Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Астана – тәуелсіздік тәжі

25.06.2018

Астана – тәуелсіздік тәжі

(Жалғасы)

Сонымен бірге, Елбасы Қазақстанның даму стратегиясы республиканың бірнеше аймақтарында даму белдеулерін құрмайынша іске асырылмайтындығын, ал астананы көшіру арқылы біз Қазақстанның оңтүстігі мен орталығында екі қуатты даму орталықтарын жасамақпыз, сөйтіп әлемнің көптеген елдері шешімін таба алмай жатқан, ал біз сияқты жас тәуелсіз үшін ең басты әлеуметтік-экономикалық қауіп-қатер болып табылатын мәселені шешуге мүмкіндік аламыз, ол елдің құрылымдық әлеуетін кеңейтері сөзсіз деген сенім білдірді.

Дәл осы күні, 1997 жылғы 20 қазанда, тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы өзінің тарихи Жарлығына қол қойды. Жарлыққа сәйкес сол жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола қаласы Қазақ елінің жаңа астанасы болатын болды, ал оның астана ретіндегі ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді.

Жұмыс деген осыдан кейін бұрынғыдан да бетер қыза түсті. Елбасы 1997 жылғы 8 қарашадағы мемлекеттік рәміздер мен Президент байрағының эталондарын Алматыдан Ақмолаға шығарып салу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жас мемлекет – тәуелсіз Қазақстан тұңғыш рет өзінің қалауымен, халқының мүддесіне сәйкес өз астанасын таңдап алды. Бұл – ел тарихындағы, тағдырындағы маңызы мен мәні айрықша зор, теңдесі жоқ оқиға» деп бағалады. Арасында Президент «Дәл бүгін мына сіздер, сіздер арқылы барша халық осы ісімнің оңынан болуының тілеуін тілейді, әр қазақ, әр отбасы ықыласымен ақ батасын береді, қолдау көрсетеді» деп, өзінің ішкі толғанысын да жасыра алмай, халқына деген зор құрметін көрсетті. Елбасы Ақмолаға жол тартып, жаңа астанада Қазақстанның Мемлекеттік Туын тігетіндігін жариялады.

Сол күні Қазақстан Респ убликасының мемлекеттік рәміздері мен Президент байрағының этал ондарын Ақмолаға табыстау рәсімі өткізілді. Митингіде сөйлеген сөзінде Елбасы жаңа астанаға мемлекеттік билік нышандарының эталондарының жеткізілгендігін, мұнда енді мемлекеттік басқару органдарының іске кірісетіндігін жариялады. Ол сонымен бірге ақмолалықтарға сөз арнап, оларға мемлекеттік органдарды қарсы алуға қосқан үлестері үшін ризашылығын білдірді. Енді сіздер астаналық тұрғындарсыздар. Ал бұл деген – адамға ерекше бір өзіндік жауапкершілік жүктейтін атақ. Бүкіл әлемде астана тұрғындары, қалалардың өздері елдің бет әлпеті болып келеді деген ойын жасырмады.

Қазақстан Республикасының Парламенті палаталары бірінші шақырылымының бірлескен отырысында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына байланысты 1997 жылғы 20 қазанында сөйлеген сөзінде Елбасы Астананы көшіруді теңдесі жоқ оқиға және ХХІ ғасыр стратегиясы деп бағалай отырып, оның тіпті де кездейсоқ құбылыс емес немесе әлдебіреудің жеке-дара ықыласы да еместігін атап өтті. Астананың географиялық орталықта ыңғайлы орналасуы мемлекеттік басқару жүйесін оңтайландыруға мүмкіндік туғызып, орталық биліктің аймақтық проблемаларға жақындай түсуі елдің ішкі проблемаларын мемлекеттің геосаяси мүддесі тұрғысынан шешуге мүмкіндіктер ашып берді. Астанадағы құрылыс дүмпуі бүкіл ел экономикасының өрісін кеңейте түсті, Астана ірі транзит асуына айналуға мүмкіндік алды. Оның Еуразиялық өркениет орталығының біріне айналатынына деген сенім ұялады, осы заманғы ғылыми және мәдени база қалана бастады. Ел астанасын меридиан бойынша жоғары көшіру болашақта елдің этнодемографиялық әркелкілігін еңсерумен байланысты маңызды ішкі міндеттерді шешуге мүмкіндік беретіндігі ескерілді.

Бірақ бұл сәттің біздің еліміз бен халқымыз үшін тарихи маңыздылығын ескере отырып, осы Жарлық депутаттардың шешімімен мақұлдануы үшін Елбасы екі палатаның депутаттарының басын қосады. Ол халық пен мемлекеттің тарихындағы осынау абыройлы іске Президенттің ғана емес, Парламенттің де, Үкіметтің де тарихи қатыстылығы болуын қажет деп тапты.

Желтоқсанның 4-і күні Н.Ә.Назарбаев журналистермен кездесіп, олардың Ақмолаға қатысты сұрақтарына жауап беру барысында, 10 желтоқсанда жаңа астана Ақмолада түпкілікті жұмысқа кірісетінін, бүкіл аппараттың көшкендігін, ал өзінің онда 9-да біржолата аттанатынын жиналғандарға хабардар етті. Бұдан былай екі ортада әрлі-берлі сенделудің болмайтынын ескертті.

1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Парламентінің қос палатасының тарихи отырысында Елбасы астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданған кезде күмәнданған адамдар аз болмағандығын еске сала отырып, бүгін, мінеки, Ақмолаға, қасиетті Сарыарқа өңіріне, Есілдің жағасына бәріміз келіп отырмыз деп, қуанышын жасырмады. Президент Қазақстан халқына Үндеуінде: «Бүгін біз, Қазақстан Республикасының жоғары өкімет органдары, Ақмола қаласының 1997 жылғы желтоқсанның 10-ынан бастап мемлекетіміздің астанасы болып табылатыны жөнінде салтанатты түрде мәлімдейміз. Бұдан былай және ғасырдан-ғасырға осында, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдыры үшін өмірлік маңызы бар шешімдер қабылданатын болады. Отанымыздың жүрегі енді осы жерде соғады. Осы жерден Қазақстан үшінші мыңжылдықтың табалдырығында өзінің тарихи тағдырын айқындайтын болады» делінген.

Үндеу Елбасының: «Бұл таңдау астарында еліміздің қазіргі басшылығының ұстанымы ғана тұрған жоқ. Бұл таңдауда Тәукенің көрегендігі мен Абылайдың ұлылығы, есімдері аңызға айналған билердің даналығы мен 1986 жылдың желтоқсанында ұлттық қадір-қасиет дегеннің не екенін күллі әлемге паш еткен сол бір жас жүректердің қаһармандығы тоғысып жатыр. Бұл таңдауда өз тағдырының қожасы болу құқы үшін өмірін қиған миллиондаған қандастарымыздың ерік-жігері бар. Осы таңдауға ләйім лайықты болайық!» деген сөздерімен аяқталады.

Осы Үндеу жарияланған күні газеттерге Ә.Р.Жақсыбековті Ақмола қаласының әкімі етіп тағайындау туралы Президенттің тиісті Жарлығы шықты. 1997 жылғы 13 желтоқсанында тәуелсіздік күнін тойлау тұңғыш рет жаңа астана – Ақмолада өтті. Егемен Қазақстанның тарихына жаңа бет жазылды. Бұл таңдау Қазақстан тәуелсіздігінің стратегиясы еді.

Айта кету керек, сол кездегі облыстың орталығы болған аймақтық қаланың астаналық статусын қысқа мерзімде қалыптастырып, келбетін өзгертудің өзі оңай шаруа емес еді. Тың игерушілердің естеліктері бойынша Ақмола қаладан гөрі үлкен селоға көбірек ұқсайтын. Ол тың астанасы, содан кейін жетекші облыс орталығына айналды. Алда бұл жерде астаналық инфрақұрылымды жасақтау және оны түбегейлі қайта құру талабы тұрды. Алматыдан қоныс аударып келген мемлекеттік органдарға лайықтап жаңа ғимараттар салу, тұрғын үй қорын көбейту және жаңа ұлттық нышандарды тұрғызу қажет болды.

Осы жерде жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру жөніндегі Елбасы құрған Мемлекеттік комиссияның атқарған рөлі туралы айтпай кеткеніміз жөн болмас. Президенттің оған берген бағ асын 1997 жылғы 31 желт оқсандағы осы комиссияны тарату туралы Елбасы Жарлығындағы комиссияның астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру кезінде мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудегі негізгі міндеттерді орындағанына байланысты таратылсын деген негіздемеден-ақ көруге болады.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы

(Жалғасы бар)


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика