Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Астана – тәуелсіздік тәжі

21.06.2018

Астана – тәуелсіздік тәжі

(Жалғасы) 

Сөйтіп, ел астанасын көшіру мәселесі Елбасының ұсынысынан кейін Парламент тарапынан мақұлданып, заңдық негізге ие болған оқиғаға айналды.

1995 жылғы 15 қыркүйекте Н.Ә.Назарбаев Жоғарғы Кеңестің осы қаулысына сүйене отырып және өзіне берілген Конституциялық құзыретін іске асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының астанасы туралы» заңдық күшке ие Жарлығын қабылдады. Онда Парламент пен Үкімет Ақмолаға көшкенге дейін Қазақстан Республикасының астанасы Алматы қаласы болады, ал Республика Президентінің Резиденциясының орналасқан жері Ақмола мен Алматы қалалары болып табылады деп анықталды.

Елбасының жоғарыдағы Жарлығы сонымен бірге астананы көшіру процесінің негізгі ұйымдастыру мәселелерін шешуге бағытталды. Нақты айтар болсақ, Ақмола қаласына жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды қайта орналастыру жұмысын ұйымдастыру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Сол сияқты Үкіметке қала құрылысына ақша, қаражат жинақтау мақсатында «Новая столица» бюджеттен тыс қорын құруды және Ақмоланың құрылысы мен оның инфрақұрылымын дамытуға қатысатын инвесторларға салық, кедендік және тағы басқа жеңілдіктер беру жөнінде Президенттің атына ұсыныстар енгізу тапсырылды. Президенттің Жарлығы көп кешікпей орындала бастады. 28 қыркүйекте Үкіметтің комиссия құру туралы қаулысы шығып, ол өз жұмысына кірісіп те кетті. Ал желтоқсанның ортасында комиссия алғашқы кезеңде Ақмолаға көшірілетін жоғарғы және орталық мемлекеттік органдардың тізімін жасақтады. Алғашқылардың бірі болып 1996 жылдың қараша айында Ақмолаға Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігі қоныс аударды. Ұлы көштің басталуымен комиссияның жеке құрамы мен оның өкілеттілігі Президент деңгейінде, 1996 жылғы 22 қарашадағы өкімімен бекітілді.

Ақмоланың ел астанасы болуында 1997 жылдың алатын орны ерекше. Өйткені бұл бағытта басталып кеткен дайындық жұмыстары ендігі жерде нақты іске асыру кезеңіне ауыса бастады. Белгіленген жоспарлардың орындалатын мезеттері келіп жетті.

Президент өзінің 1997 жылғы 5 қаңтардағы орталық мемлекеттік органдарды көшіру туралы жазбаларында шешілмей жатқан мәселелерді қарастырыпты. Мәселен, кімнің көшетіндігін анықтайтын комиссия. Ол білікті, реформалауға бейімі бар жас мамандар болуы керек, әсіресе қазақ кадрларының қажеттігіне көңіл бөлінген. Мемлекеттік қызметкерлерге тұрғын үй берудің шарттары (қарызға, ұзақ мерзімді жалға беру) және әрбір пәтердің кімге берілетіндігін алдын ала анықтау қажеттігі, театр мен филармонияларды институт пен консерваториялардың талантты түлектерімен толықтыру қажеттігіне де назар аударылған. Сол сияқты Ақмолада тоталитаризм құрбандарына обелиск тұрғызу, халықтар Ассамблеясы туралы, астананы Ақмолаға көшірудің барлық іс-шараларын қыркүйекке аяқтау және 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы тәрізді жазбалар кездеседі. Бұл бізге Елбасының Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтудың мазмұндық және ұйымдастыру мәселесін өз қолында нық ұстап, оны асқан жүйелілікпен, бірізділікпен және үлкен жауапкершілікпен үйлестіріп отырғандығын көрсетсе керек.

Қаңтар айында жоғарғы және орталық мемлекеттік органдарды Ақмола қаласына көшіру туралы мемлекеттік комиссия Президенттің тапсырмаларының сапалы және дер кезінде орындалуын қамтамасыз ету мақсатында өзінің тиісті қаулыларымен Алматы қаласында орналасқан шет елдердің дипломатиялық өкілдіктерін және жоғарғы органдарды көшіру жұмыстарын үйлестіретін жұмыс топтарын жасақтап, жауапты істі ілгерілетудің тиімді жолдарын іздестіре бастады. Осы тұста мысал ретінде 1997 жылдың 6 маусымында Ақмола қаласында өткен ҚХА-ның IV сессиясын атап өтуге болады.

Н.Ә.Назарбаев сессияның Ақмолада өтіп жатқандығы жаңа астананың республикамыздың қоғамдық-саяси өмірінің нақты факторына айналып отырғандығының дәлелі екенін айтты. «Біз Ақмолада жиі кездесе бастадық. Қала салынып жатыр, біздің көз алдымызда таңқаларлық өзгерістер болуда, сіздер оның куәсі болып отырсыздар. Әрбір қаланың өзіндік мінезі, рухы болады. Бұл қала – еуразиялық мәдениеттің қаласы, ол – астана болады. Сондықтан Ассамблеяны жаңа астанада нақты жұмыс істей бастаған орган деп санайық. Бүгін сіздер Президентті де, Парламент пен Үкіметті де озып шығып, тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасын құруға алғашқы болып жол салып отырсыздар» деген еді. Сонымен бірге осы жолы Елбасы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішінің іргетасын қалау рәсімін өткізіп, қазақ халқының тарихына қатысты оқиғаларды мәңгілік есте қалдыру дәстүрін қалыптастыруды қолға алды.

Аталған сессия жұмысына сол кездегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ә.Кекілбаевтың кеңесшісі ретінде қатысып, жоғарыда айтылған Елбасы сөздерін өз құлағыммен естіген едім. Ақмолада тоталитаризм құрбандарына обелиск тұрғызу туралы Президенттің тапсырмасын Мемлекеттік хатшы өз бақылауында ұстағанын да айта кеткен жөн.

1997 жылдың 6 қазанында Ақмола қаласында Елбасы мемлекеттік органдарды Қазақстан Республикасының жаңа астанасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткізді. Оның алдында ол қаланы аралап, салынып жатқан нысандарды көріп шығып, онда жүріп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сол отырыстың стенограммасына сәйкес, Президент кеңеске қатысушыларды қысқа да нұсқа сөйлеуге шақырды. Алғашқы болып сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқарушысы Н.В. Ни. Ол Ақмола қаласында алдыңғы кезекте іске асырылуы керекті міндеттерге көңіл аударып, тапсырмалардың барлық баптарының, негізінен, орындалғандығын жеткізді. Алдымен әкімшілік ғимараттар мәселесіне тоқталған ол: жеті қабатты ғимарат пен Парламент белгіленген мерзімдерінде – 15-20 қазанда салынып бітетіндігін, ал Президент резиденциясының аяқталуының мерзімі 24 желтоқсанға жоспарланғанын баяндады. Елбасы Ақмоланы сумен, электр қуатымен және тағы басқа қажетті нәрселермен қамтамасыз етуде ешбір кемшілік болмау керектігін қатты ескертті. Мемлекет басшысы «елорданы көшіруді осындай аз уақыттың ішінде дайындай алатындығымызға ешкім сенбеген еді, ал біз оны орындадық, жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр» деп сөзін қорытындылады.

20 қазанда Президент Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысты. Мемлекет басшысы депутаттарға ең алдымен өзінің таңертең мыңнан артық алматылықтармен кездесіп, жағдайдың бәрін түсіндіріп айтып, Алматының статусын бекіткендігін хабарлап, көп мәселе шешілгеннен кейін енді бұл сұрақты нақты шешіп, анау-мынау деген әңгімені тоқтатып, басқа жұмысқа көшуіміз керек деді.

Елбасы өз сөзінде астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылдадық, оның себептерінің барлығын айтып сараптап жатудың қажеті жоқ шығар дегенді кесіп айтты. «Шешінген судан тайынбайды» дегендей, осы айдың жиырма екісінде деп айтқан едім, көп жұмыс жасалды, жалпы құрылыстың барлығы қысқа мерзімде бітті. Ақмоланы қайта құру шешімі 1996 жылдың қазанында қабылданды, жұмыстар болса келесі жылдың ақпанында басталды, 1997 жылдың қазанына қарай тек коммуникация мен электр қуатын жүргізу жұмыстары қалды. Дегенмен асығыстық жасамай, байсалды орындалуы үшін желтоқсанның онынан бастап астанаға көшуге шешім қабылдадым» деді Президент.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы

(Жалғасы бар)

http://www.astana-akshamy.kz/astana-tauelsizdik-tazhi/


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика