Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Алаш қайраткерлерін қолдаған әулет. Солтүстік өңірге сапар

13.10.2020

Алаш қайраткерлерін қолдаған әулет. Солтүстік өңірге сапар

Қазақ халқының батырлары, жыраулары, би-шешендері, ақындары мен жазушылары шыққан қасиетті өңірдің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Осы өңірдің негізгі орталығы Петропавл (Қызылжар) қаласы. Мұнда XVIII ғасырда Патшалық Ресей империясының әкімшілігі Абылай ханға арнайы «Ақ үй» салдырған.

Осы бір қазақтың шұрайлы жерінде елге қызмет жасаған талай азаматтар өмірге келген. Мәселен, Патшалық Ресей империясы уақытында да, Алаш қозғалысы және Кеңес үкіметі кезеңінде де айтуы тұлғалар шықты.

Бұл өлкеде ел тарихында елеулі орын алған - Барлыбаевтар әулеті. Өйткені, олардың арасынан шыққан ел ағалары Патшалық Ресей империясы кезінде белгілі болса, бертіңгілері Алаш қозғалысын қолдаған және сол үшін Кеңестік биліктің қырына ілігіп, мал-мүлкі тәркіленген, тіпті қуғын-сүргінге ұшыраған және тағдыр тауқыметін бастарынан өткізген.

2020 жылдың 3-5 қыркүйек күндері тарихи орындары бар Солтүстік Қазақстан жерін көруге арнайы ат басын бұрып, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Б.Ғ. Аяған және жетекші ғылыми қызметкер Қ.А. Еңсеновтер ХХ ғасырда ел тарихында елеулі із қалдырған Алаш арыстарының табаны тиген және мәжіліс құрған тарихи орынға арнайы барды.

Алаш қайраткерлері тоқтаған тарихи орын

 

Әлти әулетінің қыстағы. СҚО, Жамбыл ауданы, Петровка

(Бақыр ілген). Баян көлінің маңы. Солдан оңға қарай: Қ.Еңсенов, Н.Сабырұлы, Б.Аяған және Б.Қонқаев

Қазақстандағы Азамат соғысы жылдарында Алаш-Орда төрағасы Әлихан Бөкейханов 1918 жылы 12 маусымда Семей қаласында Алаш-Орда милициясын (әскерін) құру туралы бұйрық шығарған. Онда әр болыстан елді қорғау үшін 30 адам және 30 мінетін аттарымен қаруланып шықсын делінген болатын (Сыдықов Е. Алаш қаласының тарихы. Зерттеу. Семей: 2010. 85-б.).

Осы уақытта 1918 жылдың шілде айының аяғында Әлти баласы Садуақастың болыстық кезінде Аққсуақ болысында үлкен оқиға болады. Мұнда Алаш Орда басшыларының ұйымдастыруымен үлкен жиналыс болып, оған Ақмола облысының Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болысының өкілдері және алашорданың басшылары қатысады. Жиналыстың күн тәртібінде большевиктердің қаупінен құтылу үшін Алаштың милициясын құру, оған қазақтан жігіттер алу мәселесі тұрады. Жиынға Алаш-Орданың Орталық Комитетінің мүшесі Міржақып Дулатов, Омбыдағы Алаш Орда комитетінен келген Ережеп Итбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қази Торсанов, Қызылжардың уездік комитетінен келген Салмақбай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Көкшетау Алаш-Ордасынан келген Ерқосай Мұқышев және тағы басқалары қатысқан. Осы жиынның шығынын және оқыған алаш азаматтарын күтуді Әлти қажы мен Сәдуақас түгелдей өз мойындарына алған. Алаш Орданың милициясына жігіттер беруге күштерін салған. Бұл оқиғалар кейін Кеңес үкіметінің Сәдуақас Әлтиұлын тергеу хаттамасында аталған екен (Қ.Мұқанов., С.Жұмабаев. Бір Әулеттің тарихы. – Петропал, 2003. – 60-б.).

 

1918 жылы Алаш қайраткерлерінің ізі қалған Атақоныста – Нағашыбай Сабырұлы 

Сәбит Мұқанұлының ауылына барғанда

Кеңестік жүйеде қызмет атқарған Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебінде» кала мен ауыл өмірі қатар суреттеледі, негізгі кейіпкерлер тап күресін жүргізушілер болып келеді. Жазушы «Менің мектептерімде» кісі есігінде жүрген кедей, жалшылардың айғағы ретінде көрінсе, екінші кітапта сол жалшылардың оқу оқып, әлеумет ісіне араласып жүргендіктерін елестетеді. Шығармада автор әрбір істің басы-қасынан көрініп, не сол жұмысты атқарушылардың бірі болғандығын үнемі аңғартып отырады. Октябрь революциясының жеңісі нәтижесінде туған жаңалықтар, Қазақстанда Совет үкіметінің орнауы бұл шығармада нақты және жан-жақты суреттелген. 


Сәбит Мұқанов пен Шәкен Мұстафиннің 1950 жылдары өздері тұрғызған үй. Қазір С.Мұқановтың ауылындағы музей.Солдан оңға қарай: А.Сабырұлы, Н.Сабырұлы, Б.Ғелманұлы, Б. Есмағзұмұлы және С.Мұқанов музейінің меңгерушісі

Қазақ халқының көрнекті жазушысы Сәбит Мұқановтың алғашқы кітабы «Совет өкіметі және қазақ әйелі» (өлеңдер, мақалалар, аудармалар) 1924 жылы жарық көрген. Одан кейін «Бай баласы» (1928), «Мөлдір махаббат» (1931), «Теміртас» (1935) романдары Қазақстандағы таптық күрес мәселелеріне арналған.

Атақты «Ботагөз» (1938), «Сырдария» (1947-1948) романдарында қазақ халқының тарихы суреттелген. Шығармашылық еңбектерінің ішінде «Өмір мектебі» автобиографиялық трилогиясына (1949-1964) Қазақ КСР Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. Ал, Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасы (1967-1970) қазақтың ағартушы-ғалымы Ш.Ш. Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған.

 

1990 жылы ашылған Сәбит Мұқановтың музейі

Осы «Өмір мектебі» шығармасында Әлти байдың есімі бірнеше жерде аталады (Мұқанов С. Өмір мектебі. Роман. Алматы, 1985. – 432-б.). Шын мәнінде ол елді қанаушы тап емес, жоғарыда аталған оқиғаларға назар аударсақ, елдікті ойлаған және Алаш жұртына қамқор болған адам екендігін байқаймыз. Бірақ, Кеңестік тоталитарлық режим қоғамда тапқа, жікке бөліп, бірін-біріне айдап салған заман болған. Сондықтан, халқымыз өтен тарихтан тағылым алуы тиіс. Қазақ халқына береке мен бірліктен артық ешеңе жоқ. 

Қанат ЕҢСЕНОВ, 

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика