Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Қазақстандағы президенттік институттың тарихи маңызы

Қазақстандағы президенттік институттың тарихи маңызы 04.12.2018

Қазақстандағы президенттік институттың тарихи маңызы

Тәуелсіздіктің алғашқы күнде­рінен бастап-ақ Қазақстанда жүйелі өзгертулер қоғамдық өмірдің барлық саласын қам­тыды. Соның ішінде, әсіресе қарама-қайшылыққа толы және ең күрделісі саяси тұр­ғыдағы реформалар болды. Президенттік басқару үлгісіне көшу, яғни квазипарламентті республикадан президенттік басқару жүйесіне бірте-бірте өту еліміздің бүгінгі саяси жүйесінің негізін қалады. Жаңа билік жүйесі халықаралық тәжірибені зерделеудің нәти­жесінде дүниеге келді.

Президенттік институт мемлекеттік басқарудың əкімшілік-əміршілдік жүйесінен жаңа нарық экономикасы мен азаматтық қоғамға өтіп жатқан кезде өзін-өзі ақтаған қадам болды. Нəтижесінде елдің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді.

Қазақстан тарихындағы осындай тағдыршешті кезеңнің астарлы тұстарын толыққанды түсіну үшін ең алдымен еліміздегі президенттік институттың қалыптасуын, сол жүйені орнатуға дем беріп, соған тікелей басшылық еткен Елбасының өмірі мен саяси қызметіне, оның сыртқы саяси өлшемдеріне шетелдік сарапшылар мен жазушылардың да көп көңіл бөлгендігі белгілі. Сондықтан олардың Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасуы мен оның тарихи орны туралы монографиялық зерттеу жұмыстары деңгейіндегі кейбір тəуелсіз пікірлерін ескеру маңызды. Ресейлік автор Л.Млечин сол кездегі сарапшылардың, кейбір сая- саткерлердің пікірлеріне талдау жасай отырып, солардың басым көпшілігі тəуелсіз Қазақстанның болашағы жоқ, ол дербес өмір сүруге дайын емес, оның ұлттық валютасы шек- тен тыс құнсызданып, қаржы-экономикалық жүйесі күйрейді, ол артынан əлеуметтік дүмпу мен бүлікке ұласады деп, тіпті оның мерзімін де көрсетіп, бал ашқандар көп болды дейді.

Қазақстанның тəуелсіз дамуының болашағына деген осындай сенімсіздіктің, тіптен оның тəуелсіз мемлекет ретінде он жылдан артық өмір сүре алмайтындығы туралы түрлі болжамдардың болғандығын белгілі жазушы, Ұлыбританияның мемлекет жəне қоғам қайраткері Джонатан Айткен де растайды. Оның ойынша, Н.Назарбаев бұл дауылдан бірте- бірте аман-есен шыға алды. Жазушы Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ, Назарбаев болмаса, олар да болмас еді деп, өз ойын қорытындылайды.

Н.Ə.Назарбаевтың тарихи сахнаға танымал саясаткер ретінде шығуының негізі ертеректе қаланған болатын. Кезінде оның тұлғалық қасиеттері мен басқарушылық қабілетін ескере отырып, Кеңес одағының вице-президенті немесе одақтық үкіметтің басшысы, тіптен М.С.Горбачевтің орнына КСРО президенті де болуға мүмкіндігінің болғандығы да кездейсоқ емес еді. Бұл шетелдік сарапшылардың пікірі. Мəскеулік белгілі жазушы С.Плехановтың ойынша, Н.Ə.Назарбаевқа өзгерістер дəуірінде көшбасшылық сынағынан өтіп, өзінің мүмкіндіктерін дəлелдеуге тура келді. Президент кеңестік жүйе күнінің өткендігін айқын түсінді жəне жаңа мемлекет құруды өз мойнына алды. Назарбаев төтенше жағдай жарияламай-ақ, күш көрсетпей ішкі бүлдіргіш күштерді жеңіп шығып, елін аман алып қалды. Сондықтан да ол əлемдік деңгейдегі саясаткерлердің арасынан лайықты орнын алды.

Халықаралық сарапшылар Н.Назарбаев үшін Президент болып сайлануы республикадағы ықпалын кеңейтумен қатар, оған көптеген қосымша машақатты да қосып бергендігін атап көрсетеді. Жаңа институтпен жұмыс істеудің тəжірибесін жинақтау керек болды. Алғашқы кездері Президенттің аппараты бірнеше адамнан-ақ тұратындығына қарамастан, азғантай командамен кейіннен тəуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің тірегіне айналған президенттік институттың құрылымдық негізін қалады.

Қазақ КСР-нің Президенті сайланғанымен толыққанды «президенттік институты» орныға сал- мады. Өйткені ол арнайы заңмен бекітілген шын мəніндегі тиісті мəртебесі мен өкілеттілігі бар Президент болып саналмады. Алғашқы болып сайланған президент Қазақ КСР Президенті емес, тек Жоғарғы Кеңес бекіткен Қазақ КСР Президенті қызметіне сайланған тұлға болып есептелгендігі сырт көзден тыс қалмады. Демек, Н.Ə.Назарбаев 1990 жылы Президент болып сайланса да, ол тек өкілдіктік атқарымға ие болды. Шетелдік сарапшылардың пайымдауларына қарағанда, оның қолында шын мəніндегі басқару тетіктері болмады.

Жоғарыдағы кілтипандарға қарамастан Елбасының модернизациялау жобасы қоғамның табиғаты мен халықтың жанын өзгертті. Елбасы халықаралық тəжірибені жан-жақты зерделей келе жəне мемлекеттің əлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси маңызы бар мəселерін аз уақытта шешу керектігін ескере отырып, алғашқы кезеңде мықты президенттік билікті қажет ететін президенттік институттың америкалық моделіне тоқталды. Сонымен бірге Н.Ə.Назарбаев қоғам дамуының барысын терең сезіне отырып, мемлекеттіліктің нығаюы мен демократиялық қайта құрулардың тереңдеуіне байланысты президенттік институтының қазақстандық жағдайға сай келетін, қоғамның экономикалық өміріне мемлекеттің белсене қатысуына басымдық беретін француз үлгісіне бейімдеді. Сөйтіп 1995 жылғы Конституция заңды түрде президенттік билікті бекітті. Қазақстандық президенттік басқару нысаны қоғамда бірыңғай мемлекеттік биліктің бөлінуі мен жұмыс істеуінің ерекше жүйесі логикалық тұрғыда аяқталған түрге ие болды. Дегенмен Елбасы алдында екі жол, екі таңдаудың болғанын біреу білсе, біреулер біле бермес. Біріншісі – бірте-бірте қимылдап, бірақ реформаның қарқынын бəсеңдету. Немесе, екінші жолға түсіп, батыл, азаматтардың есін тандыратын аяусыз əлеуметтік-экономикалық реформа жүргізу, бірақ əлеуметтік қарсылыққа тап болу. Елбасы осы екінші жолды таңдады. Бұл сол кездің ащы шындығы еді. Сонымен қатар үшінші жол да бар болған – ештеңені өзгерпей-ақ сол күйінде қалдырып, өз билігін нығайтудың қамын ғана ойлап отыра беру.

Елбасы таңдаған жол демократиялық мемлекет қалыптастырудың қажеттілігі президенттік республика құрудың дұрыстығы мен тиімділігіне назар аударуды талап етті. Құқықтық мемлекетке бет алған тұста қалыптастыру жағдайында биліктің үш тармағы күшті жəне өз қызметтерін жүзеге асыра алатындай жағдайда болуы қажет еді. Алайда заң шығарушы жəне атқарушы билікті байланыстырушы буын тек Президент қана бола алатындығы күмəн келтіруге болмайтын заңдылық ретінде мойындалды. Яғни, президентсіз президенттік республиканың да болмайтындығы түсінікті болды. Сонымен бірге Қазақстанда күшті президенттік институттың қалыптасуы ең алдымен Н.Ə.Назарбаевтың тұлғасымен байланысты екендігі де шындық. Яғни, біздің елдің жағдайында Мемлекет басшысын, Президентті президенттік институттан бөліп қарау мүмкін еместігі айтпаса да түсінікті. Алайда Президентке берілген көптеген билік өкілеттіктерін биліктің тек Президенттің қолында жинақталғаны деп қараған дұрыс болмас, өйткені маңызды құқықтар басқа билік тар- мақтарына да берілгендігін ескерген жөн. Оның дəлелі – Елбасы бастамасымен 2004-2008, 2011 жылдары елде жүргізіліп, 2017 жылдан ерекше қарқынға ие болған саяси модернизациялау үрдісі.

Тəуелсіз Қазақстанда ұлтаралық татулық мемлекеттік саясаттың басты қағидатына, Елбасының өмірлік ұстанымына айналды. Оның өзегі мемлекет құраушы ретінде қазақ халқының топтастырушы рөлі жағдайындағы «Бірлік – алуантүрлілікте» формуласына негізделді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы əлеуеті толысты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды.

Елбасының белсенді сыртқы саяси қызметінің арқасында Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ полигоны жабылды, Қазақстан өз жерін ядролық қарудан бос деп жариялады, ядролық державалардан кепілдік алды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тарту – қазақ халқын ажал құшағынан құтқарып, бейбітсүйгіш Ел ретінде халықаралық қоғамдастықта беделін көтерді. Полигонды жабу арқылы Президент, ең алдымен, халықтың басқа жұрттардан кем емес жағдайда өмір сүре алатынына көз жеткізді. Көптің рухын көтерді. Бір жағынан, Кеңес одағы кезінде тек шикізат көзі ретінде ғана қарастырылып келген Қазақстан туралы ұғымды өзгертті. Осыдан кейін Н.Ə.Назарбаев өзін халықтық Президент ретінде ғана емес, сонымен бірге «семсерден соқа соққан саясаткер» атанып, бүкіл əлем қол соққан дүниежүзілік деңгейдегі басшы ретінде де көрсете білді. Ал Қазақстан болса ядролық қаруды таратпау жəне ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылып, антиядролық қозғалыстың танымал көшбасшыларының біріне айналды.

Президенттік институт Қазақстанның сыртқы саясатын жүргізудің басты құралына айналды. Алғашында, сыртқы саясат бағытында кадрлар тапшы болған кезде бұл жұмыс Президенттің мойнына жүктелді. Көпвекторлы, көп бағытты дəйекті де болжамды саясаттың негізін салуда халықаралық деңгейдегі басты тұлға Елбасы болды. Президенттің беделі Қазақстанның беделіне жұмыс істеді.

Ресейлік жазушы С.Плехановтың пікірінше, Алматыда ТМД құрылмаса, бұрынғы Одақ көлемінде не боларын болжау қиынға соқпас еді. Үлкен Джордж Буштың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Брент Скоукрофттың айтқанындай, алып Кеңес одағының күйреу қуатының жаппай азамат соғысына жеткізбеудегі Н.Назарбаевтың рөлін тарих əлі өз дəрежесінде бағалайтын болады.

Президент Н.Ə.Назарбаевтың Еуразиялық доктринасы – концептуалдық тұрғыдан тұтас аяқталған, терең жаңашыл, мықты мəдени-тарихи жəне тарихи-философиялық іргетасқа негізделген батыл қадам ретінде қарастырылады. Біздің өз тарихымыз жəне болашағымыз бар. Сондықтан біздің даму моделіміз ешкімдікіне ұқсамайтын болады. А.Дугин еуразиялық ақыл-ой тарихында бірінші рет үлкен ауқымдағы саясатшы, тəуелсіз мемлекеттің Президенті Еуразия доктринасын нақты жүзеге асыруға шақырып, еуразияшылдар идеясының тарихында бетбұрыс жасады. Назарбаев уақыттан озып кетті, ол тарих рухын, өркениет дамуы процесінің ырғағын қуып жетіп, қатар тұрды дейді.

Д.Айткен Н.Ə.Назарбаевтың мұнайлы мемлекеттердің көбінің пролемасы – одан тұскен ақшаға ғана сеніп отырудың елдің болашағына қиянат жасау екендігін сонау 90-жылдары ескертіп, азаматтардың бəсекеге қабілеттілігі, экономиканы мұнайдан түскен ақшаға тұншықтыруға болмайды деген орынды алаңдаушылығына назар аударды. Ол 1998 жылы Президент Қазақстанда ешбір мұнай жоқ деп өмір сүріп, жұмыс істеуге шақырғандығын еске салады. Ұлыбританиялық сарапшы Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мəселесін реттеу кезіндегі екі көрші ел басшыларының арасындағы əңгіме арқылы ең жоғары деңгейдегі дипломатияның «құдыретін» көрсететін Цзян Цзэминнің Н.Назарбаевқа шекара мəселесін біз басшылықта тұрған кезде шешіп алу керек, кейін билікке жаңа буын басшылар келгенде олардың келісімге қол жеткізеріне менің күмəнім бар деген сөзін мысалға келтіруі де көпті аңғартады.

Тағы бір айта кетер жайт, кезінде ЕҚЫҰ-ның Астана саммитінде қабылданған Астана декларациясы мен «Астана рухы» ұғымы сенім, келісім, толеранттылық пен алуантүрліліктің бірлігі қағидаттарына негізделген əлемдік құрылысқа баршаның бірлесе ұмтылысының рə- мізіне айналып, халықаралық саяси лексиконға сенімді түрде енді. Елдің сыртқы саясаты оның ішкі саясатының жалғасы деп есептесек, онда 2017 жылдың басынан бастап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу, ал 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық ету, дүниежүзілік ЭКСПО көрмесін өткізудің өзі еліміздің əлемдегі орнын көрсетеді.

Қорыта айтқанда, шетелдік сарапшылардың пайымдауларынша, Қазақстанның жетістіктері өздігінен пайда бола салған жоқ. Н.Назарбаев болмаса, олар да болмас еді. Қазақ елінің тəуелсіздігі, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық тұрақтылық, оның əлемдік антиядролық саясаттағы көшбасшылығына қол жеткізіп, дағдарыстарды еңсеріп, шетелдік инвестицияларды тартып, Ұлттық қорды құрған да Президент. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін бұрын болмаған деңгейге көтеру, мемлекет құрумен тең келетін Астананы салу да Елбасының еңбегі. Халықаралық сарапшылар атап көрсеткендей, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Н.Ə.Назарбаев – тəуелсіз Қазақстанда президенттік институттың тарихи қажеттілігін дəлелдеп, жаңа жүйенің заңдық негізін қалаған, оны «сынақтан өткізіп, өндіріске енгізген» жəне оның қазақстандық үлгісін қалыптастырып, халық игілігіне, Қазақстанның болашағына жұмыс істеуіне бағдар беріп отырған бірден-бір тарихи тұлға.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, 

Білім жəне ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика