Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Каспий – бейбітшілік пен өркендеу теңізі

Каспий – бейбітшілік пен өркендеу теңізі 05.09.2018

Каспий – бейбітшілік пен өркендеу теңізі

2018 жылдың 12 тамызында Ақтау қаласында Қазақстан, Ресей, Иран, Әзербайжан мен Түркіменстан президенттерінің қатысуымен Каспий маңы мемлекеттерінің саммиті аяқталды. Оның нәтижесінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылды.

Еске сала кетсек, алғашқы Каспий саммиті 2002 жылы Ашхабадта, екіншісі - 2007 жылы Тегеранда, үшіншісі - 2010 жылы Бакуде, төртіншісі - 2014 жылы Астрахань қаласында өткен болатын.


Каспий теңізін бөлу мәселесі 1992 жылдан бері талқылануда. Бұған дейін теңіздің 13%-ы Иранға, қалғаны Кеңес Одағына тиесілі болатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран мемлекеттері алдында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі маңызды болды. Каспий теңізі әлем бойынша ең ірі мұнай және газ кен орындарымен, сондай-ақ шамамен екі мың теңіз жануарлары және 700-ден астам өсімдік түрлері бар экожүйесімен мақтана алады. Сондықтан да, Каспий маңы мемлекеттерінің басшылары аймақтағы биоресурстарды пайдалану, қоршаған ортаны қорғау, мұнай мен газ кен орындарын игеру, жүк тасымалдауды реттеу және жүк тасымалдау мәселелерін шешу туралы келісімге қол қоюы өте маңызды болып саналады.

Каспий теңізінің құқықтық мәртебесінен басқа тағы бір үлкен мәселе, бұл «Каспий - теңіз бе әлде көл ме» деген сұрақ. Ғылыми тұрғыдан алғанда, Каспий әлемдегі ең үлкен көл болып есептеледі. Егер де Каспий теңіз деп бөлінсе, халықаралық нормаларға сәйкес Қазақстанның үлесі ең үлкен болады – 29%. Ал егер де ол көл деп бөлінсе, онда әрбір мемлекет 22 шақырым жағалау сызығын ғана иеленіп, қалған бөлігі ортақ болады.

Каспий теңізіне қатысты алғашқы заңды Конвенция 2003 жылы 4 қарашада Тегеран қаласында қабылданған болатын, және де ол Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенция деп аталды. Дегенмен де, бұл Конвенция нақты әрі қорытынды құжат бола алмады.


Ақтау қаласында қабылданған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны оның Конституциясы десе де болады. Өйткені, онда Каспий теңізіне қатысты мәселелердің барлық кешені қарастырылған.

Мәселен, Конвенцияның ең маңызды тармақтарының бірі терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісім.

Сондай-ақ, саммитте бес елдің ведомстволарының басшылары Каспийде оқыс оқиғаларды болдырмау туралы үкіметаралық келісімге, Каспий теңізіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаларға, терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа және шекара ведомстволарының өзара іс-қимылдарына қатысты бірқатар үкіметаралық келісімдерге қол қойды.

Қазақстан үшін аса маңызды мәселелердің бірі, бұл Каспийдегі браконьерлікпен күрес болып табылады. Өйткені, Каспий теңізінің биоресурстарының ең көп жинақталған бөлігі Қазақстанға тиесілі солтүстік аймағында орналасқаны белгілі. Қызыл балық түрлерінің әлемдік қоры сақталған бірден-бір жалғыз су көзі – Каспий аймағы. Осы ретте, Каспий теңізінің биоресурстарының Қазақстанға тиесілі болып қалуы стратегиялық тұрғыдан өте маңызды. Осының нәтижесінде, Каспий теңізіндегі барлық жұмыстар экологиялық саясат тұрғысынан шешілуі тиіс болады.


Жалпы алғанда, Ақтау саммиті барысында қол қойылған Конвенция өте тиімді болып саналады. Ол көптеген салаларда ұзақ уақыт бойы құқықтық негіз рөлін атқарады. Сондай-ақ, енді Каспий маңы мемлекеттері биологиялық тепе-теңдікті сақтау мен дамытудың экологиялық аспектілеріне көбірек назар аударатын болады.

 Дархан Жұмағалиев, Еуразиялық және саяси зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика