Mемлекет тарихы институты

Казақстан Республикасы, Астана қ, Мәңгілік Ел көшесі 8, 14 кіре беріс

 

Жамбыл Жабаев ескерткіші Астананың 10 жылдығына сыйға тартылған еді – тарихшы

Жамбыл Жабаев ескерткіші Астананың 10 жылдығына сыйға тартылған еді – тарихшы 11.05.2018

Жамбыл Жабаев ескерткіші Астананың 10 жылдығына сыйға тартылған еді – тарихшы

Елімізде тарихымыздан сыр шертетін ескерткіштер мен киелі жерлер аз емес. 20 жылдығын атап өткелі отырған жас қала – Астанада да тарихи жәдігерлер саны артып келеді. Сондай ескерткіштердің бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаев монументі. Ұлы ақын Жамбыл мен оның құрметіне қойылған мүсін жайлы Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к. Сейтқали Дүйсен әңгімелеп берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Тарихшы өз сөзін ескерткіштердің тарихынан бастады. Оның айтуынша, ежелгі заманда көне Грекияда көрнекті тарихи қайраткерлер, қолбасшылар мен мемлекет басшыларына арнап монументтер қойыла бастаған.

«Міне, содан бері адамзат тарихында ескерткіш қою үрдісі жалғасып келе жатыр. Қазақстанда бұның тарихы аса тереңде емес, 20-шы ғасырдың 40-шы жылдарынан, яғни Кеңес заманынан бастау алады. Сол кезде алғаш рет Амангелді Иманов пен Абайға ескерткіштер қойылған еді. Ал, қазір бұл үрдіс бізде де жалғасын тауып келеді... Тарихи жәдігерлердің Астанада болуы міндетті. Астана – елорда, еліміздің бас қаласы болғаннан кейін есімі еліміздің тарихында қалған, еліне ерекше еңбек сіңірген тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштер қойылады және олар қаланың көрнекті жерлері мен көшелерінде, халық көп жүретін орындарда бой көтереді», - дейді Сейтқали Дүйсен.

Ғалым Астанадағы сондай көрнекті жәдігерлердің бірі – Жамбыл Жабаев монументі жайлы әңгімелеп берді. Ескерткіш Жұмабек Тәшенов көшесі мен Тәуелсіздік даңғылының қиылысқан жерінде, Ақбұлақ өзенінің бойында орналасқан. Бұл мүсінді 2008 жылы Астана қаласының 10 жылдық мерейтойына Алматы облысы сыйға тартқан. Биіктігі 12 метрлік ескерткіштің мүсіншісі – Нұрлан Далбай, сәулетшісі – Қазбек Жарылғапов.

«Жалпы, ескерткіштер археологиялық, тарихи, монументалды өнер туындылары болып бөлінеді. Ұлы ақынымыз Жамбыл Жабаевқа қойылған мүсін монументалды ескерткіш түріне жатады», - деді маман.

Атап өтсек, мүсін авторлары жыр алыбының ақ тілек айтып тұрған бейнесін суреттеген. Монумент қоладан құйылған, ескерткіш айналасына гранит тас төселген.

«Жамбыл Жабаев - елімізге аса белгілі тұлға, жыр алыбы, қазақтың ұлы ақыны. Таяуда еліміз атап өткен Отан соғысындағы Жеңіс мейрамына да бұл кісінің қатысы болғаны баршаға мәлім. Кезінде ақынның «Лениниградтық өренім» деген өлеңі бүкіл Кеңес одағының, қазақ жауынгерлерінің ерлігін әйгілеген болатын. Жамбыл жауынгерлерді рухтандыратын өлеңдер жазды. Ол – талай тарихи жырлардың да авторы. Кезінде Кеңес одағының біраз жеріне барды, түрлі алқалы әдеби жиынға қатысты. Жамбыл Жабаев – кезінде Кеңес үкіметі басшылығынан да, Қазақстан басшылығынан да үлкен сый-құрмет көрген ірі тұлға», – деп әңгімеледі Сейтқали Дүйсен.

Baq.kz


Возврат к списку



«Мемлекет тарихы институты» ММ-нің директоры
Бүркітбай Ғелманұлы Аяған


© Copyright 2013. Мемлекет тарихы институты
Яндекс.Метрика