Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Қабанбай - қолбасшы, батыр және мемлекет қайраткері

Қабанбай - қолбасшы, батыр және мемлекет қайраткері 27.11.2019

Қабанбай - қолбасшы, батыр және мемлекет қайраткері

Қабанбай батыр қазақ халқының XVIII ғасырда қазақ-жоңғар шайқасы кезінде әскери қолбасшы тұлғаларының бірі болды. Қабанбай батыр қазақ халқының азаттығы жолында көптеген шайқастарға қатысып, қазақ жеріне қауіп төндірген басқыншылық шабуылдарға тойтарыс беріп, халықты қорғаған жауынгер тұлға ретінде елдің есінде қалды. 

Қабанбай батыр туралы қазақ халқының арасында «Қабанбай батыр қиссасы» деген атаумен бірқатар дастандар мен аңыз-жыр болып жеткен шығармалар бар. Оған қоса тарихи тұлғаның жорық жолдары мен оның батырлығына байланысты Қытай және Ресей архивтерінде деректер сақталған.

Қабанбай батыр Орта жүз найман тайпасының Қаракерей руының ішінде Тоқтарқожадан тарайды, одан Байжігіт, Байжігіттің ұлдары - Жұмық, Тоғас және Мәмбет. Міне, осы Мәмбеттен - Қожақұл, Қожақұлдан - Есенаман, Есенбай және Қабанбай (Ерасыл) тараған.

Қабанбай батырдың кенже ұлы Әліден тараған жазушы Зейнолла Сәнікұлы «Қаракерей Қабанбай батыр» атты еңбегінде батыр бабасының өмірге келген және қайтқан жылдарын тарихи оқиғалармен байланыстыра отырып: «Қабанбай батырдың қай жылы туып, қай жылы өлгені туралы нақтылы дерек жоқ. Мынадай мөлшер айтуға болады. 1781 жылы Абылай хан қайтыс болғанда Бұқар жыраудың жүзге шыққан жылы Қабанбай қайтыс болғанда «сексеннің сегізінде Бұқар келді» делінген. Олай болғанда Қабанбай Абылайдан он екі жыл бұрын, яғни 1769 жылы өлген болады. Қабанбай Қубас атпен серттескенде «жетпіс сегізге мен келдім, отыз сегізге сен келдің» - деген жыр жолдары бар. Яғни, 1769 жылы жетпіс сегіз жасқа келген болса, 1691 жылы туған болады», - деген тұжырым жасаған. Бұл тұжырым қисынға келеді. Қабанбайдан – Үмбетей, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтоқ, Мойнақ және Әлі ден жеті ұлы болған.

Қабанбай жеті жасқа шыққанда әкесі Қожақұл батырды жоңғарлар өлтіреді. Қайнаған қанды кек болашақ батырдың жастайынан-ақ жауынгерлікке баулып, ерлікке талпындырады. Он бес жасында ағасы Есенбайды да жоңғарлар далада өлтіріп кетеді. Мұның өзі жас батырдың жанына жара салып, ертерек ерлік жолына түсуіне себепші болады. Оның кекке аттанып Өжежығырылды өлтіріп, керей еліне сапар шегуі осының айқын дәлелі еді.

Қабанбай керей елінде жүргенде жоңғар дөрбіттері керей ауылының жылқысын барымталап алады. Жау әкеткен жылқыны қайтарып әкелу үшін Қабанбай он бір адаммен жоңғардың дөрбіт тайпасына аттанады. Осы жолы Қабанбай үлкен олжамен оралады, Қабанбайдың батырлық даңқы артып, жездесі де, өзі де дәулеті арта түседі. «Қабан» деген аттың «Қабанбайға» өзгеруі де осыдан кейін орын алған.

Қазақ халқының тарихына байланысты ертеректе жазылған Құрбанғали Халидтің 1910 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Таурих хамса» атты еңбегінде: «Абылай заманында батыр, сардар болғандар. Қаракерей Қабанбай, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, керей Жәнібек батыр, бөрі Ақпантай батыр, қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиін Малайсары батыр, бұлардың бәрі де қолбасшы жауынгер атанса да қайраттысы Қабанбай болған...», - деген құнды мәліметтер келтірген.

Қабанбай батыр өз өмірінде жоңғарларға қарсы 103 рет кірген, көбіне жеңіспен оралып отырған. Қабанбай батыр өз заманында тек батырлығымен ғана көзге түспеген, сонымен бірге ол – қолбасшы, батыр, ел басқарған көсем және мемлекет қайраткері ретінде танылды. Қазақ даласындағы болып жатқан үлкенді-кішілі саяси істерге де үнемі араласып отырғанын және сөзінің салмағы болғанын бүгінгі күнге келіп жеткен құжаттар дәлелдейді.

Осы бір жаугершілік заманда елге аты танылған, ерекше даңқы шыққан ел қорғаны – батырлар: Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақұлы Жәнібек, Құдайберді Жәпек, Бәсентиін-Малайсары, Олжабай Толыбайұлы, Қарауыл-Қанай, Өтеген Өтеғұлұлы, Шапырашты-Наурызбай, Қойгелді Сартұлы, Уақ Сары, Баян және тағы басқалар болды. Халықтың көңіл-күйі мен рухының өрлігіне ерекше әсер еткен ақын-жыраулар: Бұқар Қалқаманұлы, Қожаберген Толыбайұлы, Үмбетей Тілеуұлы, Ақтамберді Сарыұлы. Сол дәуірде төреден шыққан ірі тұлғалары: Әбілқайыр, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Күшік, Жолбарыс хандар, Барақ, Батыр, Ералы, Әбілпейіз, Сұлтанмәмет сұлтандар қатарлы қайраткерлер болды.

Белгілі қытайтанушы ғалым, тарихшы К.Ш. Хафизова «Кабанбай батыр» тақырыбында жазған мақаласында: «Абылай ханның жоңғар және қытай әскеріне қарсы күрескен батырлары: Қабанбай, Бөгенбай, Баян, Жәнібек және тағы басқа батырлары болды. Олардың ерліктері қазақ эпостарында мәңгілік жазылып қалды. Қабанбайдың ерліктері батырлықпен шектеліп қана қалған жоқ. Ру арасындағы мәселелерді шешті. Батырдың еңбегі Жалпықазақтық мемлекеттік мүддені қорғау мен Қазақ хандығының халықаралық қатынасқа жасаған үлесімен ерекшеленді», - деп әділ атап жазды.

Қазақ тарихында 1718 жылы Аягөз шайқасы болды. Осы шайқаста Қабанбай батыр жоңғар батыры Арсалаңды жекпе-жекте өлтірген. Бұл шайқасқа Қазақ хандығының әскерінің негізгі бөлігі Түркістаннан шығып, Сарысудан өтіп, Ұлытау арқылы Шыңғыстауды жағалап, Аягөз өзеніне келгенде қалмақ әскерімен жолықты. Өзеннің жағасына бекінген қалмақ жағы бір күнгі соғыстан кейін жеңіліп бара жатқанын сезіп, жағада талдан кесіп биік қорған соқты. Екінші күні өзеннің арғы және бергі жағында қорғаныс жасап, тағы шайқасқа түсті. Үшінші күні қазақ әскерін жоңғарлар ығыстыра бастаған. Дәл осы уақыттағы тарихи оқиғадан кейін оларға жақын келіп, болған жағдайды сұрастырып, Құттыбай деген қазақпен Ресей елшісі Борис Брянцев сөйлескен. Осы оқиғаны Б. Брянцев: «Ұлы мәртебелі ақ патшаның және ұлы мәртебелі князь Петр Алексеевичтің бүкіл ұлы Ресейге билігі шектеусіз ақ патша атынан билеуші Сібір генерал губернаторы князь Матвей Петровичке Борис Брянцев, Якоб Тарыштин, Кабай Мамаев арыз етеді.

Сіздің үкіміңіз бойынша, бізге алғаш рет Қазақ ордасына келіп, өткен жазда болған қазақтар мен жоңғарлар арасында орын алған соғыс туралы, жеңіс қай жақта, қазақтар ма әлде қалмақ жағында ма, қазақтар қалмақ жеріне қаншалықты бойлай алғаны туралы шындық хабар алу бұйырылған болатын. Осы бұйрық негізінде алғашқы қазақ қонысына 1718 жылдың қаңтар айының 21 күні жеттік. Бірінші киіз үйде қазақ жүзінің қалмақтармен соғысы туралы Құттыбай мырза айтты: қалмаққа қарсы шыққан қазақ әскері 30 0000 адам ішінде өзі де бар, Аягөз аталатын өзен жанында мың шақты адам қалмақтармен кездесіп кешке дейін соғысты, ал түнде қалмақтар ағаш кесіп, қорған жасаған; қорғанды екі күн атқыладық.

Үшінші күні қалмақтарға мың жарым адам тың күш келіп қосылған, олар қазақтардың үстінен түсті қорыққандары қаша бастағанда қазақ әскерлері келді; қанша қалмақ қырылғанын, өз адамдарының қаншасынан айырылғанын білмейді: тек қалмақ жағынан «тіл» әкелген, олар әлі де қазақтардың қолында. Өздері танымал ақсүйектерден екі адамынан айырылған, ал Әбілқайыр хан, тағы басқалары аман-есен өз ұлыстарына оралған. Басқа қазақтардың да айтатыны осы Құттыбай мырзаның сөздері, тек біреуі, соғыстың үшінші күнінде таң сәріде қалмақтардың кенеттен бас салғанын, ал қазақтар ұзын мылтықтарымен қарсы атқылағанын хабарлады. Қалмақтар аяусыз қыра бастады, шыдамай қашқан қазақтарды жарты күн бойы қуып отырып тағы біразын жер жастандырды, ал қаза болғандардың қанша екенін білмейді.

Ақпан айының 14-і күні қасында Бектас атты қазақ бар Түмен татары Бұтық Куцащев келіп, қалмақтармен болған соғыс жайында айтқаны: соғысқа қатысқан Бектастың көрсетуі бойынша қазақтардың саны 30.000 болған және қалмақтармен Аягөз өзені жанында кездесіп, ұрыс сол жерде болған. Түнде қазақтардың жартысы Аягөздің екінші бетіне, қалмақтар жаққа өткен. Келесі күні тал түсте сегіз жүз адам қалмақ жайбарақат жатқан қазақтарға бас салып төрт жүздей адамды қырған, қазақтар екі жақтан да заттарын тастай қашқан. Демек, қазақ әскерін бастап барған Әбілқайыр хан мен Қайып хан арасында таққа талас нәтижесінде бірлік болмай жеңіліс тапқан.

Осы уақытта жоңғар феодалдары қазақтарға қатты соққы беруге және қазақ жеріне, одан әрі Орта Азияға басып кіруге ұйғарды. Шабуыл жасауға 1723 жылдың көктемі таңдап алынды, қыс қыстаудан жүдеп шыққан қазақ ауылдары жайлауға көшуге дайындалып жатқан кез еді. Сол жылы қатты жұт болды. Қазақтардың жадында: «Қайың сауған, ақ тышқан жылы» айрықша қалған.

Жоңғарлар 70 мың адамнан тұратын әскермен шабуыл жасады. Мәселен, Цеван-Рабданның баласы Қалдан Церен 10 мың әскермен Балқашқа және одан әрі Қаратауға қарай аттанды. Қонтайшының немересі Әмірсананың жасағы Нұра өзені алабына бағыт алды. Қалдан-Цереннің баласы Цеван-Доржы Шелек өзенінің аңғарына аттанды. Қалдан-Цереннің екінші баласы Лама-Доржы Ыстық-Көлге бағыт ұстанды. Ноян Додама-Доржым Шу өзеніне қарай ұмтылды. Цеван-Рабтанның өзі Іледен өтіп, Жетісудың оңтүстігіне қарай жылжыды. Басып кіруге жалпы басшылықты Цеван-Рабданның ағасы Шона-Доба жүзеге асырды.

Жоңғар басқыншылығына қарсы Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын қорғау шайқасы 1724 жылы болды. Жоңғарлар Түркістанға шабуыл жасаған кезде Елшібек батырмен бірге Қабанбай батыр қала қорғанысына тікелей қатысты. Сайрамды жау қоршаған кезде де қала тұрғындары қаһармандық көрсетті.

Түркістан қорғанысында Қабанбай батыр басты рөл атқарды. Осы оқиғаға байланысты жазушы І. Есенберлин өзінің «Көшпенділер» романының «Жанталас» деп аталатын екінші кітабында: « - Уа халайық! Мен Қаракерей Қабанбай батырмын! Ел жұртымыздың басына қатерлі күн туғалы тұр. Күншығысың мен оңтүстігіңнен қаулап, қалың жоңғар келе жатыр. Бастарыңды қосып, шепке тұрғызар еркек кіндік қайсың бар?!

- Ал, халайық! Келе жатқан осал жау емес. Елімізді, жерімізді сақтап қалу үшін бізден жүректілік табылар, тек бірлік керек. Түркістанды жауға берсеңдер, қазақ елінің шаңырағы құлап жерге түскені. Жас деп қырын қарамаңдар, еріңдер мына Елшібек ердің соңынан! Талаптының алдынан нұр жауар. Ел бастаймын деген батырдан қашан да батылдық табылады!», - деген мәліметтер келтірген.

Қабанбай батыр 1726 жылы Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Бадам өзені жағасындағы Ордабасында бүкіл қазақ құрылтайына қатысып, жоңғарларға қарсы жорық жоспарын талқылауға қатысты. XVIII ғасырдың басында қазақ жеріне баса-көктей кіріп, бейбіт елді қырып-жойып, қасіретті «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» апатына душар еткен жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыруға арналған халық құрылтайына Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылары мен батырлары қатысты. Онда жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру және қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе қаралды. Ордабасы жиынында Әбілқайыр хан бас қолбасшы болып тағайындалды. Жиынға қатысушылар өз қимылдарын үйлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді және алдағы елді азат ету үшін жүргізілетін шайқастардың жоспарын жасады. Осы жолғы қазақтың үш жүзінің тізе біріктіріп, бас қосқан іс-қимылдарының нәтижесінде қазақ халқы 1727 жылы Бұланты-Білеуті өзендері аралығында «Қалмаққырылған» жотасы маңында шайқаста ең алғаш рет ірі көлемде жеңіске жетті.

Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1729-1730) жеңіспен аяқталуында Аңырақай шайқасы аса көрнекті рөл атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдебиетінде айтылады. Сондай-ақ, М. Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректемелер арналған. Тарихта Аңырақай шайқасы өткен алқап Балқаш көлінің оңтүстік-шығыс жағында 120 шақырым жерде болғандығы айтылады.

Аңырақай шайқасы өткен аймақ Аңырақай таулары, Ақсүйек сайы, Хантау шоқылары орналасқан жерден Алматы бағытында 200 шақырымға созылған кең далада өткен. Ол жерде «Үлкен Орда қонған», «Сұмқайтты» деген жерлер бар. Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендіретіндігі күмәнсіз. Сөйтіп, олар жеңіп шықты. Асқақ рух сезімімен қанат біткен олар өздерінің ерлігін, ержүректігін, тастүйін бірлігін және жоғары әскери машықтанғандығын танытты. Әбілқайыр ханның өзі мен оның серіктерінің ең жақсы қасиеттері осы шайқаста көрінді. Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары, барлық үш жүздің өкілдері болды.  

Бұқар жырау 28-ші толғау жырында XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы Отан соғысы туралы айта келіп, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі Тілеуке, қарақалпақ Құлашбек, Шапрашты Наурызбай, Құдайменді Жәпек, Сеңгірбай мен Шүйкебай, Таңсытқожа Малыт, Қасқарауыл Молдабай, Айнақұл Батый батырлардың есімдерін атаған. Олардың бәрі қазақ жасақтарының жүздіктері мен мыңдықтарын басқарды. Қазақтарда әскери жасақтардың тізілімі осылай құралған.

Осы шайқастарға Ақтамберді Сарыұлы қатысты. Ол жаумен шайқасып қана қойған жоқ, сонымен бірге өз туындыларында Отан соғысының халықтық сипатын да ашып көрсетті. Нақ осы соғысқа Үмбетей жырау қатысты. Қазақ халқының ең әйгілі ақындары мен ойшылдарының бірі Бұқар жырау бұл оқиғалардың куәсі болып қана қойған жоқ, сонымен қатар өз халқымен бірге жеңілістердің бүкіл сұмдығы мен Отан соғысындағы жеңістердің қуанышын да бастан кешірді.

1735 жылы Қазақ хандығынан Күшік хан мен Барақ сұлтан және белгілі тұлғалары Орынбор экспедициясының бастығы И.К. Кириловтың атына «достық келісім» туралы хат жолдаған. Ондағы мәліметтің мазмұнында Күшік хан, Барақ сұлтан, Қабанбай батыр, Ерназар батыр, Өтебай, Ақшора бай, Сүйіндік бай, Шақаман батыр, Жарылғап батыр және тағы басқалары достық қарым-қатынас жасауға ниеттерін танытқандығы жөнінде баяндалған.

1740 жылы Ресей империясының отаршылдығына қарсы шыққан башқұрт көтерілісінің көшбасшысы Қарасақал Қызыл өзені жағасында 2 мың адамымен қарсы шығып, орыстың князь В. Урусовтың 11 мыңдық әскерінен жеңіліс тауып, қазақ даласына қашып келіп, алдымен Абылай ханды паналап, кейін Орта жүзде Қазыбек би мен Қабанбай батырдың иелігіне барып қоныстанған. Ол қазақ даласына келісімен өзін бұрынғы Шона ханзадамын деп жариялады. Бұл мәлімет жоңғар қонтайшысы Қалдан-Церенге жетіп, оның мазасын кетірді.

Ресей тарихшысы А.И. Левшин 1832 жылы жарыққа шығарған «Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацских, орд и степей» атты еңбегінде: «1740 жылы Башқұрт көтерлісшісі Қарасақал Қазақстан жеріне қашып барып паналап, Қалдан Цереннің туысы Шона батырмын деп өзін жариялады. Ол алдымен Қарқаралыда Қазызыбек биді паналап, кейін Қара Ертіс жақта Қаракерей Қабанбай иелігіне кетіп, сонда өмірінің соңына дейін тұрды», - деп жазды.

Қабанбай батыр 1751 жылы Сыр бойы, Шымкент, Сайрам, Ташкент қалаларын жоңғарлардан тазартып, Төле бидің билікке келуіне көмектесті. 1752 жылы Жоңғарияға айдалып бара жатқан бірнеше мың қарақалпақты құтқарып қалады.

Қазақ тарихында ерекше із қалдырған 1750 жылдары Шыңғыстауда Шаған өзені жағасында Қоңырәулие үңгірі маңында шайқасы болды. Ондағы шайқас туралы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Қ. Халид және М.О. Әуезовтер жазған. Шаған шайқасында қалмақтар жағынан Доржы мен Арқауыл қол бастап келіп, Қоңыр әулие үңгірінің маңында қорған жасап Абылай сұлтан мен Қабанбай батыр бастаған қазақ әскерімен шайқасқан. Осы шайқаста жеті күн шайқасып, қазақ әскері қамалды ала алмай тұрғанда Абылай батырларымның қайсысы осы қамалды алып, жауды жеңсе соған «Дарабоз» атағын беріп, бас қолбасшылыққа сайлаймын деген екен. Қабанбай батыр Абылай сұлтан кеңес өткізіп, осы арада ерекше соғыс тактикасына көшкен. Қабанбайдың айтуы бойынша әскерді жалпы шайқасқа түгел кіргізбей, оларды топ-тобымен тың күштер ретінде кезектеп шайқасуға бағыттаған. Барлық жасаққа Қабанбай қолбасшылық жасай отырып, Есепенбет батыр екеуі жаудың қамалын алған. Қабанбай батыр қалмақтың Арқауыл батырымен жекпе-жекке шығар алдында қолындағы туын Қазыбек биге тапсырып ұрандап шауып, жеңіспен оралған. Соңында Абылай сұлтан өз ризашылығын білдіріп, Қабанбайға тәжін кигізіп, Еспенбетке шапанын шапқан, осы себепті кейде Қабанбайды «хан» деп те атаған.

Осы жеңістен кейін Абылай «Дарабозым - Қабанбай» мұнан кейін ханның ұраны болсын. Жауға шапқанда Қабанбайлап шабыңдар, деген екен. Шаған шайқасында Абылай сұлтанның қасында болғандар: Бұқар, Қазыбек, Боранбай, Төбет, Қабанбай, Бөгенбай, Бармақ, Сүбебай, Боранбай, Баймұрат, Ақпантай, Еспенбет және тағы басқа батырлар қатысқан. Жеңіліс тауып қашып шыққан Доржының қалған әскерін Аягөз жерінде алдынан шыққан Ер Жәнібек пен Көкжарлы Барақтың сарбаздары талқандаған .

1756-1757 жылдары Тарбағатай тауының теріскейінде Базар өзені жағасында Баспан-Базар шайқасы болған. Бұл Тарбағатай жерін қалмақтан босатуда Орта жүз арғын мен найман руларының батырлары жүзеге асырған. Яғни, Қабанбай мен Бөгенбай батырлар бастаған қазақ сарбаздары Тарбағатайдың теріскейінен былайғы жерді Қаранай деген билеушісі мекендеп отырыпты. Бірақ бұл мекен кезінде қалмақтар басып алған қазақ жері екен. Жоңғарлардан жерді әбден тазартқан соң, бір кездегі ата қонысымыз деп, Қабанбай, Бөгенбай, Боранбай, Қазымбет, Жанақұлы Майлы, Көкжарлы Барақ, Қонақай тағы басқа батырлар Қаранайдың елін бұл жерден көшіріп әкетуді талап етіпті. Алайда олар көнбеген соң, соғысып, көп шығындап Тарбағатайдан әрі қуыпты. Бұл туралы Үмбетей жыраудың жырында айтылған.

Қазіргі Аягөз және Тарбағатай аудандарының арасындағы Тарбағатай тауында «Майлышат» деген жер бар. Осында әр қолбасшы ауыр қолмен келіп бекінген Қабанбай шаты, Бөгенбай шаты, Боранбай шаты, Майлышатынан бастап, жүздеген жер атаулары сол шайқастар туралы сыр шертеді.

XVIII ғасырдың 50 жылдары Абылай сұлтанның қалмақпен ақырғы соғыстарында қазақтар көп әскермен Қалба тауына келгенде, торғауыттар Солтүстік Ласты, Шорға бойында және бір тобы Тарбағатайдың күнгей бетінде Үржар мен Емел бойында отырған. Қабанбай осы Шорға-Ласты шайқастарына қатысып, қазақ даласын жоңғарлардан азат етуде қолбасшы болды. Бұл шайқас туралы Бұқар жыраудың жырларында және Құрбанғали Халидтің еңбегінде де айтылады. Қазақ әскері Ласты-Шорғадағы торғауытты шауып, біраз адам шығын болғанымен көп олжалы болып оралған.

Одан кейін Қабанбай батыр 1757 жылы Аягөз жерінде қазақ-жоңғардың «Мамыр су» және қазақ-қытайдың «Айтаңсық» келісіміне қатысты. Мамыр суы Аягөздің төменгі жағына келіп құяды. Батпақ су мұнан төмен бір бекет жерде. Ол маңда Қасабай бейіті бар. Бұл бітімге халық «Қанды жап бітімі» деп ат берген, өйткені қалмақтардың бастапқы ойы өлген ханының құнын сұрау екен, кейін оны біржола кешіріп, өлген ханның қанын жабулы қалсынға келіседі. Ханның өз аты да Қандыжап еді. Осы хабарды бізге жеткізушілер оннан аса адам болды, - деп жазған Құрбанғали Халид.

Қытай елінің архивінде қазақ тарихына қатысты деректермен жұмыс жасаған тарихшы Н.Мұқаметқанұлы «Қабанбай батыр Қытай деректерінде» атты еңбегінде: «Қабанбай (Ерасыл) Қожақұлұлы – қазақ халқының жоңғарларға қарсы күрес кезіндегі ұлттық батыры, дарабоз қолбасшысы. Қабанбайдың халқына сіңірген еңбегі, жауға қарсы күресте көрсеткен ерлігі мен батырлығы халық арасында ғасырлар бойы аңыз болып айтылып, дастан болып жырланып, роман болып жазылып келгені баршаға мәлім. Бірақ көпшілік қауым Қабанбай батыр жөнінде қытайдың орда күнделіктерінде жазылған нақтылы деректерді біле бермейді», деп жазды.

Жоңғар мемлекетінде билеушілер арасында таққа талас туындап, соңында 1750 жылы таққа отырған Лама-Доржыға қарсы Әмірсана мен Даваци күресті. Лама-Доржы 1753 жылы қаза тапқаннан кейін Даваци таққа отырды. Одан кейін Даваци мен Әмірсана арасында қақтығыстар болды. Осы келеңсіздікті қазақ сұлтаны Абылай жақсы пайдаланды. 1755 жылы Қытай императоры Цянь-Лун жоңғарға қарсы шабуылға шығу туралы бұйрық берді. Жоңғардың соңғы қонтайшысы Әмірсана Цинь әскерімен шайқасып, жеңіліс тапқан соң қазақ даласына қашып келді. Оның бұрыннан Абылай сұлтанмен таныстығы бар еді. Абылай сұлтан Әмірсананы қазақ жерінде паналатты. Соңынан қуып келген және ұстап берсін деген талаптарына орындаған жоқ. Оның қашып құтылуына көмектесті. Әмірсананың соңынан келген Цинь әскері Қазақ хандығының әскерімен шайқасты.

Абылай, Әбілпейіз, Ханбаба сұлтандар, Бөгенбай, Қабанбай және Қожаберген батырлар 1756-1757 жылдары Цинь империясы әскеріне қарсы шайқасып, қазақ жерін қорғады.

Қазақ хандығы мен Цинь империясы әскерлерінің шайқасында екі жақтың күші тең болмады. Бірақ, соған қарамастан қазақ әскерін Абылай мен Бөгенбай бастаған тобы Есіл, Нұра және Баянауыл жерлерінде шайқасты, Қожаберген, Қабанбай батыр бастаған топтары Аягөз, Тарбағатай жерінде шайқасқа түсті. 1757 жылы Абылай сұлтанның бастауымен Қазақ хандығы және Цинь империясы арасында бейбіт келісім жасалды. Соғыс жалғаса берсе, қазақ халқының жер бетінен жойылып кететіндігін қазақ батырлары мен сұлтандары жақсы түсінді. Екі елдің арасындағы бейбіт келісім Аягөздің өңіріндегі «Айтаңсық» деген жерде болған. Бұл тарихи оқиға туралы Сібірдегі орыстардың әкімшілігіне қазақ халқының старшын-батырлары Қабанбай мен Өтегеннің жолдаған мәліметтері сақталған. Бастапқыда Абылай сұлтанның Қытай елімен бітім жасау туралы шартына қазақ батырлары қарсы болып, кейін ақылдаса келе барлығы келіскен.

Дәл осы тұста Қазақ хандығында болып жатқан оқиғаларды Патшалық Ресей империясына тыңшы ретінде жеткізген бұқарлық Мұрзалы Шиховтың мәліметтері Ресей архивінде сақталған. 1758 жылы 29 тамызда жазылған бұл хатта: «Абылай сұлтан Қытай императорына өткен 1757 жылы күзде қазақ Нұралы хан, Ералы сұлтан және Құлсары, Құлеке, Қабанбай, Қожаберген батырлардың, жалпы 60 белгілі тұлғалардың келісімінсіз, сырттай өзі келісім жасады», - делінген. Бұл хаттың мазмұнын екі түрлі нұсқада түсінуге болады. Бірінші, қазақ елінің арасында белгілі адамдарға Абылайды қарсы қою, екінші, Абылайдың жылдам шешім қабылдауы уақыт тығыздығы мен қазақ халқын сақтап қалу ниетінен туындаған болуы керек.

Қабанбай батыр қытай жазбаларында 1757-1758 жылдардан бастап «қазақтың туму батұлы – яғни бас батыры» ретінде хатқа түсіп, Қазақ хандығының Абылай, Әбілпейізден кейінгі 3-ші ірі тұлғасы, кейде Абылай, Әбілмәмбет, Әбілпейізден кейінгі 4-ші тұлғасы ретінде аталып отырады.

Қытай тілін білетін тарихшы ғалым З.Қ. Тұрсынхан «Қабанбай батыр және Қазақ-Цин елдерінің қарым-қатынасы» тақырыбында көлемді мақала жариялады. Онда автор: «1757 жылы алғашқы қазақ елшілері Цин патшалық ордасына жетеді. Осы алғашқы дипломатиялық миссияның құрамында Қабанбай батырдың өкілдері болған. Оған дәлел жаңадан табылған Цин патшалығы Цянь Лун патша кезіне тән архив құжаты. Онда осы реткі Пекинге жеткен 7 адамның бірін «орынбасар елші Танаш, ол Қаракерей найман руының зайсаны Қабанбайдың немере інісі», - деп жазды.

Қазақ хандығының Цинь империясымен бұдан кейінгі қатынастары негізгі екі мәселеге байланысты болды. Біріншісі, ең маңыздысы жер мәселесі еді. Қазақтар жайылымдары, әсіресе Ертіс пен Іле аңғарларындағы және Тарбағатайдағы бай жерлерді қайтарып алуға ұмтылды. Ал циндер бұрын Жоңғарияға қараған барлық жерге дәмеленді. Бұл мәселелер XVIII ғасырдың 50 жылдарының соңында дипломатиялық жолмен шешілді.

Абылай сұлтан және Қабанбай батыр бастаған қазақ халқының белгілі тұлғалары жоңғардан босаған Алтай және Тарбағатай аймағына қазақ руларын қоныстандыруда Қытайдың Цинь империясы әкімшілігімен келіссөздер жүргізген. Мысалы, Цинь империясы дәуірінде жазылған архив құжатында: «Қазақ ханы Абылай, Әбілпейіз сіздердің Қанжығалы Қанжыр, Танаш, Атығай, Өміртай, Төлен, Алназа, Бекенай деген елшілеріңіз Жы-хыға (Чың-ды қаласы) келіп, менімен (Ежен ханмен) дидарласты. Оларды осы арадан үлкен сый көрсетіп, қайтармақшы болып едік, Қанжығалы бастаған елшілік Бейжіңге де апарсаңыздар деген тілек білдірді. Сондықтан олар өз нөкерлеріме ілесіп Бейжіңге барды.

Абылай және өзге ел ағалары Сіздердің сыртқы қиырда тұратындарыңызды ескеріп, Сіздерді ішкі өлкелердегі засақ (аймақ билеушісі) тізілімі бойынша лауазым берсек, ол ел билеулеріңізге қол байлау болуы мүмкін. Сондықтан, артық әуре еткім келмей, ескі әдістеріңіз бойынша, яғни жерлеріңізде көшіп-қонуларыңызға ерік бердім. Бейжіңге елші жіберер болсаңыздар, оларға жақсы ілтифат жасалады. Елшілеріңіздің ежелгі өрісіміз еді деп сұраған Тарбағатайға келсек, ол жер енді ғана тыныштанды, қазірше иен жатыр... Абылай, Әбілпейіз, Сіздерге арнап бірнеше асыл киім жібердім. Оны елшілеріңіз барғанда табыс етер. Мұның сыртында жеті елшіге тарту етілген киім-кешек пен заттар және елшілік қызметкерлерге базардан зат алуға жалпы көлемі мың күміс ақша бөлінді. Мұның бәрін Сіздер хабардар болсын деп айтып отырмын...», - делінген.

Қазақ-қытай өзара қатынастарының маңызды екінші мәселесі сауда болатын. Қытайларға атты әскерін толықтыру үшін қазақ жылқысы өте қажет болды, ал қазақтар қытай тауарларына мүдделі еді. Цинь патшасының әкімшілігі Қазақстанмен сауданы қатаң бақылады, оның өткізілетін орнын, тауарлар бағасын шектеді, қазақтардың Цинь империясы аумағында еркін сауда жүргізуіне кедергі жасады. Тұтас алғанда XVIII ғасырда Қытаймен шекарадағы сауда алмасу қатаң шектеулі түрде жүргізілді.

Абылай хан Қытай елімен жасалған келісім бойынша екі жақты сауданың ашылу рәсіміне өзінің жақын серігі, дарабоз қолбасшы Қабанбайды жіберді. Қабанбай батыр қазақ саудагерлерінің делегациясын бастап 1758 жылы күзде Үрімжіге барып, Цинь патшалығымен болған алғашқы айырбас сауданы бастайды. Сол уақыттағы оқиға қытай деректерінде: «Қазақтың Қабанбайы сауда жасауға 300-ден артық жылқыны 17 қыркүйек күні Үрімжіге айдап әкелді», - деген мәлімет ретінде сақталған.

1758 жылы қазақ-қытай саудасына жол ашылды. Қытай елінің архивінде сақталған Цинь-Мәнжу кезеңінің құжаттарының ішінде «Патшаның қорғаушы жасағының қолбасшысы Нұсанның қазақ Қабанбайдың ұлымен жылқы саудасын жасағандығы туралы мәлімдеме» ерекше құнды құжат. Онда Нұсанның жолдамасында: «қазақ (батыры) Қабанбайдың жіберген өз баласы Едіге Буге шаханның ұлын айдап әкелді. Олар осы жүрісте сауда малын ала келген болса, олармен лайықты сауда жасайық. Қазақтарға жіберген елші Науандар Абылаймен жүздескеннен кейін, қазақтардан саудамен келетіндердің көп екендігі белгілі болса, дереу мәлімдейміз» деген сөздер жазылыпты. «Қазақтар келіскен сауда мерзімінде келмесе, әзірленген сауда бұйымдары бұрынғы орнына – Баркөлге тасып апарылсын» деп бұрын жарлық түсірген едім. Енді ойласам, биыл келген қазақтар келесі жылы да келетіндігі сөзсіз. Баркөлге тасып апарған бұйымдарды келер жылы көктемде Үрімжіге қайта жеткізуге тура келді де, оған тағы да қаржы, еңбек, күш сарп етіледі. Келер жылы қазақтармен жасалатын сауда әзірлігі үшін, бұйымдар қайта жеткізілмей-ақ Үрімжіде сақталып, әскер шығарып күзету туралы Нусандар хабардар болсын!», - делінген.

Қабанбай батыр 1750 жылдардың соңында және 1760 жылдардың ішінде қазақ-қырғыз және қазақ-қоқан қарым-қатынастарында маңызды рөл атқарды. Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін Жетісу жеріне талас және иелік ету мәселесі қазақ-қырғыз халықтарының арасында болды. Бұл өлкеден сауда керуендері өтетін. Оған бақылау жасау, Шу өзені мен Алатау баурайындағы құнарлы алқапқа қоныстануда күрделі жағдай қалыптасты. Қырғыздар кейде қазақ ауылдарына жорық жасап, барымтада малдарын және адамдарын айдап әкетіп отырған. Сондықтан, екі елдің арасында наразылық туындап, бірнеше шайқастар да болды. Солардың бірі 1759 жылы Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейіз және Барақ сұлтанның ұлы Ханбаба сұлтандар бастаған 15 мың сарбаз қырғыз Ноорос батырдың иелігіне шабуыл жасаған. Одан кейін 1760 жылдары Орта жүз қазақтары тағы да жорық ұйымдастырған.

Қазақ-қырғыз қатынастарында аңыз және жыр болып сақталған Қабанбай батырдың Әтеке жырықпен шайқасы. Бұл шайқас Қырғыз жерінде болған. Әтеке бастаған қырғыздар ең алдымен қазақтың Шыңқожа және Барақ батырын өлтіреді. Одан кейін Қабанбай батыр Үш жүздің батырларын бастап қырғыздармен шайқасады. Осы тарихи оқиға туралы жырлардың бірнеше нұсқасы сақталып жеткен. Бірқатарында Қабанбай мен Әтеке жекпе-жекке шыққанда Қабанбай батыр жеңіске жетті делінеді. Бірақ тағы бір нұсқаларда Аманәлі батырмен шайқасады. Осы шайқасқа шындыққа келеді. Өйткені, Әтеке манап 1780 жылдарға дейін өмір сүрген және Ресеймен байланыстар жасағандығы туралы деректер бар. Демек, Әтеке манаптың қоластындағы Аманәлі батырмен Қабанбай жекпе-жек өткізгені шындыққа келеді.

Қазақ хандығы әскері Абылай сұлтан басшылығымен 1760 жылдары Қоқан хандығының билеушісі Ерденбекпен бірнеше рет шайқасқан. Ондағы мақсат Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Сайрам, Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын қорғауға байланысты еді. Жоғар хандығы жойылып, олардың Ташкент пен Түркістандағы ықпалынан арылғаннан кейін осы аймаққа өзара талас туындаған. Бір жағынан Қазақ хандығы, екінші жағынан Қоқан хандығы өз ықпалын жүргізгісі келді.

1766 жылы Қоқан билеушісі Ерденбек Қазақстанға жорық жасап, шығын келтірген. Сол уақытта оған қарсы Абылай қазақ жеріне басқыншылық жасаған Ерденбектің бетін қайтарып, оны қырғыз жеріне, Пішпекке қуып тығады. Осыған байланысты Қоқан хандығымен соғысу үшін Абылай Қытай патшасынан зеңбірек сұрайды. Олар оның тілегігін қолдамайды.

1767 жылы Абылай Ташкентке, Ерденбекке жорық жасады. Ташкенттен Ресейге баратын жолды басып алды. Ташкенттіктер Абылайға қарсы тұра алмай, сұраған салығын берді. Ташкент Абылайдың және қазақтардың билігіне өтті. Соның арқасында Ташкенттіктер қазақтармен бөгетсіз сауда жасай бастаған .

Қазақ халқының қаһарман тұлғасы – Қабанбай батыр 1769 жылы қайтыс болды. Тарихи тұлғаның бүкіл өмірі мен қызметі қазақ халқын сыртқы жаулардан қорғаумен өтті.

Қабанбай батырдың 300 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция 1991 жылы Талдықорғанда өткен. Сондағы ғылыми жинаққа Б. Әбілқасымов «Қаракерей Қабанбай» тақырыбында мақала жариялаған. Автор: «Қабанбай батыр туралы ауызша жеткен шығармалардың ең кесегі және ең көп тарағаны – «Қаракерей Қабанбай батыр» жыры. Қазір оның жиырмаға тарта нұсқасы белгілі. Қазан төңкерісіне дейін жиналған қолжазбалардың кейбірі Санкт-Петербургте, Қазанда және Омбы қаласында сақталған. Ал, Кеңестік дәуірде «Қабанбай батырдың қиссасы» түрлі нұсқаларда жыршылар мен ақындардың айтуы бойынша жазып алынған», - деген пікір білдірген.

Қазақстанда Қабанбай батырдың құрметіне байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей және тағы басқа қалаларда көшелерді аты берілген. 1991 жылы З. Сәнік пен Б. Садыханұлының «Қаракерей Қабанбай» атты аңыз, зерттеу және қиссалар жинағы шықты.1993-1996 жылдары жазушы Қабдеш Жұмаділовтың 2 томдық «Дарабоз» романы жарық көрді. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті 2019 жылы «Қабанбай батыр» атындағы медаль шығарды.

Қанат ЕҢСЕНОВ, 

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к.


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика