Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Дипломат С. Сүндетбаевтың студенттік өміріне қатысты кейбір деректерді нақтылау туралы

Дипломат С. Сүндетбаевтың студенттік өміріне қатысты кейбір деректерді нақтылау туралы 08.10.2019

Дипломат С. Сүндетбаевтың студенттік өміріне қатысты кейбір деректерді нақтылау туралы

Самат Сүндетбаев - есімі ел тарихында елеусіздеу қайраткердің бірі. Ол техникум мен институтты жақсы бітіріп, табысты еңбек етіп, білімі мен іскерлігімен танылып, Мәскеуге Жоғары дипломатиялық мектепке оқуға жіберіледі. Оқуын аяқтаған соң саяси жағдайы өте күрделі Йемен Халық Республикасына дипломатиялық қызметке жіберіледі. Осы елдегі кезекті қарулы қақтығыс кезінде С.Сүндетбаев 1967 жылы Кеңестік елшілік қызметкерлері мен отбасыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде қаза табады. Кеңес елі басшылығы қазақ дипломатының ерлігін бағалап «Құрмет белгісі» орденімен марапаттады және есімін министрлік ғимаратындағы мәрмәр тасқа жаздырды. Осы саланың мамандары мен ғалымдары болмаса, Қазақстан жұртшылығы батыр дипломат туралы біле бермейді. Мақала осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған. Мақала авторы дипломаттың мектептегі оқушылық және Семейдегі сауда техникумындағы кезеңі мен құжаттарда тегінің қате жазылуына қатысты архив деректеріне талдау жасап нақтылауға ұмтылыс жасаған.

Қазақстан Кеңес Одағының құрамында болғанда шетелдермен тәуелсіз сыртқы байланыстар жасауға құқы болмағаны белгілі, сондықтан сырт елдерде республиканың елшілік мекемелері де болған жоқ. Дегенмен саусақпен санарлықтай болса да қазақ ұлтынан шыққан дипломаттар Кеңес Одағының шетелдердегі елшіліктерінде қызмет жасады. 

Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев (1929–1967) Кеңес заманында қазақтан шыққан сондай санаулы дипломаттардың бірі. Ол бұрынғы Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Семей қаласындағы Сауда техникумында, Ленинград сауда институтында білім алады. Самат Сіләмбекұлы 1954–1958 жылдары Гурьев, Ақтөбе облыстарында облыстық сауда басқармасы бастығының орынбасары, 1961–1963 жылдары Қазақ КСР Сауда министрлігінің бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1963 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Жеңіл, тамақ және сауда бөлімі меңгеушісінің орынбасары қызметіне жоғарылатылады. 1964 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Жоғары дипломатиялық мектепке оқуға жіберіледі. Самат Сіләмбекұлы 1967 жылы маусымда дипломатиялық мектепті «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, Йемен Халық Республикасына дипломатиялық қызметке жіберіледі. 

Бұл елде дипломатиялық жұмыс атқару өте күрделі болатын. 1962 жылы Йемен мемлекетінде монархиялық құрылыс құлатылып Иемен Араб Республикасы жарияланды. Одан әрі монархистер мен республикашылар арасында 8 жылға созылған бітіспес қарулы күрес басталды. Соның нәтижесінде 1967 жылы Оңтүстік Иемен бөлініп шығып, ол Йемен Халықтық – Демократиялық Республикасы деген атауға ие болды. Жаңа мемлекет социалистік даму жолын таңдап, Солтүстік Йеменмен 20 жылға созылған әскери және саяси – экономикалық бәсекеге түсті. 

Осы уақыт ішінде екі Йеменде де ішкі төңкерістер мен әртүрлі мақсаттарды көздейтін, түрлі саяси және діни топтардың қарулы бас көтерулері толастамады. Сол бір аумалы – төкпелі кезеңде Кеңес Одағының Йемендегі елшілігінде қазақ халқының перзенті, кәсіби дипломат Самат Сіләмбекұлы Сүндетбаев екінші хатшы лауазымында қызмет атқарды. Қауіпті де қиын жағдайда С. Сүндетбаев бастаған елшілік қызметкерлері жанқиярлық көрсетіп, елшілікті эвакуациялауға күш жұмылдырады. Соғыс өртін өршітпеуге күш салады. Самат Сіләмбекұлы аталған мемлекеттегі кезекті бір бүлік кезінде елшілік қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын атқару барысында лаңкестердің оғынан қаза тапты. 

КСРО Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Үкіметі С. Сүндетбаев мүрдесін сол кездегі астанамыз – Алматы қаласына әкеліп жерлеп, басына арнайы ескерткіш орнатады [1, 714]. 

1968 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы дипломат С.Сүндетбаевтың ерлігі және Отанға адал берілгендіктің үлгісін көрсеткені үшін қаза тапқаннан кейін «Құрмет белгісі» орденімен марапаттайды. Мәскеудегі КСРО Сыртқы істер министрлігінде 1918 жылдан бері қызмет бабында қаза тапқан қызметкерлерінің есімдері жазылып келе жатқан мәрмәр тасқа Самат Сүндетбаевтың да есімі жазылған. Самат Сіләмбекұлының туған ауылындағы бір көшеге есімі беріліп, Семейдегі Сауда техникумының қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды [2]. 

Кеңестік заманда қазақ ұлтынан шыққан талантты дипломаттың өмір жолы мен қызметі туралы тәуелсіздік жылдарында ғана кеңінен жазыла бастады. Мақала авторы да басқалармен бірге С.Сүндетбаевтың өмірі мен қызметін зерттеуге өзіндік үлес қосуға әрекет жасады [3, 199–201]. 

Осы мақсатта ізденіс жүргізгенде автор бірнеше мәселеге көңіл бөлу керектігін анықтады. 

Самат Сүндетбаев туралы энциклопедияда, кейбір мақалаларда жазылып жүргендей дипломаттың құрметіне қойылған ескерткіш тақта Семей қаласындағы Сауда техникумының ғимаратына емес, осы қаладағы қазіргі «Бизнес және сервис» колледжінің кіре беріс қабырғасына орнатылған. Өйткені Самат Сілембекұлы оқыған кездегі техникум ғимараты қазіргі күнге дейін сақталмаған және Сауда техникумы атауы жоғарыда айтылғандай етіп өзгертілген. 

Семей архивінде сақталған құжаттарға қарағанда техникум 1946 жылы ашылған, оқу ғимараты Совет көшесіндегі № 56 үйде орналасқан. Техникум директоры Оразбаев (құжатта Уразбаев деп орысша жазылған – авт.), оқу ісінің меңгерушісі Цой деген азаматтар болыпты. Техникумға 9–10 сыныпты бітірген оқушыларды қабылдау үшін газеттерге республика көлемінде оқуға шақырған хабарландырулар беріледі. Сөйтіп 245 үміткерден конкурспен 112 оқушы техникум студенті болып қабылданады [4, 1–ші парақ]. Келесі оқу жылында осы оқу орнына Самат Сүндетбаев да оқуға түседі. Техникумдағы оқу жұмысы орыс тілінде жүргізілді. 

Мұрағат құжаттарына зер салсақ Саматтың болашақта дипломатия саласына баруына осы техникумда жақсы деңгейде ұйымдастырылған оқу–тәрбие жұмысының да әсері болған сияқты. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанымен АҚШ пен КСРО арасында «қырғи – қабақ соғыс» жүргені тарихтан белгілі. Сондықтан техникум оқытушылары оқушыларға апта сайын халықаралық жағдай туралы баяндамалар жасап, үйірмелер ұйымдастырылып, оқушылардың өздерін де осы саяси жұмыстарға үйретуге тартқан. Үйірме тақырыптары қатарында «Атомдық дипломатия» сияқты тақырып та кездеді [4, 3–ші парақ]. 

Семейдегі бұрынғы сауда техникумының мұрагері қазіргі уақыттағы «Бизнес және сервис» колледжінде, осы оқу орнының тарихы туралы деректер жиналуда және алдағы уақытта С. Сүндетбаевқа арналған музей жасақталмақшы екен. 

Колледждің тәжірибелі де іскер басшысы Альмира Хожанованың бастамасымен осы оқу орнының даңқты түлегі Самат Сүндетбаевқа қатысты да мол деректер жиналыпты. Оқу орнының тарихына арналған көлемді кітап жазылуда. Бұл іске колледж әдіскері Ш.О. Рахманқұлова үлкен еңбек сіңіруде. Алдағы жылы колледждің құрылғанының 75 жылдығын атап өтуге дайындық жүргізілуде. Мұны осы мақала авторы 2019 жылы жазда Семей қаласына барған сапарында анықтап білді. 

«Бизнес және сервис» колледжі әкімшілігі Самат Сүндетбаевтың мектептегі және техникумдағы өміріне қатысты кейбір мәліметтерді анықтап беруге осы мақала авторына өтініш еткен еді. Атап айтқанда, Самат Сіләмбекұлының техникумдағы оқуды аяқтаған жылы және техникум архивіндегі құжаттарда есімі «Сундукбаев Самат» және «Сундукбаев Сергей» болып екі түрлі жазылуына қатысты болды. 

Нұр–Сұлтан қаласындағы Мемлекет тарихы институтының Деректану, тарихнама және Отан тарихы бөлімінің ғыылми қызметкерлері, бөлім басшысы тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғ.М. Қарасаевтың басшылығымен С.С. Сүндетбаевқа қатысты мұрағат құжаттарының көшірмелерін талдап, саралай келіп мынадай қорытындыға келді. 

Бірінші, Сүндетбаевтың 1947 жылғы 18 тамызда техникум директорына өз қолымен жазған арызында және өмірбаянында есімін «Самат» деп көрсеткен. 

Екінші, 1947 жылғы №50 жеке іс қағазында «Сергей» деген есім үстінен сызылып, қазақша «Самат» деп түзетілген және ұлты «қазақ» деп көрсетілген [5, 5–ші парақ]. 

Үшінші, техникумға тапсырған құжаттарына қарағанда С. Сүндетбаев орыс тіліндегі мектепте оқығаны байқалады. Орыс тілді мектепте оқығандықтан және кеңестік заманда орыс тілді ортада өмір сүрген қаншама қазақтардың есімдері орысша айтуға жеңіл болсын деген ниетпен ауызекі қолданыста орыс есімдерін пайдаланғаны жиі кездесетін оқиға болды. Сондықтан «Саматтың» ауызекі қолданыста «Сергей» болып айтылуы мен жазылуы мүмкін жәйт. 

Төртінші, 1944/1945 оқу жылында Семей қаласындағы № 17 мектепте оқыған Сүндетбаев Саматтың есімін табельде «Сергей» деп оқушының өзі емес Саматтың сынып жетекшісі жазғаны белгілі. Өйткені оқу үлгерімі туралы табельді тек мұғалім толтырады. 

Бесінші, С. Сүндетбаев 1929 жылы өмірге келген. Ол кезде азаматқа тууы туралы куәлік беретін ауылдық кеңестерде қазақ тілінде сауатты жазатын қазақ азаматтары сирек болатын немесе куәлік беретін мекемелерде кейде қазақ тілінде оқып және жаза білмейтін орыс азаматтары қызмет ететін. Олар қазақша тууы туралы құжаттар толтырғанда қазақ азаматының тегін, есімін кейде орыс тіліне бұрмалап жаза беретін (көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, кезінде Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметін атқарған Михаил Есеналиев есімінің орысша болуы осыған бір дәлел – авт.). Егер, Саматтың тегі «Сундукбаев» дегеннің өзінде де қазақшасы «Сандықбаев» болып жазылуы керек еді. Қазақ тілінде «сундук» сөзі жоқ, «сандық» деген үй жиһазының атауы бар. 

Алтыншы, Сүндетбаев Самат Сіләмбекұлы деп дұрыс жазылған дерек 2014 жылы жарық көрген Шығыс Қазақстан облысы энциклопедиясының 714 – бетінде де көрсетілген. Сонымен қатар С. Сүндетбаевтың жақын араласқан туысы, елімізге танымал ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Серғазы Қалиев және Самат Сіләмбекұлының бірқатар туыстары да бұған куәлік етеді. 

Жетінші, Сүндетбаев Самат Сіләмбекұлының Семей Сауда техникумын аяқтаған уақытын колледж басшылығының «1950 жыл» деп көрсетуін дұрыс деп білеміз. 

Өйткені техникум мұрағатында С.Сүндетбаевтың жеке іс қағазындағы №43 құжатта С. Сүндетбаевтың «1950 жылы 27 маусымда» техникумдағы оқуын аяқтап Қарағанды қаласының бас сауда мекемесіне жұмысқа баруына жолдама берілгені көрсетілген [5, 5–ші парақ]. 

Мақаланың соңында С.Сүндетбаевқа қатысты зерттеулер жүргізетін адамдарға құлаққағыс ретінде айтарымыз, Самат Сіләмбекұлы Йемен Халық – Демократиялық Республикасындағы КСРО – ның елшісі лауазымына көтерілген жоқ, ол жоғарыда көрсеткеніміздей осы елдегі Кеңес Одағы елшілігінде екінші хатшы қызметін атқарды. 

Ойымызды түйіндей келе, айтарымыз, өзіне жүктелген міндетті адал атқару кезінде қапыда қаза тапқан кеңестік кезеңдегі аз ғана қазақ дипломаттарының бірі Самат Сүндетбаевтың өнегелі өмірі мен қызметін арнайы зерттеп кейінгі ұрпаққа насихаттау ұлт жанашырларының бір міндеті болуға тиіс. 

Дуйсен С.Ж.,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, 

педагогика ғылымдарының кандидаты

Әдебиет: 

1. Шығыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. – Алматы, 2014 жыл. – 845 б. 

2. Жүнісжанов Малғаждар. Есімі енді белгілі болған елші // Егемен Қазақстан. 2014 жыл 13 тамыз. 

3. Дүйсен Сейітқали Жахияұлы. Қазақстан дипломатиясы (тарихи аспект). Монография. Авт.: С.Ж. Дүйсен. / Б.Ғ. Аяғанның ред. – Астана: «БиКА» БП кешені, 2018. – 336 б. 

4. Шығыс Қазақстан облысы, Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы (Семей қаласы).1379 – қор; 1 – Тізімдеме; 7 – Іс. 

5. Семей сауда техникумының архиві. 29 – Қор; 2 – Тізімдеме; 676 – Іс.

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ Хабаршысы / 98 Вестник СКГУ имени М. Козыбаева. № 3 (44). 2019 


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика