Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Назарбаевқа сенім. Ұлттық мəселе қалай шешілді?

Назарбаевқа сенім. Ұлттық мəселе қалай шешілді? 29.11.2018

Назарбаевқа сенім. Ұлттық мəселе қалай шешілді?

...Əзірге Назарбаев екі негізгі этникалық топты белгілі бір деңгейде тең жағдайда ұстап келеді жəне көптеген жағдайларда Қазақстанды екі қоғам деп есептеуге болады 

Тəуелсіздігін алған алғашқы күннен Қазақстан Республикасына елдегі ұлт мəселесін шешу басты міндеттің бірі болып табылды. Себебі Ресей империясының құрамына ене бастаған мерзімнен қазақ жері байырғы тұрғындарының еркінен тыс көпұлтты аймаққа айналдырыла бастағандығы белгілі. ХVІІІ ғасырдың басынан басталатын қазақ даласын ресейлік əскери, өнеркəсіптік игеру, үздіксіз жүргізіліп келген орыс шаруаларымен қоныстандыру нəтижесінде ХХ ғасырдың басында өлкеміздегі жергілікті тұрғындардың үлес салмағы азайып, барша халықтың 70%-ға жуығын ғана құрады. Қазақ даласы осылай біртіндеп көпұлтты өңірге айналдырылды. 

Советтік билік мерзімінде Кеңестік Қазақстанды басқа ұлт өкілдерімен қоныстандыру ісі одан ары жоспарлы тұрде жүргізіліп келді. Нəтижесінде қазақ халқының тарихи отанындағы үлес салмағы бұған дейін болмаған дəрежеге азайды. Егер де тарихи деректерге сүйенетін болсақ, ХХ ғасырдың 60 жылдарының ортасына «...қазақтар Қазақстандағы ең көп ұлт дəрежесінен айырылды. Құбылыс Қазақстанға жерлерін жау басып алғандар мен күшпен қоныс аударылушылардың үлкен тобы, Ұлы Отан соғысы жылдарында, одан кейінгі жүздеген мың тың игерушілер келген 50-60 жылдарда одан ары жалғаса түсті. Қорытындысында 50 жылдардың соңында (ХХ ғасырдың – Ғ.Қ.) қазақ этносы Қазақстан халықтары құрамының үштен бірінен де аз болды. 

1979 жылғы санақ бойынша барлық бұрынғы одақтас республикалардағы орыс жəне орыс тілді тұрғындардың құрамы өзінің ең жоғары көрсеткішіне жетті. Санақ қорытындысы бойынша төмендегідей құбылыс қалыптасты: Өзбекстандағы өзбек еместердің саны 31,3%, Қазақстандағы қазақ еместердікі 64,0%, Грузияда грузин еместер 32,2%, Қырғызстандағы қырғыз еместер 52,1%, Тəжікстандағы тəжік еместердің саны – 41,2% болды. Осының барлығы Ресей империясы мен тоталитарлы одақтың жүйелі түрде жүргізген қоныстандыру саясатының заңды көрсеткіші болды. Нəтижесінде, ... радикалды жəне озық ойлы ғалым-интеллигенция өкілдері өздерінің көзқарастарын ресми баспасөзде ашық айтпағандарымен негізгі халқы артықшылық көрсете алмаған Қазақ жəне Қырғыз республикаларының орны мен атауларын өзгерту туралы пікірлер пайда бола бастады» [1]. 

Қазақстан өзінің тəуелсіздігін алған 1991 жылдың соңындағы республикадағы ұлттар арасындағы сандық қатынастың көрсеткіші осындай деңгейде еді. Сондықтан да Егемендікке енді ғана қолы жеткен еліміздің беріктігі мен тұтастығы тікелей ұлттар арасындағы қатынасты жаңа талаптарға сай жүргізу, бұл істе орын алар қарама- қайшылықтарды тереңдетпеуге байланысты болды. Өйткені Совет Одағының тарауының басты сбептерінің бірі де ондағы ұлттар арасындағы байланыстың дұрыс шешімін таппауынан болған еді. Міне осыдан барып Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі мерзімде республикадағы басқа ұлт өкілдерінің келешектеріне деген сенімсіздіктері жаппай орын ала бастады. Оларды Қазақстанның жеке мемлекет ретіндегі қалыптасуына, тұрақтылығы мен дамуына деген күмəнділік алаңдатты. ССРО тарағаннан кейінгі елдегі одан ары жалғастырылған экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық, ұлттараралық қатынастағы орын ала бастаған келіспеушіліктер, тағы да басқалары бұл жағдайды одан ары шиеленістіре түсті. Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерінің балаларының ана тілінде білім алуына, мамандық таңдау мен жұмысқа орналасуына деген алаңдаушылық та бұл жағдайды күрделендіре бастады. 

Міне сондықтан да, олардың тарихи отандарына қоныс аудару қозғалысы бастау алып, көлемі үнемі өсіп отырды. Ал, мұның өзі əсіресе халық шаруашылығының əр салаларына қажетті еңбек жасындағы жоғары жəне арнаулы орта білімді, осыламен қатар тəжірибелі мамандардың азая түсуіне əкеліп соқты. Осындай жағдай əсіресе өндіріс, қорғаныс, денсаулық сақтау, білім беру салаларының жұмыстарына кері əсерін тигізу байқалды. 

Бұлармен қатар осы уақытта Қазақстандағы кейбір жергілікті славян, орыс казактары бірлестіктерінің елдегі заңдылықа қарсы əрекеттері бастау алып, олардың бұл кері істері күн өткен сайын арта түсті. Аталған бірлестік жетекшілері мен белсенділері əсіресе орыс тұрғындары арасында Қазақстанда ұлттық-территориялық автономия құру, қос азаматтылық, орыс тіліне мемлекеттік тіл мəртебесін беру талаптарына арналған шараларды өткізуді қолға алды. Олар тіпті Қазақстанның шығыс, батыс, солтүстік аймақтары территорияларын орыс тілді тұрғындардың басымдығынан Ресей Федерациясына қосу туралы ойларын ашық айта бастады. Өкініштісі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұтастығына нұқсан келтіретін бұл бастамаларды Ресейдегі ұлтшыл-шовинистік ағымдар мен ұйымдардың жетекшілері қолдап, жағдайды одан ары ұшықтыра түсті. 

Осы мерзімде Тəуелсіз Қазақстандағы ұлт мəселесімен шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтары, саясаткерлері мен ғалымдары да айналысып, оның болашағын болжауға кірісті. Мысалы, ағылшын саясаткері Грэхэм Смиттің «Национальный вопрос в постсоветских государствах» атты кітабында: «...Жаңа қазақстандық ұлтшылдық неғұрлым шовинистік идеология ретінде сипатталғанымен, екі этникалық топ басымдық танытқандықтан жəне көп көлемдегі аз ұлтар орын алғандықтан Қазақстан көпұлтты қоғам болып табылады. 

1989 жылғы советтік санаққа сай қазақтар Қазақстан тұрғындарының 39,7%-ын, ал орыстар 37,8%-ын құрады. Тұрғындар туралы мамандардың дəлелдеулері бойынша қазіргі күні қазақтар жалпы саны жағынан (44,3%, салыстыру үшін 1995 жылғы 35,8%) орыстардан көп мөлшерде басымдық танытады 

...Əзірге Назарбаев екі негізгі этникалық топты белгілі бір деңгейде тең жағдайда ұстап келеді жəне көптеген жағдайларда Қазақстанды екі қоғам деп есептеуге болады. Саяси билік негізінен алғанда тұрғылықты қазақтардың қолдарына жинақталған, ал өнеркəсіп жəне білім славяндарға тəн. 

...Қазақстанда тұратын Жайық казактарының ұрпақтары өздерінің ұйымдарын қалпына келтірді, ресейлік бағытқа деген үміттері анық айқындалатын саяси жоспарлар жасауда. Орыстардың географиялық орналасулары да жекелеген геосаясаттық кері нəтижелерімен ерекшеленеді. Орыстар Ресеймен шектесетін Қазақстанның слтүстік ауылшаруашылық аудандарында басымдық танытады. Бүкіл Солтүстік Қазақстан Ресей мен Қазақстан арасындағы мүмкін орын алар негізгі жанжал алаңы болып табылады. 

Алайда елдің орыс тілді тұрғындарымен арадағы қатынас Өскемендегі (бұрынғы Усть-Каменогорск) орыс тілді көшеге шығушылардың азаматтық жəне тіл туралы заңдарға өзгеріс енгізуді талап еткен 1992 жылдың желтоқсан айына дейін бейбіт тұрғыда болды.Өсе түскен күрделі жағдайды мойындау бұрынғы Югославияны мысал етіп, халықтар арасындағы төзімділікті сақтап, шиеленісті бəсеңдетуге щақырған Назарбаевтың ресми сөздерінен белгілі болады. 

Тəуелсіздік уақытынан бері жергілікті тұрғындармен арадағы қақтығыстардың өсе түсуінен ... лезгиндер мен шешендердің қоныс аударулары байқала бастады. 1992 жылдың қарашасында Өскеменде жергілікті билік ұлтшылдықтың белгісі анық білінетін акт-лезгин-иммигранттардан құтылу мақсатындағы өрескел қате шешім шығарды. ... оларды ресаубликаның ішіндегі экономикалық жəне əлеуметтік қателіктердің кінəлілеріне айналдырды» [2] деген топшылау жасап, Қазақстандағы ұлттар арасындағы қатынастың дамуының күрделене түсетіндігін аңғартты. 

Қазақстан Республикасындағы Егемендіктің алғашқы мерзіміндегі ұтаралық қатынастағы орын алған қолайсыз оқиғаларға шетелдік баспасөз орындары да баса назар аударып, өздерінің бағаларын беруді қолға алды. Мысалы «Техран Таймс» газетіндегі 1994 жылдың 11 сəуіріндегі «Орыстар мен қазақтар арасындағы шиеленіс күшейіп келеді» деген мақалада: «Орталықазиялық Қазақстан Республикасында орыстық казак қозғалысы жетекшілерінің жергілікті билік демократияны бұзуда деген мəлімдемелерінен кейін этникалық шиеленіс өзінің жоғары сатысына жетті. 

Соңғы 10 аптада аз дегенде «атаман» деп аталатын казактардың екі жетекшісі Алматының түбіндегі деревняда соққыға жығылды жəне ұлттық қозғалыстың екі мүшесі дəстүрлі киім кигендері үшін тұтқынға алынды. 

Казактардың жетекшісі жергілікті полиция сабауға қатысқан адамдарға қарсы іс қозғауға қарсы екендігін мəлімдейді. 

Күш көрсету оқиғасын анықтау мақсатында деревняларды аралаған 90-ға жуык казактар қазақтар мен жергілікті полиция арқылы тоқтатылып, үш жетекшісі тұтқындаалы, қалғандары жауап алу үшін ұсталған (31-б.). 

...Алматы облысы казактарының жетекшісі Владимир Овсянников мұндай қақтығыстар ашық соғысқа əкеліп соғуы мүмкіндігін айтып, Ресеймен шекаралас облыстардағы жағдайды салыстырған» [3] деп жазылды. 

Көпұлтты Қазақстандағы ХХ ғасырдың 90 жылдарының басындағы экономикалық, əлеуметтік бағыттардағы уақытша қалыптасқан қиындықтар əсіресе республиканың басқа ұлтөкілдері арасындағы қобалжушылықты күрделендірді. Бұл айтылғандарды: «Тіркеуден өтпеген «Шығыс Түркістан» комитеті, «Түркістанды азат ету» ұйымының жүгенсіз жəне арандатушылық қызметтері, солармен қатар «Бірлесу» газетіндегі дəлелсіз мақалалар республика тұрғындарының арасында кері қоғамдық-саяси əсер етуде» [4] деген деректен білуге болады. 

Əсіресе осындай оқиғалар Қазақстанның Ресеймен шекаралас орыс тілді тұрғындарының сандары басым облыстарында көрініс тапты. 

«Ресей-Қазақстан қатынасының, – деп жазылған осы мазмұндағы ресми деректе, – соңғы аптадағы бірден шиеленісуі орыстілді тұрғындардың Солтүстік Қазақстаннан қоныс аудару деңгейіне де əсер етті. Солтүстік Қазақстанның Орыс қоғамының белсенділері ресми есептер нақты жағдайды ешқандай да көрсете алмайды деп есептейді. 

«Орыс тілді қоныс аударушылардың саны жылдам қарқынмен өсуде, – деп көрсетеді жергілікті казактардың атаманы Виктор Ачкасов. – Олар əсіресе ұлттық валютаны енгізгеннен кейін тіпті өсе түсті, себебі ос арқылы Ресейден алшақтай түсу көпшілігін қанағаттандырмайды». 

Орыс қоғамы жетекшілерінің пікірі бойынша Алматы олардың аймағында біржақты этникалық саясат жүргізіп келеді. 92% орыстар тұратындығына қарамастан барлық облыс басшылығы біртіндеп тұрғылықты ұлт өкілдерімен ауыстырылуда. Тек соңғы айлардағы қайта тағайындаулар нəтижесінде обдыстық ҰҚК, облыстық прокурор, жергілікті теледидар   жетекшісі, облыстық сот төрағасы ауыстырылды» [5]. 

Ал Шығыс Қазақстан облысындағы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық қиындықтардың əсері 1997 жылы «Казачество в Восточно-Казахстанской области» деген тақырыппен өткізілген əлеуметтік зерттеудің есебінде баяндалды. Онда жазылғанындай: «Күрделі экономикалық жағдайда (казактардың – Ғ.Қ.) Президенттің қызметіне деген сенімі төмендеп келеді. Егер де 1995 жылы сауалнамаға қатысқандардан «оның қызметіне сенемін» дегендердің көрсеткіші 20, 4% болса, 1997 жылғы сауалнамаға қатысқан казактардың жартысына жуығы (46,3%) біржақты сенбеймін деп жауап берген. 

«Сіз Президенттің жағдайды өзгертуге деген шыншылдығы мен жағдайды оңдандыруға деген қабілетіне қаншалықты нанасыз» деген сауалға пікір білдіргендердің 5-і немесе 5,31% толығымен сенемін, 4-і немесе 4,2% сенуге болады, 30-ы немесе 31,6% сенуге болатын шығар, 44-ы немесе 46,3 % мүлдем сенбеймін деген. 

1995 жылғы сауалнамада бұл көрсеткіштер тиісінше: 6 немесе 3,8%; 32 немесе 20,4%; 41 немесе 26,1%;51 немесе 32,5 % шамасында болған. 

Аталған əлеуметтік зерттеудің міндетіне казактардың жалпы эмоционалдық жағдайлары ғана емес, адамдардың казак қауымдастығына келулерінің, казактардың қауымның қызметіне деген қатынастарының себептерін сараптау да енгізілді» [6]. 

1994 жылдың маусым айында «Орыстар жəне қазақтар – біз кімбіз: тарих, мəдениет, саясат» деген тақырыптағы Өскемен қаласы тұрғындары арасында əлеуметтік пікір ұйымдастырылды. Оның мақсаты қаладағы көпұлтты тұрғындар арасындағы қалыптасқан өзара қатынастың нəтижесін анықтау болды. Осы арқылы тəуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы орын алған қиындықтар негізіндегі аймақтағы алдағы атқарылатын ұлт-аралық жұмыстардың түрлері, тиімділігі мен қажеттілігін белгілеу жоспарланды. Мысалы, сауалдағы: «Сіз орыстар Қазақстанда өздерін жайлы сезінеді деген тұжырымға келісесіз бе?» деген сұраққа орыстардың 77,2%-ы «жоқ» деп жауап берген... 

«Сіздің азаматтық жəне саяси құқықтарыңыз берік қорғалуына кепілдік берілген бе?» деген сауалға орыстардың 78,4% кері жауап берген» [7]. 

Еліміздегі егемендіктің бастапқы уақытындағы ішкі жəне сыртқы көші қонның көлемі де артты. Оның басты себептері де елдегі егемендіктің бастапқы мерзіміндегі орын алған қиыншылықтар болатын. Ата айтқанда, бір ғана 1993 Қазақстаннан басқа елдерге, əсіресе Ресей Федерациясына қоныс аударушылардың саны аса қомақты көрсеткішке жетті. Мысалы 1994 жылдың 4 ақпанындағы Қазақстандағы Ресей Федерациясының елшісі Красниковтың Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чэнь Димен болған əңгімесінде: «1993 жылы Қазақстаннан біздің есептеуіміз бойынша жалпы алғанда 500 мыңға жуық орыс тұрғындар кеткен. Мұндай ахуал биылғы жылы да сақталынып отыр. Əсіресе орыс ұлты мамандарын барлық басқару орындарынан ығыстыру қимылдары ерекше орын алып отыр. Осындай жағдайлардан барып, Ресей жағы ТМД шеңберіндегі ынтымақтасты тереңдету таяу шетелдердегі этникалық орыстардың жағдайлары мəселесін реттеуге байланысты деп есептейді» [8] деп көрсетіп, бұл құблыстың Ресей жағынан алаңдаушылық сипат алып отырғанына назар аударды. 

Нақты жағдайдың осылай орын алуы Ресейдегі кейбір ұлтшылдық- шовинистік топтардың жалған уəде, шақыруларымен одан ары ушыға түсті. Мысалы оған Ресей теледидарынан либералдық- демократиялық партиясының жетекшісі Жириновскийдің Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасына сайлау қарсаңындағы тартыс кезіндегі сөзі біздің пікірімізше Егемен Қазақстан Республикасының ішкі істеріне өрескел жəне ашық араласуы болып табылады. 

Жириновскийдің сөздерінде Қазақстандағы орыстардың құқықтарының кемсітілуі, орыстар Қазақстаннан кету немесе қос азаматтылық алу үшін Қазақстандағы Ресей елшіліктерін қоршап алған, себебі үкімет жəне басқару орындарында басшылық қызметтердің барлығына тек тұрғылықты халық өкілдері орналасқан, орыстар болса қудалау мен төмендетуге ұшырауда, артықшылық тек негізгі ұлтқа ғана берілген деген сөздер айтылуда. «Қазақстан» атты жеке мемлекет тарихта ешқашан болмаған, Қазақстанның территориясы Ресей империясының бір бөлегі ғана болған, сондықтан да болашақта бұл жерлер Ресей Федерациясының құрамындағы губерниялар территориялар ретінде енуі керек деген пікірлер ұсынылуда» [ 9] деген ресми хабарлама бұл айтылғандарды бекіте түседі. 

ХХ ғасырдың 90-жылдарының басындағы ұлттар арасындағы қатынастағы шиеленісті оқиғалар Қазақстан Республикасындағы Жоғары Кеңес, т.б буындардағы саяси орындарға сайлау өткізу мерзімінде орын алып келді. Кез-келген жолмен дауыс алуды мақсат еткен кейбір депутаттыққа кандидаттар орынсыз уəде беріп, Қазақстан Республикасы заңдылықтарына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе бастады. Мысалы, Ақмола облыстық тіл басқармасының: «Ақмола облысынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңес депутаттығына жекелеген үміткерлердің сайлау алды баяндамалары туралы хабардамасында: «1994 жылдың 7 наурызында Тəуелсіз Қазақстанның тарихындағы Жоғары Кеңеске, облыстық жəне аудандық маслихаттарға алғашқы сайлау өткізілді. Қазақстан халқы болашақ депутаттарға үлкен үміт артады. Мемлекеттің жоғары заң шығарушы органына мемлекеттің экономикалық дамуын, тəуелсіздік пен ұлтаралық келісімнің нығаюы жолында қызмет атқаратын адамдар енуі аса маңызды. 

Бірақ та кейбір үміткерлердің сайлау алды сөздерінде арзан жолмен қайткен күнде сайлаушылардың дауыстарын алу мақсатында кез-келген тəсіл жəне жолдармен экономикалық жəне саяси бағыттағы орындалмайтын уəделер береді. 

Мысалы Қазақстан Халық конгрессі партиясынан №15 Ақмола сайлау округынан Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа кандидат Қамит Тұрсынов өзінің сайлау алды бағдарламасында орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мəртебесін беру туралы мəлімдеме жасайды. Сонымен қатар ол Қазақстан Республикасында Конституциясында негізделген унитарлық мемлекеттік туралы талапты сынайды. Оның сайлау алдындағы бағдарламасының бір пунктінде Қазақстан Республикасы егемен мемлекет болғанымен Ресеймен конфедерациялық одақ болу қажеттігі туралы ұсыныс бар [10] деп көрсетілген. 

Алайда ХХ ғасырдың 90-жылдарының екінші жартысынан Қазақстандағы саяси-экономикалық жағдай қалпына келе бастады. Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың сындарлы да нəтижелі, ішкі жəне сыртқы саяси қызметі көпұлтты республика тұрғындары арасынан қолдау таба бастады. Солармен бірге мемлекетіміздің осы мерзімдегі экономиканы əлемдік нарық қатынастары талаптарына сай негіздеуіне орай елде барлық бағыттардағы даму жəне тұрақтылық орын алып, халық тұрмысының жақсаруына негіз жасалынды. 1995 жылдың күзіндегі бүкілхалықтық талқылау арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданып, оның талаптарының іске аса бастауы елдегі саяси, əлеуметтік ахуалдың, ұлттар арасындлғы қатынастың дұрыс жолға түсуіне ықпал етті. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаевтың 1995 жылдың 16 ақпанындағы Ұлттық-мəдени орталықтары жетекшілері жəне республика Ардагерлер кеңесі өкілдерінің алдында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан ашық ұлтаралық қақтығыстардың алдын-ала білді, алайда басқа елдердегі орын алып отырған этносаралық қатынастар бағытындағы көптеген құбылыстар да біздің қоғамға тəн. Қазақстан өзінің мемлекеттігін, қоғамдық өмірдің барлық салаларын реформадан өткізуде күрделі кезеңді басынан өткізуде. Қоғамға белгілі жағдайдағы ұғыныстықтар, бүкіл қоғамдық-саяси жəне ұлттық- мəдени құрылымдар негізіндегі азаматтық келісім қажет. 

Ұлт мəселесін ұрандар, құрғақ сөздер арқылы шешуге болмайды, керісінше ұлтаралық қарым-қатынас ісімен нақты айналысу керек. 

Республикадағы соңғы уақыттағы ұлттық қатынастардың дамуы ұлттық мəселенің біртекті емес, əр бағытта дамып отырғандығына куə болады. Осыдан барып мəселені шешудің жаңа жолдарын іске асырудың қажеттігі туындайды. 

Ұлтаралық қатынастағы тұрақтылық пен келісім өзінен-өзі қамтамасыз етілмейді, керісінше бұған барша Қазақстан халықтарының мақсатты ұмтылысы, біздің мемлекетіміздің барлық билік тармақтарының, саяси партиялар мен қозғалыстардың, ұлттық мəдени құрылымдардың күнделікті табанды қызметі жəне мұны өзінің азаматтық парызы деп білетін əр адамның жеке үлесі, жалпы ұлттық патриотизм мен халықтар достығының нақты іс жүзінде көрініс табуы жеткізеді» [11] деп көрсетіп, Еліміздегі ұлтаралық қатынастың болашағын айқындап, жүзеге асырылар істердің маңыздылығына назар аударды. 

Қорыта айтқанда Қазақстан Республикасы тəуелсіздігінің алғашқы мерзіміндегі еліміздегі ұлттар арасындағы қатынас бағытындағы орын алған жоғарыдағы сараланған оқиғалар бұл істі заман талабына сай жүргізу Еліміздің беріктігі, қуаттылығы мен тұтастығын қамтамасыз етудің басты кепілі болатындығына барша қазақстандықтардың көздерін жеткізді. 

Ғани ҚАРАСАЕВ, т.ғ.д., ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институты

Əдебиеттер: 

1 Асылбеков М.Х.,Козина В.В. Казахи. Демографические тенденции 80- 90 гг, Алматы., 2000, 14-15 бб 

2. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дел 6676,лл.10,11,12,14 

3.Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, лл.31-32 

4. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3508, л.6 

5. Архив Президента РК, Фонд 75-Н, опись 1, дело 4413, л.5 

6. ГАВКО, Фонд 296, опись2, дело 110, л .3 

7. ГАВКО, Фонд 296, опись2, дело 33 лл. 2,6,7,8 

8. Архив ВП РФ, Фонд 897, опись1, папка 1, дело 5, л. 4 

9. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 4413, л.16

10. Архив Президента РК, Фонд 5-Н, опись 1, дело 3508, лл.27,28,29 

11.Архив Президента РК, Фонд5-Н, опись 1, д. 5017, лл.2-3


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика