Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Ұлттық рухани жаңғыру және этносаралық келісім

Ұлттық рухани жаңғыру және этносаралық келісім 08.10.2019

Ұлттық рухани жаңғыру және этносаралық келісім

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 2 қыркүйек күні Қазақстан халқына «Сындары қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбында Жолдауын жолдады.

Президент Қ.К. Тоқаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасындағы рухани жаңғыруға байланысты: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң­ғыру­ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес. Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық» [1], - деп атап өтті.

Қазақстанда Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ұлттық рухани жаңғыру бағытында 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғыртылды. Алыс және жақын шетелдерден көптеген архив деректері жеткізіліп, «Қазақстан тарихы Қытай деректерінде», «Қазақстан тарихы Парсы деректерінде», «Қазақстан тарихы Орыс деректерінде» деген атаулармен томдық кітаптар жарық көрді. Бұл расында өте жақсы жетістік. Егеменді елдің еңсесін көтеру үшін, ұлттық тарихты ұлықтау және жоғалғанды түгендеу аса маңызды мәселе ретінде күн тәртібіне қойылды.

Одан кейін 2011-2013 жылдардың аралығында «Ғылыми қазына» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылды. Айтулы жобаның аясында қазақ халқының қайраткер тұлғалары «Жұмабек Тәшенов», «Ілияс Есенберлин» және тағы басқа тұлғаларға арналған ғылыми іргелі еңбектер жарық көрді.

2014 жылы «Халық – тарих толқынында» бағ­дарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинақталып, гранттық жобалар негізінде ғылыми-зерттеу жобалары жүзеге асырылды.

Қазіргі уақытта 2018 жылдан бастап «Мәңгілік Ел идеясы» мемлекеттік бағдарламасы аясында да ғылыми-зерттеулер жүзеге асырылуда. Ғылыми жобалар археология, этнография және Отан тарихы бағытында бірқатар тақырыптарды қамтып, іргелі зерттеулер қолға алынуда.

Президент Қ.К. Тоқаев өз Жолдауында Қоғамдық келісімге қатысты: «Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үдерістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт екендігін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек», – деп әділ атады.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының бірінші форумында жариялады. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Бұл идея 1995 жылы жүзеге асып, Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құрылды.

Аталған бастама мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт болып табылады [2]. Жиырма жылдан асқан Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді басынан кешірді. Оның дамуы барысында                  Н.Ә. Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгін Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

2006 жылы қабылданған «Ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің 2006-2008 жж. арналған қазақстандық үлгісінің бағдарламасында» елімізде ұлттар, ұлыстар мен этникалық топтардың өмір сүретіндігі аталып өтті. Бірақ оларды 130 ұлт пен ұлысқа бөлудің белгілері көрсетілмеген. Тіпті, Қазақстан Республикасының Конституциясы да азаматтарды ұлттық белгілерге қарап алалауға болмайтыны ескертеді. Ендеше, Қазақстан халқы этникалық тұрғыдағы алуан түрлілігіне қарамастан, біртұтас жұрт болып табылады. Ал қазақтар болса – мемлекет құраушы ұлт. Бұл оның ұлттық артықшылығы емес, азаматтық ұстанымы. Тек қазақтар ғана Қазақстанда тұратын барлық ұлттық игілігін қамтамасыз етіп, қоғамды түрлі, әсіресе ұларалық араздықтан аман сақтауы тиіс. Сондықтан, өзге ұлт өкілдері бұған түсіністікпен қарайды, себебі бұл – біртұтас мемлекеттегі қарым-қатынас пен бейбіт қатар өмір сүрудің табиғи да тарихи заңдылығы. Онсыз мемлекетте қарама-қайшылықтардың қордаланып, дау-жанжалға ұласуы мүмкін.

Қазақстан жеріне әртүрлі кезеңдерде тағдырдың жазуымен қоныс аударып келіп, тұрақтанған өзге ұлт өкілдері баршылық. Олар бүгінгі күні әлемдік қауымдастыққа Қазақстан Республикасы атауымен енген елдің азаматтары ретінде өмір сүруде. Көпшілігі кеңестік тоталитарлық жүйе үстемдік құрған шақта күштеп көшірілген халықтар еді. Олар тағдырдың тәлкегіне ұшырап қуғындалып келгенде, жергілікті қазақтар өз жағдайлары аса мәз болмаса да, қолдан келген көмектерін жасап, аман-есен тұрып кетулеріне жәрдемдесті. Бірқатар ұлттардың өкілдері саяси қуғындау аяқталып, құқықтары қайта келтірілген уақытта Отандарына қайтты. Кейбіреулері тұрақтап қалды. Қазіргі уақытта олар Қазақстан азаматтары ретінде барлық салада еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосуда.

Еліміздің тәуелсіздік алған уақытынан бері қазақ халқы өзге ұлт өкілдерімен саяси тұрақты және ұлтаралық келісімде өмір сүруде. Бұл ширек ғасырға жуық уақыт аралығында этносаралық қарым-қатынастың Қазақстандық үлгісінің қалыптасқандығын байқатады. Ал, елдегі азаматтардың ортақ Отан сүйгіштігі мен ұлтаралық келісімі, ол бейбіт және тату өмір сүрудің нәтижесінде қалыптасатындығы сөзсіз [3].

Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында: «Біз Қазақстан халықтары Ассамблеясы мысалында ұлттық қатынастардың бірегей құралын жасауымыз. Бүгінде дәл осындай беделді де өкілетті ұлттық саясаттың құралы әлемнің бірде-бір елінде жоқ» [4], - деп атап өткен.

Қорытындылай келгенде, этносаралық қарым-қатынастың қазақстандық үлгісі елімізде саяси тұрақтылық пен бейбітшілігін сақталу жолында көптеген жұмыстар атқарып келеді. Ассамлея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық ортадағы кеңістігінде сенім, келім мен өзара түсіністік үлгісі орнады.

 

ҚАНАТ ЕҢСЕНОВ,

ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы

институтының аға ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Тоқаев Қ.К. Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуі негізі атты Қазақстан халқына Жолдауы. 2 қыркүйек, 2019 ж.

2. «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редакторы Ә. Нысанбаев – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. 115-б.

3. Выступление Президента Республики Казахстан Н.А.Назарбаева на ХІІ сессии Ассамблеи народов Казахстана // Казахстанская правда. – 2006. – 25 октября.

4. Бисенова Ә. Қазақстандағы ұларалық қатынастар және қостілділік мәселесі // Ақиқат.– 2010. - №6. – 95-б.

 


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика