Memleket tarihy institýty

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Рухани жаңғырудағы ұлттық тарихтың рөлі

Рухани жаңғырудағы ұлттық тарихтың рөлі 05.06.2018

Рухани жаңғырудағы ұлттық тарихтың рөлі

Қазіргі алмағайып заманда ел болашағының дүниетанымдық жаңа моделін жобалап, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау ең өзекті мәселе болып отыр. Біз іске асыратын құндылықтар осы заманғы, болашаққа ұмтылған құндылықтар болуы тиіс. Сондықтан да жаһанданып, ұлттық өзгешелігімізді шайып бара жатқан әлемдегі ұлттық бірегейлігімізді нығайтуға, ұлттың мәдени кодын: тілін, руханиятын, дәстүрлерін, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету басты парызымыз.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы тарихшыларға тың шабыт берді. Ұлттық тарих мәселесіне бұрыннан жіті көңіл бөліп келе жатқан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, «әр қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Тарихқа арқа сүйемегеннің болашағы бұлыңғыр екені белгілі.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан қоғамының санасындағы өзгерістер тарихи тағдыр тәлкегімен ұмыт болған ұлттық дәстүр мен құндылықтарды қайта жаңғыра бастады. Отаршылдық пен тоталитаризмнің ықпалымен мәдени деградация мен трансформацияға ұшыраған ұлттық тарих пен мәдениетті қайта өркендету мемлекеттік деңгейде қарастырылуы заңды.

Сонымен қатар, тәуелсіздік алған жылдардан кейін еліміздің алдындағы өзекті мәселелердің бірі – жаңа заман талабына жауап бере алатын мемлекеттің ұлттық идеясын жасау болатын.

Қазақстандық көпұлтты қоғамның қазіргі ұлттық даму сатысындағы өзіне тән ерекшеліктердің бірі – әртүрлі құндылықтар негізінде қалыптасқан сан-алуан әлеуметтік-мәдени құрылымдардың қатар өмір сүруі және олардың әрқайсысына сәйкес қоғамдық сана мен мінез-құлық үлгісінің пайда болуы деп айтсақ болады. Сонымен қатар, бұрыңғы концепциялар қайта қаралып, тарихта ұмытылған немесе тоталитарлы кезеңде тыйым салынған құбылыстарды қайта жаңғырту үрдісі байқалуда.

Осы айтылғандарға орай, бүгінгі таңда мемлекетімізге құндылықтық бағдар болатын, болашақтың жарқын жолын анықтайтын ұлттық идея қажет. Қазақстанның ұлттық идеясы көпұлтты мемлекетіміздің азаматтары мен алыс және жақын шет елдердегі қандастарымыздың жүрегіне жететін, жарқын болашаққа жетелейтін бағдар, рухани деңгейде әрқайсысына демеу болатын қасиетке ие көшбасшы ой-тұжырым болуы керек.

Қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында тарих пен мәдениет, әлеуметтік тәжірибелердің маңызы зор. Қазақтың ұлттық құндылықтарын жаңғырту бүгінгі мемлекеттен өзінің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүргізуді талап етеді. Бұл дегеніміз жаңа жаһандық демократиялық құндылықтардан бас тартпай, осы жаңашылдықты қалыптастыруда қазақтың дәстүрлі құндылықтарын жаңғырта отырып, ұлттық қорға сүйену.

Ақыл парасат, сана-сезім иесі ретінде адамның ең басты қасиеттерінің бірі - өзін қоршаған ортаны танып - білуге деген ерекше ұмтылыс. Адам айналасындағы әлеуметтік дүниені, табиғи әлемді танып білу барысында олардың ішкі құпиясына үңіледі, қасиеттерін анықтайды, даму заңдылықтарын біледі, өзінің орнын, басқа адамдармен қарым-қатынасын белгілейді.

«Тарихсыз - халық жоқ», тарихты зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады. Тарих болып жатқан оқиғаларды жан-жақты әрі тереңінен көре білу қасиетін дамытады және болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Тарихи таным қашанда уақыт ағымымен, оқиғалар әсерімен, бай тәжірибені зерделеумен келетін құндылық. Ол үздіксіз жаңғыртып, байытып отыруды талап етеді, қоғам мүшелерінің тарихи санасындағы оңтайлы ілгерілеулер де танымның тереңдей әрі кешенді сипат ала түсуіне әсер етпей тұрмайды.

Тарихымызды таразы басында теңшеп, кейінгі ұрпаққа тапсыру бүгінгі біздерге жүктелген міндет. Ел тарихы – жер тарихы. Жер тарихы – мемлекет тарихы. Қазақстанның біртұтас тарихын жазу ісінде, бірлікте жұмыс істеуіміз керек. Отан тарихының сауатты жазылуы, бір ізге түсуі келешек үшін керек. Әр тарихшы өзінің дәйегін алға тартуымен шектелсе, онда ел тарихы даңғыл жолға түсе қоймайды.

Тарих – мемлекеттің түп қазығы. Бұлар бір-бірімен тамырлас болуы керек. Сонда ғана біз өткенімізді көзіміздің қарашығындай қастерлейтін боламыз.

Дархан Жұмағалиев,

Еуразиялық және саяси зерттеу бөлімінің ғылыми қызметкері


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика