Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР 05.09.2019

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР

      2019 жылғы 2 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы жарияланды.

  Мен Президенттің халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сапасын жақсарту  мәселелеріне байланысты айтқан ой пікірлеріне тоқталғым келеді. Әрбір жанұяның, әрбір азаматтың тағдырына тікелей әсер ететін мәселелер, түптеп келгенде халқымыздың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, еліміздің өркендеуі үшін өте маңызды болған мақсаттардың орындалуымен байланысты екені белгілі.

  Тәуелсіз Қазақстан егеменді ел болғаннан бастап халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударып келеді.

Жақында өткен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі ел дамуының жаңа кезеңіне бастау берді. Съездің басты басымдығы - өмір сүру сапасын арттыру және халықтың аз қамтамасыз етілген топтарына қолдау көрсету болды. Әсіресе барлық қазақстандықтарды ең маңызды әлеуметтік бастамалар іске асырылатыны қатты қуантты.

  Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев Жолдауда соңғы 5 жылда Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 77 мыңнан 1,4 миллионнан астам адамға артқанын, әлеуметтік көмекке бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі 2017 жылдан бері 17 есе көбейгендігін және одан да арта түстетінін баяндады.

  Атаулы әлеуметтік көмектің өсуі халықтың материалдық жағдайының жақсаруына ықпал ететіні сөзсіз. Бұл мемлекеттің арнайы әлеуметтік топтарға деген қамқорлығының жарқын көрінісі.

  Халықтың әл ауқатына және экономиканың дамуына ықпал ететін маңызды бағыт білім беру сапасын арттыру.

Мемлекет басшысы Жолдауда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасын арттырудың, дарынды ауыл жастарын отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындаудың және жұмыссыз жастармен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті.

Ел дамуының басты көрсеткіші ретінде мемлекет жастарға үлкен қолдау жасап отыр. «Дипломмен – ауылға»  бағдарламасының аясын кеңейу, әрі қарай жалғастыру құптарлық жайт. Ауылға жастар келмейді, тұрақтамайды деп бекер айтамыз. Аталмыш бағдарлама бойынша ауылға бет бұрған бұл жастарға тиісінше қаржылай көмек, баспаналы болуға айтарлықтай қамқорлық көрсетілмекші. Жас мамандарға зәру болып отырған ауыл да көркейіп, жанданып шығатыны анық.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкіметке осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард тенгеге жеткізуді тапсырды.

Жолдауда мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету, мұғалімдер мәртебесін көтеру, алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыру мәселесі қозғалды. Келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысын 25% өсуі тапсырылды.

  Халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін тағы бір маңызды бағыт – тұрғын үй мәселесі. Халықтың лайықты өмір сүру деңгейін мемлекет пәтер мәселесін шеше отырып, қамтамасыз ете алады, өйткені көп жағдайда адамдардың денсаулығы, олардың отбасылық әл-ауқаты тұрғын үй мәселесіне байланысты. Тұрмыс тауқыметін тартқан мұндай жанұяларға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй салу қарастырылып жатыр. Оған қоса Тұңғыш Президенттің бастамасымен жылдық мөлшері 2 пайыз жеңілдетілген «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасы да  іске қосылды. Жыл соңына дейін бұл бағдарлама бойынша кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бірінші кезекте, көпбалалы және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар қамтылатын болады.

2020 жылдан бастап жыл сайын осындай 10 мың отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы баспаналы болады. Жалпы қыруар жұмыс жүргізіліп жатса да, алайда мұның бәрі тұрғын үйге қолжетімділік мәселесін соңына дейін шешпейді.

Жолдауда денсаулық сақтау саласына да айрықша мән берілген. Халық денсаулығы – ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске қосудың ресми күнін жариялады. Оны қаржыландыруға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жүзеге асырылуы медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға бағытталған.

Алайда білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту сияқты салалардың қай-қайсысында шешілмеген бірқатар мәселелер бар. Мысалы,  бас қаламыз Нұр – Сұлтан халқының саны бүгінде 1 млн 200 мың адамды құрайды. Былтырғы жылдың есебі бойынша қалаға уақытша тіркелгендер саны  233 мың адам. Бас қаламызда, өлім көрсеткіші 9 пайызға, ана мен бала өлімі 38 пайызға, онкологиялық ауруға шалдыққандар 9,7 пайызға, туберкулезбен ауырғандар соңғы бес жылда 28 пайызға азайған.

  Кез-келген елде халық санының өсуі немесе сәбидің дүниеге келуі әлеуметтік- экономикалық салаларға елеулі әсер етеді. Қала халқы санының өсуі ең өзекті мәселелердің, мектептер, балабақшалар, тұрғын-үйлердің жетіспеушілігін тудырады. Былтыр бас қалада бір жыл ішінде 2,36 млн шаршы метр баспана пайдалануға беріліпті.

  Өзге өңірден көшіп келіп жатқан азаматтардың барлығын бірдей жұмыс орнымен қамтамасыз ету де мүмкін емес. Былтыр бас қаламызда 19 мың жаңа жұмыс орны ашылса, оның 15 мыңы шағын және орта бизнес саласында құрылған.

   Жолдауда айтылғандай жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсібіи және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады екен. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдар тобын құрайды. Ал жұмыс іздеп қалаға келгенде не баспана, не дайын жұмыс жоқ, амалдың жоқтығынан жастарымыз қылмыскерлер қатарын толтырады.

   Қорыта келгенде, қазіргі уақытта іске асырылып жатқан ҚР Үкіметінің саясаты әлеуметтік бағытқа ие және өмірдің сапалы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған. Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыру мемлекеттік және үкіметтік даму бағдарламаларының басым бағыты болып қала береді.  Тәуелсіздік алғаннан бері көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы болашаққа ұмтылған қазақстандықтардың жаңа буыны қалыптасты.

  Бүгін біз үшін маңызды Тәуелсіздіктің барлық жетістіктерін сақтау және көбейту, сенімді және тұрақты болашақты қамтамасыз ету.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде сөйлеген сөзі «Онжылдық перспективалары: ұлттың жаңа игілігі». http://www.akorda.kz - 2019. - 27 ақпан.

           2. Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог - Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі». // Егемен Қазақстан. -2019. - 3 қыркүйек

           3. Астана өмір сүруге қолайлы мегаполиске айналады. // Егемен Қазақстан. - 2018. - 11 наурыз.

 

Ғылыми- ақпарат бөлімінің

       ғылыми қызметкері

Айтбала Абенова


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика