Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Білікті ғалым және ұлағатты ұстаз еді

Білікті ғалым және ұлағатты ұстаз еді 28.02.2019

Білікті ғалым және ұлағатты ұстаз еді

Арамызда жүргенде биыл Болат аға өзінің 80 жылдығын атап өтер еді. Болат Әбдікәрімұлы (1939-2014) отандық ғылым мен жоғары білім беру саласында өзіндік орны бар көрнекті ғалым болды. Ол тек педагогика емес, экономика ғылымы саласында да шәкірттер тәрбиелеген және жауапты мемлекеттік қызметтер атқарған беделді, елге танымал азамат болды.

Ел Тәуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында Білім министрінің орынбасары қызметін атқарды. Халық сеніміне ие болып, 13-ші сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды.  Педагогика ғылымы бойынша республикамызда жоғары кәсіби білім берудің теориясы мен тәжірибесінің негізін қалағандардың бірі бола білді.

1939 жылы 19 ақпанда Қарағанды облысының Нұра кентінде өмірге келген Болат Әбдікәрімұлының балалық шағы соғыс кезіне кездесіп, 7 жасында әкесінен жетім қалып, бауырларымен бірге анасына көмекші болып, отбасының мойнына түскен ауыртпалықты бірге көтерісті.  

Жастайынан еңбекпен шыңдалып өскен Болат Әбдікәрімұлы орта мектепті жақсы аяқтап, 1962 жылы Қарағанды политехникалық институтын “тау-кен инженер электромеханигі” мамандығы бойынша бітіріп шығады. Содан соң Қарағанды облысындағы Шахан кентіндегі шахтада еңбек жолын бастайды.

Келесі жылы кәсіптік-техникалық училищеге оқытушы болып орналасып, ұстаздық қызметке біржола ден қояды. Қазақ және орыс тілдерін жете меңгерген, өз ісіне берілген білімді, әрі боксшы жігіт еңбек ұжымында тез танылып, басшылар назарына да ілінеді. Жас жігітті училище директорының орынбасары етіп тағайындайды.

Бес жылдан соң Қарағанды облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының орынбасары, 1973-1983 жылдары Жезқазған облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарып, білікті басшы, ұйымдастырушы ретінде көрінеді.

Осыдан соң республикалық Мемлекеттік кәсіптік-техникалық білім беру комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1990-1994 жылдары Білім министрінің орынбасары қызметінде жүріп, кәсіптік білім берудегі шетелдік тәжірибелерді зерттеп, елімізде қазақ-неміс, қазақ-түрік техникалық мектептерін ашуға бастамашы болып, елімізде жұмысшы мамандарды оқытудың шетелдік озық тәжірибесін пайдалануға негіз қалады. 

1996 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратында сектор меңгерушісі қызметін де атқарды.

Қайраткерлігін ғылыми ізденіспен ұштастыра білген Болат Әбдікәрімұлы мемлекеттік қызметтерде жүріп, ауылшаруашылығы өндірісін маман кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін зерттеумен айналысып, Ленинград қаласында 1990 жылы экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғайды.

Жинақтаған мол білімі мен тәжірибесін енді жоғары оқу орындарында ұстаздық қызметпен ұштастырады. Алты жылдан соң, кәсіби педагогика мамандығы бойынша докторлық диссертация қорғайды, профессор атанады.

Болат Әбдікәрімұлы 1996-2009 жылдары Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Еуразия гуманитарлық институтында (ЕАГИ) Педагогика кафедрасының меңгерушісі  қызметтерін абыроймен атқарды.

2004-2009 жылдары Еуразия гуманитарлық институты жанындағы кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін қоса атқарып, бірқатар ғалымдарды даярлап шығарды. Болат Әбдікәрімұлы 1990-2014 жылдар арасында ғылыми және ұстаздық қызметінде 76 ғылым кандидаты мен докторын даярлап, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Бұл кісінің ғылыми жетекшілігімен диссертациялар қорғаған талай шәкірттері еліміздің әр аймағында білім беру, ғылым және басқа салаларда еңбек етуде. Артына 13 томдық ғылыми мұрасын қалдырды. Ұстаз-ғалым осылайша отандық педагогика ғылымының елеулі табыстарға жетуіне, заманауи сұраныстарға жауап беруіне өзіндік үлесін қосты.

Болат ағаның көптеген шәкірттерінің бірі ретінде мен де ол кісінің мейірімділігін, терең білімділігін, ұстаздық ұлағатын ілтипатпен жиі еске аламын. Ары таза, жаны жайсаң Болат Әбдікәрімұлы әрқашан студенттердің ақылшысы, қамқоршысы ретінде көріне білді.

Үлгілі отбасының иесі болған, өзінің мінез-құлқымен, адамгершілік қасиеттерімен араласқан ортасында қадірлі ақсақал, халық құрметіне бөленген ғалым-ұстаз Болат аға бейнесі отбасы мен туған-туысқандарының, әріптестері мен шәкірттерінің есінде мәңгі сақталады деп сенеміз.

Сейітқали Жахияұлы ДҮЙСЕН,

Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері,

педагогика ғылымдарының кандидаты,

Астана қаласы


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика