске асыруға және қоғамдағы игіліктер мен міндеттерді әділ бөлуге бағытталған.

Жаһандық коронавирустық пандемия және циклдік экономикалық дағдарыстар көптеген елдер үшін, соның ішінде, Қазақстан үшін де елеулі сынақ болуда. Же­ке­леген жетекші саясаткерлер, мем­лекет басшылары, Әлемдік банк құрылымдары, талдау орталықтары және басқа да беделді қоғамдық ұйымдар Қазақстан билігінің әлемдік пандемия мен экономикалық дағдарыс кезеңіндегі іс-қимылын жоғары бағалайды.

Алайда, біз экономикалық әлеуетті нығайту және елдің ұлттық қауіпсіздігін одан әрі күшейту үшін өзіміз жеткілікті жұмыс істеп жатырмыз ба? Еліміздің одан әрі дамуының нәтижелері бойынша оған тарих баға береді. Бірақ үстірт талдаудан мемлекеттік құрылымдар, қоғам қазіргі ұрпақтың елдің болашақ тағдыры үшін жауапкершілігін толық түсінбейтіндігі әлі де сезіледі.

Біздің қоғамның басты мәселелері  – әлеуметтік стратификация, сыбайлас жемқорлық және құқықтық нигилизм. Еліміздің беделді сарапшылары әлеу­меттік әділеттілікті арттыру, қоғамның аз қамтылған топтарына әлеуметтік төлемдерді арттыру үшін салық базасын ұлғайту бойынша нақты ұсыныстар енгізуде. Мысалы, «салтанат салығы». Жалпы, ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, өйткені «салтанат салығы» ұзақ уақыт бойы, соның ішінде, дамыған капиталистік елдерде қолданылады. Бұл әлеуметтік әділеттілік бағытындағы бір күрес. Тек осы тәжірибені біздің елде қолдануға болар еді. Бұдан басқа, азаматтардың, әсіресе, біздің көпконфессиялы және полиэтносты қоғамдағы құқықтық тәрбиесіне ерекше назар аудару керек. Ең бастысы, заңның бұзылуы міндетті түрде жазаланады, яғни бұлтартпау принципі жұмыс істеуге тиіс. Бұл заңды нигилизмді де жою керек. Азаматтар заңды өздері сақтап қана қоймай, мемлекетке құқық бұзушылыққа қарсы күрес пен оның алдын алуға көмектесуі тиіс. Яғни, қоғамда сыбайлас жемқорлық пен непотизмді қабылдамаудың салауатты ахуалын қалыптастыру қажет [12].

Одан әрі орнықты және жоғары даму деңгейі жағдайында Қазақстанға қоғамдық бақылауды кеңейту, тыныс-тіршіліктің барлық мәселелерінде билікпен өзара іс-қимыл бойынша, оның ішінде оларды елді басқаруға тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша азаматтық қоғамды дамыту талап етіледі. Мемлекет басшысының саяси жүйе, қоғамдық бірлестіктер және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мәселелерінде азаматтық қоғамның басты элементтері ретінде реформаны дәйекті және кезең-кезеңімен жүргізуі туралы ұсыныстары назар аударуға тұрарлық.

Қазақстанның екінші және кейінгі Президенттерінің бұдан да маңызды міндеттері болады деп нақты айтуға болады. Мемлекетті сақтау, нығайту және дамыту, қоғамның тұрақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ету, дағдарыс кезеңдерінен сәтті өту – Тәуелсіздік алудан да қиын, тіпті өте қиын болуы мүмкін [13]. Әлсіз мемлекет біздің жағдайымызда бұрын қол жеткізген табыстарды сақтап, нығайта алмайды, сондай-ақ ел алдында тұрған жаңа сын-қатерлерді шеше алмайды. Қазіргі тарихи жағдай мемлекет билігін нығайтуды және азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылдың қосымша арналарын құру, мемлекеттік басқарудың нысандары мен әдістерін, ақпараттық-техникалық базаларын қайта құру, сондай-ақ өңірлерді бірдей, орнықты дамыту бағдарламаларын әзірлеуді талап етеді. Сонымен қатар, жаһандық, өңірлік құрылыстағы қазіргі жағдайды ескере отырып, Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуға   ерекше   назар   аудару  қажет.

Халық даналығы «Сақтықта қорлық жоқ» дейді, сондықтан, біздің еліміз бәріне дайын болуы керек. Бұдан басқа, «Стратегия-2030» көрсетілгендей, Қазақстан ЕАЭО мүшелерімен ғана емес, көрші елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуы ұсынылады. Әсіресе, Қырғызстан, Өзбекстанмен және Орталық Азиядағы басқа да көршілермен тығыз ынтымақтастықты дамытуы керектігі және келешекте олармен Орта Азиялық одақ құру мәселесін алға тарту негізгі мәселе болуда.

Қорытындылай келе, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның қалыптасуы мен дамуы үшін «Қазақстан 2030 Стратегиясының» ерекше тарихи маңыздылығын атап өткен жөн. Қазақстанның күш-жігері мен жетістіктерін талдай отырып, Республика стратегиялық тұрғыдан дұрыс жолды таңдады деп нық сеніммен айтуға болады. Ең алдымен, «Қазақстан-2030 Стратегиясының» арқасында Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасты, оның ең қымбат қазынасы –адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып саналады.

Бауыржан ШЕРИАЗДАНОВ,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар кандидаты,

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Назарбаев Н.Ә., Тәуелсіздік стратегиясы. – Алматы: «Жібек жолы» АД, 2012. – 324 Б. «Қазақстан - 2030 Барлық қазақстандықтардың гүлденуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының жақсаруы» ел Президентінің 1997 жылғы Қазақстан халқына Жолдауы, Электрондық ресурс: http://adilet.zan.kz/rus/docs/K970002030_ (өтініш берген күні 11.01.2021).

2. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев және Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты (1991-2013жж.). Монография Ғ.М. Қарасаев, С.Ж.Дүйсен, Ж.Н.Калиев. Астана,2018, 94-95 б.

3. Ұлттық тарихтың көкжиегі. Ұжымдық монография. Б.Ғ.Аяған редакциясымен - Нұрсұлтан – 2019-336 с.

4. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 05.01.2021 ж. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы Электрондық ресурс: https://24.kz/ru/news/policy/item/446936-polnyj-tekst-stati-k-tokaeva-nezavisimost-prevyshe-vsego (өтініш берген күні 012.01.2021).

5. «Көшбасшылыққа 30 жыл» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы 21.06.2019 ж., Алматы қ. Дереккөз: https://24.kz/ru/news/top-news/item/323522-kakoj-put-proshjol-kazakhstan-za-gody-nezavisimosti (өтініш берген күні 15.01.2021).

6. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан-2050 Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы Электрондық ресурс: https://www.akorda.kz/ru/events/astana_kazakhstan/participation_in_events/poslanie-prezidenta-respub... -(Жүгінген күні 015.01.2021).

7. А.М.Ауанасова,Е.Н.Нұрпейісов. «Қайта өрлеу кезеңі» монографиясы. Астана: 2018.- 310с.

8. Қазақстан Республикасы Президентінің  «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам. 2015 жылғы 20 мамырдағы» Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет». Электрондық ресурсhttp://adilet.zan.kz/rus/docs/K1500000100 (өтініш берген күні 15.01.2021).

9. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы, 02.09. 2019 жылдың электрондық ресурсы: https://www.akorda.kz/ru/addresses/addresses_of_president/poslanie-glavy- (жүгінген күні 15.01.2021).

10. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2020 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан жаңа болмыста. Әрекет уақыты. Электрондық ресурс: https: //www.akorda.kz/ru/addresses/addresses_of_president/ poslanie-glavy-gosudarstva-kasym-zhomarta-tokaeva-narodu-kazahstana-1-sentyabrya-2020-g (жүгінген күні 15.01.2021).

11. Электрондық порталға арналған мақала «365info.kz» Қазақстандықтар Тоқаевтан қандай реформаларды күтуде « 20 желтоқсан 2020, Электрондық ресурс: https://365info.kz/2020/12/kakie-reformy-kazahstantsy-zhdut-ot-tokaeva-sultanov.(жүгінген күні 15.01.2021).

12. С.Ударцев, Қазақстандағы Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл толуына арналған «Президенттік басқару формасы конституциялық негіз және саяси тәжірибе» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференция материалдары, 50-51 бет; Нұр-Сұлтан – 2020ж.

AQIQAT


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика