Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Тарихи танымды нығайтудағы Абай шығармашылығының рөлі

Тарихи танымды нығайтудағы Абай шығармашылығының рөлі 24.02.2020

Тарихи танымды нығайтудағы Абай шығармашылығының рөлі

Тарих ғылымында тарихи таным деген ұғым бар. Оның мəніне зер салсақ, бір ұлттың сана-сезімін, тарихи жадын қалыптастыратын тəрбие құралы екендігін көреміз. Осы себептен, ұлтымыздың тарихын ұлықтау және оның сан ғасырлық тағылымына мəн беру қажет. Ұлттық санасы мен тарихи танымы күшті халықтың рухы да мықты болары сөзсіз.

Қазіргі алмағайып заманда ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалап, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау ең өзекті мәселе болып отыр. Біз іске асыратын құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуы тиіс. Сондықтан да жаһанданып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету басты парызымыз.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемлекеттік маңызы бар мәселе.

Жалпы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы тарихшыларға тың шабыт берді. Ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөліп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның тарих ғылымын алдыңғы қатарлы әдіснама және әдістеме арқылы сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасау, қазақтың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттық жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру мақсатын қойған болатын.

Тәуелсіздік алған жылдардан кейін еліміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі – жаңа заман талабына жауап бере алатын мемлекеттің ұлттық идеясын жасау мәселесімен қатар, қазіргі модернизациялану жағдайында қоғам өміріндегі ұлттық идеяның алатын орнын анықтап, рухани жетілу, адамгершілікті дамыту, идеологиялық біріктіру қызметтерін кеңейту мүмкіндіктерін іздестіру қажеттілігі туған болатын [1].

Осы айтылғандарға орай, бүгінгі таңда мемлекетімізге құндылықтық бағдар болатын, болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет. Қазақстанның ұлттық идеясы көпұлтты мемлекетіміздің азаматтары мен алыс және жақын шет елдердегі қандастарымыздың жүрегіне жететін, жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, рухани деңгейде әрқайсысына демеу болатын қасиетке ие көшбасшы ой-тұжырым болуы керек.

Бұл турасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» деген еді [2].

Шынында да, ұлттық жаңғыру, жаңару, жаңа өмірге бейім болу туралы сөз қозғасақ, Абай Құнанбайұлын айналып өте алмаймыз. Өйткені, Абайдың барлық шығармашылығы мен өмірі соған арналған десек қателеспейміз. Оның мұрасы ұлттық санамыздың жаңғырып, ел болып дамуымызға жол ашады.

Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз жаңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық қорға сүйену.

«Тарихсыз - халық жоқ» деген нақыл бекерге айтылмаса керек. Тарихты зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Тарихи таным қашанда уақыт ағымымен, оқиғалар әсерімен, бай тәжірибені зерделеумен келетін құндылық. Ол үздіксіз жаңғыртып, байытып отыруды талап етеді, қоғам мүшелерінің тарихи санасындағы оңтайлы ілгерілеулер де танымның тереңдей әрі кешенді сипат ала түсуіне әсер етпей тұрмайды.

Тарихымызды таразы басында теңшеп, кейінгі ұрпаққа тапсыру бүгінгі біздерге жүктелген міндет. Ел тарихы – жер тарихы. Жер тарихы – мемлекет тарихы. Қазақстанның біртұтас тарихын жазу ісінде, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Отан тарихының сауатты жазылуы, бір ізге түсуі келешек үшін керек. Әр тарихшы өзінің дәйегін алға тартуымен шектелсе, онда ел тарихы даңғыл жолға түсе қоймайды [3].

Тарих – мемлекеттің түп қазығы. Бұлар бір-бірімен тамырлас болуы керек. Сонда ғана біз өткенімізді көзіміздің қарашығындай қастерлейтін боламыз.

Д.Джумагалиев

Гуманитарлық ғылымдар магистрі


Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Д.Махат. «Тарих тағылымы және тәуелсіздік тарихын зерттеудің кейбір мәселелері» // Мемлекет тарихы.-2009.-№4.

2.  Қ.К. Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» https://akorda.kz

3. Аяган Б.Г. Независимый Казахстан и Лидер Нации. –А., 2010.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Әбiл Еркiн Аманжолұлы


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика